ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОҢТҮСТІГІНДЕ ЖҮЗЕГЕ АСЫП ЖАТҚАН БІРІНШІ БАСТАМА

0
409

Көсілгенде аяғы қырық жамау ескі лашығына сыймай, есіктен сыртқа шығып жатса да, «Қайран, менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деген ХІV ғасырдағы Жиренше шешеннің сөзі ХХІ ғасырда да еш өзектілігін жойған жоқ. Өйткені, қазақстандықтардың  біразы қазір «қайран, менің өз үйім» деп айта алмай жүр. Ал, баспана мәселесін байыппен шешу үшін мемлекет тарапынан да қолға алынған ауқымды жұмыстар аз емес. Соның ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 5 наурыздағы «Бес әлеуметтік бастамасын» ерекше атап өтуге болады. Аталмыш бағдарлама 2,5 жыл бұрын іске асырыла бастады. Нәтижесінде, мыңдаған отбасы қоныс тойын тойлап, сөйтіп олардың тұрмысы түзелді. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Елбасының «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» атты алғашқы бастамасының  Қазақстанның оңтүстік аймақтарында қалай орындалып жатқанына тоқталады.

Рас, Қазақстанның оңтүстік аймақтарында баспана мәселесі өзекті саналады. Өйткені, Қазақстанның оңтүстігінде, яғни Алматы (2,03 млн), Жамбыл (1,12 млн), Түркістан (1,98 млн), Қызылорда (794,3 мың) облыстары мен Алматы (1,87 млн), Шымкент (1,02 млн) қалаларында 8,84 млн халық тұрады. Яғни, ел халқының 47,8 пайызы бір ғана осы оңтүстік өңірде қоныстанған. Демек, халқы көп елдің оңтүстігінде баспана мәселесінің өзекті болуы түсінікті.

Елбасының алғашқы бастамасында көтерілген «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» тапсырмасының қалай орындалып жатқанын халық саны бойынша Қазақстанда бірінші орын алатын Алматы облысынан бастасақ артық болмас.

Сонымен, тұрғын үй кезегінде тұрған жетісулықтардың саны бүгінде 48,4 мыңды құрайды. Ал, ағымдағы жылы облыста 784,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, соның 101,2 мың шаршы метрі «Нұрлы жер»  бағдарламасы бойынша ұсынылса, «7-20-25» бағдарламасы бойынша 751 отбасының баспана мәселесі шешіледі.

Бір қуантарлығы, бағдарлама аясындағы тұрғын үйлер тек облыс орталығы Талдықорғанда ғана емес, облыстың 17 ауданы мен Қапшағай, Текелі қалаларында да көптеп салына бастады. Бір ғана мысал, 200 мыңдай тұрғыны бар Талғар ауданында осы жазда жалпы аумағы 850 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй құрылысының іргетасы қаланды. Соның жартысына жуығы «7-20-25» бағдарламасымен үйге мұқтаж талғарлықтарға беріледі. Ал, Алматы мегаполисімен шектесетін бұл ауданда 3 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Соның 547-сі көпбалалы отбасылар, 700-і – әлеуметтік әлжуаз топқа жататындар, 900-і – бюджеттік сала қызметкерлері екен.

Жалпы, «7-20-25», «Нұрлы жер» бағдарламалары аясында 2025 жылға қарай Алматы облысында барлығы 4 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған.

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың айтуынша, Әулиеата өңірінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ағымдағы жылы 17,6 млрд теңгеге 30 көпқабатты (2 118 пәтерлі) тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп келеді. Жыл соңына дейін 28 көпқабатты (1 988 пәтерлі) тұрғын үй пайдалануға беріледі. Ал, «Нұрлы жер», «7-20-25», «Бақытты отбасы» бағдарламалары шеңберінде жаңа пәтерлерге кіріп, қоныс тойын тойлағалы отырғандардың да қатары аз емес. Бұл істердің барлығы әлеуметтің әлеуетін әлді ететін ауқымды шаралардың жарқын көрінісі ретінде бағалауға болады. 

Аймақта Елбасының бірінші бастамасының қалай жүзеге асып жатқанын тарқатып айтар болсақ, осы күнге дейін жергілікті бюджет есебінен 1 753 пәтер пайдалануға берілсе, оның 1 040-ы 357 мың халқы бар Тараз қаласына тиесілі. Ал, облыс орталығының бас жоспары бойынша Сүлейменов көшесінің аяқталар тұсындағы 362 гектар жерде жаңа 15-ші мөлтекаудан бой көтереді. Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Онда 280 көппәтерлі және 969 жеке тұрғын үй салынып, 30 мыңнан астам халық тұратыны жоспарланған. Бүгінде жаңа мөлтекауданда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 10 ипотекалық тұрғын үй немесе 800 пәтер қолданысқа беріліп үлгерді. Олардың 480-ні аталған бағдарлама бойынша «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы келісімшарттар бекітілсе, Елбасының халыққа арналған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуі аясындағы «7-20-25» бағдарламасы арқылы «Арай» мөлтекауданында 14 пәтер пайдалануға беріліп, тағы 33 азаматтың арызы екінші деңгейдегі банктерде қарастырылып жатыр. Сондай-ақ, 3 арендалық әлеуметтік тұрғын үй немесе 240 пәтер кілті табысталды. Олар «Арай» тұрғын алқабындағы 80 пәтерлі бір үй және «Бәйтерек» мөлтекауданындағы 100 және 60 пәтерлі екі үй. Биыл 15-ші мөлтекауданда 80 пәтерлі 5 арендалық тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Оның үстіне аталған алқапта қосымша 80 пәтерлі 9 үй, 60 пәтерлі 11 ипотекалық үйлердің құрылыстары басталады. Сөйтіп, 2019-2020 жылдары пайдалануға беруге жоспарланған бұл үйлер арқылы тағы 1 380 пәтерде үйсіз жүрген тараздықтар қоныс тойын тойлайды.

Келесі кезеңге 25 тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу жұмыстары аяқталып, олардың құрылыстары 2020-2021 жылдары жүргізіледі. 2018 жылы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің жалпы аумағы 243,7 мың шаршы метрді құрады.

Айта кетейік, халықтың саны жөнінен елдегі 6-шы қала саналатын Таразда 16,5 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр.

Елбасының әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру, соның ішінде әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру тапсырмасы Сыр елінде ойдағыдай орындалып келеді. Ал, халықты баспанамен қамтуда Қызылорда облысы Қазақстан бойынша көшбасшы аймақтардың бірі саналады. Мәселен, биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 1 997 пәтерді құрайтын 46 тұрғын үйдің құрылысы басталды.

Қызылорда облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары  Арнұр Нұрмағанбетовтың сөзіне сенсек, бүгінгі күні облыста тұрғын үй алуға барлық санаттар бойынша  кезекке тіркелгендер саны 29,5 мың адамды құрайды. Оның ішінде халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары санатына 12,4 мың, көпбалалы отбасылар бойынша 3,2 мың адам тіркелген. Осыған байланысты биыл облыс орталығы Қызылорда қаласында жұмыс істемейтін, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, тұрғын үйді шұғыл  қажет ететін 150 отбасы анықталды. Нәтижесінде, «Баламекен» жобасы негізінде 100 отбасы Болат Өтемұратов жеке қорының, ал қалған 50 отбасы жергілікті бюджет есебінен тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалғанына 5 қазанда 100 күн толған Қуанышбек Ысқақовтың мәліметінше, өткен қыркүйек айында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 4 арендалық (220 пәтер) және 4 ипотекалық (240 пәтер) тұрғын үйлердің құрылысы аяқталды. Бұған қоса, осы жылы жаңадан 12 арендалық (555 пәтер) және 13 ипотекалық (590 пәтер), жеке компаниялар есебінен 6  тұрғын үйдің (266 пәтер) құрылысы басталды. Осылайша, жыл соңына дейін тағы 9 арендалық (400 пәтер), 13 ипотекалық (590 пәтер) және  жеке құрылыс жүргізушілермен 4 тұрғын үйді (180 пәтер) халық игілігіне беру жоспарланып отыр. 

Елбасының «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» атты бірінші бастамасы бойынша 2 млн-ға жуық халқы бар Түркістан облысында да қыруар шаруа қолға алынған.

Былтыр қайта құрылған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің мәліметіне сенсек, облыста биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 231 мың шаршы метрді құрайтын 3 413 пәтерлі 64 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп келеді. Содан ағымдағы жылдың соңына дейін 177,6 мың шаршы метрлік 2 613 пәтерлі 50 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Ал, 2019 жылдың бірінші жартысының қорытындысы бойынша облыста барлығы 2 950 пәтер кілті үйсіз жүрген түркістандықтарға тапсырылды.

2019-2020 жылдары «Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламасы аясында облыста аумағы 38 гектар жерге 88 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланып отыр.

Қазақстанның ең ірі мегаполисі – Алматы қаласы «Нұрлы жер», «7-20-25» сынды мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыруда өзге өңірлерге қарағанда оқ бойы озық тұр. Мәселен, күні кеше, 17 қазан күні қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған үйден көпбалалы отбасыларға, мұғалімдерге, коммуналдық кәсіпорындардың қызметкерлеріне пәтер кілттерін табыстады. Жалпы, жыл басынан бері кезекте тұрғандар арасында көпбалалы отбасылар санатына жататындарға жүзден астам пәтерлер бөлінді. Бұлардан өзге, қалалық «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша берілген тұрғын үй сертификаттарының көмегімен көпбалалы отбасылар 284 пәтер кілтін алды. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша қазіргі кезде 201 отбасы «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» оң шешіміне ие болды, соның ішінде көпбалалы отбасылар да бар.

Алматы қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасының ақпаратынша, бүгінгі күні тұрғын үйге зәру 25 мың алматылық кезекте тұр, олардың 1 847-сі көпбалалы отбасылар. Соңғы үш жылда тұрғын үйге мұқтаж жандарға 9 мыңнан астам пәтер бөлінді, олардың 700-ге жуығы көпбалалы аналарға тиесілі болды.

Енді былтыр облыстан жеке отау тіккен Қазақстанның үшінші мегаполисі Шымкенттегі жағдайға тоқталсақ.

Қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Марат Оразәлінің айтуынша, тұрғын үй кезегінде 37,6 мың адам тұр. Олардың 1,7 мыңын жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 14,7 мыңын халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз қамтылған тобы, 21,1 мыңын мемлекеттік, бюджеттік ұйым және әскери қызметкерлер құрайды.

Шымкентте 2015 жылға дейін тұрғын үйлердің басым бөлігі ипотека негізінде беріліп келсе, 2015-2019 жылдар ара-лығында кезекке тіркелгендерге 3 176 пәтер беріліпті. Олардың 9-ы Ұлы Отан соғысының ардагерлері, 737-сі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған  балалар, 1 137-сі халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз қамтылғандар, 1 290-ы бюджеттік ұйым қызметкерлері болыпты. Биыл 15 тұрғын үй (786 пәтер) пайдалануға берілді.

«Баспана» ипотекалық ұйымының есебінше, 2019 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша елде «7-20-25» бағдарламасы аясында барлығы 11,1 мың пәтер өз иесін тапты.

Осылайша, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев-тың «Бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуіндегі бірінші бастаманың арқасында тұрғын үй саясатында оң өзгерістер байқалып келеді. Осыдан 2,5 жыл бұрын қарқынды басталған бұл бастаманың арты сиырқұйымшақталып кетпесе, елдегі ағайынның, әсіресе, жас отбасылардың бас ауруына айналған баспана мәселесінің түпкілікті шешілетіні сөзсіз.

ЖАСҰЛАН МӘУЛЕНҰЛЫ, «QAZAQ» ГАЗЕТІНІҢ БАС РЕДАКТОРЫ

Біз соңғы жылдары қазақстандықтардың баспана алу мүмкіндіктерін кеңейту үшін көп нәрсе жасадық. 2017 жылы 11,2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – рекордтық көрсеткіш! Дегенмен, оның өзі жеткіліксіз, әлі күнге дейін көптеген отбасы баспанасыз жүр. Бұл – айырықша әлеуметтік маңызы бар мәселе. Оның шешімін тұрғын үй ипотекасының қалың көпшілікке жаппай қолжетімділігін арттыру арқылы табуға барлық жағдай жасау керек. Жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қажет. Сондықтан, мен «7-20-25» бағдарламасын ұсынамын. Жұмыс істейтін әрбір қазақстандық төмендегідей шарттар бойынша теңгемен несие алу мүмкіндігіне ие болады. Несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 проценттен аспайды. Қазір банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30 процентіне дейін, кейде тіпті 50 процентін салуды талап етсе, бұл бағдарлама бойынша ол 20 проценттен аспауға тиіс. Несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10-15 емес, 25 жылға дейін болады. Ол үшін Ұлттық банктің, екінші деңгейлі банктер мен қор нарығының мүмкіндіктерін іске қосу керек. Ұлттық банк кемінде 1 триллион теңге қаржы тартатын арнайы компания құрып, ол қаржыны банктердің жоғарыда айтылған шарттар бойынша беретін жаңа ипотекалық несиелерін сатып алуға жұмсауы қажет. Бағдарламаны жүзеге асыру тұрғын үй құрылысына зор серпін береді.

(Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінен).

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here