97 млн халқы бар Вьетнам көзге көрінбейтін жауды қалай жеңді?

0
5396

Әлемді жайлаған коронавируспен күресу жағынан 52 млн халқы бар Оңтүстік Корея бәрінен озды. Басында індетті жұқтыру көрсеткіші бойынша Қытайдан кейінгі орында болған елді қазір алғашқы сексендіктен де таппайсыз. Көзге көрінбейтін жаумен күресуде 5,7 млн халқы бар қала-мемлекет Сингапурдың да тәжірибесіне басқа елдер үңіледі. Өзінің ұтымды тәсілдерімен Вьетнам да мақтана алады. Дегенмен, Вьетнамды жоғарыдағы екі елмен барлық жағынан да салыстыруға келмейді. Өйткені, Оңтүстік Корея да, Сингапур да экономикасы дамыған, медицинасы мықты елдер.

Рас, кедей елдердің қатарына жататын Вьетнамда 97 млн халық тұрады. Жерінің көлемі біздің Ақтөбе облысынан сәл ғана үлкен. Яғни, жері аз, халқы көп. Халқы тығыз орналасқан елдердің арасында әлемде алғашқы отыздыққа енеді. Демек, бұл елде дәл Италиядағыдай күрделі жағдай қайталануы керек еді. Оның үстіне медицинасы әлсіз екенін жоғарыда жаздық. Алайда, коронавирус Вьетнамды басқа елдердегідей әбігерге салмады. 22 маусымдағы дерекке сенсек, халқы көп елде COVID-19 індетін жұқтырғандар саны 13 мыңға жуықтады. 66 адам індеттің құрбаны болды. Салыстырмалы түрде айтсақ, халық саны бойынша Вьетнамнан кейінгі 17-орында тұрған Иранда 3 млн-нан астам адам коронавирус жұқтырып, соның 83 мыңы өлім құшқан. Ал, медицинасы артта қалған әрі кедей елде мұндай жағдайдың болуы мүмкін бе? «Социалистік ел шынайы ақпаратты жасырады» десеңіз, тағы да қателесесіз. Сонда Вьетнамның құпиясы неде? Енді соған тоқталайық.

Вьетнамда індет алғаш 2020 жылы 23 қаңтарда тіркелді. Алғашында індет бәленің бәрі басталған Уханьнан келген Қытай азаматынан табылды. Қытайлық қарт Ханойда тұратын ұлына да жұқтырды. Екі науқас та астаналық ауруханаға жатқызылды. Ұлы бір аптадан кейін, әкесі жиырма күннен кейін емделіп шықты. Сөйтіп, Вьетнам билігі елде жаппай індеттің таралып кетуіне жол бермеді. Дегенмен, биліктің бұл қуанышы ұзаққа созылмады. Қытай шекарасын жаба бастағанда аспан асты елінде нәпақасын тауып жүрген мыңдаған вьетнамдықтар еліне оралды. Содан 2020 жылғы 7 ақпанда Қытайдан келген 13 вьетнамдықтан коронавирус анықталды. Социалистік елдің билігі еуропалықтардай арқаны кеңге салған жоқ. Бірден қатаң шараларды қолға алды. Ал, халқы Вьетнам компартиясының айтқанын екі етпейді. Тәртіпке бағынады.

Социалистік елдің билігі әліптің артын бақпай, дабыл қағылған алғашқы күні-ақ бірден сөзден іске көшті. Балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары жабылды. Өзге елдермен барыс-келіс, алыс-беріс тоқтады. Компартия коронавируспен күресетін арнайы штабты жасақтады. Олар ауруханалардың індетпен күресуге дайындығын тексерді. Кемшіліктерді жойды. Бюджетінің тапшылығына қарамастан ауруханалар мен дәрігерлердің жағдайын жасады. Бұған қаржыны аямады. Мықты дәрігерлердің басын қосты.

Рас, былтырғы жылдың басында әлемдік қауымдастық Қытайдан бастау алған коронавирустың осылайша әлемді әбігерге салатынын білген де, сезген де жоқ. Мәселен, медицинасы озық саналатын Батыс елдерінің билігі де, халқы да кеш қозғалды. Содан былтыр өркениетті елдер опық жеді. Айталық, коронавирусты жұқтырғандар саны АҚШ-та 34 млн адамға жуықтады. Індет 600 мың америкалықтың өмірін жалмады. Еуропаның озық елдерінде де жағдай былтыр күрделі болды. COVID-19 індетіне шалдыққандар қазір Францияда 5,8 млн-ға, Ұлыбританияда 4,6 млн-ға, Италияда 4,2 млн-ға жетті. Бұл елдерде адам шығыны да орасан зор. Індеттің құрбаны болғандардың саны осы үш елде 370 мыңға жуықтады. Қайта жаппай вакцинациялау АҚШ пен кәрі құрлықтағы жағдайды жақсартты. Әйтпесе, адам шығыны да орасан зор болар еді.

Вьетнамға қайта оралайық. Әлем елдері былтыр жыл басында арқаны кеңге салғанда, Ханой бірден неге шара қолданды? Өйткені, социалистік ел аурудың айтып келмейтінін жақсы біледі. Оның үстіне Үндістан түбегі мен оған жалғасып жатқан аралдарды қамтитын Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде түрлі вирустың шығуы қалыпты жағдай саналады. Ал, Вьетнамның мұндай індеттермен бетпе-бет келуі бірінші рет емес. Мысалы, 2003 жылы сол кезде белгісіз болған індетті 63 адам жұқтырып, оның бесеуі өмірден өтті. Адам шығыны көп те емес. Дегенмен, ауруды асқындырып алса, онсыз да әлсіз экономикаға зор шығын келетінін компартия жақсы түсінеді. Содан кез келген індетке Ханой жүрдім-бардым қарамайды. Вьетнам жеріне көзге көрінбейтін жау тұтқиылдан алғаш «шапқанда» да социалистік елдің билігі әдеттегідей алғы шептен көрінді.

Әрине, бастапқыда 100 миллионға жуық халқы бар социалистік елдің барлық аймағында карантин жарияланған жоқ. Бастапқыда шектеу 9 млн халқы бар Хошимин мен 8 млн халық тұратын Ханой сияқты ірі қалаларда ғана енгізілді. Коронавирусты жұқтырғандардың отбасылары мен олармен қатынаста болғандарды қатаң карантинде ұстады. Карантин тәртібінің бұзылмауын әскери қызметкерлер қадағалады, дрондар бақылады. Оларды азық-түлікпен мемлекет қамтамасыз етті. Азық-түлікті курьер есігінің алдына тастап кетеді. Ал, оларды емдейтін дәрігерлердің де қауіпсіздігін ұмыт қалдырмады. Вьетнамдықтар COVID-19 індеті алғаш тарала бастағанда еуропалықтардай алаңсыз көше кезіп жүрген жоқ. Сөйтіп, «тәртіпке бас иген құл болмайтынын» тағы бір дәлелдей түсті.

Кедей елдің халқына жасаған тағы бір жақсылығын айтпай кетуге болмас. COVID-19 індетін шұғыл анықтайтын тесттерді сатып алуға билік ақшаны аямады. Бағасының қымбаттығына қарамастан ол тесттерді Оңтүстік Кореядан сатып алды. Қазір де індетті жұқтырғандар санының аздығына қарамастан сырттан вакцина сатып алып жатыр. Вьетнам Денсаулық сақтау министрлігі үш вакцинаны тіркеді. Бүгінде 1,7 млн халық «AstraZeneca», «Спутник V» және «Moderna» екпелерін қабылдап үлгерді.

Әлемде масканы алғаш кигендер де вьетнамдықтар. Маскасыз далаға шығуға оларға рұқсат берілмеді. Заң қатал! Олар заңды біздегідей бұзбайды да. Ал, билік халықты маскамен қамтамасыз етті. Сөйтіп, халыққа қолжетімді болды.

Ле Тхан Дык есімді вьетнамдық журналистің жазуынша, Вьетнамның карантин кезінде үйде отырған өз азаматтарына Оңтүстік Корея сияқты материалдық қолдау көрсетуге мүмкіндігі болмады. Содан коронавируспен күресуде «бюджеттік модель» құрды. Карантинді қатаң қадағалады, тәртіпке бағынбағандарды заңмен жазалады. Ал, қаржыны медицина саласына құйды. Дәрігерлерге материалдық қолдау көрсетті. Олардың алаңсыз жұмыс жасауына, қауіпсіздігіне баса назар аударды. Халық та компартияның бұл саясатына түсіністікпен қарады.

Арандатушылар әр елде бар. Елдің социалистік құрылымын сынайтындар карантиндегі шектеулерді өз пайдасына жаратпақ болды. Халықтың арасына іріткі салды. Биліктің адамның бостандығына қол сұққанын алға тартты. Әйтсе де, өзгелердің жетегінде кеткендер көп емес еді. Оған билік те жол бермеді. Соның арқасында індетті жұқтырғандар саны мен адам шығыны аз.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Вьетнам компартиясының ерте қимылдауының арқасында 97 млн халқы бар ел коронавирус бетін бері қаратты. Содан карантинге байланысты қабылданған шектеулердің күші жойылды. Карантинде үйден шықпаған халық биліктің шешімімен көшеге шықты. Қайнаған өмір қалыпты арнасына түсті. Оқушылар, студенттер білім ордаларына қайта оралды. Дегенмен, социалистік елдің басшысы Нгуен Суан Фук арқаны кеңге салуға болмайтынын мәлімдеді. Вьетнамдықтар сақтық шараларын бәрібір сақтауға міндетті.

Міне, бірпартиялық социалистік ел капиталистік, демократиялық елдерге қарағанда осылайша көзге көрінбейтін жауға лайықты тойтарыс беріп келеді.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ, «Qazaq»-тың шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here