ҰСТАЗДАР АЙЛЫҒЫ ҚАЛАЙ АРТАДЫ?

0
211

Парламентте 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті қабылдау барысында бірінші вице-премьер – қаржы министрі Әлихан Смайылов алдағы үш жылда ұстаздар жалақысына мемлекет 2 трлн 671 млрд теңге жұмсайтынын хабарлады. Дегенмен, бұл триллиондардың мұғалімдер арасында қалай бөліске салынатыны белгісіз болып қалды. Енді ҚР Білім және ғылым министрлігі осының егжей-тегжейін түсіндірді. Бұл туралы Іnbusiness.kz порталы жазды.

Министрлік дерегінше, білім беру ұйымдары педагогтерінің лауазымдық ақысына (тарифтік ставкасы) 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,25 ставка  мөлшерінде,  2021 жылғы 1 қаңтардан  бастап 1,5, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,75 мөлшерінде түзету коэффициенті қолданыла бастайды. Ал, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2 мөлшеріне жетеді.

Енді педагогтерге сынып не топ жетекшілігі үшін ай сайын берілетін үстемеақы келер жылдан бастап екі есеге көтеріледі. Мәселен, 2020 жылдан бастап 1-4 сыныптар үшін базалық лауазымдық айлықақының (БЛА) 50%-ы, 5-11 (болашақта 12-ші) сыныптар үшін 60%-ы, техникалық және  кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында БЛА-ның 50%-ы көлемінде қарастырылады. Бұл шамамен 8-9 мың теңгеге жуық.

Дәптерлерді және жазбаша жұмыстарды тексергені үшін қосылатын қосымша ақы да екі есеге артады. Айталық, қазір 1-4 сынып мұғалімі дәптерлерге көз майын тауысқаны үшін БЛА-ның 20%-ы көлемінде ғана алса, бұл қаражат 40%-ға дейін өсіріледі. Орыс мектептеріндегі қазақ тілі мен басқа да ұлттық тілдердің және керісінше оқу ұлттық тілдерде жүретін мектептердегі орыс тілінің осы пәндерді 1-4 сыныпта жүргізетін мұғалімдеріне қосымша ақы бүгіндегі БЛА-ның 25%-нан 50%-ға дейін жоғарылатылады. Жоғары сыныптарда бұл сома шамалы ерекшеленеді. Мысалы, 5-11 сынып мұғалімдеріне, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқытушыларына қазақ, орыс тілдері, басқа ұлттық тілдер мен әдебиет бойынша жазбаша жұмыстарды тексергені үшін қосымша ақы қолданыстағы 25%-дан 50%-ға дейін ұлғайтылады. Ал, дәл осы сыныптарда математика, химия, физика, биология, шет тілі, стенография, сызу, құрастыру, техникалық механика бойынша дәптер тексеру үшін қосымша ақы тек 20%-дан 40%-ға дейін өседі.

Қазақстан кейінгі жылдары бірқатар пәнді ағылшын тілінде оқытуға көшті. Өз пәнін шет тілінде оқытатын ұстаздарға да қосымша төлем төленеді. Бұған дейін ол тек мектеп мұғалімдері үшін көзделген болатын, алдағы жылдан бастап оны колледждерде де төлей бастайды. Физика, химия, биология, информатика пәндері бойынша негізгі орта және жалпы орта білімнің оқу бағдарламаларын, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын ағылшын тілінде жүргізетін педагогтерге БЛА-ның 200%-ына дейін қосымша ақы белгіленеді. Сәйкесінше, аталған пәндерді ағылшын тілінде оқытатындар жалақысына шамамен 35 мың теңге қосылады.

Егер педагогикалық шеберлік біліктілігі болса, ондай мұғалімдер қосымша ақының тағы бір түріне қол жеткізе алады. Соның ішінде педагог-шеберге берілетіні – лауазымдық ақының 50%-ын, педагог-зерттеушінікі – 40%-ды, педагог-сарапшынікі – 35%-ды, ал педагог-модератордікі – 30%-ды құрайды.

Мектеп директорлары мен «завучтары» үшін жаңа қосымша ақы түрі енгізіледі. Бірақ, оған қол жеткізуі үшін білім ордасы басшысы мен оның орынбасарларының «басқару шеберлігі біліктілігі» болуға тиіс. Бұл жағдайда 1-буын басшылары мен орынбасарлары еңбекақысына лауазымдық айлығының 100%-ы көлемінде, 2-буындағыларға – 50%, ал 3-буындағыларға – 30% мөлшерінде қосымша төлем төленеді. Мектептердегі басшылық қызметтегілер бұған дейін ондай қосымша ақы алмайтын-ды.

Ғылыми дәрежесі бар ұстаздарға – ерекше құрмет. Министрлік мәліметінше, орта білім беру ұйымдарының педагогтарына магистр академиялық дәрежесі үшін 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы төленеді. Бұл шамамен 25 мың теңгеден асады. Ал, «Тәлімгер» мәртебесі бар мұғалімдерге қосымша ақы көлемі лауазымдық айлықақының 100%-ына пара-пар болуға тиіс. Бұл төлемдер  өнер  және  спорт мектептері және әскери мектеп-интернат педагогтеріне еш қатысы жоқтығы және оларға берілмейтіні мәлімделді.

«Осы қосымша ақылар мен төлемдер Үкіметтің жаңа қаулысымен бекітіледі. Ол құжат «Педагог мәртебесі туралы» заңын іске асыру үшін әзірленді. Бұл жобаны іске асыруға арналған шығыстар жақында 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті қарау барысында қосымша қолдау тапты. Нәтижесінде, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мектеп педагогтарына педагогикалық шеберлік біліктілігі, магистр дәрежесі, ағылшын тілінде оқу бағдарламаларын іске асыратын мұғалімдерге қосымша ақы белгілеуді және сынып жетекшілігі үшін қосымша ақыны арттыруды, дәптерлер мен жазбаша жұмыстарды тексеруді, сондай-ақ білім беру ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысының мөлшерін 25%-ға арттыруды көздейді. Яғни, педагогтердің табысы артады», – деді министр.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here