САМУРАЙ-ӘЙЕЛ: АҢЫЗҒА ТОЛЫ АҚИҚАТ

0
163

Егер жапон отбасында қызды жауынгер ретінде тәрбиелейтін болса, ол 12 жасынан бастап балалық шағымен бірден қоштасады. Дәл осы жасында жеткіншек қыздың қолына арнайы қаптамамен қапталған «кайкэн» деп аталатын қанжар табысталады. Бұдан бөлек, оларға шынжырдан жасалған қарулар, арқандар, найза қылыштар беріледі. Сол қаршадай қыздардан кейін ер кісілерден асып түспесе кем түспейтін самурай-әйелдер (онна-бугэйся) қалыптасады. Алайда, әлемдік қауымдастық бүгінде бұған орта ғасырдағы жапон аңызы ретінде қарайды.

Рас, өзге халықтар самурай-әйелдердің болғанына күдікпен қарайды. Бұған себеп те жоқ емес. Айталық, жапон қыздары көбіне нәзік келеді. Олар сұлулықтың символы іспеттес. Әйел адамның найзаны, қылышты шебер пайдалануы жапондардың тұрмыс салтында кездеспейтіндей көрінеді. Бірақ, самурай-әйелдер бұрын да болған, өткен ғасырға дейін болды. Бұл – (аңыз емес) ақиқат!

Онна-бугэйся (самурай-әйел) – әскери өнерді үйрететін жапон еліндегі самурайлар қауымына кіретін топ. Термин екі сөзден құралған: онна – әйел, бугэйся – әскери адам.

Әлбетте, Жапонияда қолына қару алатын самурай-әйелдер көп болмайтын. Өйткені, қыз балаға жауынгерліктің қыр-сырын үйретуге ата-анасының рұқсат беруі көп кездесе бермейтін жағдай. Егер қыз баладан жауынгер шығару мақсат болса, онда оған ер адамға қойылғандай бірдей талап қойылады. Аяушылық болмайды. Жүрек жұтқан жауынгер тәрбиелеп шығу үшін қыз бала екеніне қарамай түнде орманға немесе бейіт басына жіберуі де мүмкін. Дегенмен, самурайлық мәдениет жауынгерлердің тек қара күшін арттыруды ғана көздемеген, олардың жан-жақты болуына үлкен ықпал еткен. Мысалы, поэзиямен, музыкамен таныстырған, каллиграфия өнерін де үйреткен.

Самурайлар қауымынан шыққан қарапайым әйелдерге шайқастарға қатысу міндеттелмеген, бірақ әйел өзін және отбасын қорғауға, балаларына білім беруге міндетті болған. Бусидо заңдар жинағы оларды мадақтаған. Барлық қару-жарақтардың ішінен әйелдерге нагита қаруын қолдануды үйреткен, сонымен қатар, яри найзасын меңгеру де қатар жүрген.

Самурай-әйелдер кайкэн қанжарын қолдануға шебер болған. Бұл қару жеңде немесе белбеуде орналасқан, жақыннан күресу кезінде көп пайдаланылған. Кайкэн қанжары қыздарға 12 жасқа толған кезде арнайы рәсіммен табыстаған.

XVII ғасырда самурай-әйелдерге құрмет азайған. Бірақ, самурай рухы мен отбасылардағы әскери өнерді үйрету әдістері сақталып қалған.

Самурай-әйелдер туралы әңгіме қозғалғанда алдымен Ходзе Масаконың есімі аталады. Сақталған мәліметтерге сүйенсек, Ходзе – жүрек жұтқан батыл самурай-әйел. Ол 1156 жылы ірі феодал отбасында дүниеге келген. Қауіпті кезеңде дүниеге келген қызын әкесі самурай етіп тәрбиелеген. Ходзе ер адамдармен бірге күнделікті аңға шығып, өзінің жауынгерлік шеберлігін шыңдап отырған. Оның жұбайы ел билеуші Камакура болған. Күйеуінің қазасынан  кейін Ходзе бар билікті өз қолына алып, Камакураның жерлеріне иелік еткен.

Жапон аңыздарындағы ең әйгілі әскери тұлғаның бірі – Томоэ Годзэн. Бұл қыз сұлу ғана емес, сонымен қатар, тәжірибелі садақшы еді. Ол 1157 жылы дүниеге келді. 1180 жылы елде азаматтық соғыс басталды. Бір нұсқасы бойынша, Томоэ ұрыс алаңында күйеуімен бірге қаза тапты. Екінші нұсқада тірі қалған сарбаздар оған қашуға бұйрық бергені, өйткені әйелдің жанындағы өлім самурай кодексіне қайшы келетіні айтылады. Үшінші нұсқа бойынша, шайқаста жеңіліс тапқаннан кейін өзін-өзі өлтірген.

Соңғы атақты жауынгерлердің қатарында Накано Такэко да бар. Самурай-әйел 1847 жылы беделді отбасында дүниеге келді. Талантты қыз жауынгерлік өнер нұсқаушысы болды. 1868 жылы «Айдаһар жылының соғысы» басталды, ал Накано самурайларға өз қызметтерін ұсынды. Бірақ, ол басқарған бөлімге соғысқа қатысуға тыйым салынды. Соған қарамастан қыз соғысқа аттанады. Бұл шайқас кезінде «Әйелдер отрядын» империялық әскерлер жеңді. Накано ауыр жарақат алды. Денесі жау қолына түспес үшін сіңілісіне өзін өлтіріп, денесін жерлеуді тапсырады.

Жоғарыда аты аталған үш самурай-әйелмен бірге Ямакава Футаба (1844-1909) мен Ямамото Яэконың (1845-1932) есімдері де қатар аталады.

Нагината – бірнеше ғасырлар бойы классикалық әйелдер қаруы болды. XVII ғасырда әр нәзік жандыға өзін-өзі қорғау мақсатында қолдану үйретілді. Кейін бұл білім мектептегі қыздарға берілді. Нагината меңгеру бойынша арнайы бағдарлама мектептерде 1945 жылға дейін оқытылды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Самурай-әйелдер қаруды ғана меңгеріп қойған жоқ, олар өз кезеңдерінің  ең  озық ілім   мен білімін  игерді.  Жапон  тарихына  «Самурайлар  дәуірі»  деп  аталатын  екі  кезең – алты  ғасырды алып  жатқан тарихын өшпестей етіп жазып кетті. Самурай дәуірі жапон халқымен қоштасқалы да ондаған жылдар өтті. Ол заман енді оралмайды. Дегенмен, салт-дәстүріне берік жапон халқы самурайлық мәдениетті ұмыт қалдырмайды. Қыздарын бұған тәрбиелейді (соғысқа емес, әрине). ХХІ ғасырда Жапонияда самурай-әйелдер дәуірі келмеске кетсе де, қамал алмай қайтпайтын қайсар да қажырлы самурай рухы сақталып қалды.

МАДИЯР ӘЗИЗҰЛЫ, «QAZAQ»-ТЫҢ ШОЛУШЫСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here