БҮГІН БЕС ЖЫЛ БОЛДЫ ҮЛКЕН ЖҮРЕК СОҚПАҒАЛЫ

0
741

2014 жылы 17 қарашада «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналын қазақпен қайта табыстырған баспагер, «Парасат» орденінің, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, белгілі жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің ауыр науқастан өмірден өтуі артында қалған қалың елді мұңға бөлеген әрі бел қайыстырған ауыр қаза болған еді…
Қалам мен ақ қағазды жанына серік етіп абырой-беделге ие болған, елін сүйген, елі сүйген қаламгердің қазасы бір отбасының, не бір аймақтың ғана емес, тұтас халықтың азасы болды. Бұл қазаны да халық осылай қабылдады.
Кешегі күннен жүйрік жоқ. Өтіп бара жатқан қайран уақыт-ай десеңізші. «Алашым» дегенде кеудесі қарс айырылатын, ұлтының рухы мен намысын бәрінен биік қойған, қазақтың жүзін жерге қаратпау үшін бар саналы ғұмырын халқына арнаған Қоғабай Сәтенұлын сұм ажал арамыздан алып кеткеніне бүгін, 17 қарашада бес жыл толып отыр. «Жыл толды үлкен жүрек тоқтағалы, біз оны сан айтамыз жоқтап әлі», – деп Қасым ақын (Аманжолов) дүниеден өткенде Әбділда Тәжібаев жырлағандай, қазақ халқы Қоғабай Сәрсекеевті әлі талай іздейтін, сағынып еске алатын, жоқтап жыр арнайтын болады. Ал, «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының екінші тынысын ашқан баспагердің артында қалған мұрасы ешқашан өлмейді. Болашақ ұрпаққа қызмет етіп, халықпен бірге жасай береді.
«Байлығым – қазақтығым» деп өмірден өткен жазушы көзі тірі болғанында биыл 80 жасқа толар еді. 

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, Қоғабай Сәрсекеевтің шәкірті

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Президенті:

– Қазақ «Елу жылда ел жаңа» дейді. Біз жиырма жылға жетер-жетпес уақытта жүз жылға бергісіз жолды артта қалдырдық. Астанада 56 елдің басшылары мен халықаралық беделді ұйым өкілдерінің басын қосқан Саммит – соның айшықты айғағы.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының келелі кеңесі еліміз ғана емес, әлем жұртшылығы үшін елеулі оқиға болды. Қазақ қазақ болғалы мұндай биік мәртебеге жетіп көрген емес!
Халқымыздың бұл ұлы жиынға берген бағасын, қуанышының жиынтығын «Қазақ» газетінің бас редакторы Қоғабай Сәрсекеевтің мына сөздері жеткізсе керек.
«Еш заманда, еш ғасырда ежелгі ғұн-түрік заманынан бері қазақтың бұл сайын даласы мұндай жиынды көрмеген. Алтын Орданы құрған Бату ханнан бастап, 71 хан пешенесіне де осындай барша адамзат мүддесін көздеп, Астана Саммитіндегі абыройлы кеңес өткізу бұйырмапты. О заман басқа, бүгінгі заман бөлек. Енді тәуелсіз қазақ халқы осындай ұлы мәртебеге ие болды», – деп жазды ол.

(2010 жылы 15 желтоқсанда Астанада Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиналыста ҚР Президентінің «Ұлы мақсаттарды өзінің алдына ұлы халық қана қоя алады» атты халықты құттықтау сөзінен)

Ғабит МҮСІРЕПОВ, жазушы:

– Амангелді тақырыбын жазуға біраз автор атсалысып жүр. Солардың бірі – Қоғабай Сәрсекеев. Оның батыр өмірінің балаң кезін суреттейтін алғашқы романы бұрнағы жылы «Жұлдызда» басылды. Енді сол роман «Жалын» баспасынан шығып отыр.
«Қызыл жалау» деген жалпы атпен берілген бұл романның бірінші кітабын мен қадағалай, барлап оқып шықтым. Оқиға сонау 1880 жылдар бедеріндегі ел басына түскен ауыртпалық, халық үстіндегі қиын кезең Торғай даласында болған нақты тарихи фактілер негізінде өрбиді екен. Шығармада автор бала Амангелдінің өзін қоршаған әділетсіз ортаға кектене өсіп келе жатқан сәтін беру арқылы шындығын бәз қалпында оқушы алдына тартуға талаптанған.
Шығармаға мінез керек. Бұл жағынан алғанда автордың қадамы құптарлық па деп қалдым. Көркем дүниедегі әрбір әрекет өзіне лайық жағдайында шыншылдықпен бейнеленгенде ғана үйлесімділік табады. Типтік характерлер қай уақытта да типтілік тұрғыда жасалуға тиісті. Қоғабай Сәрсекеев романында осындай мінездің барлығы ішті жылатады.

(«Қызыл жалау» романының алғысөзінен)

Салық ЗИМАНОВ, академик:

– Менің «Үш Арыс» роман-эссесінің қолжазбасын бар ынтаммен оқып шығуға екі жағдай себеп болды. Біріншісі – кешегі Алаш арыстарына деген ынтызарлық көңіл, мауқымыздың әлі жөндеп басылмағандығы, екіншісі – сол өткен зиялы деген ағаларымыздың өмірін тану жағымыздың әлде болса кемшіндігі, олардың еңбектері бүгінгі таңда барша қазақ жұртына жетіп болды деу қиын. Шығып жатқан еңбектерінің, тіпті көп томдықтарының таралымы (тиражы) мүлде аз, қазақ басылымдарының елге жетпейтіні, басқаны былай қойғанда, жер-жердегі кітапханаларға түспейтіндігі бүгін жасырын шаруа емес, сондықтан жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің «Үш Арыс» деп аталатын шығармасын қызыға әрі зор ықыласпен қолға алуым осы реттен еді. Тағы бір себеп: автордың еңбектері өзіндік дүние, өмір көзқарастарына ынтықпын.
Алдымен айтайын, мен әдебиетші емеспін, заңгер кісімін, сондықтан да қолдағы шығарманың барлық әдеби қыр-сыры, бәлкім, маған таныс бола бермес, бірақ та қолжазбаның кейіпкерлері маған таныс та жақын. XIX-XX ғасырдың алғашқы кезінде өмір сүрген әйгілі қазақ зиялыларының саяси және құқық мәселелері туралы көзқарастарымен шұғылданғанмын.
Маған роман-эссе шығарма ретінде ұнады. Үш Арыс – Үш Алып – Үш Тұлға бейнесі кітапта жақсы-ақ сомдалған. Шығарма тартымды оқылады, бұл жағынан автор нағыз жылжыған жорға, жылмиған жүйрік деуге лайық қаламгер екенін танытты.

(«Үш Арыс» кітабының алғысөзінен)

Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ, жазушы:

– Анадайдан айқара құшағын ашып, алдымнан арсалаңдап күліп шығатын, көнекөздерден қалған жан құрдасым Қоғабайдан бұ­лай айырыламыз деген ой жоқ еді. Аңқылдап сөйлеп, жарқылдап тіл қататын, жан-жағын тек жақсылыққа бөлеп, әрқашан жайраңдап жүретін есіл азаматты ебін тауып, жымысқы ажал құрығына түсіріпті. Ер көңілді жігіт еді. Өлім шіркін қапысын тауып кетті. Санымызды соғып біз қалдық… Асау Торғайдың арсы-күрсі көне тарихын жата-жастана қопарды. Буырқанған халық ашуының түбіне бойлап, елім деп өрекпіген ерлікті жырлады. Езгіге түссе де, еңсесін түсірмеген рухани өрлікті толғады. Ахаң мен Жақаңның жан-сырына қанығып, кейінгі буынның кешегілер кешкен кептерін бір сәт те естен шығармауын қам­дады. Бір кезде жабылып қалған «Қазақты» қайта тірілтіп, айбарлы қазақ көсемсөзінің бар даусымен қайта саңқылдауына септік етті.
Бар тілегі елі мен жері үстінде болған қайран сабаз талай ізгі ниет, асыл армандарын артындағыларға аманат қылып, дүниеден өтті.

(Жазушының көңіл айтуынан)

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here