Сырлыкүл Шойбекова: «Бекзат өз арманына сенді, бізді де сендірді»

0
4784

2000 жылғы 31 желтоқсанда орын алған жол апатынан Сидней Олимпиадасының (2000) чемпионы Бекзат Саттарханов мәңгілікке ортамыздан кетті. Боксшы 18 жасында қажылыққа барып, 20 жасында еліне Олимпиаданың алтынын алып келген болатын. Ортамызда аман-есен жүрген болса, өткен 4 сәуірде 38 жасын ел болып тойлар ма едік, кім білсін…  105 жылдық тарихы бар «Qazaq» газеті төменде Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Шойбекованың сағынышқа толы естелігін жариялап отыр.

АРЫСТАН ЖҮРЕК

«Жаратушы Бекзатты бізден бүлдіршін кезінде де алып кетуі мүмкін еді. Бекзаттың туылғанына бірнеше ай ғана өткен уақытта Түркістан қаласындағы балалар жаппай қызылшамен ауыра бастады. Бұл індет кішкентай Бекзатты да айналып өтпеді. Қызылшаны жұқтырып алған балам төсек тартып жатып қалды да, ақырында комадан бір-ақ шықты. Дәрігерлер баламды «өлдіге» санап қойды. Өзім де ақ халаттылардың қатарынан болғандықтан, барлық білген ем-домдарымды пайдаландым. Дәрі-дәрмектер, дәрумендерді уақытында бергендіктен Бекзаттың беті бері қарап, уақыт өте қызылшадан сауығып кетті. Алланың маңдайына жазған қысқа ғана жиырма жылын жасады ғой», – деп көзіне жас алды чемпионның анасы.

Бекзаттың жарық дүние есігін ашуының өзі ерекше болыпты. Себебі, дәрігерлер анасына екі ұлынан кейін бала көтеруге тыйым салады. Сонда да, Сырлыкүл апай дүниеге үшінші баласын, 1980 жылы төртінші баласын, яғни Бекзатты дүниеге алып келеді. Дәрігерлерден қандай да бір ауыр сөз естуден үрейленіп қалған ана жүктілігіне алты жарым ай уақыт өткенде ғана ауруханаға тіркелуге барады. Гинеколог барлығын тиянақты тексеріп: «Бұл баланың жүрек соғысы керемет, құдды бір арыстан дерсің…» деген екен. Ол кезде ананың құрсағында болашақ батыр жатқанын кім білсін…

АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ

«Өмірінің өлшемін білді ме, барлық нәрсені жан-тәнімен жақсы көрді. Білімге құштар болатын. Гүлдер десе ішкен асын жерге қоятын. Спортпен қатар өнерді де алып жүретін. Гитарада, домбырада ойнайтын, ән салатын. Өсе келе спорттың әр түріне қатысып жүріп, ақыры боксқа тоқтады», – дейді Сырлыкүл Шойбекова.

15 жасында бокс үйірмесінің табалдырығын аттаған Бекзат бес жыл өтер-өтпестен алтын медальдың иегері атанады. Осындай қысқа уақыт аралығында Олимп шыңын бағындыру екінің бірінің басына қонбайтын бақ. Сол бақ қасиетті Түркістанда туып-өскен Бекзаттың басына қонды.

1996 жылдан бастап Бекзат биік шыңдарды бағындыра бастады. Жастар арасында өтетін сайыстарда топ жарып жүрген ол Шымкенттегі спорт-интернатта оқыды. 1998 жылы жастар арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, 1999 жылы Ташкентте өткен Орталық Азия чемпионатында екінші орын иегері атанды. Бекзат осы бетінен қайтпай алға қарай қадам баса берді.

«2000 жылы Испанияда өткен чемпионатта Бекзат рингке сынған қолымен шықты. Бір қолымен ғана жұдырықтасып жүріп, ол күміс жүлде иегері атанды. Сонда боксшы Ермахан Ыбырайымов: «Егер сен бір қолмен ғана жүріп күмісті жеңіп алсаң, онда алдағы Олимпиадада алтын медаль шүбәсіз сенікі» деп айтқан болатын», – деп арыстан жүрек баласын мақтана еске алды Сырлыкүл апай.

2000 жылы 15 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Аустралия мемлекетінің ірі қаласы Сиднейде XXVII жазғы Олимпиадалық ойындар өткенін естеріңізге сала кетейік. Тәуелсіз Қазақстан өз тарихында екінші рет Олимпиада ойындарына қатысқан болатын. Бас-аяғы 130 спортшы бақтарын сынап көруге, ел үмітін арқалап аттанған еді. Олимпиада ойындарының жалпы қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 3 алтын, 4 күміс жүлдемен 22-орында болды. Жүлдегерлердің арасындағы ең жасы – 20 жастағы Бекзат Саттарханов еді.

ЕРТЕ ҮЗІЛГЕН ҒҰМЫР

«Бекзаттың жасына, спорттағы жинаған тәжірибесіне қарап бапкерлері де, басқа спортшылар да көп үміт арта қоймады. Сарапшылар да «Алса – қола жүлде алады» деп қана шектелді. Ал белгілі боксер Олжас Оразалиев Бекзатқа: «Сен ол жаққа жұмбақ боп кетіп бара жатырсың, бірақ аңыз болып ораласың!» деп айтқаны әлі есімде. Бекзатты құрамаға іріктеп жатқан уақытта Қарағандыға шығарып салып тұрғанымда маған: «Ана, жасалып жатқан сансыз болжамдарға құлақ аспаңыз, мен алтынмен ораламын!» – деді. Ол өзіне сенімді болды, өз арманына сенді, бізді де сендірді», – деп батырдың анасы сөзін түйіндеді.

2000 жылдың 31 желтоқсаны өз туған мекені «Түркістан қаласының Құрметті азаматы» атағын алған болатын. Өтуі тиіс салтанатты шара уақытынан кеш басталып, түн ортасында аяқталады. Бекзат салтанатты шарадан шығысымен, анасының жайып отырған жаңа жылдық дастарханына асығады. Үйіне келіп, туған-туыстарымен мерекелік дастарханда отырып, тілек айтып, ата-анасының ақ батасын алып, Шымкентке жол жүріп кеткен болатын. Шымкент-Самара тас жолының 38-шақырымында Бекзаттың көлігі аударылып, 2001 жылдың басталуына 15 минут қалғанда оқиға орнында жан тапсырған еді. Осылайша ұлтына ұлы жеңіс сыйлаған ұл жасындай жарқ етті де жоқ болды…

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Батырдың өзі өмірден өтсе де, артына өшпес із қалдырды. Оның есімі бірнеше спорт мектептері мен көшелерге берілді. Тек бұл ғана емес, Бекзаттың құрметіне қаншама нәрестелерге ат қойылды, өлеңдер жазылды, фильмдер түсірілді. Ең кереметі өзі туып-өскен қаласында Бекзаттың ең бақытты сәтін, яғни Олимп шыңын бағындырып тұрған сәттегі бейнесін көз алдымызға келтіретін ескерткіш қойылды. Ескерткіш өз аты берілген спорт мектебінің алдында орналастырылды. Жыл сайын спортшыны еске алу мақсатында турнирлер өткізіліп отырады. Сонымен қатар, Бекзат Саттархановқа арналған кішігірім музей де бар. Иә, ер есімі – ел есінде. Өйткені, Бекзаттай батыр баласын туған халқы ешқашан ұмытпақ емес!..

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here