ҚАЙРАТ СӨНТАЕВ: «ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ЖОЮ БАРША ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ҮШІН ОРТАҚ МІНДЕТ САНАЛАДЫ»

0
711

Жемқорлықпен күресті әр мемлекет түрлі тәсілді пайдаланып жүргізеді. Бірі заңының мықтылығына, жазаның қаталдығына иек артса, енді бірі жемқорлыққа жол бермеу үшін мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын талапты көтеріп, олардың жалақысын жоғарылатуды жөн санайды. Тағы бір елдер сыбайластыққа жол бермеудің жолы – құқықтық түсіндіру, кеселдің алдын алу деп біледі. Ал, Тәуелсіздігін алғанына биыл 28 жыл ғана болған Қазақстан өркениетті елдердің жемқорлыққа қарсы қолданған тәжірибесінің барлығын зерделеп, артық-кемін екшеп, бұл кеселді жоюға бағытталған бірқатар шараларды қолға алды. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті аталған тақырыпта ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Қайрат Имәтұлы Сөнтаевпен әңгімелескен еді. Сол ашық әңгімені бүгін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген халықтың ұлдарымыз. Қазіргі қазақ қоғамының жадында тәуелсіздік дәуірі бекіткен әр тұлғаның өз бітім-бейнесі бар. Сіз ұзақ та үлкен өмір жолынан, еңбек баспалдағынан өттіңіз. Мемлекеттік түрлі жауапты қызметтер атқарып, халықтың ертеңі үшін түн ұйқыңызды төрт бөлдіңіз. Егемендігіміздің қадірін бір кісідей түсінесіз. Біліктілік пен білімділіктің нағыз үлгісін көрсеткен талап пен қадамыңыз өз жемісін бермей қойған жоқ. Сол жолыңыз қалай басталып еді? 

– Мен, 1961 жылы 7 мамырда Павлодар облысында дүниеге келдім. Орта мектепті үздік бітіргеннен кейін, 1992 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетін  аяқтадым. Еңбек жолымды прокуратура органдарында бастадым. Одан кейін қаржы полициясы мен ішкі істер органдарында қызмет атқардым. 2014 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл  агенттігінде түрлі басшы қызметтерде болдым. 2018 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлттық бюросының басшысы болып тағайындалдым. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы қызметін атқарып келемін.

– Қазіргі таңда жаңа құрылған агенттіктің рөлін күшейту туралы айтылып та, жазылып та жүр. Агенттіктің  құзырына жаңа пәрмен берілді. Жемқорлық деңгейін төмендету, алдын алу және оны болдырмау шаралары жан-жақты қарастырылған. Осы мақсатта қандай ауқымды шаралар атқарылуда?

– Рас, сыбайлас жемқорлық – елді дамытпайтын, қоғамды өсірмейтін дерт. Бұл кесел дамушы елдердегідей бізге де зор нұқсан келтіріп отыр. Сондықтан, біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейте беруіміз керек.

Әрине, сыбайлас жемқорлық дәрі беріп емдейтін сырқат емес. Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу барша қазақстандықтар үшін ортақ міндет. Ол үшін аталған дертке қоғам болып қарсы жұмылуымыз қажет. Сонда ғана ел мүддесі үшін зор үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымыз анық.

Елімізде жемқорлықпен күрес күн сайын қарқын алып келеді.  Ал, түпкі мақсатымыз – жемқорлықты құбылыс ретінде жою үшін қолданыстағы заңнаманы жетілдіруіміз қажет. Осыған байланысты «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыру шеңберінде 100 нақты қадам іске асырылуда, соның ішінде мемлекеттік қызметке кіру рәсімін жаңғыртуға, жаңа этикалық ережелерді енгізу нәтижелері бойынша еңбекақы төлеуге көшуге және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге баса мән беріледі.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы бөлімше құрылды. Агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа құралдарын енгізді. Бұған сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар енгізіп, жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындау жатады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізгі процесі қоғамдық сананы жаңғырту болып табылады. Ол азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті жоқ бірқатар әдеттер мен стереотиптерді өзгертпестен мүмкін емес. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясаты сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағартудың, алдын алудың және содан кейін ғана жазалаудың ұтымды үйлесімділігіне негізделеді.

– Қайрат Имәтұлы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамның 13-ші қадамы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге бағытталғанын білесіз. 100 нақты қадам аясында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң қабылданды. Осы өзгерістер нендей қажеттіліктен туды? Ол өзінің тиімділігін көрсете алды ма?

– Бүгінгі таңда 100 нақты қадам – Ұлт жоспары аясында сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, алдын алу, болдырмау, қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыра отырып,  жемқорлықты жою жұмысын күшейту бағытында елеулі жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекетті дәл анықтап, оны жалпы жұртшылықтың қуатты құралына айналдыру жүзеге асырылуда.  

Бұл реформа қазірдің өзінде елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, жаңа серпін беруге, «Мәңгілік ел» ұлттық идеясындағы азаматтық-патриоттық, саяси-құқықтық құндылықтар мен әлеуметтік, адамгершілік қағидаттары кез келген ұлтымыздың бойынан көрініс табатындығына және сыбайлас жемқорлықсыз болашақта өркениетті ел болуымызға кепіл бола алатындығына кәміл сенуге болады.

Өзіңіз айтып отырғандай, 100 нақты қадам – Ұлт жоспары аясында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы қабылданып, заңға сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың жаңа көріністері енгізіліп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің қызметін үйлестіру жөніндегі өкілеттіктер берілген уәкілетті орган айқындалады. Сонымен қатар, «Сыбайлас жемқорлық», «сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат», «сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәуекел», «жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясындағы мониторинг» ұғымдары ашылады. Ол мемлекеттік органдармен қатар, квазимемлекеттік сектор ұйымдары және субъектілеріне де қатысты жүзеге асырылатын болады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа азаматтық қоғамды кеңінен тарту,  мониторинг пен талдау шаралары қамтылған.   

Заңда белгіленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы негізгі мәселелерге сыбайлас жемқорлықтың алдын алу,  қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою жатады. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізгі қағидаттары – азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау басымдығы, жариялылық пен ашықтық, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимыл жасауы. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың мақсаты мен міндеттері – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік ахуалын қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін жағдайлар мен себептерді анықтау және олардың салдарларын жою.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары – сыбайлас жемқорлыққа қарсы ішкі және сыртқы тәуекелдерін талдау және мониторинг жүргізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.   

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігіне, қоғамның сыбайлас жемқорлық деңгейін қабылдауы мен бағалауына қатысты ақпаратты жинау, өңдеу, талдау.  

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау – сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және зерделеу.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша мемлекеттік органдар, ұйымдар және квазимемлекеттік сектор субъектілері сыбайлас жемқорлықтың туындау себептері мен жағдайларын жою жөнінде шаралар қабылдайды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті көрсететін құндылықтар жүйесін сақтау және нығайту бойынша өз құзыреті шегінде жүзеге асырады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру білім беру, ақпараттық және ұйымдастырушылық сипаттағы шаралар кешені арқылы және ақпаратты, ұйымдастырушылық қызмет бұқаралық ақпарат құралдарында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, әлеуметтік маңызды іс-шараларды ұйымдастыру арқылы іске асырылады.

– Өзіңіздің құзырыңыздағы Алматы қаласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған қандай шаралар жүргізілуде?

– Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ведомствосында жұмыс істеген кезімде көптеген жұмыстар атқарылды.

Жемқорлыққа қарсы қызмет сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін қылмыстық қудалау институттарын әлсіретуге ниет білдірмейді. Сыбайлас жемқорлық бойынша ұсталған шенеуніктер атқарып отырған қызметтері мен дәрежелеріне қарамастан заңның барлық қатаңдығы бойынша жауапты болады.

Алайда, қазір қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, адамгершілік құндылықтарды – парасаттылыққа, әділеттілікке, адалдыққа үйретуге үлкен мән береміз.

Қабылданған шаралар азаматтардың Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатына деген сенімін арттыруға ықпал етеді. Азаматтардың 73%-ы елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатына сенеді, ал 53%-ы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жеке үлес қосуға дайын.

Жалпыұлттық қозғалысқа ұласатын жаппай ірі жобалар құрылуда. Осындай жобалардың бірі – волонтерлік қызмет көрсету бойынша жүзеге асатын «Ізгілік елшісі» жобасы болып табылады.

Еріктілер қозғалысының мақсаты – жастар саясатын жүргізу бойынша мемлекеттің міндеттемелерін өзіне ала отырып, жастардың білімі мен кәсіби бағдарын қалыптастыру болып табылады. Еңбек нарығында негізгі біліктілікті ала отырып, өздері маңызды дағдыларды игереді. Нәтижесінде, волонтерлер қоғам өміріне өзі үшін де, өзгелер үшін де пайдасы бар белсенді қатысады.

Жас ұрпақты елдің қоғамдық өміріне тарту қажет. Белсенді жастар қоғам өміріне өз еркімен қатыса бастаған және жалпы проблемаларды шешуге және елдің өркендеуіне жәрдемдескен сайын қоғам құндылықтар негізінде тығыз байланыста болады.

«Алмалы» және «Абай» метро станцияларында адалдық турникеттері ашылды. Кедергісіз өту қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы және лайықты жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Ашылу кезеңінен бастап «Алмалы» станциясында «адалдық турникеті» арқылы 46 600 адам өтті, соның ішінде 586 адам төлем жасамады, бұл небәрі 1,2%-ды құрайды.

Жалпы білім беретін мекемелердегі алаңдарды оңтайландыру мақсатында «ата-аналар қонақжайын» ашу қызметтік үй-жайлардың алаңдары, оның ішінде мектеп директорларының кабинеттері босады, олар жобаға сәйкес мектептерде оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруды жетілдіру үшін берілді. Кабинеттерде робототехника үйірмелері ұйымдастырылды, эмоциялық-психологиялық релаксация сеанстары өткізіледі, сонымен қатар, мектеп әкімшілігі ата-аналармен кездесулер өткізеді.

Бизнесмендер сыбайлас жемқорлыққа қарсы ойлауды қалыптастыру бойынша мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын қолдап, ең ірі және тарихи маңызы бар «Юбилейный» гастрономында жобаны іске қосты.

«Юбилейный» ірі супермаркетінде сатып алушыларға кедергісіз қызмет көрсету желісінің ашылуы сатушының қатысуынсыз тауарды сатудың жаңа сандық тәсілін, яғни «адалдық дүкендері» жұмысының жаңа заманауи форматындағы сатып алушылардың өзіне-өзі қызмет көрсетуін көрсетеді.

Іле-Алатау табиғи паркінің бақылау өткізу пунктінің автоматтандырылған жүйесі ашылды. Жүйе онлайн паркке баруға, мобильді қосымша немесе веб-сайт арқылы төлеуге мүмкіндік береді.

Іске асырылып жатқан жобаның жалғасы «Small» супермаркеттерінде «сатушыларсыз кассалар» ашылды. Жоғарыда көрсетілген жобалар әкімшілік кедергілерді төмендету үшін іске асырылады және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, құқықтық сананы арттыруға, халықтың жоғары моральдық қасиеттерін тәрбиелеуге, атап айтқанда, парасаттылық пен адалдыққа ықпал етеді.

8 қараша күні Мемлекеттік органдардың, дипломатиялық миссиялардың, жоғары оқу орындарының, өңірлік «Адалдық алаңы» және АМТ, қоғам қайраткерлерінің қатысуымен «Адалдық алаңы: сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қоғам мен мемлекеттің өзара іс-қимылының жаңа форматы» атты бірінші Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы форум өткізілді. Еліміздің жобалық кеңселері басшыларының басқа мемлекеттік органдармен кездесулері, «Алматы – Адалдық Алаңы» үлгілі жобаларын талқылау және таныстыру жұмыстары ұйымдастырылды.

Ағымдағы жылы «Алматы – Адалдық Алаңы» жобалық кеңсесі Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, медициналық ұйымдарда қайталанатын функцияларды анықтау және басшылық лауазымдарды оңтайландыру бойынша мониторинг жүргізді. Содан Жедел жәрдем мамандандырылған автокәсіпорны және Жедел медициналық жәрдем кәсіпорны бір қайталанатын функцияларды орындағандығы анықталды. Жүргізілген мониторингтен кейін көрсетілген қызметтер бір Медициналық көмек қызметі ұйымына біріктірілді. Бұл шара бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік берді.

Бұдан басқа, медициналық мекемелер директорлары орынбасарларының қырыққа жуық лауазымы оңтайландырылды, соның нәтижесінде бюджетті үнемдеу жылына 116 млн теңгеден асты.

Бұл жұмыстар жалғастырылатын болады. Ел азаматтарын бізді қолдауға және бізбен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етуге шақырамыз.

Әрине, мемлекеттің барлық органдары мен лауазымды адамдары өз құзыретінің шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуі тиіс. Болашағы үшін алаңдайтын әрбір азамат жемқорлықты ауыздықтау ісінде өзінің жеке үлесін қосқаны дұрыс. 

– Қайрат Имәтұлы, ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз.

СҰХБАТТАСҚАН: ҚАЛИ ҚАМБАРОВ, «QAZAQ»-ТЫҢ ШОЛУШЫСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here