Ауырғандарға ауа сыйлағандар

0
4226

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) COVID-19 індетіне байланысты пандемия (жаңа ауру түрінің жаһандық ауқымда таралуы) жариялағанына бір жылға аяқ басты. Ал, пандемия кезінде көрінбейтін жаумен күрескендердің алғы шебінде медицина қызметкерлерімен  қатар тіршілікке тыныс сыйлаған жандар да жүрді. Олар – медициналық және техникалық газдар шығаратын «AirGaz» зауытының қызметкерлері. Бүгін осы жандар туралы сөз қозғамақпыз.

ОТТЕГІНІҢ ОТАНЫ

Өткен жылы қытымыр қыстан шығып көктемге іліндік-ау деген шақта  тосыннан келген кесел адамзатты алқымнан алды. Жаһанды жайлап, төрткүл дүниенің төріне шыққан тәжтажал тіршілік иелерінің тынысын тарылтты. Бұл дерт бір уыс қазаққа да қырғидай тиді. Жолындағының бәрін жас, кәрі демей құтты бір ата жауындай жалмады. Дәрігерлер дерттің дауасын таппай жанталасты. Көп адам әшейінде қадірін білмейтін бір жұтым ауаға зар болды.  Сол кезде  Шымкентте «Оңтүстік» индустриалды аймағында жаңадан іске қосылған «AirGaz» криогенді зауытының қызметкерлері көмекке келді.

 Жаңа үлгідегі зауыт 2018-2019 жылдары соғылып, 2020 жылы лицензиясын алып іске қосылған. Наурыз айында жергілікті ауруханалармен тығыз байланыс орнатады. Ал, сәуір айында пандемияның өршіп тұрған шағында дәрігерлермен бірге әр адамның өмірін сақтап қалу үшін күреседі. Зауыт екі айдың ішінде бір жылдық жұмыс көлемін орындайды.

Адами ресурс пен жұмыс күштерінің жетіспеушілігіне, жабдықтар мен қосалқы бөлшектердің тозуына қарамастан, пандемия басталғаннан бері криогенді зауыт Шымкент, Түркістан және Қызылорда облыстарының ауруханаларын медициналық оттегімен үздіксіз және тәулік бойы қамтамасыз еткен.

«AirGaz» зауытының директоры Асқар Батырханов

ҚИНАЛҒАНҒА ҚАРАСҚАНДАР

Иә, қысылтаяң шақта кімнің кім екені білінеді. Асылында халқымыз асыл азаматтарға кенде емес. Әсіресе, ел тағдыры ер қолына түскен сәтте намысын жігеріне жанып, арыстандай арқаланып шығатын азаматтар бар. Игі істің басы-қасында жүретін «AirGaz» ЖШС зауытының директоры Асқар Батырханов ауруханаларда жатқан науқастарды оттегімен үздіксіз қамтамасыз ету басты мақсаттары болғандығын айтады.

Адам жанының арашашысына айналған дәрігер әкесі Тілеулес Тіленұлынан алған тәрбиесі болар, Асқар Батырханов елдегі қиын жағдайда зауыт басшысы ретінде күнделікті жұмысын атқарып қана қойған жоқ. Қарамағындағы қызметкерлеріне қолдау білдіріп, солармен қосылып қиналғандарға қол ұшын созды. Тынысы тарылғандарға тынымсыз оттегі тасымалдады.

«AirGaz» зауыттың жұмысшылары жұмыла іске кірісіп, өз денсаулықтарын қатерге тіге жүріп, өзгелердің өмірін сақтап қалу жолында жандарын салды. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды. Аш-жалаңаш жүрді. Айлап жақындарының жүзін көрмеді. Сонда да сәулелі күннен үміт үзбей үздіксіз жұмыс істеді.

«Пандемияның өршіп тұрған кезінде зауытта қона жастана жұмыс істедік. Бухгалтер мен зертханашы кісілер де қонып істеді. Өз жұмыстарымен қатар бізге тамақ дайындап, баллондар тасысып көмектесті. Өйткені, көп жастар шыдамай жұмысты тастап кетіп қалды. Оттегі  бар, алайда  оны құятын баллондар жетпей жатты. Шопырларымыз ауруханалардағы босаған баллондарды алып келу үшін сол жерде қалып күтетін. Босаған баллондарды толтырып алып тағы да ауруханаларды бетке алатын. Сондай күндер де өтті», – деді зауыт басшысы.

Күрделі кезеңде «сенің жұмысың, менің жұмысым» деп санаспаған бұл зауыттың қызметкерлері. Керісінше әр демі үшін күресіп жатқан науқастарға қажетті оттегіні жеткізсек деп шыр-пыр болған.

«Бізде қауіпті өндіріс болған соң, екі жақта қақпа қойылған. Сол екі қақпада қара құрым халық тұрды. Бәрінің айтатыны – «оттегі толтырып берсеңіздер, ауруханада ет жақындарым жатыр» дейтін. Тіпті, қақпадан секіріп өтіп жатқандар да кездесті. Сондай адамдарды сабырға шақырып, бәрін тәртіп бойынша реттеген – күзетшілер. Сол кісілер қиналған халыққа жылы сөйлеп, ашынып тұрған жандарды сабырға шақыра білді. Өйткені, сол кездері кезекте адамдар мен көліктер емес баллондар  тұратын», – дейді Асқар Батырханов.

Зауыт қауіпті кәсіпорындар қатарына жататындықтан, мұндағы жұмысшыларға қауіпсіздік ережесін білу міндетті. Оған қоса, жұмыс та ауыр. Әр баллон 85-90 келі тартады. Ал, оны көтеретін жұмысшылардың өз денсаулықтарына қаншалықты зиян екені айтпаса да түсінікті.

«Қазір осында жүрген қызметкерлердің барлығын да мен батыр деп айта аламын. Олар ештеңеге қарамай, өз денсаулықтары мен бастарын бәйгеге тігіп, жұмыс істеді. Олар да шаршап, титықтап кетеді. Мен де ет пен сүйектен жаралған адаммын. Бірақ, басшы ретінде қарамағымдағыларға үнемі қолдау көрсетуім керек. «Сендер майданның алдыңғы шебіндесіңдер. Көрінбейтін жаумен күресіп жатырсыңдар» деп демеу білдірдім», – дейді Асқар Тілеулесұлы.

Сол кездерде әлеуметтік желілер арқылы хабарландыру оқыған еріктілер көмекке келген. Әркім қал-қадірінше қол көмек берген. Ауыр баллондарды шамасы жетпейтін қыздар зауыт жұмысшыларына ыстық тамақ тасумен айналысқан.

«Көмектессек деген еріктілердің қарасы мол болды. Бәрімізді бір арман біріктірді, ол – өзі аз ғана халқымызды көрінбейтін кеселден арашалап қалу. Осы жолда аянбай еңбек еттік. Құдайға шүкір, қиын күндер артта қалды. Пандемия кезінде қона-жастана жұмыс істедік. Күй талғаған жоқпыз. Бәріміз бір үйдің балаларындай тек бір мақсатты көздедік. Ауа жетпеген науқас жандарға дер кезінде оттегі жеткізіп тұруға бар күшімізді салдық. Бір адамның өмірін сақтап қалудан асқан бақыт бар ма?!» – деді Асқар Тілеулесұлы.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Тынысты тарылтып, өкпені өшіретін бұл тәжтажалмен тайталасып келе жатқанымызға да жылға жуықтады. Жер бетін жаулаған көрінбейтін жау барша жанға «Өмір дегеннің – бір күндік сәуле екендігін» ұқтырғандай…

Жансая ШЫҢҒЫСХАН, саяси шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here