КУРИЛ АРАЛДАРЫ ҮШІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫСТЫҢ ОШАҒЫНА АЙНАЛА МА?

0
1302

Екінші дүниежүзілік соғыс туындатқан кейбір мәселелер жетпіс жылдан астам уақыт өтсе де, оңтайлы шешімін табар емес. Бір мемлекет қарызын дауласа, енді бірі өзгенің тақымында кеткен жерін даулауда. Сондай елдің бірі – тар заманда аралдарынан көз жазып қалған Жапония.

Рас, төрт аралға байланысты даудың кесірінен Ресей мен Жапония Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанын ресми бекітетін бейбіт келісімге әлі күнге дейін қол қоймады. Тіпті, оған бұл ХХІ ғасырда да қол қойылмайтын түрі бар. Неге десеңіз, жер көлемі біздің Алматы облысының Іле ауданына да жетпейтін аралдар үшін қос держава жан алысып, жан берісуге дайын тұр. Екі елді де түсінуге болады. Өйткені, Жапонияға жердің әр шаршы шақырымы қымбат. Біріншіден, 126,2 млн халқы бар Күншығыс елінің жер көлемі біздің Қарағанды облысына да жетпейді. Халқы тығыз орналасқан. Бір шаршы шақырымға 336 адамнан келеді. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл көрсеткіш Қазақстанда – 6 адам, Ресейде – 8 адам, халқы ең көп Қытайда – 139 адам. Екіншіден, Кеңес Одағы басып алған 1945 жылға дейін бұл аралдар Жапонияның заңды жері болған. 1947 жылы КСРО басшысы Иосиф Сталин жапондарды аралдардан Жапония территориясына күштеп көшіруді бұйырған. Яғни, ата-бабасының жерін Жапония билігі де, халқы да қайтарып алуды көздейді. Дегенмен, Мәскеу де оңай шағылатын жаңғақ емес. Ал, жеріне 45 Жапония еркін сыйып кететін Ресейге алақандай аралдар неге керек? Жапония өз аралдарынан ХХ ғасырдың ортасында қалай көз жазып қалды? Курил аралдары Үшінші дүниежүзілік соғыстың ошағына айнала ма? Осы және  өзге де сұрақтарға бүгін «Qazaq» газеті жауап іздейді.

ЖАПОНИЯ ӨЗ АРАЛДАРЫНАН ҚАЛАЙ КӨЗ ЖАЗЫП ҚАЛДЫ?

Күншығыс елінің Курил аралдарынан ХХ ғасырдың ортасында қалай көз жазып қалғанына «Qazaq» газетінің шілде айындағы санында кеңінен тоқталғанымызды көзі қарақты оқырман білетін болар. Бүгін сол тақырыпқа қысқаша қайта тоқталсақ артық болмас. Сонымен…

Курил аралдары – барлығы 56 аралдан тұратын Жапония мен Ресей шекарасының аралығындағы аралдар тізбегі. Аралдар екі параллельді жоталарды құрайды: Үлкен Курил және Кіші Курил. Жалпы ұзындығы – 1 200 шақырым, жалпы ауданы – 10,5 мың шаршы шақырым. Курил аралдары ең үлкен төрт аралдан тұрады. Төртеуі де даулы аралдар: Итуруп, Кунашир, Шикотан және Хабомай. Аралдардың ең үлкені – Итуруп (3 187 шаршы км), ең кішісі – Хабомай (100 шаршы км).

Ресейлік басылымдар 2018 жылы аралдағы тұрғындардың санын жариялады. Ең көп тұрғыны бар арал – Кунашир, онда шамамен 8 800 адам қоныстанған. Итурупта – 6 409 адам тұрса, Шикотанда – 2 820 адам бар. Ал, Хабомай аралында тұрғындар жоқ. Арал әлі игеріле қоймаған.

Осыған дейін Ресей 2005 жылы ресей-қытай шекараларындағы аумақтық дауды демаркациялауға келіскен. Дау екі елге де тиесілі Амур өзені маңындағы аймақтар жайлы болды. Келіссөздің нәтижесінде Қытай Ресейден Тарабаров аралын және Амур мен Уссури өзендерінің қосылған жақтағы үлкен Уссурий аралының бір бөлігін алды. Қытайға берілген жердің жалпы ауданы – 337 шаршы шақырымды құрайды. Яғни, Шикотан және Хабомай аралдарының ауданына сәл жетіңкіремейді. Жапондар осы жағдайдан кейін де аралдарды қайтарып алудан үмітті болып келеді.

1855 жылға дейін Курил аралдарының қай елге тиесілі екендігі анықталмаған. 1855 жылы Қырым соғысынан кейін Ресей мен Жапония арасында «Симод шарты» жасалды. Жасалған шарт Жапония мен Ресей арасында дипломатиялық қатынастың орнауына әсер етті. Екі ел арасындағы шекара анықталды. Кунашир, Итуруп, Хабомай, Шикотан аралдары Жапонияның иелігіне өтті. Сахалин Жапония мен Ресейге ортақ меншік аралға айналды. Тек 20 жыл өткен соң, 1875 жылы екі тарап «Петербург келісімшартын» жасасты. Нәтижесінде,  Курил аралдары Жапонияға, Сахалин аралы Ресейге тиесілі еді. Дегенмен, 1905 жылы болған орыс-жапон соғысы 30 жыл бұрынғы шарттың күшін жойды. Соғыстан жеңілген Ресей Сахалиннің оңтүстік аймағының жартысын Жапонияға беруге мәжбүр болды. Ал, 40 жылдан кейін жағдай мүлдем өзгерді. 1945 жылы АҚШ пен Ұлыбритания Кеңестер Одағы Жапонияға соғыс ашатын болса, Курил аралдарын толықтай алып беретіндеріне уәде берді. Сахалинді қайтару және Курилді алу үшін Кеңес Одағы соғыс ашты. Мәскеу жеңіске жеткен соң, Сахалинді қайтарып қана қоймай, Курил аралдарын Жапониядан 1905 жылы орыс-жапон соғысында келтірген шығынның өтемі ретінде тартып алды. Содан Мәскеу мен Токио арасындағы жер дауы басталды.

КУРИЛ АРАЛДАРЫ ЖАПОНДАРҒА ҚАЙТАРЫЛА МА?

Курил аралдары 1945 жылы КСРО-ның иелігіне өткенін жоғарыда айттық. Жапон үкіметі аралдарды Кеңес үкіметіне өз еркімен бергенін растайтын құжатқа мәжбүрлі түрде қол қойды. Соғыс шарты бойынша жеңілген тараптың жеңімпаздың талабын орындауы заңды құбылыс. Әйтсе де, соғыстан кейін Күншығыс елі қысқа мерзімде ес жинап, етек жапты. Дамыған озық елдердің қатарына енді. Кешегі кеткен есесін бүгін қайтаруды көздеді. Бабадан қалған мирастың қолды болуын сүйекке түскен таңбадай көрді. Ал, бұған Кеңес Одағының заңды мұрагері саналатын Ресей Федерациясының да айтар өз уәжі, алға тартар құжаты бар.

Екінші дүниежүзілік соғыс бітсе де, Ресей мен Жапония арасында бейбітшілік шарты туралы бітімге қол қойылмады. Бұл мәселе әлі де шешімін таппаған геосаяси жағдайға айналды. Келіссөздер бүгінге дейін жалғасып келеді. Мәселен, Ресей мен Жапония Синдзо Абэ Үкімет басшысы болған 2012 жылдан бері «Курил мәселесі» бойынша 30 рет бір стол басына отырыпты. Дегенмен, бұл келіссөздердің бәрі де әдеттегідей нәтижесіз аяқталды.

Жалпы, жер дауының шешілуі Жапонияға, ал аяқсыз қалуы Ресейге тиімді. Сондықтан да, Ресей «Курил мәселесіне» келгенде күні бүгінге дейін «ұзын арқан, кең тұсауға» салып келеді. Іс жүзінде барлық келіссөз нәтижелері жапондардың Курилге қатысты ымыраға келу ұмтылыстарының өліміне ұқсайды.

Енді қайтпек керек? Ресейдің ұстанымы түсінікті. Ал, Жапонияға Ресейдің меншігінде қалған тарихи жерлері ауадай қажет. Оның басты себебін жоғарыда айттық (жерінің аздығы). Екіншіден, Премьер-министр қызметіне келгенде Синдзо Абэ бұл мәселені Жапонияның пайдасына шешетінін айтты. Жапондар Үкімет басшысының сөзінде тұратынына сенді. Жеті жыл зымырап өте шықты. Мәселе шешілмеді. Жабулы қазан күйінде қалды. Содан жапондар өз Премьер-министріне сенімсіздікпен қарай бастады.

Абэ де қайтпайды. Желтоқсан айының басында, 2 желтоқсанда «Курил мәселесіне» қайта оралды. Курил аралдарынан қол созым жерде орналасқан Немуро қаласының басшысымен кездесуінде Үкімет басшысы: «Жапония мен Ресей арасындағы келіссөздерде алға жылжушылық бар. Айталық, Хоккайдоны Ресей басып алған төрт солтүстік аралмен (жапондар Курил аралдарын солай атайды) байланыстыратын әуе қатынасын қалпына келтірдік. Демек, жапондар енді сол жақтағы ата-бабасының қорымына еркін  бара  алады. Тіпті, Токио мен Мәскеу ауыл шаруашылығына қатысты бірлескен пилоттық жобаны да қолға алды. Әрине, солтүстік аралдардың байырғы тұрғындарының бүгінде көбі арамызда жоқ. Ортамызда жүргендерінің сол туған жерлеріне қайта оралуларына барымды саламын», – деп мәлімдеді.

Сол күні Немуро қаласында аталған қала басшысы Масатоси Исигаки бастаған 500-ге жуық халық шеруге шықты. Оған Хоккайдо мен Курил аралдарының байырғы тұрғындары қатысты. Артынан бұл шеруге Токио тұрғындары да үн қатты. Токио көшелерімен жүріп өткен астаналықтар «Мәскеу, біздің солтүстік жерімізді қайтар!» деп ұрандады.

«Курил мәселесі» әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының да назарынан тыс қалған емес. Өткен аптада күніне 40 млн оқырман оқитын атақты қытайлық Eastday.com порталы Курил аралдары түбі Үшінші дүниежүзілік соғыстың ошағына айналатынын жазды. Басылымның жазуынша, «Токио Мәскеудің  меншігіндегі өз аралдары үшін соғысады. Өйткені, Жапония халқы ел үкіметінен сөзден іске кірісуді талап етіп отыр. Бұл соғыста Токио алдымен Вашингтонға арқа сүйейді. Ал, Вашингтонға ата жауы Мәскеудің әлсірегені керек».

Қалай болғанда да, Мәскеу мен Токио «Курил мәселесінде» «ары тартса – арба да сынбайтындай, бері тартса – өгіз де өлмейтіндей» бір тоқтамға келмесе, жер дауының арты жақсылыққа апармайтыны  белгілі.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Жоғарыда «Алақандай аралдар «ұшса құстың қанаты, шапса тұлпардың тұяғы талатын» жері бар Ресейге неге керек?» дейтін сауалды қойдық. Енді осы сауалдың жауабын қысқаша берейік. Біріншіден, Ресей Федерациясы – әлемдік держава. Демек, 2014 жылы Украинадан Қырымды өзіне қосып алған Мәскеу басқа елге ұлтарақтай жерін де бермейді. Екіншіден, Курил аралдары экономикалық, географиялық жағынан маңызды рөл ойнайды. Кунашир мен Итуруп Жапонияға өтсе, АҚШ-қа Охот теңізінің «қақпасы» ашылады. Оған Ресей қарсы бола алмайды. Оның үстіне бұл екі аралдан Мәскеу бас тартса, онда Владивостоктан қатынайтын ресейлік кемелер Тынық мұхитына шығу үшін үшінші елдің (Жапония) рұқсатын сұрайтын болады. Сондықтан Мәскеу «қолында тұрған алтынның қадірін» біледі. Тіпті, аралдарды көршісіне оңай қайтара салатындай Мәскеу Токиоға тәуелді емес. Одан қорықпайды да. Әскері мықты. Қолында ядролық қаруы және бар.

ФАРАБИ СӘЙКЕНОВ, «QAZAQ»-ТЫҢ ШОЛУШЫСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here