ҚАЛДЫБЕК СӘБДЕНОВ «ПАРАСАТ» ОРДЕНІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

0
103

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің мәжіліс залында көрнекті ғалым, ел зиялысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ауыл шаруашылығы саласының ардагері, академик Қалдыбек Сәбденовке Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен берілген «Парасат»  орденін табыстау рәсімі өтті.

Салтанатты жиынды ҚазҰАУ ректоры, ҰҒА Вице-президенті, академик Тілектес Есполов ашып, Қалдыбек Сәбденұлының аграрлық білім, ғылым, өндіріске сіңірген ерен еңбектерін атап өтіп, бұл марапатты барша ауылшаруашылығы ғылымының мерейі деп бағалады.

Қалдыбек Сәбденұлы Алматы зооветеринарлық институтын 13 жыл абыроймен басқарып, оқу орнын жаңа белеске шығарған зиялылар ісін жалғастырған білікті басшы, өзіндік мектеп қалыптастыра алған ұлағатты ғалым, ұстаз.

Қалдыбек Сәбденұлының басшылығымен институтта іргелік ғылыми ізденістер қайта жанданды, оқу-әдістемелік жұмыстар жолға қойылды. Институт қызметкерлерінің шығармашылық өсуіне жағдай жасалынды, 100 адам кандидаттық, 34 адам докторлық диссертация қорғады. Оқу ғимараты жөндеуден өтіп, 18 мың шаршы метрлік 6 қабатты оқу-тәжірибелік ғимараты, 800 орындық 2 жатақхана тұрғызылып, іске қосылды. 24 оқу-ғылыми зертханаларға жабдықтар алынып, орнатылды. Институт қызметкерлерінің материалдық және әлеуметтік тұрмыс жағдайы жақсарып, оларға 128 пәтер бөлінді, ал институт қаржысы бойынша 35 пәтерлік жаңа үй профессор-оқытушы қауымға тұрғызылды.

Ізденіс пен сауатты ұйымдастырудың арқасында социалистік жарыс нәтижелері бойынша Алматы зооветеринарлық институты КСРО-ның 110 ауыл шаруашылық оқу орындарының ішінде бірінші орынға ие болды және 1988 жылы КСРО Қызыл Туын, Қазақ КСР Құрмет грамотасын жеңіп алды.

Жиынға ҚазҰАУ оқытушы-профессорлары, Қалдыбек Сәбденовтің замандастары мен шәкірттері қатысып, қайраткер ғалымды жоғары дәрежелі мемлекеттік марапатымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Салтанатты рәсім соңында «Парасат» орденінің лауреаты, қайраткер ғалым Қалдыбек Сәбденұлы өзіне көрсетілген ерекше құрмет үшін Мемлекет басшысына алғыс білдіріп, жоғары марапатты тапсыру үшін салтанатты жиын ұйымдастырған университет басшылығына, әріптестері мен шәкірттеріне алғысын айтты.

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here