ҚАЗАҚСТАН МЕН САУД АРАБИЯСЫ АРАСЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМ-БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

0
100

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов Сауд Арабиясының Білім министрі доктор Хамад бин Мұхаммад Әл аш-Шейхпен және Король Сауд университетінің ректоры Бадран әл-Омармен кездесіп, екі ел арасында ғылым-білім саласында ынтымақтастық орнату мәселесін талқылады.

Кездесу барысында академик Ғалым Мұтанов білім беру жүйесін дамыту бойынша, оның ішінде еліміздің жоғары оқу орындарында білім сапасын арттыруға, ғылыми технологияларды дамыту бағытында Қазақстанда және жоғары оқу орындарының көшбасшысы саналатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталды. Сонымен қатар, келер жылы ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған елімізде жоспарланып отырған ауқымды шаралар туралы айтып берді. Осыған орай, ҚазҰУ аймағында қолға алынып жатқан әл-Фараби ғылыми-технологиялық алқабын құру, сондай-ақ ҚазҰУ БҰҰ Өркениеттер Альянсымен бірлесе отырып «Университет 4.0» моделін іске асыру, «Жібек жолы университеттерінің Альянсы» Халықаралық IT-кластерін құру бойынша жұмыс жоспарымен таныстырды.

Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың жақсы жетістіктерін айта келе ғылым-білім саласындағы қарым-қатынастарымызды нығайтудың өзектілігіне тоқталды. Қазіргі таңда Қазақстан тарапынан келген жастардың діни білім беретін бағыттағы университеттермен қатар, Сауд Арабиясының білім, ғылым саласындағы жаңа мүмкіндіктерді кең пайдалану туралы ойын жеткізді.    

Сауд Арабиясының Білім министрі өз кезегінде ел Үкіметінің экономикалық және қоғамдық өмірін модернизациялауға бағытталған «Сауд Арабиясы 2030 стратегиялық бағдарламасы» аясында білім беру, ғылым жүйесінде жүргізіліп жатқан реформаларға тоқатала келе қазақстандық делегацияның ұсыныстарын толық қолдайтындығын білдірді. Келер жылы өтетін әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын өткізуге үлес қосатындықтарын атап өтті.

Кездесу қорытындысында білім және ғылым саласындағы екіжақты қатынастарды нығайта отырып, әріптестікті арттыру бойынша және Сауд Арабиясы тарапынан қазақстандық жастарға арнайы бөлініп отырған 163 грантты Қазақстан үшін қажетті мамандықтар бойынша магистратура және докторантураға бөлуге уағдаласты. Сондай-ақ, Қазақстан жастарын Сауд Арабиясына оқуға қабылдаудың талаптарын қайта қарап, бұдан бұлай тек қазақстандық белгілі жоғары оқу орындарынан Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшілігінің ұсынысы негізінде ғана оқуға қабылдауға келісілді.

Ислам әлеміндегі ең үздік университет саналатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен Сауд Арабиясындағы жоғары оқу орындары алдағы уақытта ғылыми инновациялық технология, ғарыштық технология, нанотехнология, ІТ технология сияқты салаларда жаңа жобаларды бірлесіп іске асыру жөнінде келісімге қол жеткізді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here