Қазақстан аяқ киімнің 96,7%-ын сырттан тасиды

1
7530

Статистика комитетінің мәліметіне сенсек, Қазақстандағы аяқ киімнің 96,7%-ын импорт құрайды. Яғни, аяқ киімнің 60%-ын Қытайдан, 20%-ын Түркиядан, 10%-ын Ресейден, 7%-ын басқа елдерден тасимыз. Демек, ел нарығындағы отандық аяқ киімнің үлесі 4%-ға да жетпейді. Төрт маусымда бір аяқ киімнен сатып алғанның өзінде қазақстандықтар жылына кемінде 72 млн жұп аяқ киім киеді. Ал, Қазақстандағы аяқ киім тігетін фабриканың саны 25-тен аспайды. Отандық аяқ киімнің 90%-ы Алматы, Шымкент қалалары мен Жамбыл облысына тиесілі. Айталық, жылына «Жетiсу» – 570 мың, «Казлегпром-Алматы» – 500 мың, «ТаразКожОбувь» – 500 мың, «Семей  аяқ киім фабрикасы» – 200 мың, «Lux Shoes» – 120 мың жұп аяқ киім тігеді.

Иә, ішкі нарықты отандық өніммен толыққанды қамтамасыз ету үшін жылына 570 мың жұп аяқ киім тігетін «Жетiсу» сияқты елде 125 ірі фабрика ашылуы керек. Әрине, қазіргі жағдайда бірден жүзден астам фабриканы іске қосу мүмкін емес. Елде оған қаржы да, шикізат та жетіспейді. Дегенмен, жеңіл өнеркәсіптің ауыр жолымен жүріп келе жатқан кәсіпкерлер де бар. Олар шағын фабрика ашып, аяқ киім тігуді қолға алған. Соның бірі – кәсіпкер Әсел Болатқызы. «Qazaq» газеті бүгін қазақ қызы негізін қалаған «Kadam.kz» шағын фабрикасына тоқталады.

ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІПТІҢ АУЫР ЖОЛЫНА НЫҚ ҚАДАМ БАСҚАН «KADAM.KZ»

«Ерінбеген етікші болады» деген қазақ осы бір ауыз сөзімен-ақ бұл кәсіптің қоғамдық мән-маңызын әлдеқашан айшықтап берген. Өйткені, етікшілік те өнер. Жай өнер емес, ерінбей-жалықпай үйренетін өнер. Кезінде әр ауылға бір етікші болған, себебі мәсі мүжілмей, етік тозбай тұрмайды. Шеберлігін шыңдаған, ісмерлігін ісімен дәлелдеген адам ғана етікші бола алады. Сондықтан қазақ қоғамы етікшіні жоғары бағалаған. Қазір ғой,  етікші  десек,  мұрын  шүйіретініміз.  Сөйте тұра, сапасыз аяқ киімдер сатып алып, жақсы киіс бермегені үшін сөгіп жатамыз. Ал, өзіміз етікшілікті кәсіп көзіне айналдырып, табыс табуға болатынын ескермейміз. Содан аяқ киімнің 96,7%-ын сырттан тасимыз.

Иә, Қазақстанда аяқ киім өндірісі қажетті қарқынды ала алмай отыр. Тіпті, кейінгі жылдары мүлде тоқтап қалғаны да мәлім. Қытайдың арзан, сапасы нашар тауарына қарап қалған кездер де болды. Енді ғана осы өндіріс қайта қолға алынып, Алматы, Тараз, Шымкентте қайта жаңғыра бастады. Бірақ, ішкі сұранысты толық өтемек түгілі, жалпы нарықтың бес пайызын да құрай алмайды. Сондықтан бұл саладағы кез келген бастама қолдауға тұрарлық. Өйткені, нарықта отандық тауарға деген зәрулік те, ықылас та бар.

Бүгінгі таңда қазақи нақышта таза былғарыдан жасалған аяқ киімдер өндірісін бес жыл бұрын қолға алған Әсел Болатқызының қайталанбас өнімдері еліміздің түкпір-түкпіріндегі тұтынушылардың зор ықыласына бөленіп келеді. Кәсіпкердің дәл осы салаға қызығушылық танытуына себепші болған «Неге біздің елімізде қазақтың ою-өрнегімен безендірілген аяқ киімдер жоқ?!» деген сауал екен. Осы сауалға жауап іздеп, ойланып отыра беруді жөн санамай, сөзден іске кіріскен қазақ қызы осылайша жаңа кәсіпті қолға алып, арманына бір табан жақындай түседі.

ОЙДАҒЫ БЕЙНЕНІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРАТЫН КӘСІПКЕР

Әсел Болатқызының айтуынша, бәрі жақсы ойдан басталады. Ойды әрекетке айналдырғанда ғана нәтижеге қол жеткізіп, мақсатқа жетуге болады. Бұл – кәсіпкердің жан сыры, бизнестегі құпиясы.

Бірер жыл бұрын Қырғызстанда өткен көрмеге арнайы барған кәсіпкер қырғыз елінің аяқ киім шеберімен танысады. Аяқ киім тігудің қыр-сырын үйренеді. Содан аяқ киім тігетін нағыз маманды іздеген кәсіпкер ғаламтор арқылы тапқан ісмермен әлі де бір ұжымда жұмыс істейтінін айтады.

Осыдан үш жыл бұрын Әсел Болатқызы мемлекеттің кәсіпкерлерге арналған арнайы жобасында жеңімпаз атанып, 3 млн теңгені қанжығасына байлайды. Қаржыны түгелдей аяқ киім өндірісіне қажетті жаңа құрылғылар сатып алуға жұмсаған кәсіпкер бүгін сол қадамына еш өкінбейтінін жеткізді. Керісінше, қадамы сәтті болып, отандық «Kadam.kz» брендінің иесі атанып, оншақты адам жұмыс істейтін кішігірім шеберханада өзінің ойындағыдай ұлттық нақыштағы аяқ киімдерді халыққа ұсынып отыр.

Рас, «Kadam.kz» атауымен тігілетін аяқ киімдер бір-бірінен ерекшеленеді. Қайталанбас туындылар. Өйткені, әрбірі кәсіпкер ханымның ұшқыр қиялынан туындайды. Ал, қазақи аяқ киімдер қазақты сүйетін кез келген жан қызығатындай сапалы әрі бағасы да қолжетімді.

Әсел Болатқызы кәсіпкер ретінде ғана емес, ұлтжанды азаматша ретінде де әр қазақтың аяғынан ұлттық белгісі бар аяқ киімдерді көргісі келетінін жасырмай айтты.

«Kadam.kz» өнімдері жасалып, сатылымға шыға бастағанда, алғашында көпшілік тарапынан түсініспеушілік туындапты. Себебі, «бұл аяқ киімдерді өнер иелері ғана сахнаға киіп шығады» деген қате пікір қалыптасыпты. Ал, қазір эксклюзивті аяқ киімдердің  тапсырыс  берушісі көп. Қазақстанның әр аймағынан тапсырыстар түсіп, тіпті өзге елдің азаматтары да арнайы тапсырыспен алдырады екен. Сапалы дүние қашан да сұранысқа ие екенінің дәлелі осы болса керек.

«Kadam.kz» аяқ киімдерінің аз уақытта зор сұраныс пен ықыласқа ие болуының сыры – аяқ киімдер таза былғарыдан тігілген, жайлы әрі ерекше үлгіде. Өнім жасауға қажетті шикізаттың бәрі өз еліміздікі. Яғни, отандық өнім.

Таза былғарыдан жасалған аяқ киімдер тұтынушыларға ұнайтынын жасырмаған кәсіпкер әрбір тұтынушының орны бөлек екендігін айтты. Өзің ойлап тапқан туындыңның өзгелерге ұнауынан артық бақыт жоқ шығар, сірә?!

БАУЫРЖАН БАЙБЕККЕ ҰНАҒАН АЯҚ КИІМ

«Kadam.kz» дүкені әзірге Алматы қаласында жұмыс істейді. Алдағы уақытта еліміздің өзге қалаларынан да дүкен желілерін ашуды көздеп отырған кәсіпкердің аяқ киімді ғана емес, қазақи нақыштағы күнделікті киіп жүруге ыңғайлы киімді де шығаратын жоспары бар екен.

Әсел Болатқызы әрбір туындысына ат қойып, айдар тағады. Себебі, өнімді сипаттап, оның даралығын көрсету үшін әрқайсысының атауы болуы керек.

Көптеген республикалық, халықаралық көрмелерден төбе көрсетіп жүрген кәсіпкер ЭКСПО-дан кейін сол тұстағы Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек «Kadam.kz» аяқ киіміне арнайы тапсырыс беріпті. Көреген әкімнің таңдауы «Құлыншақ» атты модельге түскен. Тапсырысы көңілінен шыққан Бауыржан Кыдырғалиұлы Әсел Болатқызына алғысын айтып, әрқашан отандық өнімді қолдайтынын осы ықыласымен көрсетіпті.

«Kadam.kz» классикалық үлгідегі аяқ киімдерді де сатылымға шығарады. Жылдың төрт мезгіліне арналған аяқ киімдер эксклюзивті өнімдер болып саналады. Кәсіпкермен ақылдаса отырып, арнайы тапсырыспен өз қалауыңызша тіктіруіңізге болады.

Айта кетейік, аяқ киімдердің бағасы 8 000 теңгеден басталады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Өзге елдердің өнімдерін осы уақытқа дейін еш қарсылықсыз қолданып жүрміз. Енді отандық өнімнің қарқынды дамып, рухани жаңғыруымызға үлес қосатын кезі келді. Ол үшін мемлекет жылына мыңдаған жұп аяқ-киім тігетін «Жетiсу», «Казлегпром-Алматы», «ТаразКожОбувь», «Семей аяқ киім фабрикасы», «Lux Shoes» сияқты ірі фабрикаларды, ал Әсел Болатқызы сияқты ұлтжанды кәсіпкерлер шағын фабрикаларды көптеп ашуы керек. Демек, «дұшпан аяққа қарайтынын» естен шығаруға болмайды.

Әлия ІҢКӘРБЕК, «Qazaq» газетінің шолушысы

«Kadam.kz» дүкенінің мекенжайы:

Алматы қаласы, Жібек жолы көш.,

«Азия» сауда үйінің 2-қабаты, 1-бутик.

1 пікір

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here