ТОҚПАНОВ ТЕАТРЫ

0
576

Қазақстан өзінің театр өнерін дамытуда тәуелсіздік алғаннан кейінгі отыз жылға жуық аралықта біраз шаруалар тындырды. Басқа елдер барынан айрылып, өнер ордаларын жауып жатқанда, Елбасымыздың өзінің жеке қамқорлығымен, тікелей қатысуымен кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде жаңа 10-нан астам театр ашылып, халыққа қызмет көрсете бастады. Бұл салада жасалып жатқан іргелі істерге, елеулі жетістіктерімізге көңіл марқая отырып, мәдениетіміз  бен өнерімізде, соның ішінде рухани өміріміздің ажырымас серігіне, қоғамдық-әлеуметтік өміріміздің айнасына айналған театр өнерін өркендетуде әлі де болса қиюы келмей жатқан тұстарды терең ашып қарайтын кез келген секілді.

Қайта құру, кеңестік мемлекеттер құрылымының ыдырауы, өтпелі кезең қиындықтарымен, тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығындағы қаржылық дағдарыстарға қосарлана бұрынғы мәдени байланыстар үзіліп, әбден қан-сөлінен ажырай бастаған театр өнері қазір жаңаша қарқынмен дами бастады. Жұмыс жасау негізі репертуарлық театр болып қалыптасқан Қазақстан театрларының бүгінгі жеткен белесін, бағындырған көркемдік деңгейін сақтап қалу қажеттілігі күн тәртібінен түскен жоқ. Оның зымыраған уақыт тынысын сезетін, замана тыныс-тіршілігімен қатар соғар жүрек дүрсілін айқындайтындай  толыққанды жұмыс жасауына жағдай жасау, қоғам өміріндегі орнын құқықтық тұрғыдан қайта қарау, заң шығару және атқарушы билік мекемелерімен қайшылыққа түспей, керісінше, түсіністікпен, шығармашылықпен жұмыс жасауына мүмкін беретіндей етіп реттеу қажеттігі бүгінгі күннің басты мәселесі.

Хош. Енді Жамбыл облыстық қазақ драма театрына жаңа атау беріп, жаңа белеске қадам жасау турасында айта кетсек. Аталған театрға осыдан жиырма жыл уақыт бұрын ұлтымыздың кәсіби режиссурасының негізін қалаушы, тұңғыш кәсіпқой режиссёр, талантты актер, ұлы ұстаз, профессор Асқар Тоқпановтың есімін беру туралы ұсыныс жасалып еді. Сол ұсыныс сағызша созылып кеткен еді, сол ұсыныс былтыр қабылданып, шешімін тапты.

Тұлға туралы айтар болсақ, әрине оның тарихына үңілеміз. Асқар Тоқпанов 1915 жылы 13 қазанда Алматы облысына қарасты Іле ауданының Шилікемер ауылында дүниеге келген, 1994 жылы 22 қарашада Алматы қаласында бұл фәни жалғанмен қоштасты.

Оның талантты кәсіби режиссер, театр саласын зерттеуші – қаламгер, драматург, аудармашы, өнер саласында жүздеген шәкірттер дайындаған тәлімгер ұстаз ретінде еліміздің театр өнерінің қалыптасып, дамуына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Асанәліні жұлдыз қылған, Тұңғышбайды құндыз қылған да осы Асқар Тоқпанов қой.

Асқар Тоқпановты талантты режиссер ретінде танытқан сахналық қойылымдары өте көп. Ол, әсіресе, дүниежүзі драматургтерінің: орыс, қазақ, шет ел классиктерінің, туысқан елдер қаламгерлерінің туындаларын барынша қамтып, сахналауға үлкен мән берген режиссер. Ол сахналаған спектакльдердің жанры да, тақырып аясы да сан алуан. Мәселен, әр жылдары ол сахналаған Шекспирдің «Асауға тұсауы», Д.Гоу мен Д.Юссонның «Терең тамырлары», А.Штейннің «Намыс соты», Н.Кеккерилидің «Батыл хикая туралы аңызы», Н.Гогольдің «Ревизоры», Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқтысы», Ш.Құсайыновтың «Алдар көсесі» мен «Көктем желі», Ғ.Мұстафиннің «Миллионері», М.Ақынжановтың «Ыбырай Алтынсарині», Ә.Тәжібаевтың «Майрасы», Т.Ахтановтың «Махаббат мұңы», Б.Майлиннің «Майданы» режиссердің осындай еңбектерінің жемісі. Сондай-ақ, Жамбыл облыстық қазақ драма театрында сахналаған қойылымдарының ішінде де Бүкілодақтық және республикалық байқауларға қатыстырылып, жүлделі орын алғандары баршылық. Мысалы: Н.Погодиннің «Кремль куранттары» драмасы бойынша қойған спектаклі 1970 жылы Бүкілодақтық театр фестиваліне қатысып, лауреат атанды. Тоқтановтың өзі сол спектакльде В.И.Лениннің рөлін ойнаған. Енді Асекең туралы айта берсек, таңнан-таңға жырлауға болады ғой. Асекең нағыз қазақ театры өнерінің «Ленині» ғой.

«Режиссер білімі актерден бір саты жоғары тұрмаса, бәрі бекер»  деген екен Асекең. Әкем артис (бұрынғы актер: Асан Омарбеков) Асқар Тоқпанов біздің театрға келген 1968 жылы жұмысқа кірген. Тоқпановтың  тоқпағын көрген артистердің бірі ғой. Менің шешемді (мәдениет қайраткері: Несіпкүл Омарбекова) осы Тоқпанов жұмысқа қабылдаған екен. Мен өзім негізі осы театрда туып-өскенмін. Мен де мектеп қабырғасын бітіре салып, әке-шеше жолын қуғандай осы театрға жұмысқа кірдім. 1968-1972 жылдары осы театрда қызмет атқарған режиссер Асқар Тоқпанов туралы әке-шешем жыр қылып айтып отыратын. Енді Тоқпановпен қалай алғаш кездескенімді айта кетейін.

Театрда жұмыс істеп жүрген кезім ғой. 1988 жылы астанамыз Алматыға оқуға түсуге бардым. Сөйтіп, құжаттарымды архитектура институтына тапсырдым. Желтоқсан көтерілісінен кейінгі жылдар ғой. Желтоқсанның ызғары басылмаған. Дәл сол желтоқсаншы Қайрат Рысқұлбеков оқыған институтқа барыппын. Барсақ, не керек, «ойбай оңтүстіктен ешкімді қабылдамайды екен, тек Орал, Атырау, солтүстік жақтан келгендер өтеді екен» деген сыбыс сөздің ызғары есіп тұрды. Содан, ол архитиктурный институт болмады да, құжаттарымды кино техникумға тапсырып, емтихан күндерін күтіп жүргенмін. Бір күні, жанымда 3-4 жамбылдық жігіттер бар, театр көркем-сурет институтына қыдырып барғанбыз. Жаспыз ғой, көз шекеде, алақ-жұлақ етіп, салып ұрып келе жатырмыз. Алдымызда таяқ ұстаған бір кісі келе жатты. Жылдам жүріп, сол кісіні қағып кете жаздап алдына шығып бара жатқанмын. Бір кезде артымнан таяқпен сарт еткізді. «Қайтеді екен мыналар!» деді. Сасқанымнан «извените» деппін. Бірден танымадым.

– Қайдан жүрсіңдер? Не жүріс? – деді санқ етіп.

– Жамбылданмын, – дедім.

– Ааа, Асанәлінің, әлде Тұңғышбайдың ауылынансың ба? – деді.

– Тұңғышбай ағамен бір ауданнанбыз. Жаманқұловтың ауылынанмын, – дедім.

– А, бәсе көзің шақшиып, шашын додаланып, неғып жүрсің бұл жақта домаланып? – деді.

Осы кезде мен ол кісіні таныдым.

– Алматыға архитектурный институтқа түсуге келгенмін, ол болмады. Сонан, документтерімді алып, кино техникумға тапсырдым.  Консультацияларына барып қоямын, енді емтихан күндерін күтіп жүрмін, – дедім.

– Ааа, киноны жағалайын дедін бе? – деді қатқыл даусымен.

– Иә, енді… – деп не айтарымды білмей кібіртіп қалдым.

– Еее, қайда жүрсең де, өнердің азаматы бол! – деп, таяғымен санымнан сарт еткізді, бара бер дегендей.

Мен жылдам басып, жолдастарымды іздеп кете бардым.

Кейін осыны әкеме айтып едім.

– Еее, Тоқпановтың таяғы саған да тиген екен ғой, – деп күлді.

Сол Тоқпановтың таяғының әсері ме… отыз жылдай осы театрда тапжылмай қызмет еттім. Сахна жұмысшысынан бастап, жарық беруші, декоратор, ағаш шебері, дыбыс технигі, дыбыс режиссеры … тағысын тағы. Не керек, барлық жұмысты да атқара беруші едік. Бір шаңырақтың астында тұрған орыс театрында да қосымша жұмыс атқардық. Марқұм актер Спандияр Мұқышев деген ағамыз: «Әй Фархат, сен осы директорлық жұмыстан басқа жұмыстың бәрін істеген шығарсың ә?» – деп , қалжыңдаушы еді.

Рас, театрмен ауырдым. Театрдан кете алмадым. Бір тылсым күш ұстап тұрғандай болатын. Осы театр өнерінің суығына тоңып, ыстығына күйіп, жан-тәнімізбен жұмыс істедік. Сонау 90-шы жылдардың «топалаңында» да театрды тастамай, айлап айлық алмай, жолкіреге де ақша таппай, театрға жаяу барып, жаяу келіп, аянбай еңбек еттік.

Мен ұзақ жылдар музыка бөлімінде жұмыс істедім. Небір режиссерлармен бірге творчестволық қатынаста болдым. Менің ұзақ жыл бойы жұмыс істеген режиссерім Қуандық Қасымов еді. Ол да Тоқпановтың тоқпағын, театрдың соқпағын көрген дарынды да талантты режиссер.

Иә, театр туралы, Тоқпанов туралы айта берсек, әңгіме көп. «Театр өнері – бекзат өнер» десек, сол өнердің бекзаты боп өткен Асекеңді халқы бек ұмытпайды. Мен соған сенемін. Заманының заңғары, бекзат өнердің төресі, өткенінің өресі, төмпешіктердің төбесі, тау біткеннің асқары – Тоқпан шалдың Асқары.

Мінеки, былтыр Жамбыл облысының 80 жылдығы қарсаңында облысымызда біршама істер атқарылып, Тараз қаласы түрленіп, гүлденіп, көшелерге жаңа атаулар беріліп, жаңа нысандар ашылып, оларға жаңа атау беріліп жатқан тұста, облыстық қазақ драма театрына Асқар Тоқпановтың есімі беріліп, ескерткіші қойылды. Алматыдағы М.Әуезов театрын «Әкемтеатр» дейді. Астанадағы театрды «Қаллеки» дейді. Енді, біздің Жамбыл облыстық қазақ драма театры «Тоқпанов театры» деп аталатын күнге де жеттік-ау!..

Әнеки, Жамбыл облыстық қазақ драма театрының алдында панданып Асқар Тоқпанов «отыр». Театрға кір де, Тоқпанов әлемімен сырласа бер.

Атыңнан айналайын Асқар ата,

Кәсіби дарынымен асқан ата.

Өзінше өктем болған өнерпазды,

Өзінің мысыменен басқан ата!

Торқалы той құтты болсын, Тоқпанов театры!

ФАРХАТ ОМАРБЕКОВ, ҚАЗАҚ ӨНЕРІНІҢ ҚАЙРАТКЕРІ

ТАРАЗ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here