Ұлы тұлғаның ұлық есімі түркі дүниесінде ұмытылмайды – Нергис Бирай

0
11018

Былтыр мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-реформатор Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланды. Түркі дүниесіне бар ақыл-ойымен қызмет еткен ұлт ұстазын еске алу тұрғысындағы шаралар Анадолы елінде де кеңінен атап өтілді. Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдері мен мақалалары жайында түрік тілінде кітап жазған Түркиедегі Памуккале университетінің профессоры, алаштанушы ғалым Нергис Бираймен Алматыға келген сапарында арнайы жолығып, әңгімеге тартқан едік.

«СТУДЕНТ
КЕЗІМНЕН АХАҢМЕН
АУЫРА
БАСТАДЫМ» 

– Нергис ханым, елімізге келген сапарыңыз сәтті болсын! Жүз жыл бұрын алғаш рет Ташкент қаласында жұртшылық Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдығын атап өткен еді. Ол кезде де ұлт ұстазының еңбегі ұлықталды. Былтыр бүкіл түркі дүниесі қайраткер тұлғаның 150 жылдығын кеңінен атап өтті. Түркі халықтарының ірі ғалымының мұраларын насихаттап, болашақ ұрпаққа танытуда бауырлас Түркие елінде де бірқатар игі шаралар өткізілді. Оның басы-қасында Өзіңіз де болдыңыз…

– Мен үшін кезінде Ахмет Байтұрсынұлының өзі шаңырағын көтеріп, оны ұлт мұратына қарай қызмет етуге бұрған «Қазақ» газетіне сұхбатқа шақырғаныңыз үшін алғысым шексіз. Алаш ардақтысының мерейтойы бүкіл түркі дүниесінің тойы десек те болады. Ұлы тұлғаның ұлық есімі түркі дүниесінде ұмытылмайды. Адам – адам деген құрметке қалай лайықты болады? Ұстаз – ұстаз деген атқа, шәкірт – шәкірт деген атқа лайық па десек, оған Ахмет Байтұрсынұлы бүкіл болмысымен жауап бере алады. Біздің елімізде өткізілген шаралардан осыны байқадық. Бүгінгі таңда идея – гуманизм, ілім-ғылым сияқты аса өзекті құндылықтардың бәрін қамтиды. Демек, идея – мәңгілік мұра!

Бүгінде мойындалуы керек бір ақиқат бар, ол – Ахмет Байтұрсынұлының бүкіл түркі халықтарына ортақ тұлға екені. Оның бүкіл идеясы халықаралық ғылыми конференцияларда, әсіресе, түркі әлеміндегі гуманитарлық ғылымдарда реформаторлық идеялармен айқындалады. Міне, осы жағдайлар Түркиеде өткен шараларда ерекше көрініс тапты.

– Сіз Түркиеде Ахмет Байтұрсынұлы еңбектері туралы зерттеумен айналысып жүрсіз. Осы тақырып Сізді несімен қызықтырды және оған келуге не түрткі болды?

– Мен 1978 жылы университетке студент болып қабылдану кезімнен бастап Ахмет Байтұрсынұлымен ауырдым. 3-курста оқып жүргенімде Қазақстан, Қырғызстан елдері туралы кеңірек естіп, осы елдерді көруге құлшынысым ашылды. Бұған дейін Қазақстан туралы хабарым аз болды. Бірде ұстаздарымнан Ахмет Байтұрсынұлы туралы білдім. Ол туралы білмекке ұмтылысым еш нәтиже бермеді. Себебі, оқитын не оқулық жоқ, газет-журналдарда ол кісі туралы мақалалар да болмады. Сұраушының сүйген асын кім берген? Сондықтан әркім өз бетінше ізденуге көшті. Магистратураға түскенімде ұстаздарымыз осы салаға бейімділерді іздеп жүрсе керек. Содан мен Ауғанстаннан келген студент қазақтармен араласып, тіл сындыра бастадым. Докторантурада түрік-қазақ қатынасы және екі халықтың мәдениеті мен тарихына зер салдым. Мені бұл тақырып осыдан кейін өзіне тартып, түпкілікті айналысуыма жарқын жол ашты. Осы арада Қазақстанның елшілігімен байланыс орнаттық. Бүгінде осы жолға түскеніме қуанамын.

Ахмет Байтұрсынұлы – ХХ ғасырдағы түркі жұртының рухани мәдениетіндегі көшбасшылардың бірі болғанына көзімді жеткіздім. Оның өмірі – аңызға, шығармасы – үлкен мазмұнға ие. Алаштың ағартушылық кілтін ұстаған ол өзінің бар өмірін туған халқының сауатын ашуға арнап, аянбай еңбек еткен ірі тұлға болғанына таңқалдым. Ол ұлт мәдениетінің жаңа беттерін жазып, ұлтқа мәдениет қамшысын ұстатқан тұлға. Оның мемлекетшілдік пен ар-намыс, ұлт мұраты – тіл, діл дамуында дауылпазы болғаны бір төбе. Елдік мүддені қорғаудағы азаматтық позициясы оның отаншыл қайраткер екенін көрсетеді. Қалай айтсақ та, Ахмет Байтұрсынұлы – ұлтқа ұран, бойға қуат, дәтке дауа, сенім мен күш.

1991 жылы Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. Екі ортада достық қарым-қатынас орнап, алыс-беріс пен барыс-келістің кең жолы ашылды. Сонымен Ахмет Байтұрсынұлымен түпкілікті айналысума мүмкіндік туды. Атап айтқанда, 1991 жылы Қазақстаннан келген ұстазым, жетекшім профессор Ахмет Биджан Ерчиласун Алаш көсемінің «Ақ жол» кітабын алып келіп, маған сыйға тартты. «Бір күні осы кітапты түрік тіліне аударсаң» деді. Кітап қатты ұнады. Содан кейін Ахаңның 79 өлеңі мен 29 жоқтау-бәйіті қолыма түсті. Олардың бәрін ой-санамнан өткіздім. 2011 жылы Ахмет Байтұрсынұлының 79 өлеңін зерттеп, түрік тіліне аудардым. Түркие оқырмандарына арнап 29 жоқтауы туралы мақала жаздым. 2015 жылдан баяндамалары мен мақалаларын түрік тіліне аудара бастадым. Ұстаздарым оларды бір кітап етіп топтастыруымды сұрады. Сөйтіп олардың басын қосып, кітап етіп шығардым. Әлі де ол кітапқа енбей қалған шығармалары бар, сәтін салса оның да жарыққа шығатын күні болып қалар деп ойлаймын. Кеңес билігі кезінде Ахмет Байтұрсынұлы атын атау былай тұрсын, оның барлық шығармалары жабық тақырыптарға жатқызылғанын кейін білдім. Жалпы, мұндай тақырыптар Қазақстандағыдай Түркиеде де, Әзербайжанда да болған сияқты. Кезінде Қазақстанда Алаш тақырыбының да жабық болғанын ұқтым. Мен түрік-қазақ әдебиетімен айналысқанда Алаш тақырыбын таңдауыма да осы себеп болды. Бұл тақырып маған анау айтқандай қиындық тудырмады.

«ҚАЗАҚ ТІЛІН
ӨЗ БЕТІМШЕ
ҮЙРЕНУГЕ ТУРА КЕЛДІ»

– Нергис ханым, Ахмет Байтұрсынұлын зерттеу ісінде қиындықтар кездесті ме?

– Түркиеде бұл тақырып аса қиындық тудыра қоймады. Егер қиындық тудырса, ол кісі туралы керекті әдебиеттің болмауы еді. Оған әр қырынан келу керек болды. Сондықтан алдымда қазақ тарихын білу міндеті тұрды. 1990 жылдары қажетті кітаптардың болмағаны рас. Оның үстіне түрік-қазақ әдеби сөздігі де болмады. Түркиеде 15 мыңдық сөздік бар, ол өзге тілдерге аударылмаған. Содан біз қазақшаны өз бетімізше үйренуімізге тура келді. Философиялық, тарихи кітаптар мен мақал-мәтелдердің болмауы да ісімізге кедергі бола алмады.

Қазақстан азаттығын алғанда Түркие қандай сезім-күйде болды?

– Бұл – шын мәніндегі тарихи оқиға еді. Ол Түрік дүниесінің бірігуіне ашылған терезе болды. Біздің еліміз оны ұзақ күтті. Студент кезімде мен Қазақстанға баруға сан мәрте талпыныс жасадым, бірақ ұзақ ойландым. «Егер барар болсам, ол қалай болады, кімге арқа тіреп барамын, кім жәрдем берер екен» деген ойлар мазалады. Түркиенің Арзрум қаласында Ататүрік атындағы университетте оқып жүргенде Нахчываннан көптеген адамдар келіп тұратын. Сол кезде олар өз тәуелсіздігін қуанышпен тойлап жататын. Мен оны көріп тұрып, өз көзіме сенбейтінмін. Ол елге де бардым. 2015 жылы Қазақстан жеріне табаным тиді.

– «Сырт көз – сыншы» ғой, Қазақстаннан не байқадыңыз? Жалпы, біздің ел туралы нендей сезімде болдыңыз?

– Бұл бір қызық сезім. Қазір Түркиеде болсам, Қазақстанды сағынамын. Қазақ туыстарымнан үйренетін құндылықтар көп екен. Осы сапарымда көп азаматтармен кездесіп, әңгімелесуге мүмкіншілігім мол болды. Әрине, көп естігеннен бір көрген артық қой. Әсіресе, ғалым Тұрсын Жұртбаймен жүздесіп, әңгімелескеніме ризамын. Ол кісі маған бастаған ісіме жаңа қырынан келуге жол сілтеді. Жалпы, біздің мәдениетіміз де, өмір сүру дағдымыз да ортақ.

Иә, оны көзбен көріп, құлақпен есту керек дейсіз ғой

– Біздің түбіріміз бір. Яғни, бір ошақтың екі бұтындаймыз. Бір-бірімізден үйренеріміз де, толықтыратындай тұстарымыз да көп. Бізді ортақ тіл, мәдениет, білім мен ілім біріктіреді. Сондықтан бір-бірлеріміз туралы бұдан көп білуіміз керек.

«АХМЕТ
БАЙТҰРСЫНҰЛЫНА
АРНАЛҒАН
ЖУРНАЛ ӘЛЕМНІҢ 38 ЕЛІНЕ
6 МИЛЛИОН
ДАНАМЕН ТАРАЛДЫ» 

– Былтыр Түркиеде шығатын «Kardeş Kalemler» журналы тұтастай бір нөмірін Ахмет Байтұрсынұлына арнады. Оған ұлт ұстазы еңбектері туралы мақалалар жарияланды. Осы жөнінде өз аузыңыздан естісек дейміз…

– Иә, оған жан-жақты дайындалдық. Әр жерден адамдар тарттық. Менің Алматыдағы бір танысым Ахмет Байтұрсынұлының өмірбаянын жазып берді. Мен өзім оның педагогикасы және тілге байланысты тұжырымдары туралы мақала дайындап бердім. Әдебиеттанушы ғалым Алмасбек Әбсадық ұлт мақтанышының шығармашылығы туралы қалам тартса, тарихшы, профессор Гүлжанат ханым Ахаңға қатысты зерттеу жазды. Жалпы, Ахмет Байтұрсынұлын Түркиеде көптеген зиялылар таниды, сондықтан кез келген мақала оларды қызықтыратыны анық. Өткен бір жылда қыруар жұмыстар жасалды. Түркие университеттерінде Алаш туралы сабақтар өткізілді. Журнал 38 елге таратылып, ол 6 млн тиражбен басылды. Бұл өте іргелі жұмыс. Қалай десек те, біздің жұмысымыз Ахмет Байтұрсынұлын Түрік еліне кеңінен танытуға арналды.

– Екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыру үшін қандай жұмыстар атқару керек деп ойлайсыз?

– Ол үшін мемлекеттік дәрежеде үлкен бағдарламалар жасау керек. Қазір қос мемлекет басшыларының басқосуымен оның негізі қаланды десек те болады. Бұл не үшін керек? Себебі, біздің мәдениетіміз де, тарихымыз да, рухымыз да бір.

ХІХ ғасырға дейін біз бір-бірімізден ажырап қалдық. Оны тарихтан білесіздер. ХV ғасырда біз қыпшақ-оғыз болып, шығыста қалдық. Қазақтардың айтатынындай, олар жылқыларын жеді, ал түріктер оны мініп кетті. Солай болсақ та, біздің дәстүріміз, әдеп-ғұрпымыз бірдей болып қалды. Тілімізде де аса бір айырмашылық жоқ. Егер Қазақстанда жүрсем, 15 күнде қазақ тілінде еркін сөйлеген болар едім. Әйтсе де, қазақша жазып, оны еркін аудара аламын.

Алда бұл жұмыстарды жоспарлы түрде жүргізе отырып, студенттер алмасуды жалғастыруымыз керек.

Биыл Ахмет Байтұрсынұлы бастауында тұрып, негізін қалаған «Қазақ» газетіне 110 жыл толды. Осы айтулы күндерге орай еліміздің жер-жерінде игі шаралар өткізіліп келеді. Бізге жеткен деректер бойынша кезінде Түрік зиялылары газетті алдырып оқыған көрінеді. Ол туралы Сізге не белгілі?

– Ол туралы ақпарат маған беймәлім. Ол туралы бір ақпарат болса, өзіміз де қарап қалмаймыз. Бұл туралы студенттерімізге де айтып қойдық. Бізде қазақстандық ғалымдармен бірге жұмыс істейтін ғалымдар тобы бар. Егер қазақтар туралы қылаудай әңгіме болса, олар бізге жеткізіп отырады.

Ресей құрамындағы Башқұртстан, Татарстан, Саха елдерімен байланыстарыңыз бар ма?

– Саха елімен қарым-қатынасымыз жоқ. Бірақ, ол жерде біздің бір профессор оқытушымыз жұмыс істейді. Оны біз байланыс құралымыз деп санаймыз. Алтай түріктерімен және қара түріктермен байланысымыз бар. Олармен байланыс жасау үшін алдымен Ресеймен мәмілеге келу керек.

Өткенде Алаш арыстарының туған жеріне барып, тағзым етіп қайттыңыз. Одан Алаштың туын тіккен Торғай даласына сапарлап бардыңыз. Аймақтың Ресейге жақын солтүстік өңірде ораласқанын көрдіңіз, не ұқтыңыз?

– Иә, біз барғанда өңірде бір қапас оқиға (өрт) орын алып жатты. Ол жерден отарбаға отырып, Арқалық топырағына аяқ тіредім. Бір көңіліме ұялағаны біз кездесулерде халықпен еркін қазақша сөйлестік.

Түркиедегі қазақтармен байланысыңыз бар ма?

– Мәлиса деген аймақта Салихли деген жер бар. Сол жерде өткен ғасырдың елуінші жылдары келіп қоныстанған қазақтар тұрады. Осы ортадан бірнеше адамды танимын. Олармен қатынаста болуымның бірнеше себебі де бар. Менің 1988 жылғы қорғаған докторлық диссертациямның тақырыбы 1982 жылы Ауғанстаннан келген қазақтарға қатысы бар. Олардың арасында бірер студенттерім де бар. Оның үстіне Қазақстаннан келген студенттер де баршылық. Олардың бәрі менің қазақ тілін тез меңгеріп шығуыма ықпал етті.

Нергис ханым, ашық әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен: Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here