МОҢҒОЛИЯ ҚОЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА БІЗДІҢ ЕЛДІ ҚАЛАЙ АРТҚА ТАСТАДЫ? (МОҢҒОЛ ЕЛІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІ)

0
2449

Әлемдік ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі өткен ғасырда жүз есе өсті. Мұның бәрі ауыл шаруашылығы саласының техникалық жабдықталуы мен технологияның дамуына тікелей байланысты болды. Егер ХХ-шы ғасырдың басында бір фермер орта есеппен 2,5 адамды тамақтандырса, биылғы жылы бұл көрсеткіш 200-ге жетеді. Біріншіден, мұндай көрсеткіш азық-түлік жетіспеушілігінің алдын алады. Екіншіден,  кәсіпкерлер арасындағы бәсекелестікті күшейтеді, яғни әрбір жер иесінің көкейінде өз өнімдерін қайда және қалай сату жөнінде сұрақ туындайды. Қазақстандағы бірнеше ірі ет өңдейтін кешеннің және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының (ҰКП) өкілдері Моңғолияның мал шаруашылығын дамытуда жинаған тәжірибесін білу мақсатында аталған елге барып қайтты. Өйткені, соңғы отыз жылда бұл ел қой етін өндіруден Еуразия құрлығында көш бастады.

ОТЫЗ ЖЫЛДА ҚОЙ САНЫ ҚАЗАҚСТАНДА КЕМІДІ, МОҢҒОЛИЯДА АРТТЫ

1990 жылы Моңғолия мен Қазақстанның ауыл шаруашылығын салыстырудың өзі артық еді. Моңғолияда барлық ірілі-ұсақты малдың саны 25 млн болса, Қазақстандағы тек қойдың саны 35 млн болды. Содан бері отыз жыл өтті. Қазір еліміздегі қойдың саны 18 млн басты құрайды. Ал, Моңғолияда оның саны үш жарым есеге өсіп, 3,2 млн халқы бар елде 57 млн қой бар. Әр маусымда 45 млн жас мал сойылады. Былтырғы жылдың соңында Моңғолиядағы етті экспорттау көлемі 54,9 мың тоннаға жетті.

Моңғолияда мал басын көбейтіп қана қоймай, экологиялық таза ет өндірудің, өңдеудің және экспорттаудың барлығын жүйелі жүргізуге мән берілген. Сөйтіп, ет экспорттауда өзіне жаңа нарықтар ашты және оны дамыта түсті.

Орал қаласындағы «Кублей» ет комбинатының техникалық директоры Рахим Нағметов комбинатқа қажетті етпен моңғол әріптестері қамтамасыз етіп отырғанын айтады. Осының арқасында шикізатты өңдеуде ешқандай мәселелер туындамайды. Керісінше, шикізатты сапалық талаптарға сай таңдай алады.  Етті артығымен жеткізу өндіріс шығындарының аз болуын қамтамасыз етіп, бәсекелестікте артықшылық береді. Ал, моңғол етін көптеген ел, яғни  Вьетнамнан бастап, Иранға дейін импорттауға дайын тұр.

«Моңғолияда 102 ет өңдейтін зауыт бар. Бірақ, бұл да жеткіліксіз. Сыйымдылық сай келмейді. Қазақстанда жағдай керісінше. Біздің Батыс Қазақстан облысында 1 млн ұсақ мал және 600 мың бас ірі қара мал бар. Оның ішінде қой – 250 мың. Союға жарамды өгіздер – 70 мың. Ал, біздің ет комбинатының өндірістік қуаттылығы жылына 20 мың тонна ет өндіруге дейін жетеді. Яғни, еліміздегі шикізатпен қажеттіліктің 30 пайызын ғана жаба аламыз», – деп түсіндіреді Рахым Нағметов.

Рахым Нағметовтың бұл пікірімен Жамбыл облысындағы «Мерке ет» ЖШС директоры Берік Егембердиев те келіседі. Ол бұл жүйе ет өндірушілерге өздерін сенімді сезінуге және экспорттауда белсенді жұмыс жасауға мүмкіндік беретінін айта келе: «Қазақстанда дәл осындай шикізат базасын құру үшін алдымен асыл тұқымды мал басын көбейту керек», – деп сөзін аяқтады.

МОҢҒОЛИЯДА ЕТТІҢ БАҒАСЫ НЕГЕ ҚАЗАҚСТАННАН ҮШ ЕСЕ АРЗАН?

Моңғолиядағы халық саны небәрі 3,2 миллионды құрайды. Оның 1,5 миллионы ауыл шаруашылығында еңбектенеді. Нақтырақ айтсақ, мал өсірумен айналысады.

Рас, Моңғолия үшін ет өнеркәсібі – ел экономикасындағы басты сала. Елдегі мал шаруашылығының негізін шағын отбасылық фермалар құрайды. Мемлекетте  шамамен мал басы 300-ден бес мыңға дейін баратын 305 мыңға жуық мал өсірушілер бар. Көбінесе бір ферманың шаруашылығын бір отбасы жүргізеді.

«Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев: «Біздің елде де Моңғолия тәжірибесін көптеп қолдануға болады. Оңтүстік өңірлерде отбасылық шағын фермаларға жол ашылса артықтық етпейді. Ал, жайылымы кең, мүмкіндігі зор аймақтарда бестен елу мыңға дейін малды ірі фермалар болуы мүмкін. Негізі, мұндай тәжірибе Қазақстанда да бұрыннан бар. Және ірі кәсіпорындарда ол өз нәтижесін көрсетуде. Ол жақта көбіне асыл тұқымды малдарға көбірек мән беріледі», – дейді.

Малдың тұқымы туралы мәселені де моңғолдар дұрыс жолға қоя білген екен. Тәжірибе алмасу барысында қазақстандық кәсіпкерлер моңғолдарда асыл тұқымды малды әкелу жөнінде талап жоқ екендігіне назар аударды. Дәл осы мәселеде Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі шалыс басты. Еліміздің мал шаруашылығын дамытуды мал тұқымын асылдандырумен байланыстырған министрлік ақшаның көп бөлігін шет елдерден асыл тұқымды малдарды импорттауға жұмсады. Ұзақ жылғы ұмтылыстар сәтсіз болды. Ал, Моңғолиядағы малдың негізгі бөлігін жергілікті тұқымдағы малдар құрайды. Тек кейбір фермалар ғана француз тұқымдарын – суффолк, дорпер әкелуге тырысты. Бірақ, импортталған малға кепілдік беру қиын. Тәжірибе көрсеткендей, шет елден әкелінген мал тұқымы қатаң климаттық жағдайға байланысты генетикалық артықшылықтарын көрсете алмаған. Сондай-ақ, климатқа бейімделе алмаған «қонақтардың» басым бөлігі тірі қалмаған.

«Еділбай қойлары – климатқа бейімділігімен, жоғары сапалы етімен бағаланған жалғыз мал. Еділбай қойы біздің елде де, Моңғолияда да жақсы нәтиже көрсетеді. Себебі, біздің климаттық жағдайымыз ұқсас», – деп түсіндіреді Ербол Есенеев.

Мал шаруашылығы саласында қазақ пен моңғол арасындағы айырмашылықты көрсететін тағы бір мәселе – бұл саланың маусымдық сипаты. Моңғолдар мұны табиғи цикл ретінде санай отырып, мәселеге байсалды қарайды. Қазақстанның мал шаруашылығының өкілдері мұны проблема ретінде қарап, өзгерістерге сай жоспар құрады және бұл шикізатты жыл бойы өңдеуге, жеткізуге мүмкіндік береді.

Маусымдық кезеңде моңғолдардың әрекеті туралы «Атамекен» ҰКП Біліктілік орталығының директоры Арсен Керімбековтің айтуынша, қыста моңғолдар мал союды тоқтатып, маусымның ортасында қайта бастайды. Қыста сою еттің бағасын өсіреді және экологиялық жүйеге зиян келтіреді деп санайды.

Моңғолияның етті экспорттау тәжірибесі де қызық. Мәселен, моңғолдар бруцеллездің таралуына байланысты Қытайға қой етін сата алмайды. Бейжің тарапынан шектеу қойылған. Бұл қиындық бізде де бар. Дегенмен, моңғолдар тығырықтан шығатын жолды тапқан. Екі сағат бойы шикі етті бруцеллездің вирустарын жою үшін пісіреді. Сырты оралып, тоңазытқышқа салынады. Содан кейін мұздатылған күйінде Қытайға жібереді. Қытайлар бұл етті фабрикадан өткізіп, тез дайындалатын кеспелерге қосуға пайдаланады.

Ет өндірісі мен қайта өңдеудің дамуы ішкі нарықта жақсы көрініс тапқан. Осылайша, жеке фермерлердің қол жетімді болуы еттің бағасын төмен ұстауға мүмкіндік береді. Себебі, елдегі тұтынушы санынан қой санының әлденеше есе көптігінде. Тұтынушылардың таңдауы көп болғандықтан, ет сатушылар бағаны шарықтата алмайды. Моңғолияда еттің бағасы Қазақстанмен салыстырғанда үш есеге төмен. Бір келісі 900 теңгеден аспайды. Сондай-ақ, Арсен Керімбековтің айтуынша, Моңғолияда сүйектері бар ет сатылмайды. Сүйектер еттен сылынып алынып, өңдеуге жіберіледі. Өңделген сүйек Қытайда сұранысқа ие. Көрші ел ұнтақталған сүйекті тағам жасауға қолданады.

Бір қызығы, моңғолдардың ет өңдеу зауыттарының мал шығынын азайту үшін қолданатын тәсілдері бар. Қыста комбинат қызметкерлері ет қалдықтарын жыртқыш аңдар мен құстар үшін далаға тастайды. Сол арқылы оңай жемтікке тойынған ит-құстың малға көз алартуы азаяды.

МОҢҒОЛ БИЛІГІНІҢ МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ҚАМҚОРЛЫҒЫ

Моңғолия мен Қазақстан билігінің мал шаруашылығына деген қамқорлығын салыстырсақ екі түрлі көзқарас пайда болады. Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі шикізатты өндіруден бөлек мәселелер болса, айналып өтуге тырысады. Шикізатты өңдеу, нарыққа шығару сынды мәселелерді жауапкершілігіне ала бермейді. Моңғолияда керісінше. Екі елдің министрліктерінің де атынан айырмасын байқауға болады. Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі және Моңғолия Ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп министрлігі. Бұл дүкен сөрелерінде дайын өнімнің пайда болуына дейінгі барлық тізбектің маңыздылығын атап көрсетеді. Бұл турасында Ербол Есенеев: «Ешкі еті мен ешкінің түбітін өңдеудегі мемлекеттің рөлі өте зор. Билік ең қиын міндетті өзіне алды. Шикізатты сатып алу жүйесін құрды. Онда фермерлер сауда туралы бас ауыртпайды. Бастысы өндіріс. Сонымен қатар, мемлекет әлемдік нарықта өз өнімдерінің брендін қалыптастырды. Енді әлемдік қауымдастық Моңғолияның кашемирін біледі. Біз туристердің кашемирді сатып алу үшін сонда арнайы барғанын өз көзімізбен көрдік. Бұл сонымен туризмді дамытуға да үлкен пайда әкеледі», – дейді.

Мемлекет тек өндірушілер үшін ғана емес, фермерлер үшін де көп нәрсе жасады. Фермерлер салықтан босатылған. Жайылыммен қамтамасыз етілген. Оларға суат ұйымдастыру үшін мемлекет тарапынан құдықтар тегін қазылады. Әлеуметтік салаға келер болсақ, фермерлердің балалары интернатта тегін оқиды. Сол үшін де, болашақ өмірлері үшін де малшылар бас ауырта бермейді. Олар мал бағып, күзде оны нарықтық бағамен сата алады. Бар ынталары тек жұмысқа бағытталады.

Моңғол үкіметі мал ұрлығымен де күресті белсенді жүргізеді. Сегіз басқа дейінгі мал ұрлығына үлкен айыппұл белгіленген. Ұрлаған малдың саны сегізден асса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Моңғолиядан алған тәжірибені ескере отырып, «Атамекен» ҰКП мал шаруашылығын дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасын құру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуге  дайын. Бүгінде барлық мүдделі тараптардан көптеген ұсыныстар түсуде.

«Бізге қызметкерлерді ұсынудан бастап, жайылымдарды бөлуге дейін кешенді түрде қарау керек. Өте тұрақты жүйені құруымыз қажет. Бұл кез келген өзгеріс жағдайында адамға табыс әкеледі. Осы бизнестің үздіксіз жүруін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, бұл сала сыртқы және ішкі инвесторлар үшін қызықты болуы шарт. Біз іс-қимыл жоспарын қабылдап, соған көшуіміз керек. Нәтижесін Моңғолиядан көрдік», – деп түйіндеді Ербол Есенеев.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

 Қой етін өндіру бойынша Моңғолия (мал басы 57 млн), Түркия (43 млн) көш бастап тұр. Ал, Моңғолияда жайылымдар малға толып кетіп, жайылым тапшылығы пайда болуы мүмкін. Мұндай жағдайда Қазақстанның мүмкіндігі жоғары. Бос жатқан жайылымдар малдың санын кем дегенде екі есе арттыруға мүмкіндік береді. Жоспарды тиімді жүзеге асыру үшін алдымен қандай қойдың өсірілетіндігін анықтап, содан кейін сатылымның кепілдігін қамтамасыз етуіміз керек. Бұл туралы Ербол Есенеев: «Қой нарығы араб елдерінің сұранысын қалыптастырады. Бағасы айтарлықтай жоғары – бір қойдың құны 350 доллар. Бұл біздің ішкі нарықтағыдан үш есе қымбат. Бірақ, олардың ет импортына қоятын талабы қатаң. Тек жас малдың етін алады. Қозылар халал стандартына сай сойылады. Моңғолдар соған әбден бейімделген. Олардың мал басын асылдандырып жатқаны да сондықтан. Бұл өте тиімді әрі шығынды ақтайтын тәжірибе. Түркияға келер болсақ, бұл да қойды ұтымды экспорттау тәжірибесіне бай ел. Малды ферманың ішінде ұстайды және ет өндірісі жыл бойы тұрақты болады», – дейді.

Бұл тәжірибе де Қазақстан үшін  қызықты. Себебі, Түркияда ірі инвестициялар салынатын ауқымды қой шаруашылығының жобалары бар. Ұлттық палатының мамандары Моңғолия мен Түркиядағы консультативтік қолдау көрсетуге дайын әріптестермен байланыс орнатты. Құрылған байланыс қой санын көбейту және малды асылдандыру мәселесін шешеді. «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» дегендей, қой шаруашылығын жүйелі жолға қоя білсек, экономикамыз алға жылжымақ.

ФАРАБИ СӘЙКЕНОВ«QAZAQ»-ТЫҢ ШОЛУШЫСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here