ÓTTІŃ, DÚNIE! БІШКЕКТЕН ЖЕТКЕН СУЫҚ ХАБАР

0
1094

Талай ғасыр бойы көшпелі өмір сүрген қазақ өзгені былай қойғанда өз елінде не болып жатқанын арнайы хабаршы арқылы бірде ерте, бірде кеш естіп жатпаушы ма еді. Ғаламтордың әбден жетілгені сол – жас та, кәрі де әлемде, өз елімізде не болып жатқанын ұйқыдан көзімізді аша ғаламтордан  қарайтын заманға жеттік. 21-ші желтоқсан күні таңертең интернетті ашып қалсам, «78 жастан 79 жасқа қараған шағында Бішкекте атақты кинорежиссер Болат Шамшиев қайтыс болыпты» деген хабар тұр.

КСРО Халық әртісі, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қырғыз Республикасының Халық әртісі, Қазақстан Республикасының өнеріне Еңбегі сіңген қайраткер Болат Шамшиев пен Қырғыз Республикасының халық әртісі, Т.Сатылғанов атындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның өнеріне Еңбегі сіңген әртісі Саламат Садықовамен соңғы төрт-бес жылда туыстық қарым-қатынаста едік. 2011 жылы негізгі мамандығым тарихшы ретінде «Қыпшақ қайраткерлері» атты күрделі жинағым жарық көрді. «92 баулы қыпшақтың игі жақсылары» атты жинақты жарыққа шығармақ ойдамын деп 50-60 кісінің тізімін жазушы Оразбек Сәрсенбаевқа алып барсам,  «Өтеген-ау, мына тізімдегілердің бәрі қазақ халқының маңдайалды кісілері ғой. Бұлардың  руы қыпшақ екеніне мән бермеппін ғой. Сенің мына жинағыңнан бәленше-түгеншеге деген кісілерді қалдырма», – деді. Қайбір ісім болмасын хабардар етіп отыруды әдетке айналдырған мен жазушы Қалмұқан Исабаевтың «Енді не бітіріп жүрсің?» деген сұрағына «Үш жылдан бері «Тоқсан екі баулы Қыпшақтың игі жақсылары» атты жинақ құрастыру үстіндемін», – деп жауап бердім. «Сен өзі жинақ құрастырудың шебері болып алдың. Менің ақылымды алсаң, бұл райыңнан қайт. Айтпады деме, үлкен дауға қаласың», – деді жанашыр аға. «Руы қыпшақтардың игі жақсыларының арғы-бергісін бір жинаққа ендірсем деп жүрмін Ореке. Сол  рудың өкілінің бірісіз» дегеніме, Оразбек Сәрсенбаев «Қыпшақтың игі жақсыларын қай ру болмасын білгеннің зияны жоқ. Тек айтарым, жинағыңа кім болса сол кіріп кетпесін, нағыз игі жақсылар қалып кетпесін» деп ескертті. Жинағыма енеді-ау дегендердің тізімін қолына ұстап тұрып профессор Тұрсынбек Кәкішев «Мұндай жинақ әр руға керек. Біздің жігіттерден сен сияқты біреу шықса ғой», – деді. Тұңғыш жинағымды Полиграфкомбинатта ұстап тұрып «Өтеген қоңыраттар жеті атадан тараймыз. Мен соларды саған жинақтап берейін. Сен осылай көркем етіп шығарып берші», – деді жазушы Д.Досжан. Рулары қыпшақ деген соң белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Шәңгерей Жәнібеков пен Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовке де барып, ойыммен бөлістім. Сағадат Қожахметұлы жинағыма енген кісілерді түгел қарап шығып, «М.Шаханов та қыпшақ па?» деді. Қысқасы, байқаймын әлгіндей жинақтың жарыққа шығуын қалайтынын байқадым. «Қайдан білейін, ел мына қыпшақтар өзге рулардан бөлініп жатыр деп қалмай ма» дегенімде, армия генералы «Онда тұрған не бар? Ру қай қазақ болмасын паспорты болды емес пе?»  деп өзімді ұрысып та алды. Қысқасы, сол жинақ үш мың дана болып жарық көрді. Жинаққа енгендерден енбей қалғандары көп екен. Жинаққа енбей қалған Болат Шамшиев пен Саламат Садықовалар болып шықты. Бұл кезге дейін 3 мың дана болып тараған қыпшақ қайраткерлері жайлы жинақ біраз елге тараған сыңайлы.  Бірде таңертең екі кісі үйіме келіп есік қақты. Қолдарында жинақтың бірінші таралымы. «Өтеген аға, Сіздің  мына жинағыңыз бізге Қытайға дейін жетті. Шын мәнінде есептесе, Қазақстандағы қыпшақтардан Қытайдағы қыпшақтардың саны көп. 50-ге жуық біздегі бірінші, екінші, үшінші Қытай Компартиясының хатшылары қыпшақ жігіттер біз екеумізді Сізге арнайы жіберді. Қытайға 50 данасын алып келіңдер деген тапсырмасымен келіп тұрмыз» дегені де бар-тын.

2011 жылдың 14 мамырында ҚР Ғылым академиясы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғалымдары тарихи жинақтың тұсаукесері өткенде жинаққа зор баға берді. Сол күні жиналған қауым С.Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық қор құрып, төрағасы болып елімізге белгілі меценат Махмұт Ыбырайханұлы Нәлібаев тағайындалды. Б.Шамшиев пен С.Садықованы Қырғызстанға арнайы іздеп барып, «Руларыңыз кім Сіздердің?» деп сұрағанымда, «Руымыз қыпшақ» деп жауап берді. Онымен қоймай 30-40 қырғыз елінің атақты кісілерінің аттарын атады.

Б.Шамшиев пен С.Садықова Қостанай қаласында ашылған қарақыпшақ Қобыландының ескерткішінің ашылу салтанатына шақырылды. Одан кейін М.Нәлібаевтың 60 жылдық мерейтойына Б.Шамшиев әйелі үш кішкентай жас балаларын ертіп келіп, той иесін құттықтап, қырғыздың шапанын жауып, Алматыда 10 күндей той иесінің есебінен демалып қайтқан болатын. Одан кейін 2018 жылы күзде кинорежиссердің М.Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы» бойынша Жамбыл облысының Қордай ауданында түсірілген «Қараш асуындағы атыс» атты фильмінің түсірілгеніне 50 жыл толуына орай көрермендердің кездесуі М.Нәлібаевтың қаржылық қолдауымен өткен болатын. Б.Шамшиев пен С.Садықова Астанада өткен белгілі жиһангер Сапар Ысқақтың 75 жылдық мерейтойына қатысты. Осындай жиын-тойлардан екеуінің қалыс қалған жері жоқ. «Қазақ» газетінің 2017 жылғы 11 тамыздағы санында, «Түркі әлемі» газетінің 2018 жылғы 2-ші санында «Орта Азияның «Курасавасы» атты көлемді мақалаларым жарық көрді. Ол мақалалардағы Б.Шамшиевтің өмірі мен шығармашылық жолын түгел осы жолы қайталаудың жөні бола қоймас. Қазақта «Қазақ пен Қырғыз бір туған» деген бар. Қырғыз режиссері Б.Шамшиевтің қазақ әдебиетінің шоқтығы биік шығармаларының бірі саналатын М.Әуезовтың «Қараш-қараш оқиғасы» аталатын повесін фильмге арқау етуінің негізгі мәні «қазақ-қырғыз бір туған» делінетін ауылы аралас, қойы қоралас, бір-бірімен біте қайнап, Алатаудың екі бүйірінің бірі оңтүстігін, бірі күнгей жағын мекендеген, қыз алысып, қыз берісіп, ежелден тұрмыс-дәрежесі, салт-санасы ортақ, екі елдің қазақ пен қырғыздың ортақ жазушысының шығармасына ден қоюы тектен-тек емес-ті. Б.Шамшиев бұл фильмінде сол кезеңде атағы Одақ көлемінде дүркіреп тұрған қазақ актерларын фильмге басты кейіпкер етуінде болатын. Б.Шамшиев бұл фильмінде қазақ жазушысының шығармасындағы кейіпкерлерді сомдауды қырғыз актерларына сеніп тапсырады. Кеңестік кезеңде «Қазақфильм» киностудиясының да «Қырғызфильм» киностудиясы арқылы түсірілген фильмдердің тағдыры бір орталықтан – Мәскеуден шешілетін, Мәскеу қаржыландыратын. Мәскеудің Одақтас республикалардың киностудияларының тыныс-тіршілігіне жауапты Е.Д.Сурков деген мәскеулік Болаттан ендігі жерде қандай кино түсірмек ойың бар деген сұрағына Болат: «Ендігі жоспарым қазақ жазушысы М.Әуезовтің шығармаларына ден қойсам деп жүрмін» деп жауап береді. Мамандығы филолог ғалым әлгі Сурков Болаттың ол ойын құптайды. Болат Мәскеудің рұқсатын алып, М.Әуезовтың атақты повесінің киносценариін «Қазақфильм» басшыларына көрсеткенде киностудия штатындағы қазақ жазушыларының бірі «Сен өзің шамаңа қарасаңшы, Әуезов кім, сен кімсің деп сұқ саусағын шошайтты» деп есіне алды режиссер. М.Әуезов ол шығармасын жазғанда жиырманың ортасына да жетпеген кезі болатын. Ал мен болсам, фильмді түсіруді толық рұқсат алғанда жиырма алтыға келемін деген көрінеді.

Б.Шамшиевтің  «Қараш асуындағы атыс» фильмін қазақ пен қырғыз көрермендері де жылы қабылдады. Фильмнің түсірілгеніне 50 жылдан асса да кез келген жастағы көрерменін жалықтырмайтын фильмдердің бірі. Кино сыншылар «Б.Шамшиев екі елдің ежелден туыс, халықтар екендігін өз фильмі арқылы дәлелдей түсті» деп жазды. Сол кезеңдегі газет-журнал беттеріндегі жарияланған мақалаларда Б.Шамшиевтің тұңғыш көркемсуретті «Қараш асуындағы атыс»  фильмін жоғары бағалаған Ш.Айтматов болды. Қазақ-қырғыз халықтарының феодалдық кезеңде басынан кешкен ауыр тағдырын ұлы М.Әуезов асқан шеберлікпен көркем шығарма ете білсе, Б.Шамшиев тамаша көркем фильм ете білді. Б.Шамшиевтің бұл фильмі екі елдің достығын жырлаған, болашақ ұрпақтың Қазақ пен қырғыз халықтарының феодалдық кезеңдегі ауыр өмірін шынайылықпен жеткізе білген шығармаға айналды. Сонымен қатар, негізгі мамандығы суретші, Сүйменқұл Шоқморов сомдаған Бақтығұл рөлі оның кино саласындағы биік рөлдерінің біріне айналды. «Қараш асуындағы атыс» фильміндегі С.Шоқморов сомдаған өмірде болған Бақтығұл мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың әкесі Рысқұлдың бейнесі қазақ жеріне «Қырғызфильм» киностудиялары бірігіп түсірген фильмдердің тарихындағы шоқтығы биік рөлдердің бірі. Бұл фильм Б.Шамшиевті Ленин комсомолының лауреаты атағына ие етті. 1969 жылы Алматыда өткен Орта Азия мен Қазақстан халықаралық кинофестивалінің басты «Тау қыраны» І дәрежелі дипломына, 1970 жылы Минск қаласында толық метражды фильмдердің Бүкілодақтық фестивалінде ІІ дәрежелі сыйлыққа ие болды.

Бірнеше деректі және көркем фильмдердің авторы, суреткердің тағы бір қырынан қалың елді дүр сілкіндірген Ресейдің «Мосфильм»  кинокомпаниясымен бірлесе түсірген «Қасқырдың апаны» фильмі. Режиссер бұл фильмінде жастарға етене таныс жастар аудиториясын шырмап алған шығыстың каратэ өнерін бойына дарытқан экран бетінде ширақ қимылдайтын әйгілі Талғат Нығаматуллинді фильмге шақырды. Бұдан бұрынғы фильмдерде Т.Нығматуллин өзін каскадерлік қырынан танытса, осы фильмде ол өзін драмалық актер қырынан көрсете білді. Б.Шамшиевтің «Қасқырдың апаны» фильмі көркем туынды ретінде сол кезеңдегі Орта Азия киносыншыларының жоғарғы бағасына ие болды. Бұл фильміне Кеңестер Одағының атақты актерларының басын қосқан фильм ретінде ерекшеленген фильм. Фильмде жағымсыз рөлді сомдаған Кененбай Қожабеков өзін жаңа қырынан таныта білді. Бабахан рөлін сомдаған Кененбай Қожабековтың қоларбадан өзін тастап жіберуі көрерменге ерекше әсер етеді. К.Қожабеков осы эпизодты каскадердің орындауына көнбей қояды. Режиссердің бұл фильмінде алғашқы жұбайы Айтұрған Темірова Ажар рөлін сомдады. Қырғызстанның Біріккен Араб Әмірлігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі, Бас консулы, т.б. ірі мемлекеттік қызметтерді атқарған қырғыз елінің атақты кинорежиссері Б.Шамшиев өмірінің соңғы жиырма жылдан астам кезеңін Бішкек қаласының қарапайым тұрғындары қатарлы өмір сүреді. Орта Азия халықтары елдері қалай тәуелсіздікке қолжеткізді, халқының көпшілігі тұрмыс тауқыметін тартып, жанұяларын асырау үшін шет елдерге, оның ішінде Қазақстанға ағылған жандардың қатарында Б.Шамшиев те болды. «Азаттық» радиосының тілшісі «Сіз Қырғызстаннан мүлде кеттіңіз бе, жоқ әлде қайта ораласыз ба?» деген сұрағына: «Мен Қырғызстаннан өз еркіммен кеткенім жоқ. КСРО халық әртісі деген атаққа ие болған мен бүгінгі күні қазақ елінен пана тапқан жанмын. Көрші қазақ елінің Ресеймен шектесетін ең шеткі Петропавл қаласындағы Орыс және қазақ драма театрында кеңесші болып орналасып жан бағудамын» деп жауап береді.

Режиссер 1989-1995 жылдары Қырғыз КСР-ның Жоғарғы кеңесінің депутаты, Қырғыз үкіметі жанындағы туризм жөніндегі мемлекеттік агенттігінің директоры лауазымдарын атқарған.

«Мен Қырғызстанда 20 жыл бойы негізгі мамандығымнан қол үзіп, небір тақырыптарға фильм түсіру мүмкіндігінен айырылып қарап отырдым. Ел президенті А.Ақаевтан 15 жыл, Қ.Бакиевтен 5 жыл фильмдер түсіруге қаржы сұрап, жиырма жыл уақытым босқа өтті. Ендігі бар үмітім Қазақ еліндегі туыстарға қызмет етіп, тарихи тұлғаларына арналған фильмдер түсірсем деген ойдамын» деген еді Орта  Азияның атақты режиссері Болатбек Төленұлы Шамшиев.

Бішкек пен Петропавл арасына жету үшін де мол қаржы керек. Сондай кезеңдерінде қазақ меценат інісі М.Нәлібаев қаржы беріп тұрғанына куәміз. Менің әкем молда Жексенбай деген кісі «Әр істің артының жақсылығын бер» деген тілеуді көп айтатын. ВГИК-те оқып жүргенде «Қырғызфильм» түсіріп жатқан режиссер Л.Шепетконың «Аптап» атты фильмінде Кемел атты фильміне түсе бастаған жиырмадан астам фильмдерді көрерменге ұсына білген Б.Шамшиевтің соңғы қызметі, күнкөріс, жанұясының жанбағуы осылайша Қазақстанға қатысты болды. 24-ші желтоқсан күні Бішкектің Опера театрында Орта Азияның мен таққан «Куросавасының» ауыр науқастан қаза болуына Қырғыз елінің Президенті де қатысып, жерлеген жерінде қабіріне топырақ салу рәсіміне қатысты. Бішкектің үлкен мейрамханасында ас берілді. Ол астың да толық шығынын қырғызстандық қыпшақтар көтерді десіп жатты ел. Сонымен, 78 жасынан 79  жасына қарағанда ауыр науқастан дүние салған мұсылман әлемінің таңдаулы кинорежиссері Болат Төленұлы Шамшиевтің жерлеу рәсіміне қатысып, Қазақстаннан барған қонақтар ретінде теледидардан сөз сөйлеп, «Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын, Болат бәйке» деп қайттық. 

ӨТЕГЕН ӘБДІРАМАН, ТАРИХШЫ

БІШКЕК ҚАЛАСЫ, ҚЫРҒЫЗ РЕСПУБЛИКАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here