АБАЙ МҰРАСЫ ЖӘНЕ ҰЛТ САНАСЫН ЖАҢҒЫРТУ

0
902

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 9 қаңтарында «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты тарихи мәні зор мақаласын жариялады. Президенттің ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы туралы терең де мазмұнды, тағылымы мол мақаласы қалың жұрт­шылықты бір серпілтіп тастады.  Біріншіден, мақала Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толған ұлы тойының беташары іспетті, дайындыққа жаңа шабыт пен қуатты серпін қосты. Екіншіден, мемлекет пен қазақ қоғамының ендігі жерде әдебиетке, рухани мұраларымызға  бет бұрғаны көңіл қуантады.

Қазақтың   үлкен  ойшылы,  ақын, ағартушы, жаңа әдебиеттің іргесін қалаушы Абай Құнанбайұлы  ұлт тарихында  өшпес із   қалдырғаны  ақиқат. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Қазақстанның саяси, билік құрылымындағы, рухани мәдениеттегі өзгерістер нәтижесінде адам дүниетанымында рухани-эстетикалық зор төңкеріс болды. Қазақ поэзиясында ертеден келе жатқан философиялық ойлар өзінің заңды жалғасын Абайдан тапты. Қазақ әдебиетінде Абай шығармаларынан бастап жеке тұлға мәселесі алдыңғы қатарға шықты. Ықылым заманнан бері әдебиет адам жанын тәрбиелеу құралы болғанын ескерсек, Абай шығармаларында бұл тіпті анық байқалды. Ол өз өлеңдерінде адамның жан дүниесін, оның жүрегін басты орынға шығарып, өмірдің ең үлкен өлшеміне айналдырды. Ақын-ның қай шығармасын алсақ та адам жанының аса күрделі ішкі сырын, оның тұңғиық иірімдерін ашып көрсетті.

Абай адамның ақиқатпен, өмір құбылыстарымен қарым-қатынасын жаңа философиялық биіктен зерделеуге ден қойды. Ескі қоғамдық қарым-қатынастардағы келеңсіздіктерді сынау, жеке адам болмысындағы кемшіліктерді сынау, олардан қорытынды шығара отырып, жаңа идеал, ізгі, игі, иманды қасиеттері бойында жинақталған «толық» адам туралы таным қалыптастыру, рухани кемелденуге, өзін-өзі жетілдіруге бағыттау қазақ әдебиетінде Абай шығармашылығында толымды сипатқа айналды. Ол өз шығармаларында жаңа адам концепциясын, «толық» адам бейнесін жасады. Өз дәуірінің рухани болмысына қанағат етпеген ойшыл рухани бағдарды ғылым мен білімнен іздеді. Заманынан озып туған Абай өзінің ішкі әлеміне үңіледі. Абай шығармаларында адам болмысына жаңа көзқарас қалыптастырып, жеке тұлғаны, оның жан дүниесін барлығынан жоғары қойған шынайы гуманистік рухты аңғарамыз.

 «Ақырын жүріп, анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуден балаға», – деген Абай ұстаздың орнын ерекше бағалаған. Осы ретте Мемлекет басшысының ұсынысымен «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы – қоғамда толғағы пісіп жетілген өзекті бастамалардың бірі. Өйткені, бүгінгі қоғамда ұстаздардың орны олқы тартып, мәртебесінің түскенін, жалақысының мардымсыз, жауапкершілігінің орасан зор екендігі, тіпті басым жастардың бұл мамандыққа үрке қарайтыны ащы шындыққа айналып отыр.  Ұстаздың  мәртебесін арттырып, оған деген қоғамда қалыптасқан көзқарасты өзгертуге бағытталған шаралар елдің білім мен ғылым әлеуетін көтеру үшін аса қажет.

Кез келген қоғамда сапалы білім беру ісін жетілдіруде ұстаздың орны бөлек. Қазір әлемдік білім   кеңістігінде   барлық  салада  жаңа  міндеттер  мен тың талаптар қойылуда. Ғылымдағы жаңалықтар адамды алға жетелейді. Ақыл-оймен ғана озатын кезең келді. Мұғалімдер ой-өрісі кең, рухани қалыптасқан, заман көшіне ілесе алатын білімді әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу ісінде аса маңызды рөл атқарады. Ұстазға құрмет көрсетіп, қадірлеу, оның еңбегін бағалау – кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Сондықтан тек жалпы білім беретін мектеп деңгейінде ғана емес, сол мұғалімдерді даярлайтын жоғары оқу орындарының оқытушыларына да мемлекет тарапынан жеткілікті көңіл бөлінуі қажет. Ұстаз мамандығының мәртебесін көтеріп, қағазбастылықтан құтқарып, алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасалынуы керек.

Қазіргі таңда әлемде күн сайын емес, сағат сайын өзгерістер жүріп жатыр. Алпауыт елдер арасындағы шиеленіскен жаһандық экономикалық жағдай және саяси толқулар, әлемді әрдайым дүр сілкіндірген сыртқы сын-қатерлер адам дүниетанымына әсер етпей қоймайды. Осындай жағдайда ғылым мен білімді дамыту арқылы ұлттық дербестігімізді сақтап, ілгері жылжу үшін сананың ашықтығын да қамтамасыз етуіміз керек. Рухани жаңғыру арқылы ұлттық кодымызды танып, әлемге өзімізді таныта білу қазіргі жаһандану жағдайында «жұтылып», ұлт ретінде құрып  кетпеу үшін аса қажет екенін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Өркениеттің озық тұстарын ұлттық мүдде-мұраттарымызбен, рухани ізгіліктерімізбен үйлестіре білу қажеттігі туды.

Рухани ізгіліктерді заттық байлықтан, жан мен рухты тәннен жоғары қоя білу қасиеті, адам рухының  мәңгілігін ұлықтау Абай шығармаларында айқын аңғарылады. Абай – бір қалыпқа сыймайтын зор тұлға. Ол – қазақ жұртына ғана ортақ емес, әлемдік деңгейдегі ұлы ойшыл. Өзі теңдессіз ұлы ақын.

«Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,

Ол бірақ қайтіп келіп, ойнап-күлмес.

«Мені» мен «менікінің» айрылғанын

«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес», – деп ақын адам рухының  мәңгілігін ұлықтайды. 

Ұлттық рух пен сананы жаңғыртуға, бір ел, тұтас ұлт болып дамуымызға серпін беретін Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толған тойын республика көлемінде атап өтіп, оған атсалысу, сол арқылы ақынның өлеңдері мен қара сөздерін жаттап, оймен зерделеп, оны өмірлік азығына айналдыру – әр қазақтың міндеті. Президенттің өз мақаласында: «Әр азамат осы тойдың алдында еліміз, елдігіміз жөнінде терең ойланса дейміз. Абай бізге нені аманаттады? Абай бізден нені талап етті? Абай бізден нені күтіп еді? Абай елдің қай ісіне сүйініп еді? Сол сүйінген ісінен үйрене алдық па? Абай қазақтың қай ісіне күйініп еді? Сол күйінген ісінен жирене алдық па? Басқасын былай қойғанда, ақын айтқан бес асыл істі жүзеге асырып, бес дұшпанды бойдан қашырып жатырмыз ба деген ойдың төңірегінде толғансақ та талай жайға қаныға аламыз», – деуі кімді болсын, ойлантпай қоймайтыны хақ.

Ұлттық тәрбиенің киелі бесігі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – Мемлекет басшысының бастамаларын жүйелі қолдаумен қатар, оны батыл жүзеге асыратын белсенді азаматтардың, саналы жастардың ордасы. Бірлік пен өзара ынтымақ, тұрақтылық пен тынымсыз еңбек арқылы ғана биік белестерді бағындыруға боларын терең түйсінген университет ұжымы осы жолда өнімді еңбек етіп келеді.

Мемлекет басшысы «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында ақын мұрасын жас ұрпаққа үлгі тұту арқылы олардың талғамы мен тәрбиесін қалыптастыру жолында жасалуға тиіс маңызды шараларды белгілеген.  Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай университет көлемінде және республикалық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру, атап айтсақ, «Өлең – сөздің патшасы» атты жоғары оқу орындары студенттерінің Республикалық айтысын өткізу жоспарланып отыр. Ендеше, біздің бүгінгі мақсатымыз Абайдың 175 жылдық мерейтойын қоғамдық сананы жаңғыртатын, ұрпағымызды ұлағат пен өнегеге тәрбиелейтін  іс-шара ретінде қарап, баршамыз жұмыла Президент белгілеген міндеттерді тиімді жүзеге асыру болмақ. Абай мұрасын өскелең ұрпаққа оқытып, санасына сіңдіру, көңіліне тоқытып, зерделету – ақынға көрсетілген құрмет қана емес, жас ұрпақты тәрбиелеудің тиімді тәсілі.

Абайды тану – өзіңді тану. Әдебиеттің басты міндеті адамға, оның ішкі әлеміне, жаны мен жүрегіне әсер-ықпал ету, санасы мен рухын жаңғырту, тұлға қалыптастыру екенін өз мұрасымен ұқтыра білген ұлы Абайды ұрпағымызға таныта білу қажет.  Абай мұрасы – ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін қажет қастерлі қазына, ұлттық құндылық. Абай мұрасындағы рухани жаңғыру мен ұлт санасын қозғауға бағытталған, ғылым мен білімге уағыздаған озық ой-тұжырымдар, Абайдың дәстүрі – белгілі бір ғасырдың бағанына байланбай, болашақта да ұлттық рух пен сананы оятып, жаңғыртатын, өзімізді тануға жол бастайтын Шамшырағымыз болып қалмақ.

Жанұзақова Құралай Темірбекқызы,

 Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here