ӘЛ-ФАРАБИ ЖЫЛЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНЕН БАСТАУ АЛДЫ

0
88
????????

ҚазҰУ-дың Студенттер сарайында Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойының ресми ашылу рәсімі болды. Шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев және университеттің құрметті қонақтары қатысты. Мерекелік шара «Әл-Фараби орталығының» салтанатты тұсаукесері мен әдебиет және мәдениет саласының қайраткерлеріне Елбасының мемлекеттік стипендиясын тапсырудан басталып, университеттің бас алаңындағы әл-Фараби ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен ұласты.

Студенттер сарайындағы мерекелік ресми салтанатты Қырымбек Көшербаев ашты.  Салтанатты шараны ашақан мемлекеттік хатшы әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу арқылы шетелде және біздің елде ұлы ғұлама мұраларын зерттеп, олардың қазіргі өркениеттің дамуындағы ықпалын терең түсінуге серпін беретіндігін тілге тиек етті.

Мемлекеттік хатшы Шығыстың ұлы ойшылының мерейтойы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер мен оқиғалар күнтізбесіне енгенін және ИСЕСКО, ИЫҰ, ТҮРКСОЙ сияқты ұйымдардың қолдауымен халықаралық мәдени алаңда кеңінен аталатындығын айтты.

«Қазақстандағы алдыңғы қатарлы университеттерінің бірі әл-Фараби есімімен аталады, – деп атап өтті өз сөзінде ЮНЕСКО-ның Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бойынша кластерлік бюросының директоры Ms. Krista Pikkat. – Университет өз қызметінде танымдық мәселелерге назар аударып, адамның мүмкіндіктерін ашу мен қабілеттерін дамытуға ұмтылады. Университет ұжымы және студенттерін осы мерекемен құттықтағым келеді».

«Ұлы философ-ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толу мерейтойының әлемде оның есімімен аталатын бірден-бір университеттен басталғандығы – біздер үшін зор қуаныш, үлкен мәртебе, – деді  ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов. – Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму жөніндегі жаһандық хабы ретінде ҚазҰУ ғұламаның қайырымды қоғам туралы ілімінің негізінде  Университет – 4.0 жаңа легінің моделін дайындап, өткен жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде, ал биыл Ислам Ынтымақтастығы Ұйымында ұсындық. Жаңа жоба халықаралық ауқымда қолдау табуда. Осылайша, әл-Фарабидің мерейтойы Қазақстандағы жоғары білімнің дамуына жаңа серпін береді».

Әл-Фараби мерейтойы аясында Париж, Нұр-Сұлтан қалаларында және Түркістан облысында, ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде ғылыми симпозиумдар өткізу жоспарланған. Оған әлемнің 40-тан астам елінің алдыңғы қатарлы фарабитанушы-ғалымы қатысады, халықаралық экспедициялар ұйымдастырылады, тарихи мәдени нысандар қайта жаңартылып, ғалымның ғылыми еңбектері басылып, көшірілетін болады, сондай-ақ деректі фильмдер циклі жасалып, шет елдерде әл-Фараби орталықтары ашылып және басқа да шаралар ұйымдастырылады.

Әл-Фарабидің мерейтойлық жылының ашылуында БҰҰ, ЮНЕСКО, ИЫҰ, ТҮРКСОЙ және басқа да халықаралық ұйымдардың, Қазақстандағы дипломатиялық миссиялардың өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми орталықтар мен ҒЗИ басшылары, белгілі шетелдік және отандық ғалымдар, отандық және шетелдік БАҚ өкілдері қатысты.

Айта кетейік, биыл Қазақстанда тағы бір маңызды шара – Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аталып  өтіледі.  21 қаңтарда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың ұлы ойшылының 175 жылдық мерейтойының басталуына арналған салтанатты шараға қатысқан еді. Осылайша, мерекелік шараларды  ресми түрде бастап берді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here