ЖҮЗДЕН АСТАМ ҰЛТҚА ҚҰТ МЕКЕН БОЛҒАН ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТІЛ САЯСАТЫ

0
711

Қазақстан тәуелсіздігі қарсаңында, 1989 жылы Тіл туралы арнайы Заң қабылданып, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілгені тарихтан белгілі. Сол Заңның қарыштап, адымдап, қыруар істер атқарып келе жатқанына өткен жылдың қыркүйек айында 30 жыл толды. Әрине, бұл аз уақыт емес!

«Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады. Ал ұлтқа қызмет етуде сол ұлттың тілінде сөйлеп, оны ерекше қадірлеу – ұлт зиялысының асыл парызы», – дегенді ұлтымыздың ұлы күрескері Мұстафа Шоқай қадап айтады ғой.

Әрине, 1989 жылғы 22 қыркүйекте қабылданған Тіл туралы Заң жобасын әзірлеудің көш басында және комиссияның құрамында ұлтымыздың зиялылары болғаны анық. Бұл сөзімізге былтырғы жылдың соңында өмірден озған мемлекет және қоғам қайраткері, заң ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Сұлтан Сартаевтың мынадай деп айтқанын келтірсек те жеткілікті: «Комиссияның төрағалығына мен тағайындалған едім. Оған мүше болып жиырмадан астам адам кірді. Олардың ішінде академиктер І.Кеңесбаев, Ә.Қайдаров, ақын-жазушылар О.Сүлейменов, Қ.Мырзалиев, И.Шеголихин және басқалар болды. Оларды бірінші мәжіліске шақырғанда қойған мақсатым былай еді: «Қазіргі қазақ тілінің қиын тағдырын естен шығармайық. Сондықтан да өзіміздің тілімізді мемлекеттік тіл етуге күш салайық. Сол себепті мынандай үш мәселенің төңірегінде ойлассақ. Қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілуі тиіс, орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі болса, ал аз ұлтты халықтың өкілдеріне өздерінің тілдерін пайдалануға мүмкіншілік туғызайық». Осы заң жобасы талқыланған кезде елдің батысынан, терістігінен, шығысынан келген депутаттар, турасын айтқанда, орыс ағайындар тіл мәселесін бұрынғы қалпында қалдырсақ дегенге дейін барды. Қазақ тілін мемлекеттік тіл етуге олар қарсы болды. Сол кездегі республика басшысы Нұрсұлтан Назарбаев орнынан тұрды да: «Сіздердің өз тілін мемлекеттік тіл ретінде қалпына келтіруге ұмтылып отырған халыққа неге көмектескілеріңіз келмейді? Территориясында «КарЛАГ», «ГУЛАГ», «АЛЖИР» орын тепкен, атом полигоны салынған, бүгін қиын жағдайды бастан өткеріп жатқан халыққа неге көмектескілеріңіз келмейді? Сіздер кімнің тізе бүккенін қалап отырсыздар?» деген сөздерді айтты. Осы әңгімеден кейін ғана депутаттардың беті бұрыла бастады. Сөйтіп, көпшілік дауыспен қазақ тілі мемлекеттік  тіл болып, ал орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі болып қабылданды. Біз айтқанымыздан қайтқан жоқпыз. Ақыры мақсатымызға жеттік. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болды».

Сондай-ақ, күні кеше, 9 қаңтарда өмірден өткен филология ғылымының докторы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Өмірзақ Айтбайұлының көзі тірісінде Тіл туралы заңның қабылдануын былайша еске алғаны бар: «…бұл мәселе кейін Жоғарғы Кеңесте түбегейлі шешілді. Жоғарғы Кеңесте көп депутаттар, азаматтарымыздың көпшілігі өздерінің көзқарастарын ашық айтуға тырысты. Ал, соңғы нүктені бәрібір Назарбаев қойды. Егер Назарбаев басқа бағыт ұстанғанда тілдің тағдыры басқаша шешіліп кетуі де мүмкін еді. Назарбаевтың қасында Өзбекәлі Жәнібеков, Әбіш Кекілбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Төлен Әбдіков, Сейіт Қасқабасов секілді ұлттық намысы бар азаматтар болды. Көп құжаттарды осы кісілер дайындады. Бір қарағанда бұл көзге көрінбейтін жұмыстар. Бірақ, ең қажетті жұмыстарды атқарып отырды. Сөйтіп, заңымыздың тағдыры Жоғарғы Кеңесте шешілді».

Иә, 1989 жылы Тілдер туралы Заң қабылданып, қазақ тілі мемлекеттік тіл деп жарияланды. Яғни, бұл Заңның маңызы өте зор болды.

Заңның 4-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi» деп, оның мәртебесі арнайы Заңда тұңғыш рет көрсетілді. Еліміздің Ата заңы Республика Конституциясының 7-бабында да «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» екендігі тайға таңба басқандай айқын жазылды. Осылайша, Тәуелсіздікпен бірге қазақ тілі дамуының  жаңа  кезеңі  басталды.

Уақыт өте келе тіл мәселесін әсіре саясаттандырып жібергендейміз. Кейбіреулер мұны тек мемлекеттің ғана шаруасы деп қарады. Жоқ! Тіліміздің тағдыры мемлекеттің ғана емес, жалпы халқымыздың тағдыры деп қабылдайтын уақыттан әлдеқашан өтіп кеттік. Өйткені, тіл тағдыры – ел тағдыры.

Алғаш Тіл туралы Заң қабылданғанда қоғамдық ахуалдың белсенділігі қандай керемет еді, өзіміз саясиландырып алдық. Енді сол саясиланған тіл мәселесін әлеуметтендіруге бейімдеуіміз қажет сияқты.

Бүгінде жер-жерде ана тілімізге байланысты көптеген шаралар өтіп жатыр, өкініштісі бұл жиындарға адамдар аз қатысады. Неге? Себебін айталық, тілге қатысты әр саланың сөздіктері, іс қағаздарының үлгілері, оқулықтар, тіпті тіл үйренемін деушілерге барлық жағдай бар. Алайда, тілді басқаларға үйретеміз деп жүріп тілдің мәдениеті дегенді ұмытып кеткендейміз бе, ойланып көрейікші… Тіл тазалығын сақтаудан, шешендік өнерімізді құрметтеуден алыстап кеттік пе, мұны да ақылға салып таразылайықшы… Оған дәлел, кейбір жұрт радиодан, теледидардан қалай сөйлегісі келсе, солай сөйлейтін болды… Қазір тап тілге қатысты мәселелер аз емес.

Тізбелеп отырған кемшіліктерімізге басы бар, аяғы жоқ бастамалар мен шала-шарпы, жүйесіз жасалған жұмыстардың, ғылыми негізі әлсіз бағдарламалардың, елге, тілге, ұлт мүддесіне жаныашымастықтың, кәсіби біліктілігі төмен басшылардың да ықпалы тиюі әбден мүмкін ғой.

Тілімізге қатысты көп талқыланып әрі шешімін таппай келе жатқан келелі мәселенің тағы бірі – мемлекеттік тіліміздің қолданыстағы ахуалы. Мемлекеттік тілдің ел басқару, заң шығару, білім беру мен ғылым саласындағы, іс қағаз жүргізу мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы қолданысы Тәуелсіздігімізді жариялаған күннен бері күн тәр-тібінен бір түспей келеді.

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде, өз тілімізбен өмір сүрейік! Бұдан артық қалай айтуға болады. Қажет десеңіздер, одан да оңайлатып айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» – деген ұсынысы кезінде қазақстандықтардың тарапынан қызу қолдау тапқандай көрінгенмен, іс жүзінде толық жүзеге аспай отырғаны өкінішті-ақ!

Бүгінде елімізде ұлтты ұйыстыру мен халықты біріктірудің басты факторына айналып отырған мемлекеттік тіл. Яғни, осынау жаңа қоғам, жаңа дәуірде қазақ тілінің қажеттілігі орнығып, мемлекеттік тілді білу, оны меңгеру уақыт талабына айналғаны қуантарлық жайт.

Мақаламызға арқау етіп отырған Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының және оның жалғасы саналатын Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының мақсаттары да сол – қазақ тілінің қолданыс  аясын  барынша  кеңейту  және қазақ  тілінің  мемлекеттік  тіл  ретінде  дамуы  мен  өрісінің  ұлғаюын  қамтамасыз ету.

Бағдарламаны әзірлеу кезінде отыздан астам шет елдің мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға қатысты мәселелерінің құқықтық реттеу тәжірибесі зерделенген.

Мемлекеттік тілдің қоғамдық-саяси өмірге әлі де болса баяулау енуінің басты себебі – тілді меңгеру деңгейінің әркелкілігі болса керек. Ұсынылып отырған бағдарлама осындай проблемаларды жүйелі түрде шешуге бағытталған. Аталмыш бағдарламаның басты стратегиялық мақсаты – Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде саналатын мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында, мемлекеттік қызмет пен қоғамдық-саяси, әлеуметтік кәсіпкерлік саласында батыл қолданысқа енгізіп, қазақстандықтардың өмірлік қажеттілігіне айналдыру, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғыртуға, тіл мәдениетін одан әрі арттыру-ға және тілдік капиталды дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу.

Иә, Қазақстан Оңтүстік Корея (98,8% кәрістер), Жапония (98,5% жапондар), Армения (98,1% армяндар), Польша (96,7% поляктар), Италия (93,5% итальяндар) сияқты мономемлекет емес, 18,6 млн халқы бар елде, яғни бір шаңырақтың астында ондаған ұлт өкілдері өмір сүреді. Айталық, ұшса құстың қанаты, шапса тұлпардың тұяғы талатын кең байтақ жердің иесі – қазақтар 67,9%-ды (12,5 млн), орыстар 19,3%-ды (3,5 млн), өзбектер 3,2%-ды (590 мың), украиндар 1,5%-ды (271 мың), ұйғырлар 1,4%-ды (270 мың), татарлар 1,1%-ды (201 мың) құрайды. Бұған 178 мың неміс, 112 мың түрік, 110 мың әзербайжан, 108 мың кәріс, 72 мың дүнген, 54 мың беларусь, 48 мың тәжік, 46 мың күрд, 33 мың шешен, 30 мың поляк ұлтының өкілдерін қосыңыз. 200 мыңнан астам (қырғыз, молдован, еврей, т.б.) өзге ұлт өкілдері және бар. Демек, көпұлтты Қазақстанда тіл саясатына мемлекет тұрғысынан мән бермеу үлкен қателік болар еді.

Оның үстіне қазақтар аз қоныстанған Солтүстік Қазақстан (49,5%-ы – орыстар, 35,0%-ы – қазақтар), Қостанай (40,9%-ы – орыстар, 40,7%-ы – қазақтар) облыстарында мемлекеттік тіл мәселесі өзекті саналады. Яғни, тілдерге қатысты бұған дейін қабылданған бағдарламалардың заңды жалғасы саналатын Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы осы мақсатта қабылданды. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, өзге ұлт өкілдерінің тілін дамыту көзделеді.

Бағдарлама аясындағы жүйелі жұмыстардың арқасында алға қойылған бұл міндеттер біртіндеп орындалып келеді. Осылайша, тіл саясатында оң өзгерістер байқалады.

Бағдарламада латын графикалы әліпбиді пайдаланатын жазбаша коммуникацияға қатысушылар үлесін 2022 жылы – 10%-ға, 2023 жылы – 20%-ға, 2024 жылы – 30%-ға, 2025 жылы – 50%-ға; мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесін 2020 жылы – 90,5%-ға, 2021 жылы – 91%-ға, 2022 жылы – 92%-ға, 2023 жылы – 93%-ға, 2024 жылы – 94%-ға, 2025 жылы – 95%-ға; мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақтілді контенттің үлесін 2020 жылы – 74%-ға, 2021 жылы – 75%-ға, 2022 жылы – 76%-ға, 2023 жылы – 77%-ға, 2024 жылы – 78%-ға, 2025 жылы – 79%-ға; үш тілді (қазақ, орыс және ағылшын) меңгерген халықтың үлесін 2020 жылы – 26%-ға, 2021 жылы – 27%-ға, 2022 жылы – 28%-ға, 2023 жылы – 29%-ға, 2024 жылы – 30%-ға, 2025 жылы – 31%-ға арттыру көзделіп отыр.

Бір  сөзбен  айтқанда,  бұл  бағдарлама  алдыңғы  онжылдық бағдарламадағы қамтылмаған, іске асырылмаған шаралардың орнын  толтырып,  жан-жақты  қамтылған,  мемлекеттік  тілді  сапалы  және  жетік  меңгергендер  қатарын  арттыруға  мүмкіндік  берген  кешенді  бағдарлама  болатыны рас.

Міне, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел жұртшылығына мемлекеттік тілді игерудің кезеңдерін белгілеп беріп, Үкімет де, тиісті орындар мен қоғамдық ұйымдар да осы бағытта жұмыла бірігіп, жұмыс жүргізіп келеді. Бұл, сөз жоқ, мемлекеттік тілдің мәртебе-сін мықтап бекіту бағытында атқарылып жатқан игілікті шаралардың жалғасы болса керек.

Тәуелсіздік дейтін киелі де қасиетті ұғымды тереңінен сезінетін халықтың ұрпағы тілдің де қадірін білетіні сөзсіз. Біз осы ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыру  үшін  аянбай  тер төгіп жүргенімізді ұғындыру. Тәжірибенің қуатты құрал екенін біздің ел жақсы біледі. Бұл аға буын «Дала бимен» келер буын «Бала бидің» арасында аманатталған салмақты жүк екенін ұмытпауымыз керек.

ҚЫЗЖІБЕК БӘКІР, «QAZAQ-ТЫҢ ШОЛУШЫСЫ

Бағдарламаның «Латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғырту» атты бірінші және «Қазақстан азаматтарының тілдік капиталын дамыту» атты үшінші бағыттарын іске асыру үшін Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының «Тілдік жаңғыру» деген 6.7 және «Әлемдегі үздік білімге қол жеткізу бастамасы» 6.8-тармақтарында көрсетілген міндеттер негіз болып табылады. Стратегиялық даму жоспарының осы міндеттерінде шет тілдерін, әсіресе ағылшын тілін үйрету мүмкіндіктерімен халықты барынша мол қамту қамтамасыз етіледі. Білім берудің барлық деңгейлерінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесі бойынша үштілділікті енгізу жалғасады.

Бағдарлама шеңберінде қазақ әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңмен көшіру жүзеге асырылады. Осы бастаманың шеңберінде әлемдік үздік тәжірибенің оң элементтерінің қолданыстағы мәдени-білім беру модельдерімен және стандарттарымен синтезделуін қамтамасыз етудің маңызы зор. Бұл үшін қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша үздік кітаптар қазақ тіліне аударылатын болады.

Бағдарламаның барлық бағыттары, әсіресе қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жолымен қазақ тілін жаңғырту жөніндегі міндеттерді қамтитын бірінші бағыты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында берілген мынадай тапсырмасын орындауды көздейді: «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық».

Бағдарламада Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру көзделеді. Мемлекет басшысы нақты шаралар негізінде еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасау және қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты бағдарламада Қазақстан аумағындағы терең тарихи, мәдени және психологиялық базасы бар мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тілі ретінде толыққанды қолданылуы қажетті шаралар көзделген.

Мектепке дейінгі білім беру жүйесінде мемлекеттік тілде оқытатын ұйымдардың саны артып келеді. 2016 жылы мемлекеттік тілдегі балабақшалардағы тәрбиеленушілерінің саны 593 758 адамды құрады. Бұл республика балабақшаларындағы балалардың жалпы санының 73,6%-ын құрайды. Қазақстанда 2018 жылғы мәлімет бойынша жалпы білім беретін 7 393 мектеп бар, оның 3 797-сі қазақ, 1 312-сі орыс, 2 255-і қазақ-орыс, 12-сі өзбек, 11-і ұйғыр, 1-еуі тәжік тілдерінде білім береді. Бұл мектептерде 2018-2019 оқу жылында барлығы 3 050 770 оқушы білім алса, оның 2 000 000-нан астамы қазақша, 900 000-ға жуығы орысша, қалғаны өзге тілдерде оқиды, яғни барлық оқушылар санының 66%-ы қазақ тілінде білім алады. Техникалық және кәсіптік білім беру саласында 2018-2019 оқу жылы қазақ тілінде білім алушылар саны 1991 жылмен салыстырғанда 67%-ға артып, 289 589 студентті құрады. Егер 1998-1999 оқу жылы жоғары оқу орындарында студенттердің жалпы санының 26,8%-ы қазақ тілінде білім алса, 2018-2019 жылдары 83,0%-ы қазақша білім алып отыр. Ағылшын тілінде оқытатын бөлімдері бар ЖОО саны да артып келеді. Ағылшын тілінде білім алушылар саны 24,7 мың студентті құрады. Бұл 2009 жылғы көрсеткіштен 2,5 есе артық.

[Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасынан]

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here