Замандас ғалым

0
1655

Қазақта «Сыйлассаң замандаспен сыйлас және соған қарап тіршілік жаса» демекші, менің замандасым, білікті ғалым, ұлағатты ұстаз Әлімбай Мәдібекұлы осындай атқа лайық азаматтың бірі. Біз екеуміз Қазақтың ауыл шаруашылық институтының «Топырақтану және агрохимия» мамандығы бойынша қатар оқып, студенттік шақтан бірге келеміз. Институтты бітіргеннен кейін екеуміз де жолдамамен Алматыда орналасқан жобалау институтына инженер-топырақтанушы болып қызметке жіберілдік. Сөйтіп, 1985 жылы өзіміздің жетекшілеріміздің шақыруымен қарашаңырағымызға бір уақытта қайта оралып, ғылыммен тыңғылықты айналыса бастадық. Сол кезден бері мен топырақтану, ал Әлімбай агрохимия саласы бойынша ұзақ уақыт бойы ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып келеміз.

Міне, содан бері 35 жылдан астам уақыт өтсе де, екеуміз Қазақ ұлттық аграрлық университетіндегі «Топырақтану және агрохимия» кафедрасында  иық тірестіріп, аянбай еңбек етіп келеміз. Екеуміз де қиыншылығы мен қызығы мол ғылым жолында жетекшілеріміздің бағыт-бағдары арқасында айтарлықтай табыстарға жеттік деп есептейміз. Замандасым Әлекең өзінің білімділігі, еңбекқорлығы мен табандылығы арқасында аспиранттан бастап, доцент, профессор және кафедра меңгеруші лауазымдарына дейінгі жолдардан өтті.

Ол елімізге белгілі көрнекті ұстаз-ғалым, академик Рахымжан Елешевтің жақсы көретін және ізденімпаз шәкірттерінің бірі болды. Кафедрада әртүрлі қызметтер атқару кезінде білімділігі және жоғары ұйымдастырушылық қырларымен танылды. 2009-2017 жылдарда кафедраны басқару кезінде, кафедрамыз факультет бойынша бірінші орыннан түспеді.

Әлімбай Мәдібекұлы талантты ұйымдастырушы ғана емес, оқу үрдісінің жоғары әдіскері бола білді. Ол 7 оқулық (оның екеуі ҚР ҒМ грифімен шығарылған), 5 электронды оқулық, 5 оқу құралы мен практикумдардың, 45 типтік оқу бағдарламалары, 10 мемлекеттік стандарттар (ГОСО) және 25 әдістемелік нұсқаулардың авторы. Оның шығарған оқулықтары мен оқу құралдары республика бойынша ауыл шаруашылығы саласына мамандар даярлайтын ЖОО студенттері үшін негізгі оқулықтар болып саналады.

Ғылым жолында аянбай еңбек етіп, 150-ден астам ғылыми мақалалар жариялап, 3 монография жазды, өндіріске 15-тен астам ұсыныстар енгізіп, 2 авторлық куәлік алды. Сонымен қатар, топырақтану және агрохимия саласына мамандар даярлауда жемісті еңбек етуде. Оның жетекшілігімен 1 PhD доктор мен 16 магистрант диссертацияларын жемісті қорғады, ал қазіргі уақытта 2 PhD докторант пен 3 магистранттың ғылыми жұмыстарына жетекшілік етеді.

Әлімбай Мәдібекұлы уысында білім мен ғылымды теңдей ұстаған және екі сала бойынша үлкен жетістіктерге жеткен ғалым. Ол 1993 жылы доцент, 2007 жылы профессор атақтарын иеленсе, 2018 жылы ғылым мен білім саласындағы табыстары ескеріліп, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылымдар академиясының жалпы жиналысында осы академияның корреспондент-мүшелігіне сайланды. Бұл – менің дос-әріптесімнің жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен елеулі еңбегінің жемісі деп білемін.

Профессор Әлімбай Мәдібекұлы ұзақ жылдар бойы жүргізген оқу-әдістемелік және ғылыми жұмыстарының нәтижесінде 2010 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын иеленді.

Республикамыздың жоғары оқу орындарына арналып шығарылған заманауи оқулықтары мен оқу құралдары үшін 2015 жылы А.Байтұрсынов атындағы Алтын медальмен марапатталса, ал 2019 жылы еліміздің  жоғары  білім  беру  саласының дамуына қосқан зор үлесі және белсенді ғылыми жетістіктері мен ерекше еңбегі үшін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласының «Үздік ғылыми қызметкері» атағын иеленді.

Ғылымға шын берілген адам ретінде замандасым Әлімбай Мәдібекұлының өмір жолының түрлі кезеңдерден тұрғанына көз жеткізуге болады. Сол кезеңдердің бәрінде аянбай еңбек етіп, қашанда үлкен жетістіктерге қол жеткізуге ұмтылып отырды. Қазіргі уақытта ғылым мен білімді дамыту үшін ешқандай қиыншылықтардан, тар жол тайғақ кешулерден қорықпайтын, табанды әрі қайсар Әлімбай Мәдібекұлы сияқты азаматтар көп болса, республикамыздың ғылым мен білімі үлкен жылдамдықпен дамитынына кәміл сенуге болады.

Оның республикаға танымал ғалым мен арқа сүйер азамат болып қалыптасуына жанұясының ықпалы ерекше болды. Сүйген жары Гүлжан, балалары Даурен мен Дәулет, келіндері Гүлзат пен Бану және аяулы немерелері Айдана мен Айзере атасының осындай елі сүйген біртуар ғалым болғанын мақтан етеді.

Мен замандасым әрі әріптесім Әлімбай Мәдібекұлын келе жатқан 60 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, оған зор денсаулық, қажымас қайрат және таусылмас бақыт пен шығармашылық табыстар тілеймін.

Сағынбай ҚАЛДЫБАЕВ, ҚР АШҒА академигі, профессор

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here