ҚОРДАЙДАҒЫ ОҚИҒА: МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ БІРҚАТАР ЛАУАЗЫМДЫ ТҰЛҒАНЫ ҚЫЗМЕТІНЕН БОСАТУДЫ ТАПСЫРДЫ

0
254

Кеше, 10 ақпанда Қазақстан Республикасының Президенті Үкімет басшысы Асқар Маминді қабылдады. Премьер Мемлекет басшысына еліміздің 2020 жылдың қаңтар айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және инвестиция тарту мәселесіне орай қабылданып жатқан шаралар туралы есеп беріп, Үкіметтің 2019 жылдың қорытындылары жөніндегі кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларының орындалуы жайында баяндады.

Президент қабылдауында болған Асқар Мамин Қасым-Жомарт Тоқаевқа Жамбыл облысының Қордай ауданында болған оқиғаның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссияның жұмыстары туралы да айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының жаңа тағайындалған әкімі Бердібек Сапарбаевқа Қордай ауданында кісі өліміне, тұрғын үйлердің қирап, азаматтардың дүние-мүліктерінің бүлінуіне әкеп соқтырған оқиғаға байланысты облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары С.Құрманбекованы және Қордай ауданының әкімі Б.Байтөлені жұмыстарына салғырт қарағаны үшін қызметінен босатуды тапсырды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ҚР Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевқа Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы А.Оразалиевті және Қордай аудандық полиция бөлімінің бастығы А.Айқымбековті қыз-метінен алуды айтты.

Айта кетейік, 7 ақпан күні Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Масанчи ауылының тұрғындары арасында жаппай төбелес болды. Тәртіпсіздіктер кейін Қордай, Ауқатты, Сортөбе ауылдарында да орын алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұзақылық сипаттағы жаппай төбелесті арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, вице-премьер Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен үкіметтік комиссия құрылатынын, қаза болғандарды жерлеу, зардап шеккендерге көмектесу жұмыстары ұйымдастырылатынын, қоғамдық тәртіпті бұзғандар анықталып, қатаң жауапқа тартылатынын мәлім етті.

Мемлекет басшысы Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тиісті тапсырма берді.

8 ақпан күні Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев оқиғаға қатысты Елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізді. Мәлім етілгендей, жанжалға басқа ауылдардан келген 300-ден астам адам қосылған. Екі жақ бір-біріне тас лақтырып, таяқпен ұрып, қару қолданған.  Оқиға орнында  8 адам,  ауруханада 2 адам көз жұмды, ондаған адам зардап шекті.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here