ОСЫ БІЗ ҚАНДАЙ ХАЛЫҚПЫЗ?

0
1011

Осы әңгіме-әдіптеменің жазылуына белгілі кәсіпкер, Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқановтың «Қостанай таңы» облыстық газетінде жарияланған «Қазақ жалқау ма?» атты мақаласы тікелей себеп болды. Бұл бір жағынан шымбайға бататын, намысқа тиетін өте шетін тақырып. Бірақ, өмір шындығын қалай аттап кетесің, «қазақ жалқау» деген сөзді ара-тұра болса да, естіп қалатынымыз өтірік емес. Ал, өмірдің талай асуынан өткен, ел басқарған Сайран Бұқанов «Жоқ, қазақ жалқау емес» дейді. Содан осы тақырыпты одан әрі тереңдетіп, ой толғау үшін Сайран Бәлкенұлын ашық әңгімеге шақырдық.

«ҚАЗІРГІ ЗАМАН ТӘУБЕШІЛІКТІ КӨТЕРМЕЙДІ»

– Себепсіз салдар болмайды ғой, менің де қолыма қалам алып, баспасөз арқылы ой бөлісуіме Қ.Мырзағожин деген азаматтың «Қостанай таңы» газетінде жарияланған «Кім кедей?» атты мақаласы себепкер болды. Автор қазақтың бүгінгі жүдеу тұрмысы мен оның негізгі себеп-салдары жайлы ой бөлісіп, бірқатар түйіткіл мәселелерді көтерген. Менің пайымдауымша, оның орынды да, артық кеткен тұсы да бар. Автор қазақтың кедей болуының басты себебін тәубешілік, қажырсыздық, жалқаулық, ысырапшылдық, құнтсыздық деп көрсетеді, – деп әңгімесін бастады Сайран Бәлкенұлы.

– Сәке, келісерсіз деймін, бұл бүкіл қазақта болмағанымен, жекелеген адамның басында бар кесел емес пе?

– Айтуың орынды. Оған мен де келісемін. Бұл жерде жалпы мен жалқыны бөліп алу керек. Жалпы ұлтқа қаратып бұлай сөз айту әбестік болады.

Ең алдымен тәубешілдікке тоқталайық. «Тәубе – етектен тартып, алға ұмтылуға, сол жолда ерінбей, жалықпай еңбек етуге қолбайлау болып отыр» дейді мақала авторы. Орынды пікір. Қазақ қазақ болғалы тәубесі мен шүкіршілігінен жаңылған жоқ. Барға қанағат, жоққа сабыр етіп келеді. Бұл бәлкім жақсы қасиет болар. Бірақ, қазіргі заман тәубешілікті көтермейді. Талпынып іс қылып, табанды еңбек ету арқылы ғана жұрт қатарлы өмір сүруге болады. Герольд Бельгер, атақты Герағаң «Қазақтың түбіне шүкір мен тәубе жетеді» деген. Сондықтан, дәл қазіргі тұста шаруаға, еңбекке келгенде қазақ тәубесі мен шүкірін шектеуі тиіс.

Осы орайда автордың «Өз тіршілігімізге көз жүгіртсек, қазақтың кедей болатын жөні бар ма деп қаласың. Тойымыз көп. Оңды-солды, ретті-ретсіз шашыламыз. Қолы қысқалар намысына басып, банктен несие алып жатыр» деп қазақтың шектен тыс ысырапшылдығына ашынып, дұрыс мәселе көтеріп отырғанын айтпай кетуге болмайды.

Мойындауымыз керек, қазақтың үйлену тойы, құдалығы, тұсаукесері, шілдеханасы, туған күні бар, әйтеуір тойы бітпейді. Мұны шектен тыс сән қылып, бірінен-бірі асырып, бәсекеге айналдырушылар да жоқ емес. Бірақ, той күнделікті шаруаңа, сол шаруаңды реттеп отырған тәртіпке зиянын тигізбеуге тиіс. Яғни, той өткізетін материалдық мүмкіндік, асыра сілтемейтін сыпайылық болуы керек. Сондықтан той дегенде әркімнің көрпесіне қарай көсілгені жөн. «Бар екенмін» деп шамадан тыс асыру, ебедейсіз ерсілікке бару ұят нәрсе. Екіншіден, той дегенде жаппай тұра шабу, жұмысқа кедергі келтіру де дұрыс емес. Өзім шаруашылық басқарып жүргенде талай бастан өтті. Науқанның қызып тұрған шағында: «Бір-екі күнге қалаға барып келу керек еді. Қайным 40-қа толып жатыр», – деп қиыла сұранады. «Айналайын-ау, көзің көріп тұр ғой, орылмай жатқан егін анау, ауа райының түрі мынау. Бір-екі күнің не? Бізге әр сағат қымбат қой. Соған бармай-ақ, былай телефонмен құттықтап, жағдайыңды түсіндіруге болмай ма?» – десем, «Ұят қой, аға», – дейді. Біздегі шаруаға деген көзқарастың түрі осы.

Бірде ауылда бір кісі қарыз сұрап келді. «Балам әскерге кететін еді, алыс-жақын ағайын, өзімнің, ұлымның достары бар, барлығының басын қосып той жасағым келеді. Несие алайын десем, өзімде де, әйелімде де несие бар», – дейді. «Енді жағдайың осылай екен, несіне шабынасың, үлкен той жасамай-ақ, бір табақ ет асып, үлкендерді шақырып, батасын алсаң болмас па?» – десем, тағы да «Ұят қой», – дейді.

Етегімізден тартып, ілгері бастырмай тұрған бір кесел осы – ұят. Ұяттың да ұяты бар. «Қазақ өлімнен ұят күшті» деген. Ол ұят пен мынау ұяттың айырмасы бөлек. Соны ажырата білуіміз керек.

Бүгінде ел арасында «Бар жиған-тергенін тойға шашылсын» деген мақалсымақ пайда болыпты. Тірнектеп жиған дүниені неге тойға ғана шашу керек? Оны жұмсайтын басқа игілік көздері бар емес пе? Мұның астарында не жатыр? Тағы сол мақтансүйгіштік, «атымды шығарамын» деушілік. «Біз анадан кембіз бе?» деген жалған намыс, бәсеке тұр. Осылайша, өзге емес, өзімізбен өзіміз тартысып, бақталасып, күндесіп күн кешу бар.

Қазір бізге жат жанынан түңілетіндей шынайы ұлттық намыс керек. Өкінішке қарай, сол намысымыз ұсақталып, отбасылық, рулық намысқа айналып барады. Өйткені, «Ана рудың бір атасы кезінде жауға жалғыз шапқан керемет батыр болыпты» деп, осыған тайлы-тұяғымыз қалмай қаржы жинап, ат шаптырып, той жасау үрдіс болып алды. Біз неге бұлай болып алдық? Өйткені, біз жалған мақтаныштың буына піскенді ұнатамыз. Еліккіш, еліктегішпіз. Бұл ұлтты алға бастыратын, ұрпаққа дұрыс өнеге беретін дүние емес. Артта қаулап өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа жақсы әсер қалдырамын десең, тойға шашылған қаржыны баланың дұрыс білім алуына жұмса, оны заманға қауқар көрсете алатындай сапалы біліммен қару-ландырып, еңбекқор етіп тәрбиеле…

«МАҢДАЙДАН АҒАТЫН АЩЫ ТЕРДІҢ ДӘМІН БІЛЕМІН»

– Сайран Бәлкенұлы, жалқаулық, еріншектік адам бойындағы бір кеселді көрініс екендігі ежелден айтылып жүр ғой. Бүгінгі әңгімемізді де осы жалқаулықтан бастадық қой. Соған қайтып оралайықшы…

– Мен өмір бойы халықпен жұмыс жасап келемін. Отыз бес жыл бойы шаруашылық басқардым. Кеңестік дәуірде «Ақсуат» мал бордақылау кеңшары мен «Харьков» кеңшарына директор, тәуелсіздік жылдарынан бері жеке серіктестікке жетекші болып келемін. Осы уақыт аралығында қарапайым халықпен біргемін. Өзім де қаршадайымнан қара табан болып еңбекке ерте араластым. Маңдайдан ағатын ащы тердің дәмін білемін. Менің қарамағымда механизатор да, малшы да, мұғалім де болды. Олардың жұмысқа деген жауапкершілігі жоғары екеніне, білек сыбанып еңбек ете білетіндігіне әбден көзім жетті. Олар қаншалықты қарапайым болса да, қоғамға, адамға, өмірге деген ой-пікірлері, көзқарастары таза, өте парасатты адамдар болды.

Негізі адам баласы дүниеге келгенде ілуде біреу болмаса, көпшілігі ақыл-есі мен қабілеті жағынан бірдей болып туады. Туабітті дарынды адамдар бар, олар тағдыр сыйы – данышпандар. Адамды адам ететін орта, тәрбие, алдымен ата-анасының үлгі-өнегесі. Біздің ата-бабаларымыз бұған зор мән берген. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» немесе «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деулері сондықтан.

Қазір біздегі бала тәрбиесі ұмыт қалды. Әр ата-ана балаға күнделікті үлгі көрсету керек. Өзің дұрыс жүріп, ізденіп, адал еңбек етсең, шағын ғана отбасыңның шаруасына мығым болсаң, қасыңдағы балаң соны істейді. Сондықтан табыс табудың жалғыз жолы бар екенін, ол зерделі білім мен табанды еңбек екенін, осы екеуін ұштастыра білген адам игі мақсатқа жететінін бала біліп өсуі керек.

Білімнің бәрі кітапта ғой. Адам баласы ойлап тапқан небір данышпандық ойдың бәрі қағазға жазылып, хатталды. Жастар соны кітаптан оқып, бойына сіңіру керек. Марк Твеннің «Жақсы кітап оқымайтын адамның кітап оқи алмайтын адамнан еш артықшылығы жоқ» деген сөзі бар. Өте дұрыс айтқан. Ал, өзіміздің Ахаң, Ахмет Байтұрсынов «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек, күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген жоқ па?!

Қазіргі қауіпті нәрсе – интернет, ұялы телефон. Бала көзін ашар-ашпастан осы нәрсеге әуестенеді. Ата-ана оның зиянды екенін біле тұра баланы қадағалап, оны қараудың белгілі бір уақытын сақтамайды. Бұл жауапсыздық, өз балаңның болашағына балта шабу. Баяғыда кеңшар басқарып тұрғанымда бір малшы соғымға шақырды. Бұл өзі ауылдағы дағдылы шаруа ғой. Қуырдаққа шақыру, шеке беру дәстүрі әлі үзілген жоқ. Жаңағы малшының үйінде отырғанда мектепте оқитын кішкентай баласы келіп сәлем берді.

– Үлкейгенде мен сияқты директор бол, – деп бата бердім.

– Жоқ, мен директор болмаймын, – дейді әлгі бала.

– Неге болмайсың? Директорлық жаман ба? – деймін ғой баяғы.

– Жаман емес, бірақ шешем «Бастықтың баласы бастық болады, малшының баласы малшы болады» деген, – деп қарап тұр.

Жүрегім су ете қалды. Міне, тәрбиенің түрі. Анау ошақтың басында жүрген шешесі баланың санасын буып, тұмшалап тастаған. Сондықтан баланың қарнының тоқтығымен қатар рухының мықты болуы өте маңызды. Алаштың арысы Әлихан Бөкейханов «Ұлтты сүю, ұлт мүддесін қорғау білімнен емес, мінезден» деген. Бала кішкентайынан үлкен іске ұмтылып, талапты болып өссе, рухы мықты болса, келешегі де жарқын болады.

Жалқаулық деген жер басып жүрген екі аяқты пенденің қай-қайсысында да бар. Салыстырмалы түрде алғанда бірінде аз, бірінде көптеу болуы мүмкін. Мен елмен араласып жүргенде жалқау қазақты да, жалқау орысты да, жалқау немісті де көрдім. Сол сияқты іскер қазақ, іскер орыс, іскер немісті де білемін. Біздің қазақ жалқау халық болса, «Түстік өмірің болса, күндік мал жина» немесе «Үш жылғысын ойламаған еркектен без, үш күндігін ойламаған әйелден без» дегенді айта ма?!

– Сәке, қазақтың жалқау еместігі туралы нақты бүгінгі өмірден келтіретін мысалыңыз бар ма?

– Бар болғанда қандай! Бірінші  мысал  өзім.  Жастай жетім өсіп, бар игілікке өз еңбегіммен жеттім. Осы Қостанай төңірегіндегі өз шаруасын дөңгелетіп отырған Алмат Тұрсынов, Рита Ахметова, Жанкелді ауданындағы Кәкімжан Карбозов, Арқалықтағы Ғабдолла Бердібеков, Шолақсайдағы Өмірзақ Ихтиляпов, тағы басқа  аты аталмаған азаматтар соның дәлелі.

Таяуда бір отырыста мынау Қостанайдың іргесіндегі Карл Маркс атындағы серіктестіктің басшысы Иван Вечтейнмен әңгімелестім. Бұрын бұл жер жүз пайыз немістер тұрған ауыл ғой. Олар ата жұрттарына көшіп кетіп, орнын Торғайдан келген қазақтар басып қалды.

– Менің қандастарым қалай жұмыс істеп жатыр? – деп сұрадым.

– Бұрын неміс сауыншыларым бір сиырдан  жылына 3 мың литр сүт алатын. Қазақ сауыншы-лары бір сиырдан жылына 6 мың литр сүт алып жүр, – деп күлді.

– Әзілің бе? – десем.

– Жоқ, шындығы сол, – дейді.

– Қазір енді «ақылды» технология бар, мал азығының құнарын арттырудың түрлі жолы бар, сондықтан болар, – деймін.

– Ол да бар, әрине! Бірақ, бәрібір қазақтар жұмысты немістерден жақсы істейді, қайткенмен олар сонау тәу заманнан мал баққан адамдардың ұрпағы ғой, – дейді.

Бұдан кейін өзімізді жалқау деуге қалай аузымыз барады? Мынау ұшы-қиыры жоқ кең далада мал бағу, қыстың қақаған суығы мен жаздың аптап ыстығында сол малдың бабын табу оңай болып па? Қарлы борандарда малмен бірге ығып кеткен қазақтарды еске аламыз. Жалқау адам сондай қадамға бара ма?

«НАМЫС – ЕҢБЕККЕ, ЕҢБЕК – ТАБЫСҚА СЕБЕПШІ БОЛАДЫ»

– Сәке, бұл жерде Сіз қазақтың жалқау еместігін біршама дәлелдедіңіз. Енді оның іскерлігі мен ісмерлігі, қолының әр нәрсеге ептілігі жайлы не айтасыз?

– Әртүрлі ортада болып жүрміз ғой. Сонда еститінім «Мықты сварщик, токарь, моторист, фрезеровщик, слесарь, электриктің бәрі неміс пен орыста. Біздің қазақтың қолынан ол келмейді» деген бос әңгіме. Талас жоқ, техникаға қатысты мамандыққа бейімделгендердің дені өзге ұлт өкілдері. Өйткені, олардың аталары, әкелері осы салада жұмыс істеген. Бұл да үйдегі тәлім-тәрбиеге келіп тіреледі. Баланың не іске, қандай кәсіпке бейім екенін, қазіргі нарықта қай кәсіп сұранысқа ие екендігін саралай білмейміз. Көпшілік ата-аналар балаларының заңгер, дәрігер, банкир болғанын қалайды. Техникалық мамандықты ұната бермейді. Бірақ, бұл «біздің қазақ жастары ол салаға бармайды» деген сөз емес.

Құдайға шүкір, соңғы жылдары біздің жас-тардың арасында да мықты слесарь, токарь, сварщиктер жетіп артылады. Ою-өрнек, ер-тұрман жасайтын, текемет басатын, сақина-білезік соғатын жастарымыз қаншама. Мәселе оларды осы салаға бейімдеп, кеудесінде намыс отының шоғын тұтата білуде. Біздің қазақта «Қоянды қамыс, ер жігітті намыс өлтіреді» деген аталы сөз бар. Қазақтың басында Алладан кейінгі билік тұрған бір-ақ нәрсе бар. Ол – намыс. Біз қашанда намысты биік қойған ұлтпыз. Өкінішке қарай, кешегі кеңестік дәуірде осы ұлттық кодымыз босаңсып кетті. Содан барып намыссыздық пайда болды.

Бір мысал айтайын. Директор кезім. Егін орып жатырмыз. Бір комбайн тоқтап қалды. Барсам бір орыс, бір қазақ – екі агроном жүр. Қазақ тұр, орыс комбайнның ішіне кіріп, бірдемені шұқылап жүр. Қазақ та, орыс та жас жігіттер. Екеуі екі бөлімшеде агроном. Сосын «Әне, қарашы. Максим комбайнды да біледі, жөндеп жатыр. Күні кеше ғана институтты бітіріп келді. Ал, сен болсаң үш жыл жұмыс істейсің. Анау білгенді сен неге білмейсің?» дедім өзіміздің қазаққа.

– Ой, аға, ол орыс қой! – дейді.

Қаным басыма шапты.

– Сен осы намыс дегенді білесің бе? Онда бар екі қол, екі аяқ, бас сенде де бар. Ол да жоғары білімді, сен де жоғары білімдісің, әрі бірер жыл жұмыс тәжірибең бар. Сенде намыс жоқ екен, – дедім.

Мақтанғаным емес, өзім өзге ұлты көп ортада өстім. Қай істе де олардан қалып қоймауға тырыстым. Өйткені, мені бір ұлы күш үнемі алға жетелеп отыратын. Ол намыс еді. Намыс – еңбекке, еңбек – табысқа себепші болады. Әр қазақ баласы жадына осыны мықтап түйіп алғаны жөн. Қазір техника мен технология заманы. Қазақ баласы өзгелермен терезесі тең болу үшін осы бағытты жаппай меңгеруі керек.

– Жасыратыны жоқ, кешегі кеңестік кезде қазақ кадрларын екінші планға қойып, кеудеден итеріп,  намысын  басты. Сіз оның  талайына куә болған шығарсыз?

– Болғанда қандай! 1984 жылы мен «Харьков» кеңшарына директор болып тағайындалдым. Жан-жағыма қарасам мамандардың бәрі өзге ұлт өкілдері. Бірде-бір қазақ жоқ. Бөлімшеге барып едім, басқарушы да орыс жігіті. Білімі – орта дәрежелі. Ал, есепшісі – қазақ, білімі – жоғары. Ол кездегі саясаттың сыйқы осы. Тіпті, техниканың да ескісі қазаққа беріледі екен. Содан кеңшардағы шаруаға мығым, өз ісіне ыждағатты қарайтын жігіттерге жаңа техника бердім. Бөлімше басшыларының үшеуіне сенімді ақтайды-ау деген қазақ азаматтарын отырғыздым. Бас зоотехник, бас мал дәрігері, бас прораб, бас инженерлерді қазақ қылдым. Олардың бәрі жоғары білімді іскер азаматтар еді. Саясаттың құрбаны болып, төменгі жұмыста жүрген ғой. Обалы не керек, бәрі де сенімді ақтады, ұятқа қалдырған жоқ.

Бүгінгі таңда да елде осындай  азаматтар  аз  емес. Бір «әттеген-айы» сол, меншігінде жері, техникасы бар немесе құрылыспен айналысатын, тағы басқа саладағы кейбір меншік иелері адам еңбегін аяқ асты етеді. Еңбек ақыларын уақытылы төлемейді, төлесе де мардымсыз қылып береді. Кейбіреулері жұмысты істетіп алып, түк бермей, жұмысшыны қуып жібереді. Бұл барып тұрған құнсыздық, ұяттан безгендік. Ондай байшыкештерді заңмен жазалау керек. Осындайдан барып жастар ауылға тұрақтамайды. Ауыл – қазақтың тал бесігі, ал оны жұтаңдатуға мүлдем болмайды.

Мемлекет қазір адамды еңбекке тартудың барлық мүмкіндіктерін қарастыруда. Осыған орай «Еңбек» бағдарламасы қолға алынып, біраз қаржы жұмсалып, шағын несиелер беріліп жатыр. Соны тиімді пайдалана білу, оның маңызын халыққа түсіндіріп жеткізу жергілікті билік өкілдерінің парызы. Ауылдың инфрақұрылымы жақсару керек. Билік пен бұқара халықтың көздегені бір жерден шыққан кезде ғана ауылдың берекесі кіреді, ел көркейеді. Ауылда жастарды ұстап қалу үшін баспана, мектеп, жол мәселесін жедел шешу кезек күттірмейтін міндет.

– Сәке, мазмұнды да ұлағатты әңгімеңізге рақмет! Естір құлақ, ұғар ұрпақ болса, бірталай мәселе қамтылған сияқты. Енді осы ұзақ-сонар әңгімемізді қазақ поэзиясының құлагері, классик ақын Ілияс Жансүгіровтің мына бір өлеңімен аяқтасақ артық болмас:

Халқыңның сырын өзің білесің де,

Ісіне күйесің де, күлесің де.

Қаласың кейде кейіп, кейде мәз боп,

Әйтеуір сол халықты сүйесің де!

Біз сөз еткен тақырыпқа бұдан артық дәл баға беру мүмкін емес шығар. Жақсы болса да, жаман болса да, өз қазағың, өз ұлтың. Өз қолыңды өзің кесе алмайсың. Әйтсе де, ескіден арылып, жаңаға жедел бейімделу, замана көшіне ілесу – өмір талабы. Көш соңында шаң жұтып қалып қоймас үшін қазақ сол талап үрдісінен тезірек табылғай!..

Серік ШАЙМАН, «Qazaq»-тың Қостанайдағы меншікті тілшісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here