Су ресурстарын тиімді пайдаланып жүрміз бе?

1
1268

Су – тіршілік көзі. Табиғи ресурстардың жетіспеушілігі, оны пайдалануда кеткен ысырапшылдық экожүйеге де, адам өміріне де, мемлекеттің даму жоспарына да кесірін тигізеді. Қазіргі уақытта 74 млн халқы бар Орталық Азия елдерінде су тапшылығының пайда болғандығы рас. Оған бірнеше фактор әсер етеді. Айталық, су ресурстарының заман ағымына сай жүйелі түрде басқарылмауы, антропогендік қысымның артуы және климаттың өзгеруіне байланысты тұщы судың азаюы… Мұның бәрі су тапшылығына әкеледі.

Аймақтардағы су тапшылығын шешуде мүдделер қақтығысының орын алатындығы да бар. Мәселен, еліміздегі негізгі тұщы су бассейні саналатын Арал теңізін сумен қамтамасыз ететін Сырдария, Әмудария өзендері Қазақстанның таулы аймақтары арқылы Қырғызстан мен Тәжікстаннан келеді. Ал, тұщы суды пайдалануда мемлекеттердің «жоғарғы ағыста тұратын» және «төменгі ағыста тұратын» елдер болып бөлінуі біршама қиындық тудырады.

Рас, су тапшылығы Орталық Азияға ғана тән деуден аулақпыз. Өйткені, БҰҰ-ның су және энергетика бойынша баяндамасына сенсек, әлемде 768 млн адам таза ауыз суға зәру, 3,5 млрд адамға өмір сүру үшін су жетіспейді. Бұл жаһандық мәселеге Қазақстан Үкіметі де қол қусырып қарап отырған жоқ. Күні кеше, 28 қаңтарда өткен Үкімет отырысында ҚР Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстанның Су ресурстарын басқару жөніндегі 2020-2030 жылдарға арналған бағдарламасының алғышарттары жарияланды. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін аталған жаңа бағдарламаның ескі мәселелерді қалай шешетініне тоқталады.

ҚАЗАҚСТАНҒА СУ ҚОРЫНЫҢ 44%-Ы СЫРТТАН КЕЛЕДІ

Үкімет отырысында су ресурстарын басқару бағдарламасының негізгі бағыттары түсіндірілді.  Олар:

1) Республика тұрғындарының ауыз сумен қамтамасыз етілуі;

2) Оңтүстік аймақтарда жаз айларындағы суармалы судың тапшылығын жою;

3) Экологиялық тұрақтылықты сақтау үшін Арал, Балқаш, Жайық бассейндерінің тағдырын шешу;

4) Көрші елдердің су саясатының салдарынан су бассейндерінің сыртқы ықпалға тәуелділігі және объектілердің ластануы;

5) Су ресурстарын үнемсіз пайдаланудың салдарынан бассейндердің сарқылуы.

Республикамыздың экономикасына тигізер салдары да ашық айтылды:

1) Су шаруашылығының инфрақұрылымдарының ескіруі;

2) Аймақтардың су тасқыны мен су тапшылығынан сақтандырылмауы;

3) Су рециркуляциясының ел өнеркәсібіндегі көлемінің төмендеуі;

4) Қазақстандағы су құбырларының 80%-ның тозуы.

Міне, жаңа бағдарламаны толықтай жүзеге асыру үшін ескі мәселелер ашық айтылып отыр. Арал, Балқаш, Жайық су қорларының көрші елдерге тәуелділігінен құтқарудың маңызы зор.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, Қазақстанның су қорының 44%-ы сырттан келеді. Яғни, аталмыш бағдарламаның тармақтары қордаланған түйіткілді шешуге бағытталған. Шу, Талас, Сырдария, Жайық, Тобыл, Іле, Ертіс өзендерінің көрші мемлекеттердің су саясатына тәуелділігі баршамызға мәлім. Бағдарлама аясында аталған жеті өзеннің де мәселесі оң шешімін табатындығына мүмкіндік зор. Себебі, Қазақстан Үкіметінің трансшекаралық өзендердің мәселесін шешуге әрекет етуі тек бүгін ғана емес, кезең-кезеңімен жүзеге асып келе жатқан игі шаруа.

Кеңес Одағының құрамында болған мемлекеттердің арасында бұрын су бассейндерінің көлемін бөлу туралы келісім болды. Ал, КСРО ыдыраған соң, 1992 жылы барлық кеңестік 15 мемлекет одақ кезіндегі келісім күшінде қалатындығы жөнінде шартқа қол қойды. 1998 жылы бұл келісім шарт қайтадан расталды. Десек те, Өзбекстан мен Тәжікстанның қайшылыққа толы сыртқы саясаты Әмудария мен Сырдарияның су қорына салқынын тигізді. Бұл ретте Қазақстан Үкіметінің көрші елдермен бейбіт дипломатиялық қарым-қатынас орната білуінің арқасында 2017 жылдан бастап Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерімен екіжақты комиссия құрып, күрделі мәселені одан ары ушықтырып алмай, оны шешу жолдарын қарастырып келеді. Үкіметаралық келіссөздердің нәтижелі болуы Арал теңізінің мәселесін шешуге де әсерін тигізеді.

Кеңес Одағы кезінде ҚХР-мен су ресурстарын бөлісу жөнінде Қазақстанның арнайы келісімі болмағандығы бүгінде Іле мен Ертіс өзендеріне де қатер төндіргені рас. Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 2001-2018 жылдар аралығында ҚХР Үкіметімен 15 рет келіссөз жүргізілді. Келіссөз қазір де жалғасып келеді.

Ақорда Ертістің сағасы Ресей екендігін ескере отырып, мәселенің шешілу барысын жеделдету мақсатында үшінші тарап ретінде Мәскеумен де жұмыс жүргізіп жатыр. Қабылданған жаңа бағдарламаның аясында трансшекаралық өзендердің шаруасы бір жақты болудың ықтималдылығы жоғары. Себебі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитеті шетелдік мамандардың кеңесіне, әлемдік тәжірибеге жүгіне отырып, жұмыс жүргізіп келеді.

Трансшекаралық өзендердің мәселесін шешу бағдарламаның ең ірі бөлігі екендігін айта кетуіміз керек. Жоғарыда аталған су қорлары республикамыздың экологиясына, суармалы егін шаруашылығына тікелей қатысты. Үкімет отырысында трансшекаралық өзендердің қалыс қалмауы қуантарлық жағдай.

ЖАҢА БАҒДАРЛАМАНЫҢ ЕСКІ БАҒДАРЛАМАМЕН САБАҚТАСТЫҒЫ ҚАНДАЙ?

Бағдарламаның негізгі 7 нысаналы индикаторының бірі – 26 жаңа гидротехникалық құрылымын салу. Ал, бұл гидротехникалық нысандар бізге не береді? Енді осы сұраққа жауап іздеп көрелік.

Кеңес Одағынан мұраға қалған бөгеттер су қоры бойынша әлемге әйгілі болғанымен, республикамыздың су ресурстарын тиімді пайдалануда олар жеткіліксіз. Қазақстан орта деңгейдегі су тапшылығы бар мемлекет. Бірақ, судың жетіспеушілігі жер асты және жер үсті су қорының аздығынан емес, ресурстардың үнемді әрі тиімді қолданылмауынан туындаған мәселе еді. Егер бағдарлама аясында 26 жаңа гидротехникалық нысандар бой көтерсе, елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуде, суармалы егін шаруашылығын дамытуда, су тасқынының алдын алуда жаңаша серпін береді.   

Республикамызды ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары бұған дейін де жемісті жүргізіліп келді. Мысалы, Елбасының Жарлығымен дайындалған 2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» бағдарламасы өз миссиясын орындады. Бағдарламаның арқасында 3,5 млн адам қоныстанатын 3 449 аймақ ауыз сумен қамтамасыз етілді, 13 288 шақырымдық су құбырлары күрделі жөндеуден өтіп, су құрамының сапасы жақсарды.

Кезең-кезеңімен жүзеге асыруды қажет ететін ауыз су тапшылығын жою шаралары «Ауыз су» бағдарламасымен шектелмеді. 2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ»  бағдарламасы жұмыс атқарды.  «Ақ бұлақтың» арқасында су есептегіш құралдар орнатылды, жүздеген елдімекендер орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді, шалғайдағы ауылдарға су құбырлары тартылды, жер асты су қорын зерттеу жүйелі жолға қойылды. Бағдарлама жұмысының нәтижесінде республика ауылдарының жартысы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылды. Қалаларда бұл көрсеткіш 98%-ды құрады.

«Ақ бұлақ» бағдарламасы өз мәресіне жеткеннен кейін қабылданып отырған 2020-2030 жылдарға арналған Қазақстанның су ресурстарын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарламасы су шаруашылығындағы мамандармен, ғалымдармен бірге әзірленді.

Мағзұм Маратұлы жаңа 26 гидротехникалық нысанды салудан бөлек, қазір қолданылып отырған мемлекет меншігіндегі 182, коммуналдық меншіктегі 300 гидротехникалық нысан да күрделі жөндеуден өтетінін айтады.

«Ескірген инфрақұрылым және соның салдарынан болатын судың ысыраппен пайдалануы, сапалы судың тапшылығы, тариф есептеуде қолданатын тетіктің әлсіздігі, білікті кадрлардың жетіспеушілігі, көршілес мемлекеттермен су бөлу мәселелері – қазіргі су саласындағы аса өзекті мәселелер. Жоғарыда аталған проблемаларды шешу үшін Қазақстанның су ресурстарын басқарудың 2020-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу қажет. Осы мәселе бойынша Елбасы мен Мемлекет басшысының тиісті тапсырмалары бар», – деді мемлекеттік бағдарламаны таныстырған 41 жастағы министр.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жасаған баяндамасында Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанның жалпы су қоры туралы және оның әр түрлі салалардағы көлемі жайлы деректер келтірді. Министрдің есебінше, еліміздегі жер үсті су қоры шамамен 100 текше шақырымды құрайды. Ауыл шаруашылығы саласының су тұтыну көлемі 67%-ды құраса, 30%-ы өнеркәсіптік салалардың еншісіне тиеді. Қалғаны тұрмыстық-шаруашылықта қолданылады.

Маусымдық кедергілерге тап болмас үшін 2030 жылға дейін көктемде қар суын жинақтайтын ірі көлемді су қоймаларын салу көзделіп отыр. Суармалы жерлердің көлемін 1,7 млн гектардан 3 млн гектарға жеткізу үшін жаңа ирригациалық жүйелердің құрылысын салу, қапталған магистралды және бөлу каналдарының ұзындығын 3,4 мың шақырымнан 19 мың шақырымға дейін ұлғайту да басты міндеттердің бірі.

«SMART WATER» ҚАЗАҚСТАНДА ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ?

Су ресурстарын тиімді басқару жобасы кешенді бағдарлама болғандықтан су нарығын іске асырудың пайдасы баршылық. Ал, Мағзұм Мырзағалиев су нарығын құруда халықаралық тәжірибені ескере отырып, Үкімет отырысында «Smart Water» жобасын енгізуді ұсынды.

Сонымен, «Smart Water» қандай жоба?

Тікелей аударсақ – ақылды су. Әйтсе де, «Smart Water» – заманауи технология, жаңа бренд. Әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие болған минералды су. Бұл табиғи су циклының бірегей технологиясы. Нақтырақ айтар болсақ, табиғи жолмен буланған судың газдық күйін қайтадан конденсациялау арқылы ерекше дәмге ие минералды су пайда болады. Аталмыш жоба қолдан тұщы су жасаудың ең тиімді жолы саналады.

Бүгінде жаңа технологиямен дайындалатын минералды сусынның саудасы қызып тұр. Мәселен, Ресейдегі «Coca-Cola» компаниялық жүйесі «Smart Water» жобасындағы жаңа брендін ұсынды. Ресейлік сусын Ирландия, Хорватия, Чехия, Австрия елдеріне экспортталады. Жалпы алғанда, 1996 жылы пайда болған «Smart Water» жобасы АҚШ пен Ұлыбританиядағы су премиум сегментінде көшбасшы саналады.

Қазақстанның «Smart Water» жобасының аясында жұмыс жүргізуі болашақта әлемдік су нарығына енуіне, сондай-ақ, тұщы су қорларын үнемдеуде, ауыз су мәселесін шешуде де өз дәрежесінде септігін тигізері анық.

«Smart Water» технологиясының жұмыс барысы жасыл экономикаға бағытталған. Ақмола облысындағы Ақкөл ауданы бүгінде ауыз су мәселесіне қатысты экологиялық жобаның зертханасына айналған. Аталмыш жоба мектеп жасындағы балаларды сапалы әрі таза ауыз сумен қамтуға арналған. 24 мектепке су тазартқыш арнайы фильтрлер орнатылған. Жоба авторлары су өндіретін атмосфералы су генераторын орнатуды жоспарлауда. Бұл туралы Жасыл экономиканы қолдау коалициясының атқарушы директоры Асхат Сүлейменов: «Бұл құрылғылар электр тоғымен жұмыс істейді. Қазір біз серіктестерімізбен бірігіп, оған қосалқы желі станциясын орнатуды көздеудеміз. Ауадан ол арқылы тәулігіне бес мың литр су алуға болады. Егер бұл жоба сәтті шығып, жүзеге асып жатса, ауыл-аймақтарды сумен қамтуға мүмкіндік туады. Тұщы суға зәру елдімекендер үшін бұл таптырмас құрылғы болады», – деп түсіндірді.

Судың сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар да атқарылып келеді. Құбыр суларының сапасын жақсартуда хлормен тазарту бүгінде заман көшінен қалды. Қазір су қоймаларынан келетін суды залалсыздандыру үшін әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, ультра фиолет технологиясын қолдану жоспарланып отыр. Өйткені, су сапасын арттыру – халық денсаулығының сапасын арттыруға тікелей әсер етеді.

Жоғарыда Қазақстан Үкіметінің 2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» бағдарламасының, 2011-2020 жылдарды қамтыған «Ақ бұлақ» бағдарламасының жұмыстарын тілге тиек еттік. Бұрынғы екі жоба тек ауыз су тапшылығын шешу мақсатында жұмыс жүргізді. Ал, қабылданып отырған жаңа жоба кешенді бағдарламаға жатады. Себебі, су ресурстарының мәселелері жан-жақты қамтылған. Трансшекаралық өзендердің мәселесі және оны шешуде алдын-ала стратегиялық жоспардың құрылуы, суармалы жерлердің көлемі, жаңа гидротехникалық нысандар салу, құбырларды жаңарту, жер асты және жер үсті су қорларын бірдей пайдалану, экожүйенің тепе-теңдігін сақтау, су инфрақұрылымдарын салу және жөндеу шаралары… бәрі де есепке алынған. Су ресурстарын тиімді басқаруға арналған бағдарлама бұған дейін айтылған Үкіметтің жасыл экономикаға көшу саясатымен өзара астасып жатыр.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Кешенді бағдарлама кешеуілдемей орындалса, еліміздің  экологиясының жақсаратынына, экономикасының қарыштап дамитынына, халықтың өмір сүру сапасының артатынына еш күмән жоқ. Ал, су ресурстарын тиімді басқару бағдарламасын толықтай жүзеге асыруына Қазақстанның әлеуеті жетеді. Тек Мемлекет басшысы айтқандай, асыра сілтеушілік пен ысырапшылдыққа жол бермеу керек.

ФАРАБИ СӘЙКЕНОВ, «QAZAQ»-ТЫҢ ШОЛУШЫСЫ

1 пікір

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here