Ғылым мен білімнің, техниканың дамуы адамзат өмірін біршама жеңілдеткенімен, экожүйеге кері әсерін тигізуде. Қазіргі таңда табиғи ландшафттарға нұқсан келуден бөлек, атмосфераның ластануы жаһандық жылынуға алып келеді. Елімізде ауаның ластану деңгейі де айтарлықтай жоғары. Мәселен, республикамыздағы көліктерден ғана шығатын түтіннен ауаға бір миллион тоннадан астам зиянды газ шығады. Қазақстан Үкіметі аталмыш күрделі мәселенің алдын алу үшін ауаға таралатын зиянды қалдықтарды барынша азайту жұмысын қолға алмақ. Мұндай тапсырманы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы Үкімет отырысында берген болатын.
Бүгінде ауаны тазарту жұмыстарының зертханасы ретінде Алматы қаласы қарастырылып отыр. Себебі, экологтардың айтуынша, 2014 жылы еліміздің оңтүстік астанасы әлемдегі ең лас 25 қаланың тізіміне енген. Ал, билік өкілдері мегаполис ауасының ластануына көліктерді кінәлайды. Атқамінерлердің бұл уәжімен келіспеске тағы болмайды. Қалада ресми тіркелген (517 мың) және күнде өзге өңірлерден қатынайтын (250 мың) «темір тұлпарлардың» саны 760 мыңнан асып жығылады. Содан көліктің көк түтініне тұншыққан Алматының ауасын жақсарту мақсатында қоғамдық көліктер газбен жүруге көшкен. Бұл – бір. Екіншіден, таяуда мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржыға көліктің отын сынамаларына зерттеу жүргізіледі. Әйтсе де, кейбір сарапшылардың пікірінше, мұндай тәсіл мәселені түпкілікті шеше алмайды. Қала ауасын тазарту тереңірек зерттеуді, яғни «жеті рет өлшеп, бір рет кесуді» қажет етеді.
Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Алматы қаласының ауасын жақсартуға арналған Үкімет жоспарына, сарапшылардың болжамдары мен пікірлеріне тоқталады.
АЛМАТЫНЫҢ ЭКОЛОГИЯ МӘСЕЛЕСІ ҚАЛАЙ ШЕШІЛЕДІ?
Ақпан айының басында, 5 ақпан күні ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Алматы ауасының ластануы бойынша мәлімдеме жасады.
«Әлеуметтік желілерде Алматы ауасының ластығы жөнінде қызу талқылау жүруде. Президенттің тапсырмасымен Алматыдағы атмосфералық ауаны жақсарту шараларының бірі ретінде техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу басталды. Оның аясында екі нұсқа қарастырылуда – газға ауысу немесе «ЖЭО-2»-ге сүзгілер орнату. Техникалық-экономикалық негіздеме биыл сәуір айында аяқталады. Содан кейін жобаның барлық тетігі, құны, техникалық сипаттамалары, зиянды шығымын азайту және өзге де ақпарат көпшілікке жарияланады», – деп түсініктеме берді 41 жастағы министр Мағзұм Маратұлы.
Күні кеше, 13 ақпанда Алматыдағы ауа тазалығын бақылаумен айналысатын «AAirVision.kz» қоғамдық қоры құрылды. Қордың құрылтайшылары Берік Қаниев пен Алексей Ни қаладағы ауа бассейнін бірнеше жыл ішінде тазартуды қолға алады. Ол үшін қоғамдық қор мемлекеттік органдармен, азаматтық сектормен, қазақстандық және шетелдік ғалымдармен бірге жұмыс істейді. Сөйтіп, бұл қор жұмысына барлық экология мамандары тартылады.
Алғашқы қадам ретінде заманауи мониторинг жүйесін жасау ұйғарылды. Бұл жүйе Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы рұқсат берген әдістемелердің негізінде жасалады.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы әкімдігі қалада «ЖЭО-2»-ні газға ауыстыру бойынша арнайы жол картасы жасалғанын хабарлады.
Алматы қалалық жасыл экономика басқармасы өкілдерінің айтуынша, әкімдік мегаполистегі экологиялық мәселені шешу мақсатында кешенді шаралар қабылдауда.
«ЭКОСЕРВИС-С» сарапшылары жүргізген зерттеуге сенсек, 2018 жылы тұрақты көздерден ауаға шығарылған зиянды заттар көлемі 34%-ды немесе 43 мың тоннаны құрады. Соның ішінде «ЖЭО-1», «ЖЭО-2» де бар. Ал, қазір «ЖЭО-1» толықтай газбен жабдықталса, «ЖЭО-2»-ні газға көшіру үшін 2019 жылдың 15 қарашасында «Алматы электр стансалары» АҚ техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу туралы «ҚазНИПИ Энергопром» АҚ-мен келісімге қол қойды. Демек, жылу электр орталығын модернизациялау туралы шешім қабылданды.
Сонымен қатар, қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізуді бақылау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Алматыдағы қоршаған ортаның жай-күйін автоматты түрде бақылайтын газ сараптамалық стансалар орнату жоспарланған.
Жүргізілген статистика ластану көздерінің бірі ретінде көліктерді көрсетті. Олардың зиянды шығарындысы шамамен 65%-ды құрайды.
ҚАЛАҒА КІРУ ҮШІН БАСҚА АЙМАҚТЫҢ КӨЛІК ИЕЛЕРІ АҚЫ ТӨЛЕУІ КЕРЕК ПЕ?
Алматы әкімдігінің жоғарыдағы мәліметтерімен келіспейтіндер де бар. Солардың бірі – Әсет Наурызбаев.
Экономикалық сарапшының пікірінше, Алматы ауасының ластануының басты себебі көліктерден шығатын көмірқышқыл газы екендігін растайтын нақты зерттеулер жоқ.
«Көліктер көп мөлшерде көмірқышқыл газын бөліп шығаратыны мәлім. Бірақ, көмірқышқыл газының салыстырмалы түрде алып қарағанда күкірт оксидінен зияндылығы аз. Иә, көліктерден шығатын зиянды заттарды азайту маңызды шаралардың бірі. Жемқорлықтың мемлекет ұйымдастыратын барлық шаралардың құрамдас бөлігіне айналуы басты мәселе болып отыр. Сондықтан, жекеменшік зертханаларда сатылатын жанармай сапасының анықтамасына тәуелсіз сараптама жүргізу керек. Бұдан бөлек, көліктерді техникалық байқаудан стандартты өткізу процедурасы екі жылда бір рет тексеріліп, көліктердің өздері де бақылауға алынуы тиіс. Көліктерді техникалық байқаудан өткізуде де жемқорлықтың белең алғаны жасырын емес. Жемқорлықтың салдарынан қазір қажетті анықтама қағазын үйден шықпай-ақ алатын деңгейге жеттік. Сол себептен көлік жөндеу орталықтарын бақылайтын орталықтандырылған жүйенің енгізілгені дұрыс. Көлік жөндеу орталығына барғанда оның техникалық жағдайы туралы барлық деректер сонда тіркелуі керек. Егер көліктің ауаға бөлетін көмірқышқыл газы белгіленген мөлшерден асып кетсе, жүргізуші көбірек салық төлесін», – деп санайды экономикалық сарапшы.
Әсет Наурызбаевтың байқауынша, бүгінде экологиялық бекеттер дұрыс жұмыс атқармайды. Сондай-ақ, экономикалық сарапшы «бұл ретте басқа қалалардан келетін көліктер үшін қандай да бір шектеулер енгізудің қажеті жоқ» деп санайды.
Сарапшының пікірімен Есеп комитетіндегі республикалық бюджеттің игерілуін бақылайтын «Қаржылық бұзушылықтарды зерттеу жөніндегі орталықтың» директоры Мағбат Спанов та келісе отырып, мәселені басқа қырынан да алып қарастырады.
Мағбат Спановтың ойынша, экожүйенің ластануына көліктерді ғана айыптау мәселені шешудің біржақты әрі кәсіби емес тәсілі болып саналады. Қалада еуростандарттарға сәйкес келмейтін ескі көліктердің бары рас. Ал, жоспарланып отырған көліктердің шығаратын газ мөлшерін зерттеу және арнайы құрылғыларды сатып алу біреудің коммерциялық мүддесіне негізделгенін айтады. Және Алматы қаласының проблемасын шешуде халықтың қалтасын қақпауды жөн көретіндігін жасырмай айтты.
«Кейбір өндірістер Алматы қаласының экологиясына кері әсерін тигізеді. Ең басты фактор – Алматының бұрыс бағытта дамуы. Кеңес заманында қала құрылысының барысын тау-кен инженері Дінмұхамед Қонаевтың өзі бақылап, жел бағыты, суару жүйесі сияқты мәселелер ескеріліп отырды. Қазір мұндай талаптар сақтала бермейді. Аспанмен таласқан биік ғимараттар көптеп салынды, салынып та жатыр. Мегаполис қазан шұңқырда тұрғандай әсер қалдырады», – деген пікір айтты Мағбат Спанов.
БАСТЫ МӘСЕЛЕ КӨМІРДЕ МЕ, КӨЛІКТЕ МЕ?
Қоршаған ортаны қорғауға шырылдап жүрген қоғам қайраткері Абай Ерекенов Алматының экологиялық мәселесі және онымен күресу шаралары туралы ойымен бөлісті.
«Бізде мемлекеттік реестерде көрсетілетін шетелдік шаң өлшегіштер, яғни канцрогенді микробөлшектерді өлшеуге арналған құралдардың көмегімен үкіметтік емес «AUA Group» ұйымының екі жыл бойы жүргізген сынамаларының қорытындысы бар. Құрылғылар қаланың түрлі аймақтарында орналасқан. Екі жылдық бақылаудың нәтижесінде Алматының экологиялық апат аймағына айналғанына көз жеткізе аламыз», – деген қоғам қайраткері мегаполистегі ауаның ластану деңгейі қалыпты деңгейден сегіз есеге асып кеткенін ашық айтты.
«Ластанудың негізгі көздері – көмірмен жұмыс істейтін электр станциялары, сонымен қатар, көмірмен жылытылатын кәсіпорындар мен жеке секторлар. Оның үстіне жергілікті шенеуніктер бұл ақпараттарды мұқият жасырады. Экологтардың конференциясында Қазақстанда ауаны ластаушы төрт мың стационарлық көздері бар екендігі айтылды. Мемлекеттік органдардың ресми мәліметі бойынша, ауа ластануының 65%-ы ЖЭО-дан келеді. Мұндай зерттеулер АҚШ-та да, Еуропада да жүргізіледі. Өркениетте елдердің барлығында да ластанудың негізгі көздерін дер шағында анықтауға тырысады. Барлық елдерде ауаны ластаушы негізгі көз ЖЭО деп танылды. Енді оларды бірте-бірте әлем бойынша жабатын болады. Польшадағы жылу электр орталығын жабу ірі еуропалық жобалардың бірі болды. Себебі, одан көмір шахталарының жұмысы да тоқтайды. Сәйкесінше, шахта қызметкерлеріне жұмыссыз қалу қаупі туды. Содан Еуропалық Одақ аталмыш жобаны қаржыландырып, барлығын жауып тастады», – деп түсіндірді Абай Ерекенов.
Қоғам қайраткерінің айтуынша, Қазақстанда көмір жағатын жылу электр орталықтарын жабуға немесе көгілдір отынға ауыстыруға «көмір мафиялары» кедергі келтіреді. Ал, біздегі көмір жағатын қазандықтардың жұмысын жаңғыртқанымен, оң өзгерістер болмайды. Себебі, онда алпысыншы жылдардағы әбден ескірген технологиялар қолданылады.
«Бір кездері әлемдегі миллиардерлер өз бизнестерін сақтап қалу үшін бизнестерін модернизациялауға күш салды. Алайда, техникаларды жаңарту сайып келгенде экологиялық қауіпсіздікті және экономикалық тиімділікті жақсарта алмады. Бүгінгі таңда әлемдегі ЖЭО қазіргі заманғы жаңа технологиялармен алмастырылуда. Жаңа технология табиғи газды тригенерациялау арқылы жүзеге асырылады. Аталмыш технологияның тиімділік көрсеткіші 90%-ды көрсетеді. Жаңа қондырғының арқасында тұрғын үйлерді, аурухана, мектептерді жылумен қамтуға болады. Бұрынғыдай жылуды 2 500 шақырымдық құбырдан күтудің қажеті шамалы», – деген Абай Ерекенов жаңа технологияға көшу экологиялық жағдайды жақсартып қана қоймай, монополиясыздандыруға да ықпалын тигізетінін айтты.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Еліміздің оңтүстік астанасын әлемдегі ауасы ең лас қалалардың тізімінен шығару – күн тәртібінде тұрған әрі кезек күттіруді кешірмейтін мәселе. Алматының экологиясын жақсарту екі миллион халықтың өмір сүру сапасын арттыруға септігін тигізеді. Дамыған алдыңғы қатарлы елдер сапына кіруге асық Қазақстанның бұл мәселені өркениетті түрде шешетіндігіне үміт зор.
ФАРАБИ СӘЙКЕНОВ, «QAZAQ»-ТЫҢ ШОЛУШЫСЫ