Дүние-керуен: Әбдісағит Шаймұханбетұлы Тәтіғұлов

0
2736

Еліміздің жобалау-құрылыс саласы ауыр қазаға ұшырады. 2020 жылдың 19 ақпанында ұзаққа созылған ауыр науқастан сәулет және құрылысты жобалау ісінің көрнекті инженері және ұйымдастырушысы, ҚР Ұлттық жобалаушылар қауымдастығының президенті, Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген құрылысшы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Тәтіғұлов Әбдісағит Шаймұханбетұлы 80-ге қараған шағында дүниеден озды.

ЖАРҚЫН БЕЙНЕСІ ӘРІПТЕСТЕРІ МЕН ДОСТАРЫНЫҢ ЖАДЫНДА МӘҢГІЛІККЕ ҚАЛАДЫ

Әбдісағит Тәтіғұлов 1940 жылдың 13 наурызында Қостанай облысының Федоров ауданындағы Трактовое ауылында дүниеге келді. Қазақ политехникалық институты құрылыс факультетінің 1962 жылғы алғашқы түлектерінің бірі. Еңбек жолын Ақмола (қазіргі Нұр-Сұлтан) мен Алматының құрылыс алаңдарында мастер, прораб, құрылыс учаскесінің бастығы лауазымдарынан (1962-1964 ж.) бастады. Қазақ КСР-інің Құрылыс істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде (Мемқұрылыс) бас маман, Тұрғын үй-азаматтық құрылыс басқармасының бастығы болып жұмыс істеді, республикалық Мемқұрылыс төралқасының мүшесі болды (1964-1975 ж.). 1975 жылдан бастап 40 жылдан аса саладағы жетекші «Казгорстройпроект» жобалау институтын (қазіргі «KAZGOR» жобалау академиясы) басқарды.

Әбдісағит Шаймұханбетұлы еліміздің әртүрлі даму кезеңдерінде сәулет және құрылыс қызметіне қомақты үлес қосты. 1998 жылы ҚР Үкіметінің 1998 жылғы 11 наурыздағы № 199 қаулысымен оған қазылар алқасының Төрағасы ретінде жаңа елордамыз Астананың Бас жоспарының нобайлық идеясына жарияланған халықаралық маңызы бар конкурсты басқару жұмысы сеніп тапсырылды. Ол – жобалау-құрылыс саласының нормативтерін реформалау жөніндегі тұжырымдама авторларының бірі. Сонымен қатар, «Архитектура мен жобалау негiздерi» атты төрт томдық оқулықтың (2001-2005 ж.) және төрт жүзден аса ғылыми мақалалар мен жобалық әзірлемелердің авторы. Оның редакция жетекшісі ретіндегі басшылығымен Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздіктің сәулет және құрылыс саласын қамтитын 9-томы жарық көрді.

Тәтіғұлов Әбдісағит Шаймұханбетұлы – ҚР Ұлттық инженерлік академиясының, Халықаралық инженерлік академиясының және Халықаралық Шығыс елдері сәулет өнері академиясының академигі. Ә. Тәтіғұловтың еңбегі «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет» ордендерімен және т.б. көптеген мемлекеттік марапаттармен аталып өтті.

Үлкен маман иесі, қамқор аға, ғалым, Қазақстандағы жобалау ісінің көпшілікке танымал ұйымдастырушысы Тәтіғұлов Әбдісағит Шаймұханбетұлының жарқын бейнесі оның әріптестері мен достарының жадында мәңгілікке қалады.

ҚР Сәулетшілер одағы,

Қазақстан құрылысшылары қауымдастығы,

ҚР Ұлттық жобалаушылар қауымдастығы,

«KAZGOR» жобалау академиясы

АЗАМАТ ЕДІ АЯУЛЫ

(Әбдісағит Тәтіғұловпен қоштасу)

Талант – ұлттың ұлы қазынасы. Адам талантты, оған қоса аса еңбеккер болса, нағыз Азамат сол! Әбдісағит Тәтіғұлов  сондай аса  аяулы  Азамат еді. Әттең, дүние арман-ай, мына дүние жалған-ай, сом тұлғасы сонадайдан шалынар, сырты нұрлы, іші сырлы, бітімі бөлек бекзат Азамат Әбдісағитты қайғының қара жыланы зәрлі уын аяусыз шашып, аярлықпен аямай шағып арамыздан алып кетті. Дене мұздап, жүрек сыздап, қаралы қалам қалтырап, ботадай боздап отырмын…

Әбдісағит екеуіміз бота тірсек бозбала кезден бірге едік. Институт бітірген қуанышында да, жанып сүйген жан-жары Мағрипаға үйленген бақытты кезінде де, әке орнына әке болған асыл азамат Қали ағасы қайтыс болған қайғысында да  жанында болып, көз жасын сүртіп едім.

Қайырымдықтан асқан қасиет жоқ. Әбдісағит өте қайырымды еді, жетім менен жесірге көмек қолын сұратпай созды, кем кетігі көп мұқтаж жандардың жыртығын айтқызбай жамады, жеке адамдарға ғана емес, бүтін халық, бүкіл  қоғамға адал қызмет етті.

Әбдісағит аса талантты еді. Ол іргесін бекітіп, қабырғасын қалап, шаңырағын тіктеген «Қазгор» жобалау институтының білімді де білікті басшысы Әбдісағиттың сәулет өнеріндегі қайталанбас қолтаңбасы Қазақстанның біраз өңіріндегі айтулы ғимараттарда айқын айшықталып тұр. Ол «Қазақстан» қонақ үйіне ерекше сән берген сәулет өнеріндегі сәулелі таланты үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болды. Отандық және  шетелдік  жобалау институттары мен академиялардың академигі болып сайланды.

Ақыл-ойдың алыбы Лев Толстой «Ұмытпа! Сен өмірдің тұрғыны емес – жолаушысы ғанасың» деп еді. Адамзаттың дұшпаны арсыз ажал өзінің тойымсіз аш көздігін тағы бір танытып, тағы бір талантты жалмағаны өзекті өртер өкініш.

Әбдісағиттың қазасына орай ет жақындары «аяулымыздың айырылдық» деп жылап, «қасиетті қара жер қойнына асыл Азамат келді» деп жылаған жұртты жұбатып жатыр.

Халықаралық Сәулет Академиясының академигі, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы, ғалым-инженер, «Парасат» орденінің иегері Әбдісағит Дос алдағы 13 наурызда 80 жасқа толатын еді, ел мерейтойын тойлайтын еді, ол көркем көркімен ортамызды толтырып, бәрімізге аппақ самал ажарымен сәуле шашып, мейірімі мол назарымен нұрын төгіп, ойлы, мұңлы жанарымен жарық дүниені аймалап отырар еді…

Әттең-ай, әттең, амал не? Сол ғазал күн, ғажап сәтке жеткізбеді арсыз ажалы.

Қош бол, қоштасуға қимайтын аяулы Дос, асыл Азамат!

Сәбит ДОСАНОВ,

жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері

 

«QAZAQ» ГАЗЕТІНІҢ ЖАНАШЫРЫ ЕДІ…

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор, «Qazaq» газетінің 2006 жылдан бергі Ақылдастар алқасының мүшесі Тәтіғұлов Әбдісағит Шаймұханбетұлының өмірден өткені жөнінде қаралы хабарды естіп, есеңгіреп қалдық.

Әбдісағит Шаймұханбетұлы Ақылдастар алқасының мүшесі ретінде «Qazaq» газетінің таралымына үлес қосып, демеушілік көрсетіп жүрді. Қолынан қаламын тастамады. Газетімізде талай мақалалары жарық көрді.

2014 жылы Қоғабай Сәрсекеев дүниеден өткенде «Қазақтың» күні енді  не болар екен?» деген  екіұдай пікірлердің басы қылтиып шыққаны да, редакция қызметкерлерінің желдей ескен жорамалдардан дағдарып қалғаны да жасырын емес. Өкінішке қарай, марқұм Қоғабай Сәтенұлының қазасынан кейін көбі «өзі жоқтың – көзі жоқ» дегенді ұстанды. Газет қиын-қыстау кездерді басынан өткерді. Басылымның бас редакторы ретінде талай есікті қақтым. Көбінен көмек болмады. Сол сын сағатта тау тұлғалы Әбдісағит аға Тәтіғұлов шықты. Қабылдауында болдым. Жылы қабылдады. Газетке жылдағыдай жазылатындарын айтты. Тіпті, сол кезде менің бетімді қайтармай, газетке қаржылай көмек көрсетті. Қоғабай ағаның қазасынан кейін газетке қамқорлық көрсеткен бес адам болса, сол бесеудің бірі Әбдісағит аға болды. Мұны Әбдісағит ағаның ұлылар қалдырған ұлағаттың үнпарағы болған «Қазақтың» шығармашылығына азаматтық айбар, қайраткерлік қажыр қосқанын, дағдарыс кезеңінен тарықпай өтуіне рух бергенін Алаш арыстары мен досы Қоғабай Сәрсекеев тапсырған аманаттың жауапкершілігін жан жүрегімен сезінгені деп қабылдадық.

Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті Әбдісағит Шаймұханбетұлының отбасына, туған-туыстарына, бар өмірін арнаған «KAZGOR» жобалау академиясының ұжымына көңіл айтады.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ,

«Qazaq» газетінің бас редакторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here