Партиялық жүйе: Бәсеке болмай, бәйге жоқ

0
4796

Өткен жылдың соңында, 20 желтоқсанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында еліміздегі саяси жүйені реформалау және жаңғыру мәселелеріне кеңінен тоқталып, нақты төрт ұсыныс жасады. Біріншісі – бейбіт митинг өткізуге рұқсат беру, екіншісі – саяси партия құру үшін тіркеу кедергілерін азайту, үшіншісі – партия тізімінде әйелдер мен жастарға 30% міндетті квота беру, төртіншісі –  парламенттік оппозиция құру.

«Қазір саяси партияны тіркеу үшін оның кем дегенде 40 мың мүшесі болуы керек. Бұл норма ұзақ уақыттан бері сақталып келеді және өткен кезеңнің талабына сай болды. Енді жаңа саяси жағдайда, бір жағынан, азаматтардың талаптілектеріне, екінші жағынан, ықтимал тәуекелдерге лайықты үн қатуымыз қажет. Біздің қоғам партия құрылысының жаңа сапалық кезеңіне өтетіндей дәрежеге жетті. Сондықтан тіркеу үшін партия мүшелері санының төменгі шегін екі есеге азайтуды ұсынамын, яғни 20 мыңға дейін. Бұл айтарлықтай маңызды өзгеріс. Ол азаматтық белсенділікті арттыруға қосымша мүмкіндік береді. Жалпы, біз партияларға және сайлауға қатысты заңдарды біртебірте өзгертуіміз керек«, – деп түсіндірді сол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының бұл бастамасын бес ай бойы қазақстандықтар қызу талқылады, мамырда депутаттар мақұлдады. Сөйтіп, Қасым-Жомарт Тоқаев «Сайлау және саяси партиялар» туралы заңдарға енгізілген толықтыруларға қол қойды. 

Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті Қазақстандағы партиялық жүйенің бүгініне тоқталады.

Қазақстанда бүгінде ресми тіркелген алты саяси партия бар: «Nur Otan», «Aq jol», Қазақстанның коммунистік халық партиясы, «Ауыл», Жалпыұлттық социал-демократиялық партия   және «Бірлік». Алғашқы үшеуіне Қазақстан Парламенті Мәжілісінен орын бұйырған. Өйткені, ҚР Парламенті Мәжілісі сайлауының 2016 жылғы қорытындысы бойынша Мәжіліс жеті балдық шекті бағындырған үш саяси партиядан жасақталды. Атап айтқанда, сайлаушылардан 6,1 млн дауыс (82,15%) алған «Nur Otan» партиясы 84 орынды, 538 мың дауыс (7,18%) алған «Aq jol» демократиялық партиясы 7 орынды, 535 мың дауыс (7,14%) алған Қазақстанның коммунистік халық партиясы 7 орынды иеленді.  Ал, қалған үш партия – «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы және  «Бірлік» саяси партиясы сайлаушылардың қажетті қолдауына ие  бола алған жоқ.  Сөйтіп,  Мәжілістегі  107 депутаттық орынның 98-і – партиялық тізім бойынша,  9-ы – Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланды.

Әрине, «Nur Otan» партиясының салмағы басым. Іргелі партия. 900 мыңдай мүшесі бар.  Мәжілістегі депутаттарының сөзі өтімді. Ал, 20 жылдан астам тарихы бар партияның төрағасы – Нұрсұлтан Назарбаев.

Биыл партияда Қазақстан тарихында алғаш рет дамыған елдер тәжірибесімен праймериз өткелі тұр. Осылайша, барлық салада алдыңғы қатардан табылатын көшбасшы партия бұл істе де ізашарға айналмақ. Ал, праймериз ең белсенді және сенімді мүшелерді анықтауға мүмкіндік бермек. Партия атынан өзекті мәселелерді шешетін де солар болмақ.

Мәжілістегі азшылық саналатын «Aq jol» партиясы 2002 жылы құрылды.  Бүгінде 255 мың мүшесі бар. Төрағасы – Азат Перуашев.

Аталған партия 2004 жылғы Мәжіліс сайлауында 12,04% дауыс жинап, екі депутаттық мандат алды. Дегенмен, сайлаудың әділетсіз өткенін алға тартқан Әлихан Бәйменов депутаттық мандаттан бас тартты. Сөйтіп, Мәжілісте ақжолдықтардың атынан Амалбек Тшанов қана болды. Өкінішке қарай, 2007 жылғы Мәжіліс сайлауында 3,09% дауыс жинаған партия Парламентке өтпей қалды.

2011 жылы партияның съезінде «Ақ жол» ҚДП төрағасы болып Азат Перуашев бірауыздан сайланды. Азат Тұрлыбекұлының басшылыққа келуімен партия өз қызметінің ұйымдастырушылық, кадрлық, идеологиялық, зияткерлік негізіне түбегейлі өзгерістерді іске асырды.

2012 жылдан бастап «Aq jol» партиясы парламенттік фракция болып есептелінеді. Мәжілісте депутаттық фракциясы бар. Атап айтқанда, 2012 жылдың сайлау қорытындысы бойынша партия сайлаушылардың 7,47% дауысын жинап, 8 депутаттық мандатқа ие болды.  2016 жылдың сайлау қорытындысы бойынша партия 7 мандат алды.

Қазақстанның коммунистік халық партиясының тарихы 2004 жылдан бастау алады. Төрағасы – Айқын Қоңыров. Партия мүшелерінің саны 100 мыңға жетеді.

Мәжіліс сайлауында 2004 жылы 1,98% дауыс, 2007 жылы 1,29% дауыс алып, Парламентке өткен жоқ. 2012 жылдан кейін коммунистердің тасы өрге домалады. 2012 жылы да, 2016 жылы да Мәжілістен жеті мандаттан алды.

Қалған үш партия үшін Мәжіліске өту орындалмас арманға айналды. Дегенмен, «Жығылған жұдырыққа тоймас» дегендей, олар әр жылдардағы сайлауға қатысып келеді.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) 2006 жылы құрылып, 2007 жылы тіркеуден өтті. 160 мың мүшесі бар. Төрағасы – Асхат Рақымжанов.

Ресми мәлімет бойынша, 2007 жылы ЖСДП сайлаушылардың 4,54% дауысын жинап, 5%-дық шекті алмағандықтан Парламентке өтпей қалды. Парламент Мәжілісінің 2012 жылғы, 2016 жылғы сайлауларында да сайлаушылардың қажетті дауысына ие бола алмады. Өздерін Қазақстандағы авторитарлық жүйеге оппозиция болып табылатын, әлемдегі дәстүрлі социал-демократиялық құндылықтарды дәріптейтін саяси партия санайтын ЖСДП өкілдері барлық сайлаудың нәтижесімен келіспейді. Дегенмен, партияның ішіндегі талас-тартыстардың санында есеп жоқ. Алысқа бармай-ақ былтырғы айтыс-тартысқа тоқталайық. 2019 жылы 26 сәуірде ЖСДП 14-ші съезінің делегаттары Жармахан Тұяқбайдың партия төрағалығы қызметінен кетуіне байланысты дауыс берді. Жармахан Тұяқбайдың ұсынысымен төрағалыққа публицист Ермұрат Бапи сайланды. 2019 жылы 6 қыркүйекте ЖСДП-ның 15-ші съезінде делегаттар Ермұрат Бапиды төрағалықтан алып тастауға дауыс берді. Партияластардың оған қойған басты айыбы «партияның дербестігіне және социал-демократиялық сипатына нұқсан келтіретін волюнтаристік шешімдер қабылдауы»  болды.

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының тарихы 2000 жылдан бастау алады. Төрағасы – Әли Бектаев. 300 мың мүшесі бар. Партия елдегі барлық президенттік, парламенттік сайлауларға қатысып келеді. Соңғы 2016 жылғы парламенттік сайлауда 2,01%, 2019 жылғы президенттік сайлауда 3,04% дауыс алды.

«Руханият» пен «Әділет» партияларының бірігуі арқасында 2013 жылы «Бірлік» саяси партиясы құрылды. Оның қатарына 53 мың адам өткен. Төрағасы – Серік Сұлтанғазин.

Партияның аты болғанымен, заты болмай тұрғанға ұқсайды. Өйткені, партия туралы толыққанды ақпарат алу мүмкін емес. Ресми сайты тағы жоқ. Ғаламтордан Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасын ғана таптық.

Бір қызығы, партияның 50 мыңнан артық мүшесі болса, онда 2016 жылғы сайлауда 21,4 мың ғана дауыс жинағанын түсіну қиын. Айтпақшы, бұл жеті жылдық тарихы бар партия қатысқан жалғыз сайлау.

Әрине, 18,6 млн халқы бар елде алты саяси партия аздық етеді. Өйткені, сан болған жерде сапаның да болатыны аян. Мысалы, Алатаудың арғы жағындағы қырғыз ағайындарда барлығы 259 саяси партия тіркеліпті. Бұл Қырғыз Республикасы Орталық сайлау комиссиясының ресми мәліметі. Сол саяси партиялардың қаншасы белсенді, қаншасы «тірі өлік» екенін білмейміз. Бір білетініміз, 2020 жылдың 4 қазанына белгіленген Парламент сайлауына 44 саяси партия қатысатынын растапты. Міне, 6,3 млн халқы бар елдегі саяси партиялардың белсенділігін осыдан-ақ байқай беріңіз.

Партиялық жүйе бәсеке болған жерде дамиды. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жақсы түсінеді. Содан Президент бейбіт жиналыстар, сайлау және саяси партиялар туралы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бірден үш заңнамалық актіге қол қойды.

Енді бейбіт жиын үшін әкімдіктен рұқсат алудың қажеті жоқ, жергілікті атқарушы органға алдын ала хабар беру жеткілікті.  Митингтер әкімдіктер анықтайтын арнайы орындарда өтуі тиіс. Бейбіт жиын өткізуге арналған орын міндетті түрде елді мекеннің орталық бөлігінде орналасуы шарт.

Партия тізімінде әйелдер мен жастарға 30% міндетті квота бөлінеді. Қазіргі уақытта Қазақстан Парламентінде 33 әйел депутат бар.

«Саяси партиялар туралы» заңға енгізілген толықтырулар бойынша партияны тіркеу үшін мүшелердің саны екі есеге азайтылды. Бұрын саяси партияларды тіркеу үшін оның мүшелері 40 мың болуы міндетті еді. Сондай-ақ, аз мандаты бар партиялардың Парламенттегі рөлі күшейеді. Олар жиындарда сөз сөйлеп, комитеттерді басқара алады.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы Ерлан Саировтің пікірінше, «бұл – біздің елімізде саяси процестерге азаматтардың қатысуына жол ашатын құжат. Сондықтан бұл екі заңды да ҚР саяси жүйесін эволюциялық түрде дамытуға бағытталған әдіс және тәсіл деп айтуға барлық негіз бар».

Жалпы, Мемлекет басшысы көтерген бастамалар әйелдер мен жастарды қоғамның саяси өміріне белсене араласуға және көппартиялық жүйені одан әрі қалыптастыруға оң ықпал етеді.

Иә, бәсеке болмай, бәйге жоқ!

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here