Токио Олимпиадасына Сон мен Чиншанло бара ма?

0
2015

Допинг дауынан кейін ауыр атлеттердің Олимпиадаға барар жолы ауырлады. Енді олар төрт жылда бір болатын додаға қатысу үшін лицензиялық жарыстарға қатысып, команда қоржынына ұпай салулары керек. Бұл – бір. Екіншіден, ауыр атлеттері допинг қолданған елдерге де ауыр жаза қолданыла бастады. Мәселен, допинг көп қолданған ел ретінде айыпталған Ресей Федерациясының бірде-бір ауыр атлеті соңғы Олимпиадаға қатысқан жоқ. Осылайша, солтүстіктегі көршіміз Рио Олимпиадасынан шеттетілді. Өкінішке қарай, қазақстандық ауыр атлеттердің де жағдайы мәз емес. Допингтің салдарынан Қазақстанға екі ғана жолдама беріледі. «Qazaq» газеті допинг дауынан кейінгі Қазақстанның ауыр атлетикасына, Токио Олимпиадасына баруға лайықты екі ауыр атлетке тоқталады.

ДОПИНГ ДАУЫ: – ЖЕТІ МЕДАЛЬ, + ҮШ МЕДАЛЬ

Тәуелсіз ел ретінде Қазақстан алты Жазғы Олимпиада ойындарына қатысты. Қазақстандық ауыр атлеттер ел қоржынына барлығы он бес медаль (алты алтын, бес күміс, төрт қола) салды. Сөйтіп, ауыр атлеттер боксшылармен тең дәрежеде ел қоржынын медальге толтырушылар қатарынан саналды. Дегенмен, допинг дауынан кейін Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) Қазақстанның ауыр атлетика құрамасынан он бес медальдің жетеуін (бес алтын, бір күміс, бір қола) қайтарып алды, ал үш медальді (бір алтын, екі қола) қосып берді.

Енді Жазғы Олимпиада ойындарында жеңіс тұғырына көтерілген қазақстандық ауыр атлеттерге қысқаша тоқталайық.

Сеул Олимпиадасының (1988) чемпионы, бес дүркін әлем чемпионы  Анатолий Храпатый 1996 жылғы Атланта Олимпиадасында 99 келіге дейінгі салмақта ел қоржынына күміс медаль салды.

Бекзат Саттарханов (бокс), Ермахан Ыбрайымов (бокс), Ольга Шишигина (жеңіл атлетика) чемпион атанған 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында қазақстандық жалғыз ауыр атлет Дмитрий Ломакин 13-ші орыннан арыға аса алмады.

Боксшы Бақтияр Артаев Қазақстан қоржынына жалғыз алтын медаль салған 2004 жылғы Афина Олимпиадасында қазақстандық ауыр атлет Сергей Филимонов күміс медальді қанағат тұтты.

2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында қазақстандық ауыр атлеттер барлығы төрт медаль еншілеп, елді қуанышқа бөледі. Дегенмен, біздің қуанышымыз ұзаққа созылмады. Допинг дауын алға тартқан ХОК 2016 жылы Илья Ильин (алтын), Ирина Некрасова (күміс), Мария Грабовецкая (қола) сияқты үш ауыр атлеттің Бейжіңдегі көрсеткішін жоққа шығарып, олардан медальдарын қайтарып алды. Ал, Бейжіңде ресейлік легионер Алла Важенина қытайлық Цао Лэйге жол беріп, күміс медаль иеленген еді. ХОК Ильин сияқты допингпен ұсталған Лэйден алтын медальді қайтарып алып, оны заңды иегері Важенинаға тапсырды. Сөйтіп, Қазақстан 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасынан ауыр атлетикадан жалғыз алтын медаль алған болып шықты.

2012 жылғы Лондон Олимпиадасында төрт бірдей ауыр атлетіміз алтын медаль алғанда төбеміз көкке екі елі жетпей қалғанын ұмыта қойған жоқпыз. Дегенмен, допинг қолданғаны үшін жазаға тартылған Зульфия Чиншанло да, Майя Манеза да, Светлана Подобедова да, Илья Ильин де алтын медальдерін заңды иелеріне қайтарып берді. Дүбірлі додада бесінші орын алған Анна Нұрмағамбетованың да қарсыластары допинг қолданғаны анықталып, отандасымыз Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Бұл Лондондағы қазақстандық ауыр атлеттердің жалғыз көрсеткіші саналады.

Соңғы Жазғы Олимпиада ойындарында (2016) қазақстандық ауыр атлеттер бір алтын, бір күміс және үш қола медальді жеңіп алды. Сәл кейінірек олардың қатарына тағы бір қола медаль қосылды, ол жүлде «ізін суытпай» допинг қолданғандығы ашылып қалған румындық спортшыдан біздің Денис Улановқа өтті. Содан ауыр атлеттер Рио Олимпиадасында ел қоржынына барлығы алты медаль (1+1+4) салды.

Әлем чемпионатының күміс жүлдегері 21 жастағы Юрий Сон (ортада)

ТОКИОНЫҢ ЕКІ ЖОЛДАМАСЫ КІМДЕРГЕ БҰЙЫРАДЫ?

Басталуына төрт ай қалған Токио Олимпиадасында қазақстандық ауыр атлеттердің Риодағы көрсеткіштерін қайталай алмайтыны белгілі. Тіпті, қола медаль алудың өзі қиынға түседі. Біріншіден, біздің ұлттық құрама допингке қарсы ережелерді өрескел бұзушы ел ретінде екі олимпиадалық лицензияға ғана үміткер бола алады (бір ер және бір әйел). Екіншіден, былтыр Таиландта өткен әлем чемпионатының қорытындысы шындығында құрамада үлкен сенім артар ешкімнің қалмағанын көрсеткендей болды.

Соңғы Әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына жалғыз медаль – күміс жүлдені Юрий Сон салды. Дегенмен, 21 жастағы ауыр атлеттің олимпиадалық емес салмақта (55 келіге дейін) сынға түскенін естен шығаруға тағы болмайды. Ильин де, Рахимов та, Уланов та сол біріншілікте медальдің ауылынан тым алыста болды. Ал, қыздардан жоғары көрсеткішті Зульфия Чиншанло ғана көрсетті. 26 жастағы ауыр атлет төртінші орынды иеленді.

Демек, Токио Олимпиадасына жолдаманы ерлерден Юрий Сон, қыздардан Зульфия Чиншанло алатын сияқты. Өйткені, басқа Олимпиадаға лайықты ауыр атлеттерді көріп тұрғанымыз жоқ. Бұл тақырыпқа кейін арнайы тоқталамыз. Енді спорттан хабары жоқ қазақстандықтар үшін тым сәтті болып көрінген Ташкенттегі турнирге тоқталайық.

Өткен айда, 8-12 ақпан күндері Ташкентте Халықаралық бірлік чемпионаты өтті. Өзбекстан астанасында ел намысын Игорь Сон (61 кг), Илья Ильин (102 кг), Ибрагим Берсанов (109 кг) және Раушан Мешітханова (81 кг) қорғады. Ерлердің үшеуі де медаль алды. Әсіресе, допинг дауынан кейін үлкен спортқа оралған Илья Ильиннің алғашқы жеңісіне қуанғандар көп болды. Дегенмен, Ильиннің сол турнирдегі көрсеткішіне назар аударсаңыз, бөркіңізді аспанға атып, қуануға әлі ерте екеніне көз жеткізесіз.

Сонымен, Ильиннің көрсеткіші қандай? Айтайық, 102 келіге дейінгі салмақта чемпион болған қазақстандық ауыр атлет қоссайыс нәтижесі бойынша 355 келіні (160+195) бағындырды. Бұл нәтижені соңғы әлем чемпионатындағы көрсеткіштермен салыстырайық.

Алдымен 102 келіге дейінгі салмақтағы әлемнің үздік ауыр атлеттері Таиландқа бармағанын айтайық. Соның өзінде чемпион болған 21 жастағы беларусь Евгений Тихонцовке қос жаттығуда 398 келі бағынды. Яғни, Ильиннің Ташкенттегі көрсеткішінен 43 келіге артық көтерді. Демек, Ташкенттегі бұл көрсеткішімен Ильин үздік ондыққа да енбес еді. Сондықтан Ильиннің кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін Азияның мықты ауыр атлеттері қатыспаған турнирдегі жеңісіне қатты қуанудың да реті жоқ.

Айтпақшы, соңғы әлем біріншілігіне Илья Ильин де барып, бәсекелестік жоғары болған 96 келіге дейінгі салмақта сынға түсті. Ташкенттегі турнирден 8 келіге артық көтерсе де, үздік ондықтың сыртында қалды. 13-ші орын. Ал, әлем чемпионы болған қытайлық Тянь Таодан 47 келіге қалып қойды. Демек, Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы ерлерге берілген жалғыз жолдаманы Илья Ильиннің қолына ұстатып, оны Токиоға аттандыратынына сену қиын.

109 келіге дейінгі салмақта Ташкентте күміс медаль еншілеген Ибрагим Берсанов қос жаттығуда 387 келіні бағындырды. Ал, жоғарыда сөз болған Таиландтағы әлем чемпионатында бұл салмақта сайысқа түскен атақты Симон Мартиросян (Армения) қос жаттығуда 429 келіні басынан асырды. Яғни, Берсанов пен Мартиросян арасындағы алшақтық жер мен көктей. Яғни, Берсанов та Токиоға баруға дәмелене алмайды.

Енді Ташкентте алтын медаль алған Игорь Сонның көрсеткіштеріне көз жүгіртейік. Өйткені, 21 жастағы ауыр атлеттің Токио Олимпиадасына ерлерге арналған жалғыз жолдаманың иесі атануына мүмкіндігі зор. Біріншіден, барлық лицензиялық додаларда намысты қолынан бермей келеді. Екіншіден, Ташкенттегі турнирде олимпиадалық салмақ саналатын 61 келіде сынға түсті. Өзбекстан астанасында қос жаттығуда 286 келіні бағындырды. Ал, соңғы әлем чемпионатында бұл салмақта чемпион болған қытайлық Ли Фабинь қос жаттығуда 318 келіні еңсерді. Сөйтіп, әлемдік рекордты орнатты. Дегенмен, бұл салмақта қазір әлемде қытайлық ауыр атлетке қарсылас болар ешкімнің жоқтығын мойындауға тиіспіз. Қырсық шалмаса, жарақаттан аман болса, 27 жастағы Ли Фабинь Токио Олимпиадасының чемпионы атанары сөзсіз. Таиландта бұл салмақта вице-чемпион болған индонезиялық Эко Юли Ираван 306 келіні, қола жүлдегер атанған колумбиялық Франсиско Москера 302 келіні көтерді. Яғни, Ташкенттегі турнирде біздің Игорь Сон үшінші орын алған ауыр атлеттен 16 келі кем көтерді.

Әрине, жеңіл салмақта бірден 16 келі қосу оңай емес. Дегенмен, осы қарқынын жоғалтпаса, Игорь Сон көрсеткішін жақсарта алады. Мәселен, сөз болып отырған Әлем чемпионатында ауыр атлет олимпиадалық салмаққа жатпайтын 55 келіде сынға түсіп, Қазақстан қоржынына жалғыз күміс жүлдені салды. Ауыр атлетке қос жаттығуда 266 келі бағынды. Ташкентте олимпиадалық 61 келіге дейінгі салмаққа өтіп, 286 келі көрсеткішін көрсетті. Нәтиже қомақты: + 20 келі. Яғни, осы қарқынынан таймаса, Токио Олимпиадасында Ли Фабиньға қарсылас атанбаса да, басқа ауыр атлеттермен үздік үштікке енуге таласа алады. Қазақстанның ауыр атлетика федерациясының жалғыз ерлерге арналған жолдаманы Ақтөбе тумасының қолына ұстатудан басқа амалы да жоқ.

Рас, қазіргі Олимпиада чемпионы Ниджат Рахимов та, Рио Олимпиадасының қола жүлдегерлері Александр Зайчиков та, Денис Уланов та, Фархад Харки да әлі бабында емес. Олардың бүгінде көрсетіп жүрген көрсеткіштерімен Олимпиада мен Әлем чемпионатын былай қойғанда, Азия чемпионатында топты жарудың өзі мүмкін емес.

Енді Қазақстанның ауыр атлет қыздарына келейік. Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Жазира Жапарқұл соңғы кездері жарыс жолына шығып жүрген жоқ. Олимпиаданың қола жүлде-гері Карина Горичеваның да соңғы көрсеткіштері көңілден шықпай жүр. Демек, Токио Олимпиадасына жалғыз үміткер – Зульфия Чиншанло.

26 жастағы ауыр атлет допинг дауынан кейін 2018 жылы үлкен спортқа қайта оралды. Көрсеткіштері де жаман емес. Токио Олимпиадасында медальға таласа алады. Соңғы әлем чемпионатында 55 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінуге бір келі ғана жетпей қалды. Қоссайыстағы көрсеткіші – 213 келі.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Иә, қазіргі Қазақстандағы ауыр атлетиканың ахуалы ауыр екенін мойындаймыз. Допинг дауы оған кері әсерін тигізбей қоймады. Дегенмен, бұл спорт түрінің «жаназасын» шығарып тастауға тағы болмайды. Қазақстанның көк туын желбіретер ауыр атлеттер шоғыры қалыптасып келеді. Шүкір, Храпатыйдың ізбасарлары аз емес. Айталық, өткен айда жастар арасындағы Азия чемпионатында жас қазақстандық ауыр атлеттер барлығы 14 медаль иеленді. Соның тоғызы – алтын, екеуі – күміс, үшеуі – қола медаль. Ал, 102 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионы болған 16 жастағы Рахат Бекболат жұлқа көтеруде 198 келіні бағындырып, жастар арасында әлемдік рекордты орнатты.

ЖАСҰЛАН МӘУЛЕНҰЛЫ, «QAZAQ» ГАЗЕТІНІҢ БАС РЕДАКТОРЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here