Түркия мен Армения «армян геноцидіне» қоя алмай жүр

0
4578

БҰҰ жиындарында, түрлі халықаралық мінбелерде көтеріліп жүрген және түйіні әлі тарқатылмаған «армян геноциді» туралы мәселе саяси жағдайлардың шиеленісуіне әкеліп соғуда. Армения, Австрия, Ватикан, Ресей, Словакия, Германия, Аргентина, Италия, Ливан, Франция сынды әлемнің бірқатар елдері Түркияның армян қырғынын «геноцид» ретінде мойындауын талап етуде. Бұл жағдай сыртқы саясатына өз салқынын тигізіп жүргенін жақсы білетін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған армяндарға қатысты дауды шешу үшін Анкара бірінші қадам жасауға дайын екенін мәлімдеді.

ПАРИЖДЕ ҰСЫНЫС ЖАСАҒАН ЧАВУШОҒЛЫНЫҢ НЕ ОЙЛАҒАНЫ БАР?

Осман империясының мұрагері саналатын Түркия аталмыш даудың да заңды мұрагері болып табылады. Сол үшін Режеп Тайып Ердоған бұл мәселені шешуге мүдделі.
Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлюд Чавушоғлы француз әріптесі Жан-Ив Ле Дрианмен бірлескен Париждегі баспасөз мәслихатында Арменияға маңызды ұсыныс жасады. Ол Ереванды Осман империясындағы армян геноцидін зерттеу мәселесін зерделеу үшін жұмыс тобын құруға шақырды. 24 сәуірде Франция президенті Эммануэль Макронның шешімі бойынша армян геноцид құрбандарын еске алудың ұлттық күнін өткізу тапсырылды. Соған байланысты Мевлюд Чавушоғлы: «Егер Армения өз халқының геноцидке ұшырағанына нық сенімді болса, онда біз бірлескен жұмыс тобын құру арқылы түйіткілді мәселені шешуге шақырамыз. Және бұл іске Франция, Ресей, АҚШ өкілдері араласуы керек. Армения аталған елдердің кез келгенімен бірлесіп жұмыс жасай алады», – деп мәлімдеді.
Сондай-ақ, Түркияның Сыртқы істер министрі: «Түркия құрылған бұл комиссияның зерттеу негізінде жасалған кез келген шешімін мойындауға дайын», – деп сендірді.
Сөйтіп, Анкара ғылыми дәлелдерді айналып өтуге қарсы екендігін жасырмай айтты. Бірақ, Чавушоғлы мұрағаттарды ашуды талап еткенде көптеген сұрақтар пайда болады. Мәселен, Түркия 1915 жылдардағы Осман империясының оңтүстік-шығыс өңіріндегі аталмыш оқиғаға қатысты дерек бере алатын және тарихи құжаттары мен архивтік жинақтары бар барлық елдерге дерек беру туралы өтініш жасады. Ресей, Франция, Австрия, Ұлыбритания, Германия және бірқатар Балқан елдері өздеріндегі түрік зерттеушілеріне аса қажетті болған мәліметтерді құпияда ұстап келеді. Тек жақында ғана Ватикан өзінің мұрағатын ашып, неміс тарихшысы және «Армян геноциді» кітабының авторы Майкл Хеземанның монографиясында қолданылған 1 100 беттік құжаттарды ұсынды. Ал, Майкл Хеземан өз еңбегінде Капуцин ордені өкілінің 1918 жылы жазған хатын жариялады. Хатта Түркиядағы 2,3 миллион армянның 1,5 миллионы құрбан болғаны жазылғанын, көптеген деректер мен ақпаратты қамтитын құжаттардың итальян, француз, неміс, ағылшын және латын тілдерінде ұсынылғанын, құжаттардың бар-лығы түпнұсқа екендігін растайтын Қасиетті тақтың мөрімен бекітілгенін алға тартады. Анкара үкіметі мұнымен келіспейді. Түркия бұл тарихи құжаттарды жалған деп санайды.
Түркия билігіне ең тиімді жол – өздерінің ұлттық мұрағатын ашып, құжаттардың барлығын жариялау. Дегенмен, түріктер мұндай қадамға бара қоймайды. Себебі, Осман империясынан қалған мұрағаттағы құжаттардың 7 миллионы мемлекеттік құпия саналады. Тек үкімет қызметіне қатысты 10 мың құжатты ғана қарауға рұқсат етіледі. Егер мұрағаттағы құжаттарды толықтай зерттесе, 1915-1916 жылдардағы оқиғалар туралы көп деректерді табуға болар еді. Алайда, Түркия заңы бойынша бұл мұрағаттарға шетелдік зерттеушілерді кіргізбейді. Тіпті, түрік зерттеушілері де арнайы рұқсатпен ғана кіре алады.
Чавушоғлының бұл туралы білмеуі мүмкін емес. Сол себепті Арменияға бұл мәселені зерделеу үшін жұмыс тобын құруға үндеуі тарихи тұрғыдан гөрі саяси маңызға ие қадам. Өйткені, Анкара алдымен өз мұрағатын әлем назарына ұсынуға дайын емес.
2009 жылы Цюрихте қол қойылған армян-түрік хаттамасында екі ел арасындағы қарым-қатынасты қалпына келтіріп, өзара шекараны ашу үшін тарихшылардың екіжақты үкіметтік комиссиясын құруға арналған арнайы тармақ бар. Бұл шешімнің жүзеге асырылуы тек Түркия мен Арменияның ғана емес, басқа да мемлекеттердің мұрағатын ашып, 1915 жылғы Осман империясындағы жағдайға қатысы бар мәліметтерге қол жеткізу үшін қажет.
Ереван «армян геноцидін» айта бастағанда Анкара отыз жылдан бері Әзербайжанның бас ауруына айналған Таулы Қарабақты сөз етеді. Өйткені, бұл дау Ереванның жанды жері. Сөйтіп, Түркия өзіне бауырлас ел Әзербайжанның сөзін сөйлеп шыға келеді. Анкараның ұстанымынша, «тарихи әділеттілікті орнатуды» мақсат еткен Ереван «армян геноцидінен» бұрын алдымен Таулы Қарабақты Әзербайжанға қайтарып беруі тиіс.
Дегенмен, қазіргі уақытта Чавушоғлының Армениямен не үшін ымыраға келуге бейіл болып жүргенін түсіну қиын.

«АРМЯН ГЕНОЦИДІН» АНКАРА НЕГЕ МОЙЫНДАҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ?

«Армян геноцидінің» тарихта болғаны толықтай дәлелденбегендіктен, біржақты пікір айту қиын.
Ватикан мұрағатының құжаттарына сүйенсек, Осман империясының оңтүстік-шығысында 1,5 млн армян зорлық-зомбылықтан, әскери агрессияның салдарынан көз жұмған. Бірінші дүниежүзілік соғысы кезінде Осман империясының армян халқын жаппай жою және жер аудару саясатының себептерін ашып айтады. ХІХ ғасырдың ортасында Осман империясында пайда болған пан-исламизм, пан-түркілік идеологиясы ХХ ғасырдың басында билеушілер арасында кеңінен таралды. Соған байланысты «Ислам дінін ұстанбайтын халықтар мұсылмандарға қарсы әрекет етуде, олар мемлекетке қауіп төндіруде» деп есептеді.
1915 жылдың сәуірінде Стамбул полициясы басқармасының өкілдері қаладағы зиялы армяндарды тұтқындады. Бірнеше күннің ішінде орталық түрмеге сегіз жүзден астам армян қамалды. Олардың арасында ақындар, жазушылар, журналистер, саясаткерлер, дәрігерлер, суретшілер, ұстаздар, діни қызметкерлер, заңгерлер, ғалымдар, яғни зиялы қауым өкілдері болды. Тұтқындау мен қудалаулар елдің басқа аймақтарында да орын алды. Мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін армяндар жұмыстан шығарылды. Және тұтқынға алынған армян зиялыларын шөл далаға жер аударуды жоспарлады. Армяндарға жаны ашып, көмектескендердің де жазалары өлім болды.
1915 жылдың мамырында Түркия батыс Арменияға басып кіріп, халқын жаппай жер аударып, қырғынға ұшыратты. АҚШ-тың сол кездегі Түркиядағы елшісі Ганс Моргентау: «Депортацияның негізгі мақсаты – қарақшылық жасау, армян халқын жою болды. Бұл қырғын салудың жаңа әдісі. Түрік билігі депортация арқылы армяндарды өлім жазасына кесті», – деп мәлімдеді.
Тұрақтарынан айырылған армяндарды түріктер керуендер арқылы Сирияға, Месопотамияға жіберіп отырды. Олар үшін арнайы қатаң режимдегі лагерлер құрылды. Лагерьде эпидемиялық ауру пайда болған соң түрік әскеріне жұқтыру қаупі туды. Сол себепті армяндар лагерлерден шығарылып, шөл далаға қуылды. Армяндардың көп бөлігі аштықтан, шөлден, аурудан көз жұмды.
Осылайша, түрік әскерилері түрлі қатыгездіктер жасады. Сол кездегі Ішкі істер министрі Мехмед Талаат-паша Алеппо губернаторына жіберген жасырын жеделхатында: «Армяндардың жасына, жынысына, өміріне, сезімдеріне назар аудармауыңызды талап етемін», – деп жазып, бұйрықтың бұлжытпай орындалуын қадағалап отыратынын жеткізеді.
1916 жылдың қазанында «Кавказ сөзі» газетінде Далида Вардо Баскан ауылындағы армян қырғынын көргенін жазады: «Түріктер ауылдағы барлық армяндарды қырып тастап, үш әйелді ғана босатып жіберді. Олар үшеуін мазақ ету үшін қашырған екен, артынан қашқан үш әйелді де атып өлтірді. Бұлардың қатігездігі шектен шығуда».
Түріктер армяндарды жер аударды, құлдыққа сатты, азаптап өлтірді. Түрік агрессиясы туралы әлем елдері Түркиядағы елшіліктері арқылы біле бастады. Орын алып жатқан оқиғаға қатысты басылым беттерінде түрлі мақалалар жарияланды. Дегенмен, олардың кейбіреуі ақиқаттан алыстап та кетіп жатты.
1915-1916 жылдары Жас түріктер үкіметі ұйымдастырған «армян геноцидінің» нәтижесінде 1,5 миллионнан астам адам қаза болды, шамамен 600 мың армян босқын болып, әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашырап кетті. Бүгінде солардың ұрпақтары армян диаспорасын құрап отыр. Әлемдегі 12 млн армянның тек 25 пайызы ғана Арменияның өзінде тұрады. Басым бөлігі Ресей (2,5 млн), Франция (800 мың), АҚШ (500 мың) азаматтары. «Армян геноциді» мәселесін халықаралық деңгейге көтеріп, геноцид екенін Түркияның мойындауын талап етіп жүргендер де солар.
Рас, армяндар бұл қырғынды геноцид екенін Түркияға мойындату арқылы алысты көздейді. Өйткені, сырт көзге жай ғана тарихи оқиға болып көрінгенімен, «армян геноциді» мәселесінің экономикалық-саяси мәні бар. Егер Түркия геноцидті мойындаса, Армения Түркиядан бұрынғы жерлерін даулайды, яғни геноцид дауы – жер дауына әкеліп соқтырады. Бұл – бір. Екіншіден, Түркия Арменияға қаза болған 1,5 млн армянның құнын төлеуге мәжбүр болады. Бұл жағдай Түркияның сыртқы саясаттағы беделіне және экономикасына орасан зор зардабын тигізеді. Сол үшін «геноцид дауы» халықаралық деңгейдегі мәселеге айналуда. Және кейбір сарапшылар мәселені одан әрі ушықтырғысы келіп, «армян геноциді» арқылы мұсылмандардан христиандарға қарсы анти-христиандық астар іздейді. Түркияға геноцидті мойындату арқылы мұсылмандарды шектен тыс озбыр етіп, әлем елдерінің алдында масқаралау ниеттері де жоқ емес.
Бір анығы, Анкара «армян геноцидін» ешқашан мойындамайды. Өйткені, оны мойындаудың салдары Түркияның саяси жағдайы мен экономикасын үлкен шығынға батыратынын жоғарыда айттық. Сондықтан Режеп Тайып Ердоған да, Мевлюд Чавушоғлы да анда-санда Анкара мен Ереван арасындағы дауды шешуге мүдделі екеніне сынай танытып қоюдан арыға бармайды. Ал, Ереван әлемге қанша жар салса да, Анкараға «армян геноцидін» мойындатқыза алмайды. Біріншіден, қанша уақыт өтсе де, армян халқына геноцид жасалғанына дәлел болатын нақты құжаттарды ұсына алмады. Ердоғанның «Геноцид деуге ешқандай негіз жоқ» деуі сондықтан. Ол үшін Чавушоғлы айтқандай, барлық елдер өз мұрағаттарындағы қара құлыптың кілтін тарихшылардың қолына ұстатуы керек. Анкара да, Ереван да «армян геноцидін» мойындаған ешқандай елдің мұндай қадамға бармайтынын жақсы біледі. Бәрінде де тарихтың ашылмаған ақтаңдақ беттері бар. Айталық, ұзақ жылдар бойы ондаған елді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап келген Кеңес Одағының заңды мұрагері – Ресей Федерациясы. Ал, «армян геноциді» үшін Мәскеу өз мұрағатын әлемге жария етсе, қазақты қырған Сталиннің қылмысын қалай жасырады? Қолдан жасалған 1921-22 жылдардағы аштықтан 1,8 млн қазақ, 1931-33 жылдардағы аштықтан 2,2 млн қазақ қырылып, тағы 1 млн қазақ елден босып кетті. Бұған саяси қуғын-сүргін кезінде Қазақстанда 103 мың адам істі болғанын, оның 25 мыңы атылып кеткенін қосыңыз. Демек, бір Мәскеудің өзі ашаршылық зұлматына әділ тарихи баға беруге дайын болмай тұрып, Анкарадан ақиқатты қалай талап етеді?!

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

«Армян геноцидінің» айтылып келе жатқанына жүз жылдан асып барады. Дегенмен, Анкара мен Ереван «ары тартса – арба да сынбайтындай, бері тартса – өгіз де өлмейтіндей» ортақ бір шешімге келе алмай келеді. Өйткені, Түркия мен Арменияның қазіргі ұстанымдары дәл Крыловтың арбаны шаян – шөлге, шортан – көлге, аққу – көкке сүйреген мысалындағыдай болып тұр, солай бола да береді…

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here