Ана тілі, ұлттық валютасы жоқ әлемнің ең бай елі

0
2012

Айналасын биік тау, орман қоршаған табиғаты көрікті  жер. Жері біздің Аягөз қаласымен бірдей. Яғни, елді бір күнде жаяу аралап шығуға болады. Өзінің ана тілі де, ұлттық валютасы да, мұнай-газы да, тіпті әуежайы да жоқ. Кішкентай ел болғанымен, әлемдегі ең бай екі елдің бірі. Сырттан қарыз алмайды. Өзге елдерге алақан жаймайды. Халқын салықпен, айыппұлмен тонамайды. Бақытты балалық, алаңсыз қарттық, дені сау ұрпақ, жоғары айлық – елдің басты ұстанымы. Еуропалық Одаққа да, НАТО-ға да кірмеген  кәрі  құрлықтағы  санаулы  елдің  бірі. Бұл – Лихтенштейн.

Бізге бейтаныс Лихтенштейн – Австрия мен Швейцария елдерінің шекарасында орналасқан князьдық. Мемлекеттік құрылымы – конституциялық монархия. Елді Лихтенштейндер әулеті билейді. Яғни, Лихтенштейн – атауы билеуші әулеттің құрметіне қойылған әлемдегі үш елдің бірі (Иордания Хашимит Корольдігі мен Сауд Арабиясы). Князь – II-ші Ханс-Адам.  Премьер-министрі – Адриан Хаслер. Мемлекеттік тілі – неміс тілі.

II-ші Ханс-Адам – 1989 жылы таққа отырған 15-ші князь. Жасы – 75-те. Ал, Адриан Хаслер 2013 жылдан бері Үкімет басқарып келеді. Лихтенштейннің 16-шы премьері 56 жаста.

Заң шығарушы орган – Ландтаг. Парламентте 25 депутат отыр. Олар 4 жылға сайланады. Елде 5 партия бар.

Лихтенштейн 1868 жылы өзінің қарулы күштерінен бас тартты. Дегенмен, ел азаматтары Отан алдындағы борышын өтейді.

Батыс Еуропадағы кішкентай елде 38 мың адам тұрады. Соның 66%-ын жергілікті халық, қалғанын шетел азаматтары құрайды. Өмір сүруге қолайлы елге қоныс аударуға ниет білдірушілердің қатары өте көп. Дегенмен, Лихтенштейннің азаматтығын алу мүмкін емес.

Иә, Лихтенштейн азаматтық бермесе де, шетелдік компанияларды құшағын жайып қарсы алады. Өйткені, мұнда тіркелген компаниялар салықты аз төлейді. Содан әлемдік кәсіпкерлер кәсіптерін осы Лихтенштейннен ашуға асығады. Мәселен, 38 мың халқы бар шағын елде 73,7 мың шетелдік компания тіркелген. Оларға қойылар басты талап – Лихтенштейннің бір азаматын жұмысқа алу. Ал, бұл елде еңбекке жарамды 19,5 мың адам ғана болғандықтан көбі екі жұмыс жасайды. Екі жұмыс – екі айлық. Соның өзінде жұмыс күші жетіспейді. Сондықтан күнделікті 12,9 мыңдай Австрия, Швейцария, Германия азаматтары Лихтенштейнге жұмысқа барып-келіп істейді. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, Лихтенштейннің азаматтығын алу, оның тұрғыны атану – әркімге бұйыра бермейтін бақ.

Айлық демекші, Лихтенштейннің бір азаматы жылына 143 мың доллар табыс табады. Сөйтіп, әлемдегі бай елдердің ішінде Катардан кейінгі екінші орынды алады.

Елдің бюджеті негізінен шетелдік компаниялардың салығынан (30%), пошта маркасын сатудан және туризмнен құралады.

Астанасы – Вадуц. Бас қаланың негізі XIII ғасырда қаланған. 5,6 мың адам тұрады. Бар болғаны бес  көшеден  құралады. Әуежайы да, теміржол бекеті де жоқ. Дегенмен, қалаға жылына 200 мыңға жуық шетелдік қонақ келеді. Ал, 5,9 мың  халқы  бар  Шан – елдің ең ірі қаласы.

Лихтенштейн – мәдениеті жоғары, қылмысы төмен ел. Бұл елде қылмыс дерегі осыдан он жыл бұрын тіркелген. Ел түрмесінде жеті адам ғана отыр. Дегенмен, 120 полицей елдегі тәртіпті қадағалайды. Осылайша, Лихтенштейн әлемнің ең қауіпсіз елі ретінде әлемге танылды.

Бір қызығы, шағын елде ондаған театр, музей, газет-журнал бар. Ал, елдегі жалғыз телеарна – 1FLTV.

Кішкентай Лихтенштейн 1936 жылдан бері Олимпиада ойындарына қатысып келеді. Дегенмен, жазғы спорт түрінен әлі Олимпиада чемпионы шыққан жоқ. Ал, қысқы спорт түрінен ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері бар. Мәселен, Олимпиада тарихында Лихтенштейн 10 медаль иеленген.

Рас, Лихтенштейн – таулары мен баулары жасыл желекке бөленген таңғажайып табиғаты бар әрі халықтың алаңсыз өмір сүруіне барлық қолайлы жағдай жасалған әлемдегі санаулы елдің бірі.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here