«Тәбеті» зор, берері аз футбол клубтары

0
6322

Футболдың тарихы сонау 1872 жылдан бастау алады. 1904 жылы Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) құрылды. Алғашқы әлем чемпионаты 1930 жылы Уругвайда өтті. Бүгінде нөмірі бірінші спорт түрі саналады. Өйткені, әлем бойынша миллиондаған жанкүйері бар. Әрине, футбол десе әлемде қанша жанкүйердің ішкен асын жерге қоятынын нақты айту қиын. Мысал ретінде «Барселона» футбол клубының Instagram парақшасына 105 млн адамның тіркелгенін айтайық. Португал футболшысы Криштиану Роналдудың Instagram парақшасына 400 млн адам жазылған. FIFA таратқан мәліметке сенсек, 2018 жылы Ресейде өткен соңғы әлем чемпионатына 3,5 млрд адам қызығушылық танытса, соның ішінде 310 млн адам біріншілікті үзбей көрген. Бір ай өткен біріншілікте 2,4 млн билет сатылған. Біріншілікті ұйымдастырған FIFA 5,3 млрд доллар пайда тапқан. Осыдан-ақ футбол жанкүйерлерінің өте көп екенін бағамдай беріңіз.

ПРЕЗИДЕНТ СЫНЫНАН КЕЙІН ҚАЗАҚСТАННЫҢ ФУТБОЛ КЛУБТАРЫ ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЛДІ МЕ?

Футболды табыс көзіне айналдырғандардың алғашқы жиырмалығына кілең еуропалық клубтар кіреді. Көш басында «Барселона» тұр. 123 жылдық тарихы бар испандық клуб 2021 жылы 819,8 млн доллар пайда тапқан. Табысы мол клубтардың қатарында Англияның жеті, Германияның төрт, Италияның үш, Испанияның үш, Францияның екі, Ресейдің бір («Зенит») клубы бар. Осы алғашқы жиырмалықтың былтырғы табысы 9,35 млрд долларды құраған. Бұл 61 млн халқы бар Танзанияның бір жылдық бюджеті. Осылайша, бұл еуропалық футбол клубтары мемлекеттен көк тиын алмайды. Керісінше ел қазынасына қыруар салық төлейді. Туристер тартады. Мысалы, «Реал Мадрид» футболшыларының ойынын тамашалауға жылда Испания астанасы Мадридке әлемнің әр бұрышынан мыңдаған жанкүйер келеді.

Өкінішке қарай, қазақстандық футбол клубтарының ешқайсысы мемлекеттің қаржылай қолдауынсыз өз күндерін өздері көре алмайды. Қарызға белшесінен батқан павлодарлық «Ертіс» футбол клубының банкротқа ұшырағаны осы сөзімізге дәлел.

Ашығын айтқанда, қазақстандық футбол клубтарының жергілікті бюджетке салмақ салатыны бұрыннан айтылып та, жазылып та жүрді. Бірақ, айтылған сынға құлақ асқан жан болмады. Керісінше, футбол клубтарының бюджеті жыл сайын артып отырды. Содан миллиондап айлық алған футболшылардың «ішкендері алдында, ішпегендері артында» болды. Жағдай 2020 жылы күрт өзгерді. Оны оқырман назарына ұсынылып отырған кестеден де байқауға болады. Сонда оған не түрткі болды? Айтайық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа «Қаржы тапшылығы кезінде мемлекет бюджеті есебінен кәсіби спорт клубтарын толықтай қамтамасыз етудің қажеті жоқ. Мемлекеттің және квазимемлекеттік компаниялардың бюджетінен қыруар қаржы тиімсіз жұмсалуда. Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет», – деген болатын.

Президенттің бұл сынынан кейін отандық футбол клубтарының тығырыққа тірелгенін олардың 2020 жылғы бюджеттерін 2021 жылмен салыстырғанда анық байқаймыз. Өйткені, былтыр Премьер-лигадағы 14 футбол клубына мемлекеттен 16,8 млрд теңге бөлінді. Мәселен, 2020 жылы бұл көрсеткіш 27,3 млрд теңге еді. Яғни, бір жылда мемлекеттен қаржыландыру көлемі 1,6 есе азайды.  Салыстырмалы түрде айтсақ, бір ғана «Ордабасы» футбол клубына 2020 жылы Шымкент қалалық әкімдігі 6,25 млрд теңге бөлген болатын.

2021 ЖЫЛҒА ДЕЙІН «АСТАНА» МЕН «ОРДАБАСЫНЫҢ» «ТӘБЕТТЕРІ» ЖАҚСЫ ЕДІ…

Енді Премьер-лигадағы қазақстандық футбол клубтарының 2020 мен 2021 жылдардағы бюджетіне тоқталайық.

Рас, 2021 жылға дейін Қазақстандағы бюджеті ең көп футбол клубы – «Астана» болды. 14 жылдық тарихы бар елордалық клубтың бюджеті 15 млрд теңгені құрады. Екі жыл бұрын 13 млрд теңгені бас демеушісі – «Самұрық-Қазынадан», 2 млрд теңгені Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінен алды. Былтыр Қазақстанның алты дүркін чемпионы өз бюджетін қысқартуға мәжбүр болды. Ресми сайтында «Астана» футбол клубының 2021 жылғы бюджеті 5 млрд теңге екені хабарланды. Ал, жаңа талап бойынша Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігі клубқа 1,2 млрд теңгеден артық қаржы бөле алмайды. Осылайша, «Астана» футбол клубы бір жылда өз бюджетін 2,5 есеге қысқартып, «көрпесіне қарай көсілуді» жөн санады.

Бюджет көлемі бойынша 2020 жылы екінші орынды үшінші қаланың футбол клубы «Ордабасы» алды. Былтыр Қазақстан чемпионатында бесінші орын алған шымкенттік клубтың 2020 жылғы бюджеті 6,25 млрд теңгеге жетті. 24 жылдық тарихы бар клубты қаржыландыру Шымкент қалалық әкімдігінің мойнында. 2021 жылдың басында бюджетін 3,6 млрд теңгеге дейін қысқартқаны белгілі болды. Дегенмен, жаңа талап бойынша әкімдік бюджеттен 1,2 млрд теңгеден артық қаржы бөле алмайды. Соған байланысты клубтың былтырғы бюджеті 1,47 млрд теңгеден асқан жоқ. «Тарта жесең – тай қалар, қоя жесең – қой қалар, қоймай жесең не қалар?!» деген осы болса керек.

2020 жылы бюджетінің көптігінен үшінші орынды алматылық «Қайрат» футбол клубы иеленді. Дегенмен, оның бюджеті туралы нақты мәлімет жоқ. Өйткені, «Қайрат» футбол клубы оны коммерциялық құпия деп санайды. Қазақстандағы бірінші жекеменшік футбол клубы болғандықтан, өз бюджетін жұртқа жарияламауға да құқығы бар. 68 жылдық тарихы бар футбол клубының қазіргі иесі – Қайрат Боранбаев. Содан мемлекеттік бюджетке үлкен салмақ салмайды. Екі млн халқы бар Алматы қаласының әкімдігі «Қайратқа» 2020 жылы 800 млн теңге бөлгенін, сөйтіп футбол клубын қаржыландыруға жергілікті бюджеттің қатысу үлесі 16,3%-ды құрағанын хабарлады. Яғни, әкімдік бөлген қаржыға және пайыздық бөлініске сүйене отырып, «атақты клубтың 2020 жылғы бюджеті шамамен 4,9 млрд теңгені құрады» деп топшылауға негіз бар. Қалған 4,1 млрд теңге шығынды қалай жабатыны Қайрат Боранбаевтың жеке шаруасы.

«Қайраттың» былтырғы бюджеті де белгісіз. Алайда, былтыр клуб «Бүгінгі таңда бұқаралық ақпарат құралдарында клубтың бюджеті мен команда ойыншылары туралы хабарламалар пайда болды. «Қайрат» футбол клубы ресми түрде клубтың бюджеті өзгеріссіз қалады, ағымдағы құрамның барлық ойыншылары демалыста және келесі маусымдағы құрам оқу-жаттығу жиындарынан кейін анықталады» деп ресми мәлімдеді.

Бастауын 1965 жылдан алатын павлодарлық «Ертіс» футбол клубының мүшкіл жағдайын жоғарыда жаздық. 2020 жылғы бюджеті 3,8 млрд теңгеге жоспарланды. Бастапқыда соның 1,8 млрд теңгесін жергілікті әкімдік, қалған 2 млрд теңгені «Eurasian Resources Group» компаниясы бөлетін болған-ды. Дегенмен, 2020 жылдың басында демеушілер «Ертіске» 200 млн теңге қаржы аударған. Жергілікті бюджеттен 183 млн теңге қарастырылған. Ал, осы 383 млн теңге клубқа жұғым құрлы болмаған. Неге десеңіз, клубтың 1,8 млрд теңге қарызы бар. Клубтың тек салық бойынша қарызы 1 млрд теңгеге жеткен. Сондай-ақ, «Ертісті» бес жыл баптап, ел біріншілігінің жүлделі орындарына көтерген және еурокубоктарға шығарған бас бапкер болгар Димитар Димитровпен клуб басшылығы келісім-шартты біржақты бұзған. Сөйтіп, Димитров пен оның екі көмекшісін жұмыстан шығарған. Өз кезегінде болгар маманы келісім-шартты заңсыз бұзғаны үшін клубты сотқа берген. 2020 жылы ақпанда сот өтіп, сот Димитровтың пайдасына шешілген. Сондықтан клуб болгар бапкері мен оның көмекшілеріне келісім-шартты заңсыз бұзғаны үшін өтемақы ретінде 1,2 млн еуро (қазіргі курспен 594 млн теңге) қарыз болып қалған. Осы жағдайларға байланысты «Ертіс» 2020 жылы Премьер-лига ойындарынан шеттетілді. Ресми түрде қызметін тоқтатқан жоқ. Клубтың алдағы тағдыры белгісіз.

Негізі 1967 жылы қаланған «Тобыл» футбол клубының 2020 жылғы бюджеті – 3,25 млрд теңге. Соның басым бөлігі жергілікті бюджеттен бөлінсе, қалған қаржы демеушілердің есебінен толықты.

Мемлекеттің жаңа талабы «Тобылға» да кері әсер етті. Былтырғы бюджеті – 2,2 млрд теңге. Яғни, 2020 жылмен салыстырғанда бюджет шығынын 1 млрд теңгеге қысқартты. Оның алдында «Тобыл» басшылығы өз футболшыларына жалақыны 30-35%-ға қысқартуға ерікті түрде баруды ұсынды. Бұл ұсынысты қабыл алмаған кейбір легионерлер қостанайлық клубтан кетіп қалды. Былтыр «Тобылдың» жекешелендірілгені белгілі болды.

2019 жылы Қазақстан кубогын жеңіп алған қызылордалық «Қайсар» футбол клубы 2020 жылы Еуропа лигасына жолдама алған-ды. Қызылорда облыстық әкімдігі өз клубының халықаралық дебютіне байланысты 2020 жылы қаржыландыруды 500 млн теңгеге арттырды, сөйтіп «Қайсардың» 2020 жылғы бюджеті 3,1 млрд теңгеге жетті. 2021 жылға облыстық әкімдік жергілікті бюджеттен 1,2 млрд теңгеден артық қаржы бөле алмайтын болғандықтан, былтыр «Қайсардың» бюджеті 2,5 есе қысқарып, 1,6 млрд теңгені құрады.

Қарағандылық «Шахтердің» 2020 жылғы бюджеті 2,6 млрд теңгеге тең болған-ды. 64 жылдық тарихы бар футбол клубына 2021 жылға жергілікті бюджеттен 800 млн теңге бөлінген екен. Дегенмен, клубтың шығыны шаш етектен. Мәселен, Қарағанды стадионында Қазақстан Премьер-лигасының ойындарын өткізуге рұқсат берілмеді. «Шахтер» өз стадионын жаңартуға, ойын өткізетін орынды жалға алуға артық шығындалды.

 «Жетісу» футбол клубының 2020 жылғы бюджеті – 3,2 млрд теңге. Барлық шығынды сол жылы Алматы облысының әкімдігі жапты. Жаңа талап бойынша барлық шығынды бұрынғыдай жергілікті әкімдік көтеруге міндетті емес. Ал, әкімдіктен басқа қолдаушылары болмағандықтан, «Жетісу» футбол клубының былтырғы бюджеті 800 млн теңгеден асқан жоқ.

Мұнайлы өлкенің «Каспий» футбол клубы 2020 жылы Бірінші лигадан Премьер-лигада өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Сол жылғы бюджеті – 2 млрд теңге. Соның жартысы қарсыластарын қабылдайтын «Жас қанат» стадионын жаңартуға жұмсалды. Былтырғы бюджеті – 1,3 млрд теңге.

Қазақстандағы байырғы футбол клубтарының бірі саналатын «Оқжетпестің» 2020 жылғы бюджеті – 1,9 млрд теңге, 2021 жылғы бюджеті – 1,5 млрд теңге. Тіпті, соның біраз бөлігі өзімен аттас әйелдер футбол клубы мен футзал командасына кетеді. Өзінің стадионы жарамсыз саналғандықтан, ойын өткізетін орынды жалға алуға қосымша тағы шығындалады. Сөйтіп, «Оқжетпестің» бюджеті Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсететін клубтардың арасында ең азы болып шығады.

Жасы 60-тан асқан «Тараз» футбол клубының 2020 жылғы бюджеті – 1,9 млрд теңге, 2021 жылғы бюджеті – 1,2 млрд теңге. Соның өзі жергілікті бюджетке кәдімгідей салмақ салады. Клубтың қаржы тапшылығы бұрыннан бар. Маусымның ортасында ақша таппай, қарызға бататын кездері де көп болады. Сондықтан болар клубтың соңғы жылдардағы көрсеткіші көңіл көншітпейді. Соңғы жиырма жылдықтағы ең жоғары көрсеткіші – Премьер-лигадағы 4-орын. Тіпті, бір жылдары төменгі лигаға түсіп те қалды. Жоғары лигаға 2019 жылы оралды. Әйтпесе, тоқсаныншы жылдары клубтың бағындырған белестері аз болмады. 1996 жылы Қазақстан чемпионы атанды. 1995, 1997 жылдары 2-орын алды.

Петропавл қаласының «Қызыл-Жар СҚ» футбол клубы бұған дейін Премьер-лигада өлместің күнін көріп келді. Неге десеңіз, 2020 жылғы бюджеті 912 млн теңге ғана болды. Бұл – Премьер-лигада өнер көрсететін футбол клубы үшін аз қаржы. Премьер-лигадан 2020 жылы шығып қалып, 2021 жылы қайта оралған «Ақтөбенің» бюджетінен екі есе кем. Сол аз ақшадан аймақ стадионының жарамсыздығына байланысты ойын өткізуге алаңды жалға алуға тағы шығындалды. Мемлекеттің жаңа талабы қызылжарлық клубтың оң жамбасына келді. Басқа футбол клубтарының бюджеті қысқарып жатқанда, оның бюджеті артты. Былтырғы бюджеті – 1,2 млрд теңге. Нәтиже де көп күттірген жоқ. «Қызыл-Жар СҚ» футбол клубы былтыр Премьер-лигада 4-орын алды.

МЕМЛЕКЕТКЕ АЛАҚАН ЖАЙМАЙТЫН ЕУРОПАЛЫҚ КЛУБТАР ҚЫРУАР ҚАРЖЫНЫ ҚАЛАЙ ТАБАДЫ?

Мақаламыздың басында атақты «Барселона» футбол клубына тоқталдық. Испандық клубтың 2021 жылғы бюджеті – 4,76 млрд доллар, табысы – 819,8 млн доллар. Яғни, клуб өзінің қыруар шығынын жапқан және иесінің қалтасы қалыңдаған. Бюджетінің көптігінен екінші орында тағы бір испандық клуб «Реал Мадрид» тұр. Бюджеті – 4,75 млрд доллар, табысы – 793,1 млн доллар. Үшінші орында – «Бавария». Неміс футбол клубының бюджеті – 4,21 млрд доллар, табысы – 726,9 млн доллар. Бұл көрсеткіш бойынша алғашқы ондыққа 2021 жылы қыруар пайдаға кенелген ағылшындардың «Манчестер Юнайтед» (665,3), «Ливерпуль» (640,4 млн), «Манчестер Сити» (629,6 млн), «Челси» (538,4 млн), «Тоттенхэм Хотспур» (510,9 млн), Францияның «Пари Сен-Жермен» (619,7 млн) және Италияның «Ювентус» (456,1 млн) футбол клубтары енеді.

Сонда еуропалық клубтар футболдан осыншама қыруар қаржыны қалай табады? Бұл сұраққа жауап беру үшін 123 жылдық тарихы бар «Барселонаның» пандемияға дейінгі, яғни 2019 жылғы табысын мысалға келтірейік.

2019 жылғы маусымда «Барселонаның» бас демеушісі жапондық «Rakuten» интернет-компаниясы болды. «Барселона» футболкаларына өзінің логотипін жапсырғаны үшін жапондық компания 246 млн долларға шығындалды. Атақты америкалық «Nike» компаниясы да «сен тұр, мен атайын» дейтін кіл мықтылар жиналған клубпен 10 жылға келісім-шартқа отырды. Жыл сайын «Nike» жарнама үшін «Барселонаға» кемінде 174 млн доллар төлейді. Немістің бренді «Adidas» та испандық клубпен 12 жыл бойы ынтымақтаса жұмыс істеуге ниетті. Келісім-шарттың жалпы құны – 1,8 млрд доллар. Демек, жарнама – футбол клубтары үшін пайда табудың басты жолы. Мұны бір деп қойыңыз.

Екіншіден, мысалға келтіріп отырған осы «Барселонаның» ойынын тамашалауға мыңдаған жанкүйер келеді. Испандық клубқа тиесілі «Camp Nou» стадионының сыйымдылығы – 99,3 мың адам. Бұл Жезқазған қаласының тұрғындары санынан да артық көрсеткіш. Ал, билет құны 50 еуродан (24,7 мың теңге), VIP-аймақ 150 еуродан (74,2 мың теңге) басталады. Және «Барселона» ойнағанда стадионда ине шаншар орын болмайды. Мәселен, 2019 жылы қазан айында «Барселона» мен «Реал Мадрид» футболшылары жасыл алаңда жолыққанда стадион лық толған. Билеттің бағасы 450 еуродан (222,7 мың теңге) басталған. Демек, еуропалық клубтар билет сатудан да қыруар табыс табады. Әрине, 2020-2021 жылдары коронавирус пандемиясының салдарынан барлық футбол клубтары билет сатудан пайда тапқан жоқ.

Үшіншіден, әлемдік телеарналар ойынды көрсету құқығын сатып алады. Айталық, Чемпиондар лигасының 2018-2019 жылдардағы маусымын көрсету құқығын «Turner Sports» пен «Univision» компаниялары сатып алды. Олар бір жылға 100 млн доллардан төледі. Көрсетілімдерден түскен бұл ақшаларға футбол клубтарының да үлесі бар.

Міне, өркениетті елдердегі футбол клубтарының бюджеті осындай жолдармен құралады. Біздегідей мемлекетке алақан жаймайды. Бюджеттен оларға бір тиын да бөлінбейді. Қайта олардың қызығын мемлекет көреді. Клубтар салық төлейді. Бюджетке қыруар қаржы аударады. Сондай-ақ, елдеріне көптеп туристер тартады. Мысалы, «Барселонаның» ойынын, оның атақты футболшыларын көру үшін пандемияға дейін жыл сайын Испанияға мыңдаған туристер барып тұрды.

Жоғарыда «Camp Nou» стадионының 99,3 мың көрерменге арналғанын жаздық. Еуропаның кез келген стадионы сондай көлемде. Және олар лық толады. Өйткені, кәрі құрлықта футболға сұраныс зор. Бізде 2009 жылы 182 млн долларға салынған «Астана Арена» стадионы бар. Сыйымдылығы – 30,2 мың адам. Стадион 2017 жылы мен 2019 жылы әнші Димаш Құдайберген жеке концертін бергенде ғана лық толыпты. Елдің бетке ұстар футбол командалары «Астана» мен «Қайрат» жолыққанда да жұрт көп жиналмайды. Ал, ондаған отандық футбол командалары жарнамадан, билет сатудан, көрсетілімнен пайда таппаса, «өз қотырларын өздері қасып» күндерін көре алмаса, онда оларды халықтың есебінен қаржыландыру қаншалықты орынды?! Міне, жұрт көкейінде жүрген сұрақ осы.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Футбол клубтарына қатысты көптің көкейіндегі мәселені ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының мүшесі Қазыбек Иса ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған өзінің депутаттық сауалында көтерген болатын. Депутаттық сауал өткен жылы 14 қарашада 2022 жылғы футболдан әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Қазақстан ұлттық командасының Франциядан 8:0 болып, футбол тарихындағы ірі есеппен ойсырай жеңіліп, елдің қатты наразылығына ұшырап, қоғамда резонанс тудырғанда жолданған екен.

Қазыбек Исаның бұл депутаттық сауалына Ералы Тоғжанов: «Елімізде 49 кәсіби футбол клубы бар, олардың 14-і – Премьер-лигада, 12-сі – Бірінші лигада, 23-і – Екінші лигада өнер көрсетеді. Қазіргі уақытта мемлекетке түсетін ауыртпашылықты азайту мақсатында жергілікті атқарушы органдар кәсіби футбол клубтарын жекешелендіру немесе сенімгерлік басқаруға беру жұмыстарын жүргізуде. Атап айтқанда, «Шахтер», «Қайсар», «Ордабасы» футбол клубтары сенімгерлік басқаруға беріліп, «Тобыл» футбол клубы жекешелендірілді. Сонымен қатар, Ақмола облысының әкімдігі «Оқжетпес» футбол клубын 2023 жылы жекеменшікке өткізуді жоспарлап отыр, ал Маңғыстау облысының әкімдігі өзіне тиесілі кәсіби футбол клубын жекешелендіру мәселесін пысықтауда», – деп жауап беріпті.

Бір айта кетерлігі, Ералы Тоғжановтың жауабында «Астана» футбол клубы «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» корпоративтік қоры есебінен қаржыландырылатыны, 2021 жылы аталған қордан елордалық клубқа бөлінген қаражат көлемі 11 млрд теңгеден 9,4 млрд теңгеге дейін азайтылғаны айтылған. Жоғарыда жазғанымыздай, «Астана» футбол клубының ресми сайтында елордалық клубтың 2021 жылғы бюджеті 5 млрд теңге екені хабарланған болатын. Демек, «Астана» футбол клубының бюджетке қатысты мәліметі Ералы Тоғжановтың дерегімен сәйкес келмей тұр…

Қалай болғанда да, бұған дейін жергілікті бюджеттің спортты дамытуға бөлген 70-80 пайыз қаржысына «қол сұғып» келген өңірлік футбол клубтарының «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» дәуірі келмеске кетті. Президенттің тапсырмасы осылай орындалды. Бұл да бір біткен іс болды.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq»

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here