Кәсіподақ ұйымдары еңбек адамының сенімді тірегі бола ала ма?

0
817

Кәсіподақтар ұйымы маңызды қоғамдық институттың қызметін атқарып, еңбек адамының құқығын қорғайды, сөзін сөйлейді. Еңбек дауын шешеді. Өйткені, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау – кәсіподақ қызметінің басты міндеті.

Негізі 1990 жылы қаланған ҚР Кәсіподақтар федерациясының 2 миллионға жуық мүшесі бар. Оның құрамында 23 республикалық салалық, 17 аумақтық кәсіподақ бірлестігі және 20 мыңға жуық бастауыш кәсіподақ ұйымы бар.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы мен аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің атқарып жатқан шаруалары да шаш етектен. Мәселен, 2019 жылы ҚР Кәсіподақтар федерациясы мен аумақтық кәсіподақтар бірлестіктері «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», республика бойынша 1 293 бастауыш кәсіподақ ұйымын құрды. Оған 156 823 еңбек адамы мүшелікке енді. Яғни, енді бұл еңбек адамдарының да құқығын аталған ұйымдар қорғайтын болады. Ал, аталған федерация көбіне еңбек дауларына араласып, оны еңбек адамының пайдасына шешіп беруге барын салады.

Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін қоғамдық институттардың қызметін атқарып отырған аталған ұйымдардың өткен жылғы қызметіне тоқталады.

Алдымен ҚР Кәсіподақтар федерациясының тарихына қысқаша тоқталайық. Қазақстанның кәсіподақ қозғалысы бастауын ХХ ғасырдың басынан алады. Атап айтқанда, Қазақ жеріндегі ең алғашқы кәсіподақ ұйымы 1905 жылы құрылды. Ол – қазіргі Қарағанды облысы аумағында орналасқан Мыс кеніші жұмысшыларының одағы еді.

Кеңес Одағы тұсында Қазақ КСР-ның барлық кәсіподақтарының қызметін орталық орган – Қазақ кәсіптік одақтар кеңесі (Қазсовпроф) қадағалады. Оның қызметі 1948 жылы басталды.

Тәуелсіздіктің елең-алаңында, 1990 жылы Қазақстан кәсіподақтарының XIV съезінде «Қазсовпрофтың» мұрагері саналатын Қазақ КСР Кәсіподақтар Федерациясын құру туралы Декларация қабылданды.

1992 жылы Қазақ КСР Кәсіподақтар Федерациясының атауы өзгертіліп, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы болып қайта құрылды. Екі млн мүшесі бар ұйымды 2019 жылдан бері Ералы Тоғжанов басқарады.

ҚР Кәсіподақтар Федерациясы 2015 жылы Бразилияда өткен Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы (ХКК) Бас кеңесінің отырысында толық құқықты мүшесі атанды. Ал, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы әлемдегі 162 елдің 180 млн жұмысшысының басын біріктіреді.

Иә, ҚР Кәсіподақтар Федерациясының қысқаша тарихы мен атқарар қызметі осындай. Енді аймақтарда былтыр атқарылған жұмыстарға тоқталайық.

Кәсіподақ ұйымының араласуымен Ақтөбе облысының өндіріс ошақтарындағы жұмысшылардың айлығы 10-15%-ға артып, мекемелердің қызметкерлер алындағы қарызы 75,6 млн теңгеге азайды.  2019 жылдың 12 қыркүйегінде «Восток нефть и сервисное обслуживание» ЖШС қызметкерлері айлықты 50%-ға арттыру жөнінде басшылыққа талап қойды. Жұмысшыларының бұл талабын орындауға мекеме басшылығы асықпады. Содан бұған кәсіподақ ұйымдары мен әкімдік өкілдері араласты. Екі аптаға созылған дау жұмысшылардың пайдасына шешілді. Қазан айынан бастап жұмысшылардың талабы орындалды. Айлық көтерілді. 870 мыңдай халқы бар облыста жүздеген еңбек дауы осылайша ұйым мүшелерінің пайдасына шешіліп келеді.

Айлықты көтеру мәселесі – Маңғыстау облысында да күрделі. Мұндай талаппен маңғыстаулықтар талай рет көшеге шықты. Облыстағы «М-Техсервис» ЖШС жұмысшылары Ақтөбедегідей айлықты көтеру мәселесін көтерді. Кәсіподақтар ұйымдарының араласуымен жұмысшылардың бұл талабы да қанағаттандырылды.

Ералы Тоғжановтың айтуынша, кәсіподақ ұйымдарына көбінесе осы жалақы туралы сұрақтар қойылады. Былтыр оларға жалақыға қатысты 7 мыңнан астам азаматтан сұрақ келіпті. Соның 2 300-ге жуығы нақты шешімдерін тапқан.

643 мыңдай халық тұратын Атырау облысында жұмыссыздық мәселесі де жоқ емес. Жұмысы тоқтаған мекемелер де бар. Содан кәсіподақ ұйымдары жұмыссыздықтың алдын алуға барын салды. 119 жұмыс берушімен келіссөздер жасады. Тығырыққа тірелген мекемелерге инвестициялық жобалар ұсынды. Нәтижесінде қысқартуға ұшыраған 634 атыраулықтың 526-сы жұмысын сақтап қалды. Еңбек жәрмеңкесі арқылы 2 832 адамды жұмысқа орналастырды. Осылайша, кәсіподақ ұйымдары былтыр мұңайлы өлкеде тындырымды қыруар шаруа атқарды.

Енді Қазақстанның батысынан шығысына ауысайық. Шығыс Қазақстан облысында 1,4 млн халық тұрады. Өндіріс ошақтары да көп. Солардың көбінде кәсіподақ ұйымдары құрылған. Облысқа қарасты 16 салалық ұйымның ондаған мың мүшесі бар. Мысалы, 1949 жылы ашылған «Восточно-Казахстанская региональная энергетическая компания» АҚ-ның Данияр Хасенов басқаратын кәсіподақ ұйымы жұмыс жасайды. Компания қызметкерлерінің 90%-ы, яғни 2 668 қызметкер бұл ұйымның мүшесі. Олар қосымша жәрдемақылармен, мемлекеттік мерекеде арнайы сыйақылармен қамтамасыз етіледі.

Еңбек дауы болған тұста облыстық кәсіподақ ұйымы араласады. Айталық, Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай, Күршім, Ұлан, Шемонаиха аудандарындағы ұстаздардың емдеу-сауықтыру шараларына қарастырылған 16 млн теңгесі қайтарылды. 1953 жылы Өскеменде іргетасы қаланған «Востокмашзавод» АҚ-ның банкрот болуына жол берілмеді. Сөйтіп, 600-дей адам жұмысын сақтап қалды.

Қазақстандағы үшінші мегаполис Шымкенте де еңбек қорғау және еңбек қауіпсіздігі бойынша салалық кәсіподақ ұйымдарының 2019 жылы атқарған жұмыстары толайым. Былтыр кәсіподақ мүшелерінің 7,5 мыңы оқытудан өтті. Жұмыс жасайтын 1,5 мыңға жуық еңбек қорғау жөніндегі техникалық инспектордың 1 019-ы біліктілігін арттырды. Еңбек қауіпсіздігін сақтау бойынша 585 тексерулер ұйымдастырылды. Нәтижесінде 487 еңбек заңдылықтарын бұзушылық анықталып, ол ескертпелер толығымен түзетілді. Кәсіподақ ұйымдары 56 еңбек дауын шешуге және 5 жазатайым оқиға орын алған жағдайды зерттеуге қатысты. Татуласу орталығының да жұмысы жүйелі жолға қойылған. Орталықта 470 адамға көмек көрсетілді.

«Шымкент қалалық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлесігінің төрағасы Берік Айдарбекұлының сөзіне сенсек, тура бір жыл бұрын ашылған «Shymkent Bus» компаниясының 400-ден астам қызметкері өздеріне тиесілі жалақыны уақытылы алмай, наразылыққа шыққан екен. Кәсіподақ ұйымы араласқаннан кейін серіктестік жалақыны толық көлемде төлеген.

Рас, жалақы қарызының өтелуіне кәсіподақ өкілдері де белсенді араласады. Берік Бекжанов жұмысшы мен жұмыс берушінің арасындағы еңбек дауларының алдын алу үшін ұдайы түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін жеткізді.

Былтыр 20 желтоқсанда Ақтөбеде «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының І республикалық форумын өткізді. Форум жұмысына қатысқан Ералы Тоғжанов денсаулық сақтау жүйесін дамытудың өзекті мәселелеріне, соның ішінде саладағы қоғамдық бақылауға, денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлеріне лайықты әлеуметтік-еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге тоқталып, облыстың дәрігерлері еліміздегі денсаулық сақтау қызметкерлерінің арасында ең төменгі айлық алатынын ашық айтты. Кәсіподақ ұйымдары бұл мәселелердің де оңтайлы шешілуіне атсалысады.

Желтоқсан айында Қызылорда облысындағы «СНПС-АйДан Мұнай» АҚ-ның жұмысшылары басшылыққа бірқатар талаптармен жүгінген еді. Олардың жанайқайларына алғашқы болып кәсіподақ ұйымдары құлақ асты. Жұмысшылардың айлық пен мерекелерге арналған сыйақылардың көлемін арттыру, әлеуметтік жәрдемақы тағайындау туралы талаптары бойынша Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі, салалық кәсіподақ, еңбек инспекциясы мен жергілікті атақарушы орган өкілдері, «СНПС-АйДан Мұнай» АҚ басшылығы мен жұмысшыларының қатысуымен компанияның әкімшілік ғимаратында жиын өтті. Келіссөзде тараптар ортақ бірқатар келісімдерге қол жеткізді. Соның ішінде сыйақылар көлемі 10 АЕК-тен 20 АЕК-ке көбейді, қосымша жәрдемақылар қосылатын және еңбеккерлердің шектеусіз санына сауықтыру-демалу орындарына жұмсалған қаражаттың 50 пайыздық көлемінде жеңілдік қарастырылатын болды.

Айта кетейік, 2019 жылы «Татуласу орталығында» 16,7 мың мәселе қарастырылып, соның 1,5 мыңында дау еңбек адамының пайдасына шешілді. Ал, жергілікті атқарушы органдардың көмегіне жүгінген кәсіподақ ұйымдары жұмыс берушілермен 127,9 мың келісімге келді.

Кәсіподақ ұйымдары еңбек дауымен ғана айналыспайды. Басқа да игі шаралардың ұйытқысы болады. Мәселен, былтыр Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің Еңбек инспекциясы басқармасымен «Қауіпсіз еңбек» шарасы аясында семинар өткізді. Оған 200-дей адам қатысты. Еңбек қауіпсіздігі, жұмысшының құқығы сөз болды.

Жыл соңында Тараз қалалық сотында Жамбыл облыстық кәсіподақтар бірлестігі, салалық кәсіподақ ұйымдары жетекшілері мен бірқатар судьялардың және облыстық Еңбек инспекциясы басқармасы мамандарының қатысуымен «Жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасындағы еңбек қатынастары бойынша өзекті мәселелер. Еңбек дауларын соттан тыс және сотқа дейін шешуде кәсіподақтардың рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Онда жұмыс берушілер мен еңбеккерлер арасындағы еңбек дауын сотқа дейін шешу жолдары айтылды. Мұның бәрі жұмысшыларды өз құқықтарын заң аясында қорғауға үйретеді.

Кәсіподақ ұйымдары қайырымдылықпен де айналысады. Мысалы, былтыр Ералы Тоғжанов көлік апатынан қаза тапқан 33 жастағы энергетик Ізбасар Алматаевтың төрт баласымен жесір қалған әйелі Жұлдызай Алмахановаға Алматыдағы  жаңа тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі пәтерді сыйға тартты.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжановтың айтуынша, кәсіподақ ұйымдарының басты міндеті – еңбек қатынастары саласында әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету, еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғау.

Ералы Лұқпанұлы өткен жылы жұмыс барысында 1 215 адамның зардап шеккенін, олардың 148-і қаза тапқанын айта отырып, мұндай сұмдықтың алдын алу мақсатында кәсіподақтардың бастамасымен барлық өңірлерде «Қауіпсіз еңбек» жергілікті бағдарламасы жүзеге асып жатқанын жеткізді. Ералы Тоғжанов басқаратын ұйымға 2 млн қазақстандықтың сенім артқаны тегін емес. Өйткені, жоғарыдағы зор міндеттерді ҚР Кәсіподақтар федерациясы абыройлы орындап келеді.

Мақаламыздың тақырыбын «Кәсіподақ ұйымдары еңбек адамының сенімді тірегі бола ала ма?» деп қойып, бұл сұраққа жауап іздеп көрдік. Бір жылда жер-жердегі кәсіподақ ұйымдарының атқарған шаруасын бір мақалаға сыйдыра алмайды екенбіз. Демек, ҚР Кәсіподақтар федерациясы өзінің мүшелігіндегі 2 млн еңбек адамына сенімді тірек бола алып отыр. Сөзден нақты іске кіріскен ұйымның қызметіне көңіл толады.

Иә, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов айтқандай, «кәсіподақ көшбасшысы адамдарды баррикадаға бастамайды, сындарлы диалог жолдарын қарастырады».

Жансая ШЫҢҒЫСХАН, «Qazaq»-тың Нұр-Сұлтандағы меншікті тілшісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here