Жетісуда күріш шаруашылығы қалай дамиды?

0
1095

Күріш шаруашылығы – Қазақстандағы дәнді дақылдар ішінде бидай, арпа және жүгеріден кейінгі сала. Күріш Қызылорда, Түркістан, Алматы облыстарындағы Сырдария, Іле және Қаратал өзендерінің аңғарында егіледі. Ал, 2 млн халқы бар Алматы облысының Балқаш, Қаратал аудандарында ірі күріш алқаптары бар. Айталық, Балқаш ауданында суармалы жерлер 32 мың гектарды құрайды. Соның 8 325 га жеріне былтыр күріш егілді.

Жалпы, Жетісу жерінің күріш өсіруге әлеуеті зор. Өйткені, күріш егуге жер де, су да жетеді. Дегенмен, күріш шаруашылығында біраз шешімін таппаған күрделі мәселе бар. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін сол мәселелерді шешуге Алматы облысында қандай жұмыстардың қолға алынғанына тоқталады.

Іле өзенінің бассейнінде күріш егу өндірісінің тұралап қалғанына себеп те жоқ емес. Өзен суының тапшылығы мен суғару жүйесінің тозғаны бұл саланың жұмысына да кедергі келтіреді. Мәселен, суғару жүйесінің дұрыс жолға қойылмағандығынан ондаған мың гектер жерге егілген күріш суғарылмай қалады. Соның салдарынан егін бітік шықпай, өнім аз алынады. Бұл өз кезегінде диқандардың еңбегін еш етеді. Сөйтіп, диқанды шығынға батырады.

Иә, қол қусырып, қарап отыруға тағы болмайды. Ал, бұл күрделі мәселені өздігінен шешу диқандардың қолынан және келмейді. Мемлекет пен диқандар «ары тартса – арба да сынбайтындай, бері тартса – өгіз де өлмейтіндей» ортақ бір шешімге келулері керек. Олар солай жасады да…

Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында «Ирригациондық-дренаждық жүйені жетілдіру» жобасы қолға алынды. Яғни, тозығы жеткен суғару жүйелері жаңартылады. Соның арқасында Іле трансшекаралық өзені бассейніндегі мәселе шешіледі. Диқандардың мол өнім алуына қолбайлау болмайды. Бұдан әлеуметтік-экономикалық жағдай жақсарады. Мәселен, істен шыққан ирригациондық-дренаждық жүйе қайта қалпына келтірілсе, Іле-Балқаш алабында орналасқан Ақдала массивіндегі 7,4 мың га күріш егісінен мол өнім алуға жол ашылады.

Әрине, суғару жүйесін қалпына келтіру ұзақ уақыт пен қыруар қаржыны талап етеді. Жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарлама бойынша қажет қаржы бөлінді. Күрделі жұмыстар 2019 жылдың қазан айында қолға алынды. Жұмыстарды аяқтау 2021 жылдың қарашасына жоспарланып отыр. Бұл суғару жүйесі жаңартылса, 30 мыңнан астам халқы бар күрішті өңір өркендейді.

Рас, 1966 жылы Ақдала массиві игеріліп, Балқаш ауданы күріш өсіруді қолға ала бастады. Өкінішке қарай, Кеңес Одағы келмеске кеткен уақытта барлық сала сияқты күріш шаруашылығының да шырайы кетті. Қазақстан аяғынан нық тұрғаннан кейін егін шаруашылығына да оң көзқарас танытып, диқандарға мемлекеттік қолдау көрсете бастады. Нәтижесі де бар. Бүгінде Балқаш күріш өсірумен айналысатын облыстағы екі ауданның бірі. Бір кездердегі күріш өсірумен айналысқан ірі кеңшарлар қазір шағын агроқұрылымдарға бірігіп, заман талабына сай шаруаларын дөңгелетіп отырғаны қуантады. Ал, келесі жылы суғару мәселесі толықтай шешілсе, әлеуеті зор аймақта күріш шаруашылығын дамытуға мүмкіндік туады. Бұл мүмкіндікті диқандардың мүлт жібермейтініне сенім мол.

Күрішті шылқыған сусыз да өсіруге болатынын айтады кейбір ғалымдар. Бұл ғылыми жаңалықтардан да қалыс қалуға болмайды. Мәселен, профессор Жұмағали Оспанбаевтың айтуынша, Қытай ғалымдары күрішті тамшылатып суаруда жамылғы пленканы қолдану технологиясын ойлап тауыпты. Аталған жаңа технологияны күріш экспорттайтын бірқатар елдер қолданысқа енгізген. Өйткені, шығыстағы көршіміздің технологиясын егін шаруашылығына қолдану жоғары сапалы өнім өндіруге, суармалы жердің көлемін ұлғайтуға және жұмсалатын су мөлшерін азайтуға себеп болады.

Бір қуанарлығы, тамшылатып суару технологиясы арқылы күріш, қант қызылшасы, жүгері, бидай дақылдарын өсіру 2012 жылдан бері  Қарасай ауданындағы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы институтының суармалы егіншілік бөлімінің тәжірибелік жерінде сынақтан өтіп жатқанға ұқсайды. Енді мемлекет қолдауымен оның іске асқаны керек.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Өткен жылы әлемдегі диқандар күріш алқаптарынан 494 млн тонна өнім жинапты. Ал, әлемде күрішке сұраныс былтыр 518 млн тоннаны құраған. Яғни, 24 млн тонна жетпей қалған. Айталық, нарықтағы күріштің 59%-ын халқы көп үш ел қолданады: Қытай (29%), Үндістан (19%) және Индонезия (11%). Бангладеш, Вьетнам, Мьянма, Таиланд, Филиппин, Бразилия, Жапония елдерінде де сұраныс зор. 2025 жылға қарай күрішке сұраныс 570 млн тоннаға жететіні болжанып отыр. Демек, күріш сатудан пайдаға кенелуді көздейтін елдер күріш шаруашылығын дамытуға барын салады. Бүгінде әлемдік күріш экспортының 80%-ы бес елге тиесілі: Үндістан (28%), Таиланд (18%), Вьетнам (17%), Пәкістан (11%) және АҚШ (6%). Аталған елдер былтыр күріш сатудан 18,1 млрд доллар пайдаға кенеліпті.

Әрине, күріш экспортынан Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен бәсекелесу мүмкін емес. Дегенмен, күріш шаруашылығы Қызылорда облысында жүйелі жолға қойылғаны жасырын емес. Сыр диқандары былтыр 88 мың гектар егістіктен 530 мың тоннадан астам күріш жинады. Қызылорда күріші отандық нарықты да қамтамасыз етеді, сыртқа да сатылады. Мысалы, Сырдың күріші Түркіменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей, Беларусь, Әзербайжан елдеріне экспортталады. Енді жоғарыда сөз болған Алматы облысындағы суғару жүйесі жаңартылғаннан кейін Сыр күрішінің қатарына Жетісу өнімі де қосылады.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here