Ұлы Жеңіс-75: Тылдағы еңбектің көрігін қыздырған стахановшы

0
1032

Үстіміздегі жылы кешегі баланы  жетім, ананы  жесір  еткен сұм соғыстағы Ұлы Жеңістің 75 жылдығы атап өтіледі. Онда тек толарсақта саз кешіп, қанды майданның бел ортасында жүргендер ғана емес, алыстағы аудан мен қалалардағы, ауылдардағы көкіректері намысқа толы азаматтар да өздерінің лайықты үлесін қосты. Солардың бірегейі – Қостанай облысындағы шалғайда жатқан Жітіқара ауданында ғұмыр кешкен Қажкей Жақыпов еді. Бұл кісінің бойынан өзімізде жете бермейтін бірнеше асыл қасиеттер табылатын. Оның бәріне де  осы  мақаланың  оқылуы барысында оқырмандар қауымы көз жеткізетін болады.

Қарапайым ғана бақташының баласы

Жерлестеріміз атамызды стахановшы ретінде де ерекше бағалайды. Себебі, ол сонау 1939 жылы наурыз айында уақытында дүрілдеп тұрған Коммунистік партияның XVIII съезіне делегат ретінде қатысқан. Ол кезде мұндай жиынға тек қана жүзден жүйріктер, мыңнан тұлпарлар ғана іріктеліп жиналатындығы айтпаса да түсінікті болар. Осы айтулы басқосуға біздің даңқты азаматымыз Жітіқарадан барған еді.

Бұл шақта ол Киров атындағы «Жітіқара алтын» кен орнында қолмен бұрғылайтын кен қазушы болып жұмыс істейтін. Әрине, аталған кәсіптің қиындығына қарамастан, қазақ жігіті намысқа тырысып, өз қатарының алғы шебінде жүрді.

Содан қайсар да алған бетінен қайтпайтын, рухы мықты азамат кешегі күллі Одақ бойынша ерекше бейнетқорлығының арқасында үлкен абыройға бөленді. Жоғарыда аталған Бүкілодақтық мәртебелі жиынның қарсаңында түрлі-түсті металлургияның Халық комиссариаты оған «КСРО алтын платина өнеркәсібінің Стахановшысы» деген кез келген кісінің маңдайына жазыла бермейтін ең жоғары атақты берген-ді.

Оның кеудесіне бұл марапатты айғақтайтын төсбелгі де тағылған-ды. Осы келтірілген деректер мен дәйектер Қажкей Жақыповтың қандай биік дәрежеге көтерілген азамат екендігін айқын дәлелдеп тұрған жоқ па?

Өзі қарапайым ғана отбасында дүниеге келіп, тынымсыз әрекеті, тындырымдылығының арқасында жастар арасында топ жарған алғыр да белсенді бауырымыз еді.

Осы мақаламызды қолға алмас бұрын ол жайлы айтылатын маңызды мәліметтерге назар аудардық. Жас та болса іскерлігімен танылған Арман Бауыржанұлы Несембаев маған біраз жайды жасырмай ақтарып салды.

Оның алдында ғана ініміздің бір әңгімесінде өзі тікелей шөбересі болып табылатын әйгілі тұлғаның өңірден шыққан даңқты стахановшы екендігін білген едім. Содан осы естігенім мен көңілге түйгендерімді жұртшылыққа жеткізгенше асыққаным да рас.

Арманның Қажкей атамыздың өзге де ұрпақтарымен тілдесуге, олардың ой-пайымдарын ақ қағаз бетіне түсіруге мүмкіндік туғызғандығына да шынайы алғысымды білдіргім келеді.

Кейіпкеріміз, бүкіл ғұмырын өзі бір перзенті болып табылатын туған жерінің өркендеуі мен гүлденуіне арнаған атақты кісі 1904 жылы өңіріміздегі Жітіқара ауданында дүниеге келді. Ата-анасы өз еңбегімен күн көрген жандар еді.

Адал еңбегі мен маңдай терінің арқасында жалшы атанды. Олар Мінайдар деген байдың малын бағып, нәпақаларын айырды. Күн-түн демей, қожаларының өздеріне бекіткен малдың соңында жүрді.

Байдың қас-қабағына қарап, жылдың төрт мезгілінде, яғни боранды қыс, нөсерлі жаңбыр, ұшқан құстың қанаты күйетін аптаптарда алдындағы төрт түліктен шашау шығармауға тырысты.

Шаңырақтың иесі Жақып ағамызды бір боранды күндері даладағы түйелер аяқтарымен жаншып, басып кетті. Салмағы ауыр жануардан қалай тірі қалсын?! Тіпті, үйіне де жете алмады.

Айрандай ұйыған жанұяны асырап отырған отағасы осылайша күтпеген жерден мәңгілік көз жұмды. Оның қайғысы, әрине, «Тас түскен жеріне ауыр» демекші, ағайын, бауырларына үлкен қайғы-қасірет алып келді.

Қайран әкесі қайтыс болғанда Қажкей ағамыз әлі қабырғасы қатая қоймаған 13 жастағы балатұғын. Әлі кішкентай болса да қазақтың саналы қара сирақ ұлы өз бетімен тырмысып, жұрт санатына қосылуды армандады.

Содан, көп ойланып жатпастан, 1927 жылы Жітіқара шаһарына жаңа кәсіп іздеп жолға шықты. Алтын шығатын кен орнына келді. Ондағылар да өмір көрген кісілер емес пе? Сөзі тиянақты, еңбекке бейім жасөспірімді қанаттарының астына алды.

Бұл да тәлімгерлерінің үмітін ақтады. Күн өткен сайын шыңдала түсті. Алтын өндірушілердің өзгеше мамандықтарына әбден бейімделді. Өндірістің қыр-сырына қанықты. Арнайы білімі жоқ, сауатсыз ұл бірте-бірте өндіріс орнындағы жабдықтармен де жан-жақты танысып, көп өтпей шахтаға түсті.

Ол өзінің ұрпақтарына және кейінгі өзінен тағылым алған шәкірттеріне оңаша қалған сәттерде алтын кен өндірісіне баулып, қамқорлық танытқан алғашқы ұстазы, бұрғылаушы Алексей Чернаткин жайлы үнемі ерекше бір ықыласпен айтып отыратын.

Кейбіреулер ойлайтындай, алтын өндіру оңай шаруа емес. Бұл жерде нағыз өз саласына шын берілгендер, қиындықтан қашпай, төзімділік танытқандар ғана мақсатына жете алатындығына өткен өмірі, ауыртпалықпен артта қалған тағдыры куә. Мұнда ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, оңай олжаға кенелемін деу – бекершілік-ті. Жұмыс үш ауысым бойынша жүзеге асырылатын. Демалыс аптасына бір-ақ рет берілетін. Қалған алты күнде күнделікті сегіз сағаттан жердің астында кен қазумен болды.

Мәселен, бұл жұмыс істеген  №3 шахтада ол  кезде кен оятын балға мен компрессор деген атымен жоқ. Сондықтан бәрін де барлық қиындықтарға төзіп, қолмен атқаруға тура келді.

Стахановшы атанды

Ол Жітіқара ауданында дүниеге келіп қана қойған жоқ, алтын кен өндіретін комбинатта жанқиярлықпен тер төгіп, өңірдің атын бүкіл Одаққа әйгілі етті. Бұрынғы малшының баласы бұрғылаушы ретінде барлық ауыртпалықтарды бағындырды.

Үнемі тынымсыз іс-әрекеттің, табандылықтың нәтижесінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткіз-ді. Оның есімі үнемі озат бұрғылаушы ретінде қатарларының арасында, алдымен, ауызға алынып, суреті құрмет тақтасынан түспеді.

Бір жақсы жері, комбинаттағы басшылар қатардағы мұндай адамдардың алаңсыз жұмыс істеуіне қолайлы жағдай туғызды. Жылда ең-бектегі айрықша жетістіктері үшін ынталандыру мақсатында бұларды демалыс орындарына жолдама арқылы жіберіп отыратын.

Баспанамен де қамтамасыз етілетін. Әрине, тиісті әлеуметтік жағдайлар туғызылған соң, еңбек өнімділігін төмендетпеу де талап етілді. Бұл да оны жете түсініп, ешқашан да өзіне сенім артқан кісілерді жерге қаратпады. Соған қарай лайықты құрмет пен ілтипатқа ие болды.

Комбинат 1936 жылы өздерінің мүмкіндік-терін пайдалана отырып, қарамағындағы қызметкерлерге тұрғын үйлер салып, пәтерлер бере бастады. Бірінші кезекте жауапкершілігі мол әрі жер астында жұмыс істейтін адамдарға айрықша назар аударылды.

Жас та болса өз кәсібін жете меңгерген бұл талай рет ұжымның мақтанышына  айналды. Бағалы сыйлықтармен аталып өтілді. Комбинатта өткен жиындарда мұның аты-жөні әрдайым өзгелерге өнеге етілетін.

Өздеріңіз білесіздер, 1935 жылы Донбасстағы шахтер Алексей Стахановтың еңбек өнімділігін арттыру, техника мен жабдықтарды тиісті деңгейде пайдалану жөніндегі бастамасы кешегі Одақтағы көпшілік қауымды елең еткізді. Оны Жітіқарадағы азаматтар да қызу қолдады. Сөйтіп, екінші бесжылдықтың тапсырмаларын мерзімінен бұрын орындауға белсене атсалысты. Социалистік жарысты барынша жандандырды.

Стахановшы мәртебелі атағына ие болу кейбіреулер ойлайтындай жеңіл емес-ті. Ол үшін тоқсан және жыл сайын биік көрсеткіш көрсетіп, оны адалдықпен дәлелдеп отыру қажет-ті.

Қажкей Жақыпұлы дәл осы талап биігінен үнемі жарқырап көрінді. Жарыста алдына жан салмады. Сондықтан да болар, Жітіқарадағы алтын кен өндіретін комбинаттан жалғыз өзі жоғарыда тілге тиек етілгендей «КСРО-ның стахановшысы» жоғары атағын алған-ды.

Қазақ «Алмақтың да салмағы бар» деп босқа айтпайды. Ол сол әріптестерінің артқан сенім биігінен төмендемеуді, білгенін кейінгі жастарға үйретуді өзінің басты міндеті етіп қойды.

Арада жылдар жылжып өте берді. Ол содан соң да кейінгілерге асыл арман болған талай асуларды бағындырды. «Құрмет белгісі» орденін кеудесіне тақты.

Шеберлік пен іскерлік бағаланбай қоймайды. 1938 жылы маусым айында ол Қазақ КСР Жоғары Кеңесіне депутат болып сайланды. Бұл, әрине, оның халық алдындағы беделін бұрынғыдан да асқақтата түсті.

Сонау Алатаудың баурайындағы Алматы шаһарында өткен сессияларға қатысып, еліміздің қалаулы, атақтарынан ат үркетін кісілермен жүздесіп, пікір алысты.

Мақаламыздың басында тоқталып өткендей, ол үшін өміріндегі 1939 жылдың орны бөлек. Сол шақтағы талап бойынша, алдымен, партия қатарына алынды. Содан кейін Мәскеуде өткен Коммунистік Партияның XVIII съезіне делегат болып, үлкен абыроймен оралды.

Ерекше тоқтала кетер жай, сонау бір кезеңдерде айрықша табандылығымен күллі Одаққа кеңінен танылған әрі жаңашыл да батыл Алексей Григорьевич Стахановпен кездесті. Онымен бірге қатар тұрып, суретке түсті. Сол сәт ғұмырындағы ұмытылмас шақтардың бірі-тін.

Аталған съезден оралған соң алған әсерін әріптестерімен бөлісіп, жастарды тың ізденістерге жетелеп, бойларындағы қажыр-қайратын туған елді көркейтуге жұмсауға шақырды.

Бұл уақытта кешегі Жітіқара шағын үйлерден тұратын елді мекеннен үлкен шаһарға айнала бастаған-ды. Бұрын арман болған биік ғимараттар салынды. Мәдениет орындары мен мектептер, денсаулық сақтау мекемелері бой көтерді. Өзі қызмет атқарған комбинат та еңселене түсті.

Кешегі қанды майданда Ұлы Жеңісті халқымыз асыға күткені жасырын емес. Онда жан алысып, беріскен шайқастардағы жауынгерлер жауларға тойтарыс берсе, тылдағы, яғни ауыл мен қалалардағы қайсар жүректі ағаларымыз бен асыл аналарымыз уақытпен санаспай жұмыс істеп, өздерінің елеулі үлестерін қосқандығы тарихтан белгілі.

Өзіміз сөз еткен ардақты Қажкей Жақыпов өзінің жиған қаржысына майданға танк сыйлады. Сөйтіп, бойындағы өнегелі қасиеттерін көпшілікке жарқырата көрсетті. Оны, әрине, замандастары мен жерлестері, артында ғұмырын жалғастырып жатқан ұрпақтары әрдайым еске алып отырады.

Жұртшылықтың ілтипатына бөленген тұлға Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары да республикамыздың жарқын болашағы үшін тынбай бірқатар жауапты қызметтер атқарды.

Ол 1948 жылы Жітіқара аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, содан көп өтпей төраға лауазымына көтерілді. Төрт жылдан кейін дайындау орнының директоры болып бекітілді.

Қажекең басшы болдым екен деп ешкімге қиянат жасаған жоқ. Қайта қолдан келгенше жығылғанды қолтығынан демеді. Алдына өтінішпен келген адамға шапағатын тигізіп, меселін қайтармады. Өзгелердің қайғысын өзінікіндей көріп, қиналғандардың жанынан табылды.

Осы арада сөзіміз жалаң болмас үшін нақты мысал келтіре кеткенім жөн болар. Сонау бір жылдары атамыз бір маңызды басқосуда өмірлік тәжірибесі аздығынан кемшілікке жол берген жас сатушы Аня деген қыздың тағдырына араша түседі. Кім біледі, егер бұл кісідей адал да парасатты адамдар кездеспегенде оның кейінгі тағдыры не болар еді? Бірақ, әлгі жетім бойжеткен ағамыздың сол кездегі қамқорлығы мен жылы сөздерін ғұмыр бойы ұмытқан жоқ.

Ардақты кейіпкеріміздің халқына сіңірген еңбегі, мол адамгершілік қырлары онымен аралас-құралас болып, өзін көзімен көрген жандардың жүректерінде сақталғандығы ақиқат.

Аудан басшылары да өмірі өнеге, уәдеге берік, сөзі мен ісінде алшақтық жоқ  жерлестерін  әрдайым лайықты бағалады. Оның есімін Жітіқарадағы бір көшеге берді.

Ұрпағы бар адамды ешқашан өлді деуге болмайды. Қажкей ағамыз құдай қосқан қосағы Мария Сәрсенбайқызымен бірге бес бала тәрбиеледі. Оның үшеуі жастай шетінеп кетті. Бір қызына балалары тұрақтамаған соң қазақы ырыммен есімін Тұрар деп қойыпты.

Осы Тұрар апамыз көп жылдар бойы сауда саласында жұмыс істеді. Кеудесіне мамандығының шебері екендігін дәлелдейтін төсбелгі тақты. Ғұмырлық серігі Қажым Батталұлы екеуі көзінің ағы мен қарасындай қос қыздарына тағылымды тәрбие берді.

Оның үлкені, аяулы қарындасымыз Гүлнәр Жапарова бұл күндері Жітіқара аудандық мұрағат бөлімінің басшысы. Отағасы Асылбек – кешегі ауған соғысына қатысқан қайсар азамат. Отбасындағы Әнел есімді қыздары бойжетті. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Есеп саласында қызмет атқарады.

Одан кейінгі кішіпейіл де мейірбан Жанат Несембаева – кәсіпкер. Өмірлік серігі, сергек те батыл жан Бауыржан да өз саласының білгірі. Екеуі қос ұлдарын заман талабына сай азамат етіп өсірді.

Тұңғыштары Арман – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік қызмет академиясының түлегі. Кәсіпкер ретінде көпшілікке танымал. Оның келіншегі Гүлнәр – есепші. Ерлі-зайыптының Аружан, Арлан есімді балалары бар.

Ал, Жанат пен Бауыржанның кенжелері Диас – болашақ заңгер, магистратурада оқиды. Елордамыз Нұр-Сұлтан шаһарының тұрғыны. Зайыбы Альмира екеуі Әлинұр есімді ұлдарының мемлекетіміздің тұлғалы азаматы болуын армандайды.

Қажкей ағамыздың сүйікті қызы Гүлжамал – құрметті демалыста. Әкесінің бүкіл саналы өмірі өткен Жітіқара шаһарында үлкен құрметке ие. Оның ұлы Қазбек те ұлтжанды, парасатты азамат. Анасын ардақ тұтады. Атасының өнегелі ғұмырын өздеріне үлгі етеді.

Кезінде адал еңбектің нағыз жарқын үлгісін танытқан Қажекеңнің үміт күткен немересі Гүлнәрмен тілдескенімізде:

– Атамызды бәріміз де қайсар кісі ретінде жиі еске аламыз. Ол туыстарына өте қайырымды болды. Жетім-жесірді бауырына тартты. Бірқатар талапты жастарды оқытты. Оның көпшілдігі соншалықты үйінен кісі арылмайтын. Қызметіне адал еді. Майданға танк сыйлағаны да ерекше оқиға емес пе?! – деді. 

Жалпы, жақсының есімі ешқашан ұмытылмайды. Қазақтың адал перзенті Қажкей Жақыпов шын мәнінде ұлтын сүйген қадірлі жан еді. Оның шапағаты мен шарапатын көрмеген адам кемде-кем.

Қазір оның үш немересі мен алты шөбересі  бар. Бәрі де елге  сыйлы. Аталарын мақтаныш етеді. Өздері де адал еңбек пен  парасаттылықты  жоғары қояды. Тәуелсіз еліміздің ертеңіне үлкен сеніммен қарайды.

Орзалы ЖАҚСАНОВ, ҚР Мәдениет қайраткері

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here