Қарғаның қуанышынан қыранның қайғысы артық

0
2753

Шың басында, адамның аяғы жетуі қиын құздардың ішінде, мүк басқан тастар және сұрғылт бояулардың көлеңкесі арасында сұлулығына көз тоймайтын, жұп-жұқа нәзік жапырақшалары аспаннан нұр шашып, бір әсем гүл өсіп тұр. Оның хош иісі мен шырыны сиқырлы қасиеттерге толы. Сергек ойлы, Құдайдың рақымы түскен, киелі адам тамаша шырыннан қанып ішіп, хош иісін рахаттана жұтса, ол Сөздің Құдай берген құдіретіне ие болмақ.

Алланың қарапайым құлының кеудесінде қара ниет ойдың немесе істің кішкентай ғана ноқаты болса, ол гүлге жақындаған сәтте оның жарқыраған нұрын көрмейді, ал адамның қара пиғылы гүлге теріс әсер еткеннен ол улы шырынға айналады да, ұстаған адамның алақанынан қан сорғалап, жазылмай, күлдіреп қалады.

Сондықтан да жанының тазалығына күмәні бар адам гүлге жақындай алмайды. Сондықтан да Сөз құдіреті тек таңдаулы, жаны айрықша таза адамдарға ғана бұйырады.

Бірақ, Алланың бұл сыйы, Ақынның алдағы өмірі де кіршіксіз таза болмаса, оның уысынан шығып кетуі мүмкін. Ал, егер Ақын ғұмыр бойы жанын таза күйінде мәпелеп ұстай білсе, кір шалдырмаса, Алла тағала Ақынға мәңгілік өмір тарту етеді.

Халқымыз қашан да өзінің талантты ұлдарын жоғары бағалап, қастерлеген, оларға Алла сыйға берген ерекше құдіретке бас иген. Даланың дарынды Ақындары туралы үлкендердің айтқандарын ести жүріп, мен де осындай бас июшілікті бойыма сіңіріп өскенмін.

Бұл аңызды айтып отырған себебім, мен әрқашан кез келген бастаманың жеңіске жетуіне негіз болатын жандүниенің, ойдың тазалығы деп санайтынмын, әлі де соған сенімдімін. Жазушы болсын, жұмысшы болсын – бәрібір, рухтың кемелденуі – ең негізгі қасиеттердің бірі.

Бұл қасиеттің қоғамға да, мемлекетке де қатысы бар.

Жер бетіндегі тіршілік атаулының әрқайсысының пешенесіне Алланың бұйрығымен жазылған тағдыры бар, әр тіршілік иесінің өмірінде терең мән жатыр. Әрбір шыбын-шіркей, әрбір ағаш, әрбір жапырақ пешенесіне күні бұрын жазылып қойған тағдыр жазуымен күн кешеді. Біздің тірі пенде болып, қыбыр-қыбыр еңбек еткеніміз – өміріміз. Біреудің өмірінің мәні мүлде мардымсыз болса, ал біреу өз болмысымен өмірді өзгерте алады. Мұндай істі атқару – адамның құзырында. Сол үшін Алла тағала оған Ақыл, Ой және оның балалары үшін болса да, бақытты болашақ берген.

Уақыт кері жүрмейді, қиындыққа қарамастан, өмір өз ағысынан жаңылмайды. Ертең – ертеңгі күн тумақ.

Тән әлемі тәнімізге азық береді. Оның уақыты елу жыл ма, жетпіс жыл ма, адамзат тарихының әйтеуір бір қас-қағым сәтімен шектеледі. Ал, жан әлемі – мәңгілік, адамзат бар жерде, яғни біз өзімізді адам ретінде сезініп жүрген шағымызда, ол да өмір сүре береді. Әлем негізіне қаланған әр тастың, әлем негізін құрайтын әрбір рух елесінің маңыздылығы, шындығында, баға жетпес, ештеңемен теңгеруге келмес ғажап дүние.

Жоғарғы ар сотының таразысында рух биіктігін сан есе асқақтатып, ауырлатып тұрған – тұрмыс формуласы. Сол себепті де мен Рухтың жандануы, нығаюы мен салтанат құруына қол көтеремін, Сөз құдіретіне, Идеяға, Еңбекке табынамын, Талант пен Дананың алдында бас иемін. Антуан де Сент-Экзюпери: «Ең басты нәрсені көзбен көре алмайсың, бәрін көретін – жүрек қана», – деген екен.

Қай заманда да нағыз суреткер өз заманының азаматы (бұл сөздің нағыз қасиетті мағынасында) болған – халқының сезімімен, өмірімен біте қайнасып, оның қайғысын да, қуанышын да бірге бөліскен.

Тек ақындар ғана құлақ күйін келтірген аспаптай халық қайғысын күңірене жеткізді, қуанышын шаттана жырлады. Сондықтан да шығар, көптеген алыс тарихи оқиғалар жайлы біздің өткен заман суреткерлерінің әдеби шығармаларынан біліп жатқанымыз. Мысалы, Гомердің көзқарасы, оның айнала тіршілікті бүге-шігесіне дейін түсінуі сол заманның ресми хабарларынан гөрі нанымды да әсерлі.

Тарихтың түбегейлі өзгеру сәттерінде, яғни халық тағдыры шешіліп жатқан шақтарда жазушылар мен алдыңғы қатарлы интеллигенция халықты құтқару жолында басын тіккен. Отанында домалақ бомба жарылғанын ұшақ ішінде ұшып бара жатып естігенде палестин ақыны Муин Бсиссудің жүрегі сол сәтте-ақ жарылып кеткен. Сүйікті Ташкентін тас-талқан еткен жер сілкінісі туралы хабарды естігенде өзбек ақыны Ғафур Гулямның да жүрегі шыдамады. Орыс ақыны Ю.Левитанский Шешенстандағы соғысқа қарсы митингіде сөйлеп тұрып, қайтыс болды. Ал ақын Е.Евтушенко шешен соғысына наразылық білдіріп, үкімет наградасын алудан бас тартты. Желтоқсан оқиғасы кезіндегі қатыгездік пен қуғын-сүргін ашу-ызасын тудырған Жұбан Молдағалиев ең бірінші болып өз қарсылығын білдірді. Мұндайда Лермонтовқа жүгінуге болар еді: «Ақынға атақ тектен-тек келмейді, атақтың төлемі – азап».

Оңтүстік астанамыз Алматыдағы жаңа алаңда бой көтерген Тәуелсіздік монументінен де талай сырды ұғып, талай тәлім алуға болады. Барысты бағындырған Алтын адам қазақтың ғасырлар бойы жасап келе жатқан көне мәдениетінің нақ өзі болмаса да көзі. «Мәдени мұра» бағдарламасына орай «Бабалар сөзі» деген атпен жүз томдық кітап шыққаны мемлекетіміздің экономикалық мүмкіндігін ғана емес, ежелгі мәдениетіміздің барлығы мен байлығын көрсетеді. Дала данышпандарынан алар тағылым аз емес. Жас ұрпақ санасына өткеннің тағылымы мен бүгінгінің тәлімін қатар сіңіре алсақ, болашағымыз да жарқын болмақ. Жас ұрпақ тәрбиесіне ғана емес, елдің де өркендеуіне ықпал ететін қуатты күш – мәдениет пен әдебиет, өнер мен ғылым екендігіне ешкімнің таласы болмаса керек. Осы аксиоманы мойындай отырып, көш басында көркем әдебиет тұрғандығын қайталап айтқымыз келеді. Л.Фейхтвангер қадап айтқандай, «Көркем әдебиет жас баланы саяси қайраткерлікке дейін тәрбиелейді».

Әрине, біздің жеткен ең ұлы жетістігіміз – Тәуелсіздік. Жас егемен мемлекетіміздің алғашқы тәй-тәй басқан шағында тәуелсіздікті сезінудің өзі-ақ рухани азық болды. Ал қазір бұл – жеткіліксіз. Халық өмірінен тыс қалуға болмайды. Есіңізге түсіріңізші: Мұқанов пен Мүсірепов, Мұстафин мен Молдағалиев, Әлімжанов пен Сүлейменовтердің кезінде Жазушылар одағы қандай еді! Бәрі қазандай қайнап жататын.

Кеңестік кезеңде Жазушылар одағы үлкен беделге ие еді. Оның екі себебі болған: партияға идеология керек болып, жазушыларды пайдаланып, өзінің сөзін сөйлетті, қаламақы төлеп, атақ берді. Кемшілік – демократия болмай, біз тілімізді тістеп, шындықты айта алмадық. Есесіне жазушылар да белсенді болды. Мәселен, Әнуар Әлімжанов басқарған кезде Жазушылар одағы Азия-Африка жазушыларының бесінші конференциясын өткізіп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Дүниежүзіне Қазақстанның әдебиеті мен мәдениетін танытты. Сол кезде Қазақстан Жазушылар одағының алдында сол форумға қатысқан 200-ге жуық мемлекеттің жалауы желбіреп тұрды. Он шақты күн әдебиет мәселелері әлемдік деңгейде талқыланды. Біздің жазушылар әлемдік деңгейдегі ойшылдармен кездесіп, біраз тереңдеп, биіктеп, жанымыз тазарып, ұйымдастыру жағынан үлкен бір мектептен өттік. Атынан ат үркетін Файз Ахмед-Файз, Юсуф ас-Сибай, Махмут Дервиш секілді жазушы ғана емес, белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері келгені үлкен сілкініс, рухани жарылыс туғызды.

Жұбан Молдағалиевтің тұсында Жазушылар одағының беделі биік болды. Мәселен, Желтоқсан көтерілісі кезінде, елімізде орыстандыру жүріп, үстемдік құрып жатқан уақытта Жазушылар одағы халықтың өзі ақыл-кеңес сұрап, көмек алатын жағдайға жетті.

Олжас Сүлейменовтің кезінде де бізде елеулі мәдени қатынастар болды, мағыналы жиындар өтті.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Жазушылар одағының бірінші басшысы Нұрлан Оразалин отқа да, сотқа да түсіп жүріп, ғимаратты сақтап қалды. Мұны оның азаматтық ерлігі, зор табысы деп айту керек. Табандылық танытпағанда айырылып қалар ма едік? Нұрлан Оразалин билікпен де, халықпен де тіл табысып, сөйлесе білетін қарымды қайраткер. Одақ ғимаратының сақталуы – Нұрланның табандылығы мен күрескерлігінің жемісі. Әйтпесе, бұл үйге таласып, көз тіккендер көп еді. Таудың бөктеріндегі жазушылардың шығармашылық үйі де біреулердің жекеменшігіне өтіп кете жаздады. Оны да сот арқылы қайтарып алды. Мұны біреу білсе, біреу білмейді. Шығармашылық үйі демеушілер көмегімен күрделі жөндеуден өтті. Кейін тарихта бұрын-соңды болмаған нәрсе – Үкіметтің қолдауымен қазақтың ақын-жазушылары туралы алпыс табақ энциклопедиялық кітап жарыққа шықты. Оның өзі аз тірлік емес, сонымен қатар секциялық жұмыстар жандана бастады, жаңа шығармалар талдануда. Кейбіреулердің аталмыш одақты тек той өткізіп, өлік жөнелтетін орынға айналды деп жүргені артықтау айып. Әрі-беріден соң бұл екі шаруа да керек емес пе? Жазушылар одағының ғимараты болмаса, мереке мен қоштасу рәсімдерін Республика сарайы мен Конгресс-холдарда өткізе алмайсың ғой. Қарашаңырақ ауадай қажет. Сондықтан менің ұсынысым – шығармашылық одақтарды, әсіресе, ең бірінші кезекте Жазушылар одағын бюджеттен қаржыландыру қажет.

Біз өзі бір шектен екінші шекке шығуға бейім, уақытша ұрандарға тез еріп кететін халықпыз ғой. Сол әдетімізбен бұрын көкке шығарған құндылықтарымызды бүгін жоққа шығарып жатқан жайымыз бар. Өткеннің бәрін сызып тастай беру де жөн емес, оның да дұрысы мен бұрысы бар. Осы тұрғыдан келгенде Маркстің: «Ең қымбат капитал – Адам» деген пікірі көздің қарашығындай сақтайтын, ескірмейтін есті сөз деп білемін. Көздің қарашығындай сақтайтын, аялап, ардақтайтын қымбаттыларымыз аз емес. Ең қымбаттың – халқың, қазағың! Қазақ хандығы жойылғаннан бері бодандықтың тауқыметін тартып, сорлап келген сол қазақтың ғасырлар бойы аңсаған, бүгінде қолы жеткен ең үлкен бақыты – қаннан да қымбат – Тәуелсіздік! Сосын сол Халық пен Тәуелсіздікке қызмет ететін Әдебиет пен Өнер, Ғылым мен Мәдениет! Өркениетті елдер алдымен осыларға мән берген, түрлі апаттан осыларды құтқарған.

Екінші дүниежүзілік соғыстан соң күлден гүлге айналған Жапонияның құпиясы да осында. Қандай қиын кезеңнің өзінде де бұл ел білімге, ғылымға оң көзімен қарады. Жапонияда жақсы дәстүр бар: бір адам идея айтса, соған арнайы ақы төлейді, материалдық жағынан ынталандырады. Жаңаның бәрі идеядан туады. Сондықтан жапон елі табиғи байлығы болмаса да ғылым мен техника саласында зор жетістіктерге жетті. Ал еврей халқы ғасырлар бойы қуғында жүріп, мәдениетін, тілін, дінін жоғалтпады. Соның арқасында бүгінде дүниежүзінде алдыңғы қатарлы мемлекеттің бірі болып отыр.

Кеңестік кезеңде мәдениетке қалдық принципімен көңіл бөлетін. Қазір біздің экономикамыз көтерілді. Құдайға шүкір, ел еңсесін тіктеді. Біздің елімізде жаңа байлар да аз емес. Осындай жағдайда мемлекет те, басшылар да, байлар да әдебиет пен өнерге көмек қолын көбірек созса болар еді. Амал не, әзірге ондай жанашырлық жоқтың қасы.

Атақты философ Салюский айтқандай: «Дүниеге құмарлық жеңген кезде адамға деген сүйіспеншілік жеңіледі, ақылға деген сүйіспеншілік жерленеді». Өкінішке қарай, бізде әзірше осылай болып тұр. Қоғамның мықты бір тірегі – орта тап аяғынан тік тұра алмай жатыр. Рас, меценаттар жоқ емес, бар, бірақ аз, тым аз. Олар көбейсе, әдебиет пен өнерге колұшын берсе, өзгеден бұрын өзіне пайдалы болар еді. Уақыт зырлап өтіп жатыр. Қазақтың Третьяковы мен Морозовы әлі жоқ. Қоғам оларды асыға күтуде.

Сосын нақты жобалармен жұмыс істейтін, өнімді еңбек етіп жүрген әдебиет, мәдениет, өнер, ғылым қайраткерлерінің біразын қуатты өндіріс орындары мен ұлттық компаниялар қамқорлыққа алса, бұл екі жаққа да тиімді, ең алдымен қоғам үшін аса пайдалы болар еді. Олар халықтың арасында, еңбектің қайнаған ортасына барып ірі-ірі туындылар туғызар еді.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев әдебиет пен өнер өкілдеріне оң көзбен қарайды. Елбасының тапсырмасы бойынша Моңғолиядан Күлтегін ескерткішінің көшірмесін әкелген, Вице-премьер кезінде Жазушылар одағына келіп, өз ынтасымен жүз жазушының жүз кітабын мемлекет қаржысына шығарып берген, өзінің жеке қорындағы мәдени мұраларды Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының тарту еткен, тағы басқа да ұлт рухын көтеретін игілікті істердің басы-қасында жүрген ұлтжанды азамат, көрнекті мемлекет қайраткері Иманғали Тасмағамбетовтің жөні бөлек! Сондай-ақ, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов сынды қайраткерлер руханияттың шын жанашыр, қамқоршылары Алматыға ат басын бұрып, сол өңірден шыққан жазушыларды әдейі іздеп келіп, сәлем бергенін оқығанда өзін әлі көрмеген қайраткерге сүйсіндік. Әттең, мұндай ақылман азаматтар аз. Өте аз. Осы тұста Хафиздың:

Ақындар әкімдерін іздесе,

Ондай елдің маңдай соры бес елі,

Әкімдері ақындарын іздесе,

Бақыт нұрын кешеді, – деген жұлдызды жыры ойға оралып тұр. Осынау тағылымы зор тарихи сөз бүгін де өз маңызын жойған жоқ.

Билік пен зиялы қауымның қарым-қатынасы екі жаққа да тиімді, ең бастысы қоғамға да, халыққа да пайдалы. Өзара ой алмасу, пікір таластыру қайраткерге де, қаламгерге де қуатты серпін береді.  Біздегі биік билік иелерінің бәрі болғанымен, біразы атақты жазушыларымыздың өзін жөндеп танымайды, таныса да сыйламайды. Кітабын оқымаса да ең болмағанда есімін білуі керек қой.

Өркениетті елдер таланттарын жоғары бағалайды. АҚШ-та грек әртісі Мелина Меркури қайтыс болғанда, оның денесі салынған табытты еліне реактивті ұшақтар қоршаған алып ұшақ жеткізгенде, он мыңдаған халық әуежайда күтіп алған. Жұмыс тоқтап, мемлекеттік жалаулар төмен түсірілген.

Мейірман Нұрекеев таланты жарқырап тұрған шағында қайтыс болды. Оның тұрмыс жағдайы да керемет емес-тұғын, тіпті оның «еңбек сіңірген әртіс» деген атағы да жоқ еді. Ал халық әртісі Қапан Бадыров өмірінің соңғы жылдарында қоғам назарынан тыс қалды. Соңғы сапарға шығарып салу рәсімі де, жүз жылдық мерейтойы да тым жұпыны өтті. Қайраты барда керек болып, қартайғанда, о дүниеге аттанғанда қараусыз, елеусіз қалған жалғыз Қапан ба екен? Мұндай мысалдар аз емес. Неге?

Ал Юрий Никулин қайтыс болғанда, бүкіл Ресей қара жамылды. Ол ауырған кезде газет біткен оның денсаулығы туралы жазып, халықты үздіксіз хабардар етіп отырды.

Бізде «жаңа қазақтар» деген адамдар тобы пайда болды. Жаңа қазақтардың бір кезде болашақ Қазақстан интеллигенциясының қаймақтарының көшін бастайтынына нық сенімдімін. Ал әзірше, жаңа қазақтар шын мәніндегі нағыз байларға ұқсамай, оқшауланып тұр. Өйткені, кездейсоқ қонған байлық та, бақыт та қашанда бас айналдырады. Батыс интеллигенциясы лайықты өмір сүре алады, себебі, оның еңбегінің құны жоғары, әрі меценаттық дәстүр де онда күштірек. Бізді мәдениет, білім, ғылым мәселелерін және соған байланысты интеллигенция мәселесін мемлекет түбегейлі шешкен жоқ. Қазақстанда ақысыз-пұлсыз жұмыс істейтін, зейнетке шықпайтын жанкештілер де бар. Олар – қаламгерлер.

Адамзат өмірінің күрделілігі соншама, оның бүгінгі тіршілігін жан-жақты зерттеп білмей, оның болашағына болжау айту мүмкін емес. Ал бүгін халық туралы не айтуға болады? Бүгінгі күні қоғамдағы күрделі өзгерістер халықты оятты. Оянған халық ойланып та, әрекет етіп те жатыр. Маған оқырмандармен кеңесу, оларға ойларым мен көзқарасым туралы айтып беріп, пікірлерін білсем деген ой келген-ді. Бір мақалада көтерілген ойлармен, бір адамның ғана пікірімен бүгін халық тағдырының барлық төтенше маңызды мәселелерін қамту мүмкін еместігі анық, өйткені бұл мәселелер мені ғана мазалап жүрген жоқ, кез келген озық ойлы адамды, бүкіл қоғамды толғандырады.

Есте жүрер есті сөздер аз емес. Соның біразын біздің қазақ жазушылары айтқан. Мәселен, Ғабит Мүсірепов былай депті: «Сексенге келген мені де дәл бүгінгі таңда кәрілік емес, адамгершілік проблемасы селкілдетіп отыр. Техникалық прогреске бәріміз де ризамыз, осылай риза боп жүргенде нравственный прогресс жағы, яғни ар-ождан, адамгершілік байлығымыз тым ортайып бара жатқан жоқ па?!

Менің, осынша өмір тәжірибемнен мықтап бір түйген нәрсем, байлық қуған жерде бақыттың басы қисаяды.

Мен, мына Мүсірепов, іштей іріп-шіріп, буржуазиялық, еріккен елдердің қоқан-лоқысынан, нейтрон-сейтронынан қорықпаймын, оны ауыздықтайтын күш бізде бар және жеткілікті дәрежеде деп ойлаймын. Мені қатты алаңдататын нәрсе – дүниеқоңыздық, алармандық, қанағатсыздық, көрсеқызарлық, өзімшілдік деген пәлелер. Осылармен ағайындас бақталастық, шенқұмарлық, тағысын тағылар және бар. Бұл жиіркенішті құбылыстар етек алған жерде азаматтық сезім мен адамгершілік сұлулыққа нұсқан келмей қоймайды.

Оның бірден-бір себебі, дүниеқұмарлық пен адамгершілік от пен судай бір-біріне қайшы нәрселер. Ал адам адамгершілік сезімінен айырылған жерде бәрінен айырылады!» («Қазақ әдебиеті», 8.11.2002 жыл). 

Басшының да, басқаның да әркез түн ұйқысын төрт бөлер ең үлкен, аса маңызды мәселенің бірі – тіл! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қадап айтқандай: «Ең бірінші – қазақ тілі болуға тиіс, орыс тілі болуға тиіс. Бұлардың балаларымыз үшін маңызы зор. Тек содан кейін ғана ағылшын тілін оқыту керек».

Адамға шаршаған шағында қолтығынан демеу, сүйеу болу, жүрегінде сәулелі болашақтың отын жағу – ол да бір ғанибет емес пе? Басқадай өмір сүріп керегі жоқ. Мен осыған берік сенемін және үміттенемін.

Тәуелсіз Қазақстанымыздың іргесі берік, шаңырағы мықты болу үшін басшы да, басқа да үнемі назарында ұстайтын тағы бір мәселе бар. Ол – дін. Себебі, дін қауіпсіздігі – мемлекет қауіпсіздігі.

Үйді өрт шалғанда адам алдымен ең қымбатты затын алып шығуға, сақтап қалуға тырысады. Ал табиғат апаты кезінде қоғам қолында бар ең негізгі, ең құнды нәрсе – өзінің рухани қазығын, ақыл-ойын сақтауға күш салады. Он жетінші жылдың қазанынан бері қарай, біз, керісінше, өз рухымызды құртуға ұмтылдық. Тек алпысыншы жылдардан бері құртып-жою мәшинесі аздап дамылдағандай болды, тәуелсіздік алған соң ғана жанымызды емдеп жазуға үмітіміз ояна бастады, гүлдей жайнайтын болашаққа үмітпен қарауға мүмкіндік беретін рухани өзек құруға қолымыз жетті.

Қазір бәрін де өз орнына қоюмыз керек, басымдыққа мән беріп, идеологияны бастан-аяқ өзгерткеніміз жөн. Дәлірек айтқанда, идеологияны барлық мемлекеттік мүдделердің, қазір қолданылып жатқан стратегияның басына шығаруымыз қажет.

Айналаңызға көз салыңызшы. Балалар үйі тастанды сәбилерге, ардагерлер үйі қарттарға толған. Бұлардың басым бөлігі біздің қаракөздер. Есірткімен уланғандардың көбі – менің халқымның ұрпақтары. Тәтті өмір іздеп, тәндерін саудаға салып жүргендер жап-жас қазақ қыздары…

Адам адамша өмір сүруі керек. Яғни, адамның баспанасы мен ғибадатханасы біртұтас болуы қажет. Мұндай біртұтастық – әр адамның жүрегінде Алла болуы керек деген сөз. Бұл – ой-сананың тазалығы, айналасындағыларға адалдық, жақын-жуығыңа қамқорлық, жұртқа деген сыйластық, адамгершілік сезімінің әулиелігі деген сөз. Өйткені, дін – біздің имандылығымыздың берік бір тірегі.

Ислам шарты бойынша дін жолын тұтынатын әрбір мұсылманның Меккеге қажылыққа баруы – парыз, ал бұл қасиетті парызды бұрын үлкен қиыншылықтарға, азапқа төзіп, жан ауыртпалығы мен көп қауіп-қатерді бастан кешіп орындауға тура келетін-ді. Пайғамбардың өзге де өсиеттерін орындаумен қатар бұл парыз қасиетті сөзбен «қажы» атандырады. Қазір қалтасы қалың кейбіреулер көк қағазды аямай шашып, арғы-бергі жолда ұшаққа мініп, қажымай-ақ өздерін-өздері «қажы» атап жүр. Олардың кейбіреулері, шын мәнінде, өз ар-ұяты алдында қылмысты, қажылыққа біреудің еңбегін қанаудан жиналған ақшамен барған адамдар.

Ал адамның жаны кіршіксіз таза, жүрегі ақ, ойы жарқын болуы тиіс. Ол қашанда жұрт ортасында жүруге, олардың арасында татулық орнатып, дін өсиеттерін уағыздауға міндетті. Жетпіс жыл бойы біздің санамыздан діни сенімді жұлып тастау мақсат болды, оның салдарынан көптеген діни өсиеттерден мақұрымбыз. Соның кесірінен қайтыс болған кісіні о дүниеге жөнелтудің қасиетті діни шарттарын әлі күнге біле алмай келеміз. Бұл тақырып төңірегінде көптеген кітап та шығарылды, бірақ әр автор әдет-ғұрыптың орындалуын өз түсінігінше жазады.

Республикада қайдағы бір миссионерлер мен секта уағыздаушылары қаптап кеткен. Осы тұста тиісті орындар шұғыл шешетін мәселелерді де айта кету қажет-ақ. Біздіңше, миссионерлік қызметті тіркеуге мейлінше қатаң талаптар қойылып, оның шекарасы шектелуі қажет.

Сондай-ақ, Алматы мен Нұр-Сұлтандағы орталық мешіттерден бастап жергілікті жерлердегі барлық мешіттерде дін өкілдері құран оқумен ғана шектелмей, әрбір келушіні жылы қабылдап, олардың жүрегіне жол табатын әңгімелер айтып, сырласа білуіне қол жеткізу шарт. Мұсылман діні өкілдерінен көкейге қонатын әңгіме естіп, жылылық таппағандықтан да біраз қандастарымыздың өзге дінді қабылдап жатқанын ұмытпайық.

Тағы бір маңызды мәселе – дін қауіпсіздігі – мемлекет қауіпсіздігі екенін басшылар да, басқалар да есінен шығармауы шарт.

Ұрпақтары қастерлейтін әдет-ғұрыптар әр халықта бар, ол әдет-ғұрыптар халықтың өмірін айғақтап тұрады, жер бетінде қалыптасқан адамгершілік бастауларына бағыттайды. Ол біздің қазіргі өмірімізге өз өзгерістерін енгізіп, бүгінгі күні табанды болуға көмектеседі.

Біздің халқымыздың ерте заманнан келе жатқан мызғымайтын қасиетті қағидасы – үлкендерге құрмет көрсету, ата-бабалар өсиетін бұлжытпай орындау. Мәдениет, адамгершілік байлығын көптеген ұрпақтарымыз аштық-жалаңаштықты, соғыс пен бүліншілікті басынан кеше жүріп, болашақ жас ұрпақ жолында құрбандыққа барып, өз жерінде қан төгіп, осы күнге жеткізген. Сол үшін де рухани және ұлттық ұлы ұғымдар бүгінгі күні біздің аялап сақтап, жастарға беретін ең негізгі байлығымыз, солай істегенде ғана біз мына мың құбылған тынымсыз заманда өзімізді жоғалтып алмай, сақтап қаламыз. Біздің беріктігімізді сынайтын экономикалық тоқырау емес, мәңгүрттік, ата-бабамыздың өсиетін тәрк ету. Ұлтсыздық. Осы тұста дара туған даналардың бірі Ғабиден Мұстафиннің жастарға айтқан – «ұлтшылдықпен күрестік, енді сендер ұлтсыздықпен күресіңдер» деген өксікке толы өсиет сөзі ойға оралады.

Ой таразысына тартар тарихи құндылықтарымыз бен соңғы жылдары қол жеткізген қуаныштарымыз аз емес. Отаршылдар зеңбірекпен атқанда да құлата алмаған киелі ғимарат – Қожа Ахмет Яссауи кесенесі қасиетті Түркістанға көрік беріп, аспанның өзіне асқақ қарап тұр.

Түркілердің ортақ атасы болып табылатын Оғыз ханның бас қаласы – қасиетті Түркістанға барған сайын менің ойыма алты алаштың асылы Мұстафа Шоқайдың:

Кімнен таяқ жегендей,

Біздің Түріктің баласы?

Алдырып жүрген дұшпанға,

Ауызының аласы, – деген сөзі оралады. Бұл Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінен алынған: «Ей, түрік, жоғарыдан күн баспаса, төменде жер шөкпесе сенің еліңді, заңыңды кім бұзады?» деген ұлағатты сөзімен үндесіп тұрған жоқ па?

Еуразия университетіндегі Күлтегін ескерткіші санасы барға сәулесін төгетіні анық. Көне тарих көшінде ескірмей жеткен:

Түрік ұлысы үшін

Түн ұйқысын көрмедім.

Күндіз тыным таппадым, – деген есті сөзі есімізден екі елі шықпаса керек.

Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап, жас мемлекетіміздің қуатын арттыра беру бәріміздің ортақ парызымыз. Ал тәуелсіздің ең мықты тіректері не десек, ол ұлтаралық татулық пен келісім. Оны сақтайтын, оған қуат беретін күш – ұлттық рух. Ал оның қайнар көзі – әдебиет пен мәдениет, ғылым мен өнер, дін мен тіл. Адамдар бір-біріне көлеңкесін де, сәулесін де түсіреді. Аспандағы Ай мен Күндей айналаңа үнсіз сәуле шашып тұрғанға не жетсін? Адамдарға жақсылық жасаудан артық бақыт бар ма? «Алған емес, берген жомарт» деген халық даналығы тағы бар.

Өмірдің мәні – мансапта емес, еңбекте.

Мен білемін не табуды, нені іздеп,

Еңбек қана елдің ұлы дегізбек, – депті Мұзафар Әлімбаев. Өмірдің мәні осы сөзде!

Расул Ғамзатовтың: «Ұлтын ойламаған адамның қамын ұлты да ойламас болар» деген сөзі жадымызда жаңғырып тұр. 

Андрей Вознесенский: «Мне больно, когда тебе больно, Россия» десе, Анна Ахматова: «Я была тогда с моим народом там, где мой народ, к несчастью был» депті. Халықпен бірге болу деген осы. Халықтың қайғысын бөліспеген адамның оның қуанышында бірге болуға құқы жоқ!

Халқым сүйдім мен сені,

Еркелеттің сен мені – деп жазды үнді халқының ұлы перзенті Махатма Ганди.

Хакім Абай айтады: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрселермен озамын демектің бәрі – ақымақшылдық».

Бақытқа бастар баспалдақ еңбек,

Ақыл, қайрат, сабыр бәрін жеңбек.

Өзін ойлаған құлқынның құлы, халқын ойлаған ұлы!

Қарғаның қуанышынан қыранның қайғысы артық.

Аман болайық!

Сәбит ДОСАНОВ, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here