Қазақстандағы 17 аймақтың 13-і өзін «асырай» алмайды

0
2202

Әлемдегі кез келген мемлекеттің дамыған, дамушы  және  дамымай артта қалған  өңірлері  болады.  Бұл бір аймақтың тұрғындары пысық, екінші өңірдің халқы жалқау дегенді білдірмейді. Оның үстіне экономикасы шикізатқа тәуелді әрі жері көп, халқы аз Қазақстан үшін мұндай жағдайдың болуы да заңдылық.

Қазақстанның әр түкпірінде тұратын халықтың өмір сүру деңгейін аз да болса теңестіру үшін мемлекет кірістерді қайта бөлу тетіктерін қолданады. Қарапайым тілмен түсіндірсек, ел билігі қаржыны бай өңірден алып, тұрмысы төмен аймаққа береді. Ақшаны бұлайша қайта бөлуді «Мемлекеттік бюджетті теңестіру» деп атайды. Бұл механизм Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 45 бабында нақты жазылған.

Жайшылықта трансферлер жергілікті бюджетті теңестіреді. Ал, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуына, өңір басшысының өтініші бойынша жоспарланбаған шығындарға Үкіметтің қорынан немесе республикалық бюджеттен бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуына жергілікті әкімдік тікелей жауап береді.

Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Қазақстандағы жәрдем беретін және алатын аймақтарға тоқталады.

АЛҒАНЫНАН БЕРГЕНІ КӨП ДОНОР-АЙМАҚТАР

Республикадағы 14 облыс пен 3 қаланың ішінен тек төрт донор-аймақ мемлекеттік бюджетке алғанынан көбірек береді. Бұл Алматы қаласы мен Атырау, Маңғыстау облыстары. 2016 жылдан бері олардың қатарына Нұр-Сұлтан қаласы да енді. Әйтсе де, бастапқыда бас қаланың бюджетке берері жоғарыда аталған үштікке қарағанда азырақ болды. Дегенмен, Нұр-Сұлтанның шығысынан кірісі көп өңірлердің қатарына енуі қуантты. Бүгінде Елорда Маңғыстау облысының алдына шықты.

Қазақстанның жағдайында барлық донор-аймақтарды табыс принциптеріне қарай үш топқа бөлуге болады. Бұл:

– қазба байлығы көп Атырау мен Маңғыстау облыстары;

– экономикасы тұрақты, соның ішінде шағын және орта кәсіпкерлік, өндіріс пен сауда қызметі дамыған Алматы қаласы;

– ұлттық компаниялардың бас кеңселері орналасқан Нұр-Сұлтан қаласы.

ҚР Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2019 жылы 2 млн халқы бар Алматыдан ең көп ақша алынды. Оңтүстік астана республикалық бюджетке 115,3 млрд теңге құйды. Ал, биылғы жоспар бойынша мегаполис «ортақ қазынаға» 171,7 млрд теңге салады. Яғни, былтырғы көрсеткішке қарағанда 49%-ға артық береді.

Дегенмен, биыл Алматы екінші орынға түседі. Өйткені, оңтүстік астананың алдына мұнай астанасы шығады. Атырау облысы 2020 жылы республикалық бюджетке 207,3 млрд теңге аударады. Бұл былтырғы жылға қарағанда екі есе артық көрсеткіш. Оны мұнайдың көп өндірілуімен түсіндіруге болады.

Ел астанасы биыл Маңғыстау облысын артқа тастап, донор-аймақтардың үздік үштігіне енеді. Әйтсе де, бұл Нұр-Сұлтан қаласының экономикалық көрсеткіштерінің өскенін білдірмейді, тек  биыл Маңғыстау облысының табысы кемиді.

Сөйтіп, былтыр бұл донор-аймақтар республикалық бюджетке 285,7 млрд теңге берді. Былтырғы жылмен салыстырғанда биылғы жылы донор-аймақтардан қаржыны алу көлемі 420 млрд теңгеге дейін жетеді. Бірақ, коронавирустың экономикалық салдарынан бұл жоспардың толықтай орындалмайтыны айтпаса да түсінікті. Әрине, республикалық бюджеттің қалай болатынын уақыт көрсетеді.

Рас, тәуелсіздіктің тал бесігі саналатын «оңтүстік астана» елдегі барлық салық түсімдерінің бесінші бөлігін береді. Демек, мемлекет шығындарын жабу үшін Үкімет мұнай өндірісінен басқа кірістерге де тәуелді. Егер салық түсімдерін тереңірек қарастыратын болсақ, онда Алматы қаласының барлық салық түсімдерінің жартысы сауда мен қызмет көрсетуден түседі. Демек, елдің өзге облыстары төрт донор-аймаққа тәуелді болмауы үшін кәсіпкерлікті үйренулері керек. «Батыстағыдай (Атырау мен Маңғыстау облыстарын меңзеп отыр, – ред.) мұнайымыз жоқ» деу орынсыз. Ал, жергілікті компаниялар аяқтарын нық баспай, бұл мәселе түпкілікті шешілмейді.

КІРІСІНЕН ШЫҒЫСЫ КӨП АЙМАҚТАР

Қаржылай көмек алатын аймақтар бір қарағанда тең. Биылғы жылы дотация барлық әкімдіктер үшін 20-50 пайыздың көлемінде өседі. Әрине, бұл қуанарлық жағдай емес, себебі ешбір аймақ дотациядан донорлыққа өтпейді. Ал, елдің барлық облысы Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Атырау, Маңғыстау облыстары сияқты өз-өзін «асырай» алса, тіпті пайдаға кенелетін болса, онда Қазақстанға дамыған отыз елдің ауылы жақындай түседі.

Мемлекеттік бюджеттен ең көп қаржы алатын аймақтардың көшін әдеттегідей Түркістан облысы бастап тұр. Болжам бойынша биылғы жылы аталған облыс 379,9 млрд теңге субвенция алады. Былтыр 2 млн халқы бар облыс республикалық бюджеттен 402,3 млрд теңге алған-ды. Дегенмен, биылғы көрсеткіштің былтырғыдан аз болуына Шымкент қаласының жеке отау тіккені себеп. Ал, республикалық маңызы бар үш қаланың бірі болған Шымкентке «ортақ қазынадан» биыл 131,6 млрд теңге тиесілі.

Бұл қаржылай көмекті көп алатын Шығыс Қазақстан облысы мен Жамбыл облысын қосқандағыдан да жоғары көрсеткіш. Бірақ, көмекті тұрғындар санына бөлетін болсақ, Түркістан облысы мен Шымкент қаласы мемлекет үшін соншалықты қымбат аймақ болмай қалады. Өйткені, бұл көрсеткіш бойынша бәрінен жоғары қаржылай көмекті Қызылорда (174,4 млрд теңге), Солтүстік Қазақстан (142,6 млрд теңге) облыстары алады.

Дегенмен, ең көп субвенция алатын Түркістан облысынан кейінгі орындарға Шығыс Қазақстан (215 млрд теңге) мен Алматы облыстары (200,7 млрд теңге) жайғасқан. Ал, ең аз көмек алатын аймақтарға Павлодар (55,4 млрд теңге) мен Батыс Қазақстан (74,3 млрд теңге) облыстары жатады.

Бюджет заңының көрсетуінше, дотация алатын облыстар қаржымен өздерін толықтай қамтамасыз ете алмайды. Мысалы, 2019 жылы Түркістан облысындағы салық түсімдері бар болғаны 59 млрд теңгені құраса, облыс «ортақ қазынаның» 402,3 млрд теңгесіне ортақтасқан.  Яғни, республикалық бюджеттен өз тапқан табысынан 343,3 млрд теңгеге артық алды. Жамбыл облысының да тәуелділігі жоғары. Тапқаны – 56 млрд теңге, алғаны – 161,9 млрд теңге. Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстары да салық түсімінен артық дотация алады.  Қалған аймақтар салықпен салыстырғанда дотацияны азырақ иеленеді.

Дүниежүзілік банктің экономикалық сарапшылары биылғы жылы әлемде шикізат тауарларына сұраныс айтарлықтай азайып, олардың бағасы құлдырайтынына болжам жасады. Сарапшылардың болжамдары расталатынын бүгінде ешкім жоққа шығара алмайды.

Қазірдің өзінде мұнай бағасының төмендегенін білеміз. Коронавирусқа байланысты әлем елдерінің де тауар айналымы азайды. Карантинге байланысты донор-аймақтарда, әсіресе Нұр-Сұлтан мен Алматы  қалаларында  бюджетке  салық төлейтін шағын және орта кәсіпкерліктің жұмысы тоқтады. Демек, бұл факторлар экономикасы шикізатқа тәуелді Қазақстан сияқты елдердің тұрмысына кері әсер етеді. Содан республикалық бюджетте қаржы жетіспеушілігі орын алып, биылғы жоспарлар іске аспай қалуы мүмкін.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Мемлекеттік бюджетті теңестіру әлем елдерінің көбінде бар. Сондықтан бұған үрке қараудың ешқандай жөні де, реті де жоқ. Оның үстіне бұл тақырып қозғалғанда «Кім кімді «асырап» жүр?» дейтін сұраққа жауап іздеудің өзі артық. «Өле жегенше, бөле же» дейтін қазақ үшін бұл таңсық болмауға тиісті. Тек айтпағымыз, бүгінгідей нарық уақытында Қазақстанның кез келген аймағында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік бар. Дотацияға күні қарап отырған бар-лық аймақтар өздерінің әлеуетін ұтымды пайдаланғанда ғана Қазақстан озық отыздықтың қатарынан ойып тұрып орын алады.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ«Qazaq» газетінің бас редакторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here