Көзге көрінбейтін жауды жеңген Вьетнам

0
2733

Әлемді жайлаған коронавируспен күресу жағынан 52 млн халқы бар Оңтүстік Корея бәрінен озды. Басында індетті жұқтыру көрсеткіші бойынша Қытайдан кейінгі орында болған елді қазір алғашқы отыздықтан да таппайсыз. Көзге көрінбейтін жаумен күресуде 5,7 млн халқы бар қала-мемлекет Сингапурдың да тәжірибесіне басқа елдер үңіледі. Өзінің ұтымды тәсілдерімен Вьетнам да мақтана алады. Дегенмен, Вьетнамды жоғарыдағы екі елмен барлық жағынан да салыстыруға келмейді. Өйткені, Оңтүстік Корея да, Сингапур да экономикасы дамыған, медицинасы мықты елдер. Ал, кедей елдердің қатарына жататын Вьетнамда 97 млн халық тұрады. Жерінің көлемі біздің Ақтөбе облысынан сәл ғана үлкен. Яғни, жері аз, халқы көп. Халқы тығыз орналасқан елдердің арасында әлемде алғашқы отыздыққа енеді. Демек, бұл елде дәл Италиядағыдай күрделі жағдай қайталануы керек еді. Оның үстіне медицинасы әлсіз екенін жоғарыда жаздық. Алайда, коронавирус Вьетнамды басқа елдердегідей әбігерге салмады. Соңғы үш айда халқы көп елде COVID-19 індетін жұқтырғандар саны 270-тен аспады. Бірде-бір адам індеттің құрбаны болмады. Ал, медицинасы артта қалған әрі кедей елде мұндай жағдайдың болуы мүмкін бе? «Социалистік ел шынайы ақпаратты жасырады» десеңіз, тағы да қателесесіз. Сонда Вьетнамның құпиясы неде? Енді соған тоқталайық.

Вьетнамда індет бірінші рет 23 қаңтарда тіркелді. Алғашында індет бәленің бәрі басталған Уханьнан келген Қытай азаматынан табылды. Қытайлық қарт Ханойда тұратын ұлына да жұқтырды. Екі науқас та астаналық ауруханаға жатқызылды. Ұлы бір аптадан кейін, әкесі жиырма күннен кейін емделіп шықты. Сөйтіп, Вьетнам билігі елде жаппай індеттің таралып кетуіне жол бермеді. Дегенмен, биліктің бұл қуанышы ұзаққа созылмады. Қытай шекарасын жаба бастағанда аспан асты елінде нәпақасын тауып жүрген мыңдаған вьетнамдықтар еліне оралды. Содан 7 ақпанда Қытайдан келген 13 вьетнамдықтан коронавирус анықталды. Социалистік елдің билігі еуропалықтардай арқаны кеңге салған жоқ. Бірден қатаң шараларды қолға алды. Ал, халқы Вьетнам компартиясының айтқанын екі етпейді. Тәртіпке бағынады.

Социалистік елдің билігі әліптің артын бақпай, дабыл қағылған алғашқы күні-ақ бірден сөзден іске көшті. Балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары жабылды. Өзге елдермен барыс-келіс, алыс-беріс тоқтады. Компартия коронавируспен күресетін арнайы штабты жасақтады. Олар ауруханалардың індетпен күресуге дайындығын тексерді. Кемшіліктерді жойды. Бюджетінің тапшылығына қарамастан ауруханалар мен дәрігерлердің жағдайын жасады. Бұған қаржыны аямады. Мықты дәрігерлердің басын қосты.

Рас, ақпан айының басында әлемдік қауымдастық Қытайдан бастау алған коронавирустың осылайша әлемді әбігерге салатынын білген де, сезген де жоқ. Мәселен, медицинасы озық саналатын Батыс елдерінің билігі де, халқы да кеш қозғалды. Содан қазір өркениетті елдер опық жеп жатыр. Айталық, коронавирусты жұқтырғандар саны АҚШ-та 1,1 млн адамнан асты. Індет 70 мың америкалықтың өмірін жалмады. Еуропаның озық елдерінде де жағдай өте күрделі. COVID-19 індетіне шалдыққандар Испанияда 245 мыңға, Италияда 210 мыңға, Францияда 170 мыңға, Ұлыбританияда 183 мыңға, Германияда 166 мыңға жетті. Бұл елдерде адам шығыны да орасан зор. Індеттің құрбаны болғандардың саны 120 мыңға жуықтады.

Вьетнамға қайта оралайық. Әлем елдері арқаны кеңге салғанда, Ханой бірден неге шара қолданды? Өйткені, социалистік ел аурудың айтып келмейтінін жақсы біледі. Оның үстіне Үндістан түбегі мен оған жалғасып жатқан аралдарды қамтитын Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде түрлі вирустың шығуы қалыпты жағдай саналады. Ал, Вьетнамның мұндай індеттермен бетпе-бет келуі бірінші рет емес. Мысалы, 2003 жылы сол кезде белгісіз болған індетті 63 адам жұқтырып, оның бесеуі өмірден өтті. Адам шығыны көп те емес. Дегенмен, ауруды асқындырып алса, онсыз да әлсіз экономикаға зор шығын келетінін компартия жақсы біледі. Содан кез келген індетке Ханой жүрдім-бардым қарамайды. Вьетнам жеріне көзге көрінбейтін жау тұтқиылдан алғаш «шапқанда» да социалистік елдің билігі әдеттегідей алғы шептен көрінді.

Әрине, бастапқыда 100 миллионға жуық халқы бар социалистік елдің барлық аймағында карантин жарияланған жоқ. Бастапқыда шектеу 9 млн халқы бар Хошимин мен 8 млн халық тұратын Ханой сияқты ірі қалаларда ғана енгізілді. Коронавирусты жұқтырғандардың отбасылары мен олармен қатынаста болғандарды қатаң карантинде ұстады. Карантин тәртібінің бұзылмауын әскери қызметкерлер қадағалады, дрондар бақылады. Оларды азық-түлікпен мемлекет қамтамасыз етті. Азық-түлікті курьер есігінің алдына тастап кетеді. Ал, оларды емдейтін дәрігерлердің де қауіпсіздігін ұмыт қалдырмады. Вьетнамдықтар COVID-19 індеті алғаш тарала бастағанда еуропалықтардай алаңсыз көше кезіп жүрген жоқ. Сөйтіп, «тәртіпке бас иген құл болмайтынын» тағы бір дәлелдей түсті.

Кедей елдің халқына жасаған тағы бір жақсылығын айтпай кетуге болмас. COVID-19 індетін шұғыл анықтайтын тесттерді сатып алуға билік ақшаны аямады. Бағасының қымбаттығына қарамастан ол тесттерді Оңтүстік Кореядан сатып алды.

Әлемде масканы алғаш кигендер де вьетнамдықтар. Маскасыз далаға шығуға оларға рұқсат берілмеді. Заң қатал! Олар заңды біздегідей бұзбайды да. Ал, билік халықты маскамен қамтамасыз етті. Бағасы шарықтап кеткен жоқ. Халыққа қолжетімді болды. Биліктің пәрменімен еріктілер осы сәуірден бастап масканы көшеде тегін тарата бастады.

Ле Тхан Дык есімді вьетнамдық журналистің жазуынша, Вьетнамның карантин кезінде үйде отырған өз азаматтарына Оңтүстік Корея сияқты материалдық қолдау көрсетуге мүмкіндігі болмады. Содан коронавируспен күресуде «бюджеттік модель» құрды. Карантинді қатаң қадағалады, тәртіпке бағынбағандарды заңмен жазалады. Ал, қаржыны медицина саласына құйды. Дәрігерлерге материалдық қолдау көрсетті. Олардың алаңсыз жұмыс жасауына, қауіпсіздігіне баса назар аударды. Халық та компартияның бұл саясатына түсіністікпен қарады.

Арандатушылар әр елде бар. Елдің социалистік құрылымын сынайтындар карантиндегі шектеулерді өз пайдасына жаратпақ болды. Халықтың арасына іріткі салды. Биліктің адамның бостандығына қол сұққанын алға тартты. Әйтсе де, өзгелердің жетегінде кеткендер көп емес-ті. Оған билік те жол бермеді. Соның арқасында індетті жұқтырғандар саны аз және адам шығыны жоқ.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Вьетнам компартиясының ерте қимылдауының арқасында 97 млн халқы бар елде коронавирусты жұқтырғандардың саны 300-ге де жетпейді. Соңғы екі аптада індетті жұқтырған бірде-бір адам тіркелмеді. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл елде аталған індеттің құрбаны жоқ. Содан 23 сәуірде карантинге байланысты қабылданған шектеулердің күші жойылды. Үш ай бойы үйден шықпаған халық биліктің шешімімен көшеге шықты. Қайнаған өмір қалыпты арнасына түсті. Оқушылар, студенттер білім ордаларына қайта оралды. Дегенмен, 1 мамыр, жұма күні Премьер-министр Нгуен Суан Фук арқаны кеңге салуға болмайтынын мәлімдеді. Вьетнамдықтар сақтық шараларын сақтауға міндетті.

Міне, бірпартиялық социалистік ел капиталистік, демократиялық елдерге қарағанда осылайша көзге көрінбейтін жауды жеңіп шықты.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here