Қасым-Жомарт Тоқаев: «Олар – адам өміріне араша түсіп жатқан бүгінгі күннің батырлары!»

0
2316

Әлемдегі тіршілік атаулының, оның ішінде адамзаттың басына түсіп отырған осынау індетке куә болғанымызда, ең алдымен тіліміздің ұшына «Ел аман, жұрт тыныш болсыншы» деген аталы сөзіміз оралды.  Расында әрісі жер жүзі, берісі елің тыныштықта, жұртың амандықта болмаса, тек отбасыңның тыныштығынан ұтарың қайсы?!

РВ-90 көпбейінді инфекцияға қарсы медициналық орталық дәрігерлері үзіліс кезінде. Алматы қаласы

Өткен жылы осы жаңа вирустың Қытайдың Хубей провинциясының Ухань қаласында пайда болып, 11 млн халқы бар қаланың аяқ астынан тұтастай жабылып, көлік жүрмей, ұшақ ұшпай, қозғалыс атаулы тоқтатылып, қыл аяғы адамдардың бір-бірімен қатынасуына да, жиналуына да, тіпті үйден қадам басуына дейін қатаң тыйым салынғанын ғаламтордан, баспа беттерінен оқып бір сәтке таңырқағандай күй кешкеніміз бар. Міне, тап сол халді өзіміз де бастан өткеріп жатырмыз…

Ғалымдар «коронавирус» деп анықтама берген, қазақ атам айтқандай, «аты жаман ауру» бүгінгі таңда әлем жұртшылығын есеңгіретіп тастады. Ғаламторға кірсең де, көкжәшікті қоссаң да, ұялы байланысыңмен біреумен амандық сұрассаң да – осы «үрей».

Халықтың сол «үрейін» сейілтудің алғашқы қадамын Тұңғыш Президентіміз өз Үндеуі арқылы жолдағаны белгілі.

Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде Қазақстан халқына коронавирустың жаһандық пандемияға ұласқанын, осы жағдайда қалай өмір сүруіміз, қалай күресуіміз керектігін, қандай жағдайда бірімізді-біріміз жетектей отырып, бірімізді-біріміз қолдай отырып, тұтас елді сақтауға болады дейтін келелі мәселелерді ортаға салып, халықты сабырлылыққа шақырды. Бұл – дер кезінде көрегендікпен айтылған аталы сөз болды.

Халқына жол бастаушы екінші Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың да осындай сын сағатта атқарып жатқан ұшан-теңіз зор еңбегін айту парызымыз. Пандемия басталған күннен бастап Мемлекет басшысы асқан ыждағаттылықпен халықтың бел ортасында. Уақыт талабына сай тиісті шараларды дер кезінде қолға алды. Тіпті, Қазақстанның пандемиядан кейінгі тағдыры не болады, одан қалай шығамыз деген салмақты ойларын да халқымен бөлісті. Әсіресе, мылтықсыз майдандағы күрестің негізгі жүгін көтерген денсаулық саласының мамандарына ерекше назар аударып: «Бүгінде бүкіл еліміз дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қайсарлығына тәнті болуда. Олар – адам өміріне араша түсіп жатқан бүгінгі күннің батырлары. Сондықтан, пандемияға қарсы күрестің алдыңғы легінде жүргендерге қосымша қолдау көрсету жөнінде шешім қабылдадым. Дәрігерлерге және медицина қызметкерлеріне 3 ай бойы қосымша үстеме ақы төленеді. Медицина қызметкерлерінің өмірін сақтандыру мәселесі де шешімін тапты. Әрине, ақ халатты абзал жандар бұдан да зор қолдауға лайық», – деді Мемлекет басшысы.

Елімізде COVID-19 анықталған алғашқы күннен бері эпидемиолог, инфекционист мамандарымыздан бастап қатардағы дәрігерлер, медбикелер, кіші медициналық персонал, санитар-дәрігерлер, туберкулез орталықтарының қызметкерлері аяғынан тік тұрып қызмет етуде. Себебі, бұлар Қазақстан Республикасы дәрігерінің: «Кез келген адамға дәрігерлік көмегім қажет болғанда бас тартпай орындаймын; ең алдымен аурудың қамын ойлаймын; дәрігерлік өнерге қызығушылық адамдар немесе әріптестерім менен көмек талап етсе, оларға ақыл-кеңесімді, керек болса, тегін әрі ешқандай шарт жасаспай-ақ көмектесемін деп ант беремін. Жариялауға мүлдем болмайтын дәрігерлік құпияны, сондай-ақ маған сеніп айтқан жеке сырларын ешкімге тіпті, ол қайтыс болып кетсе де жарияламайтындығым үшін ант етемін» антына адалдықтарын дәлелдеуде. Сөзіміз сенімді болу үшін  халқымыздың «Кемедегінің жаны – бір» ұстанымын берік ұстанған дәрігерлерді тыңдап көрелік (ғаламтор арқылы жарияланған).

«Медицина саласын таңдағанда өмірімде кездесуі мүмкін барлық жағдайға дайын болдым. Біз ақ халатпен палатаға кіргенде, емделіп жатқан науқастардың көзінен Құдайға деген үмітті, дәрігерге деген сенімді көреміз. Сол үшін антымыз бен ақ халатымызға адал болуға тырысамыз. Ал қазіргі таңда барлық елде болып жатқан пандемиямен күресте де бәріміз біріксек жеңеміз деп сенемін. Ең бастысы, карантин талаптары мен жеке бас тазалығын барынша қатаң сақтауымыз керек. Қарапайым халық осы жағдайда ғана бізге көп көмектесе алады. Сонда ғана қауіпті дерттің бетін қайтара аламыз», – дейді Алматы облысының Қарасай аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі, инфекционист-дәрігер Сәуле Барақбаева.

Ал, коронавирустың таралу деңгейі жоғары мемлекеттер – Оңтүстік Корея, Италия және Қытайдан келгендердің оқшауланып жатқан ауруханада инфекционист-дәрігер болып істейтін Сәуле Атығаева әріптестерінің күні-түн демей істеріне адал қызмет етіп жүргенін айтса, Астананың көпсалалы медициналық орталығының инфекционисі Құралай Мырамытова: «Дәрігер болып жұмыс істеп жүргеніме 10 жыл болды, инфекционист мамандығына оқыдым. Әрине, біз мұның бәрін теорияда, тәжірибеде көрдік – әрбір студент обаға қарсы киімді қалай кию керек екенін біледі. Дәрігерлер үшін, әсіресе, инфекционистер үшін әр түрлі оқиғамен тұрақты түрде тренингтер өткізіледі. Қазір біз жеке және топ болып жұмыс істеуді үйреніп, жаңа мәлімет алып жатырмыз», – дейді өз сөзінде.

Өз ошағынан, туған балаларынан, туыстарынан «оқшауланып», тек халық үшін қызмет етіп жатқан кейіпкерлердің сөздерін бірер сөйлеммен беру жеңіл болғанымен, тап қауіпті дерттің бел ортасында жүрген дәрігерлеріміздің қызметін Мемлекет басшысынан бастап қарапайым жұртшылыққа дейін қаһармандыққа телуі құптарлық әрі мақтанарлық жайт. Қаһармандық тек қолына қару алып соғыстың алғы шебінен көріну емес. Қаһармандық халқының басына түскен кез келген жағдайда қасынан табылу, қолынан келген біліктілігі мен білімділігін көрсету, жәрдемдесу. Қаһармандық ұғымының адамгершілік деген асыл қасиетпен астасып жатқанын біздің дәрігерлер осылайша дәлелдеп, өзгелерге үлгі болды.

* * *

Қаһарман дәрігер дегенде ойыма бірден жазушы-дәрігер Зейін Шашкин оралды. «Халық жауы» деген жаламен 10 жылға сотталған, 37-нің зобалаңына іліккен жазушымыздың бірі.

Шашкин өз шығармаларында дәрігерлер өмірін жан-жақты тереңдеп, шеберлікпен сипаттаған қаламгер. «Доктор Дарханов» романында ғана емес, басқа да үлкенді-кішілі шығармаларында, повестері мен әңгімелерінде, пьессаларында, мақалаларында дәрігерлік өміріне  жиі қайырылады.

Шашкиннің қалай дәрігер болу тарихына үңіліп қарасақ, жазушы Сібірде айдауда жүргенде, салқын камерада ұзақ жатып, өкпе дертіне шалдығып, бір өкпесіне операция жасалады. Сол сәттен бастап ол өзіне-өзі ем жасауды қолға алып, өз жарасын өзі таңуға әбден бейімделіп алады. Тіпті, қасындағылардың да жараларын байлап, ем-дом жасап жүреді. Сол жерде ресейлік білікті дәрігер-профессор да отырыпты. Кісілігі зор сол профессор Зекеңнің зейінділігін байқап: «Тыңда бала, сенің саусақтарыңның икемі ем-дом жасауға лайық. Саған дәрігерлік білім алу керек, мен саған көмектесейін оқуға», – дейді. Профессор түрменің басшыларымен келісіп, Шашкинді сырттай дәрігерлік оқуға жібереді. Екі жыл оқып, өте жақсы деген үлгеріммен, фтизиатрлық (туберкулезді емдейтін) мамандық алып шығады.  Оқуға барып жүргенде өзі де дәрілік шөптерді жинап, дәрі жасаған. Қасындағыларға үнемі дәрілік шөптерді қайнатып, ішкізіп отырған. «Соның арқасында тоқсан пайыз адам өлмей қайттық қой. Әуелі Алла, содан кейін менің жинаған шөптерімнің арқасында. Ас үйді жаным жек көруші еді, түрмеге түскен соң үнемі ас үйден шықпайтын болдым. Аспаздардың қасында жағаласып ылғи шөп қайнатып, оларды банкі-банкі етіп құйып қоямын. Құюға банкі табыла бермейді. Кейде шелекке құямын. Кім ауырып жатса, дайындаған дәрімді стаканмен апарып ішкізіп отырамын» деген жазушы Сібірден қайтып келе жатып Омбының медициналық институтына кіріп, емтихан тапсырып, сол оқу орнынан диплом алған.

Сібірде Мұхамеджан Қаратаев, Өтебай Тұрманжанов, Хамза Есенжанов және Жанахмет Ақпанбетов деген есімдері белгілі тұлғалармен бір камерада отырады. «Сонда Мұхамеджан Қаратаев түрмеде тамақ тасушы екен. Зейін ағама тамақтан бір-екі қасық артық болса да құйып қоятын көрінеді. Сол күндерді ағатайым: «Камерадағы науқастарды қарап, шаршап келем, сонда Мұхаң: «Дәрігер жолдас, мынау сізге қойған үлесіміз, тамақ ішіңіз» дейді биязылықпен. Мені ұмытпай, болмаса ішіп қоймай сыбағамды сақтап отыратын» дейтін. Бертініректе бейбітшілік заман орнағанда, көрші тұрғанымызда ағам мен Мұхаңдар (Қаратаев) бастары қосылғанда осыларын айтып, ауыр күрсініп алатын.

Дәрігерлік алғашқы еңбек жолын Көкшетаудағы туберкулез ауруын емдейтін «Бормашино» санаторийіне дәрігер болып бастап, біраздан кейін бас дәрігер болады. Мұнда ауруларды, әсіресе өкпе ауруларын емдеп жүріп, «Өкпе ауруларын емдеуде рентген сәулелерін қолдану жөнінде» деген тақырыпта ғылыми жұмыстарын қосымша жүргізеді. Осында жатып емделіп шыққан науқастар Зекеңді «қазақтың Чеховы» деп атаған».

Бұл әңгімені жазушының қарындасы Макиза апамыз Шашкинадан көзі тірі кезінде естігем. Макиза апамыз жазушы Рахметолла Райымқұловтың тағдыр қосқан жары, белгілі композитор Ақтоты Райымқұлованың аяулы анасы.

Міне, қаламгер Зейін Шашкин айдауда жүріп-ақ өзінің дәрігерлік қабілет-қарымын қасындағыларға тигізіп, талай жанның шарапатына бөленген екен.

Біздің бүгінгі дәрігерлеріміз де өз еңбектерін жан аямастан жұртының амандығына жұмсап, халқының шексіз алғыстарына бөленуде.

Дәрігерлерімізге «бүгінгі күннің батырлары» деген атау дер кезінде берілген баға болды.

Қызжібек ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here