Оқу үдерісінің жаңа форматы – қашықтықтан оқыту

0
1843

Әлемді жалмаған пандемия біздің елімізді де айналып өтпеді. Осыған байланысты халықтың денсаулығын сақтау мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы бойынша елімізде 19 наурыздан бастап төтенше жағдай жарияланды. Бұрын-соңды болмаған бұл жағдай кім-кімге болмасын жеңіл түспеді. Барлық сауда орындары, өнеркәсіп кешендері жабылып, халыққа қызмет көрсету органдары онлайн түрде жұмыс атқара бастады. Осыған сәйкес білім беру жүйесі де қашықтықтан оқытуға көшірілді. Оқушылар осы 4-тоқсанда қашықтықтан оқыту бойынша білім алатынын ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов мәлімдеді. Білім ордалары бірден қашықтықтан оқу үрдісіне бейімделді. Осыған сай еліміздегі барлық ЖОО, колледждер мен мектептер өз жұмыстарын жаңа форматта бастап кетті.

Әрине, бұрын-соңды болмаған бұл жағдай мұғалімдер мен ата-аналар, оқушылардың көкейінде көптеген сұрақ туғызды. Дәл осы сындарлы сәтте «Daryn online», «Bilimland», «Imektep», «Youtube» базасының кең көлемділігінің арқасында бұл сыннан да сүрінбестен оқушыларымыз барлық ақпараттық жүйелерді қолдануға мүмкіндік алды. Мемлекет еліміздің ертеңі болған студенттер мен оқушыларға еш қиындық түсірмей, барлық жағдайын жасауға тырысып бақты, тіпті көп балалалы отбасылар мен жағдайы төмен отбасыларға мектеп басшылығындағы ноутбуктар таратылуының нәтижесінде оқушылар біліммен қамтамасыз етілуден шеттетілмеді. Білім сапасын нығайту мақсатында Қазақстан бойынша телеарналарды да қолданысқа енгізді. Бүгінде «Qazaqstan», «Balapan» телеарналары арқылы тәжірибелі ұстаздарымыз сабақ кестесіне сүйене отырып, оқушыларымызға білім беріп келеді.

Осы кезеңде біздің Алматы қаласының Алатау ауданындағы №114 жалпы білім беретін мектебімізде де қашықтықтан оқу режимін қатаң түрде қадағалап, оқушыларға үздіксіз біліммен сусындатып келеді. Мектеп әкімшілігінің нұсқауы оқушылар мен мұғалімдеріміз үздіксіз хабар алмасып, оқу сапасына еш кедергі келтірмеді.

Осынау қиын жағдайда ата-аналарымыз бен ұстаздарымыз етене араласып, қоян-қолтық жұмыс жасауда, себебі оқушыларға жаңа материалды ұғыну үшін ата-анасы жанында көмектесуі маңызды-ақ.

Иә, бұл уақытша қиындық. «Мың өліп, мың тірілген» ұлтымыздың басынан не өтпеген?! Барлығын да сабыр мен жігердің арқасында, ауызбіршіліктің нәтижесінде жеңіп келгеніміз белгілі. Осы жолы да карантин режимін қатаң түрде сақтап, аты жаман аурудан аман-есен құтылсақ, оқушыларымыз мектебіне оралып, ұстаздарымен қауышып, бейбіт күніміздегідей алаңсыз білім аларымыз хақ.

Гүлзар ГІМІҢНҰР, № 114 жалпы білім беретін мектептің физика пәні мұғалімі

Алматы қаласы, Алатау ауданы

 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here