Егемен елдің еріктілері

0
992

Халқымыз көшіп-қонып жүрген қиын-қыстау кезде де жетімін жылатпай, жесіріне қамқор болып, көршісіне көмек қолын созған. Үнемі үлкенін құрметтеп, кішіге ізет көрсетіп, жолынан жаңылмаған ұлтымыз ұрпағына үлкен тәрбиені осылай іспен көрсеткен. Бүгінде бабаларын жолын еріктілер жалғап жүр. Қазіргі коронавирус жағдайында волонтерлер ізгі шараларды жүзеге асыруға жұмыла кіріскен. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін елімізде жақсылық жасап жарысып жүрген волонтерлер туралы сөз қозғайды.

ВОЛОНТЕР ЖЫЛЫ: МАҚСАТ ПЕН МІНДЕТ

Әлем бойынша белсенділік танытатын волонтерлердің саны 1 млрд-қа жетіп жығылады. Еуропа елдерінде еріктілердің саны жыл өткен сайын көбеюде. Қазақстанда да қайырымды жандар аз емес. Бүгінде елімізде 200-ден астам еріктілер ұйымы бар екен. Үлкен қалаларды айтпағанда, еліміздің өзге аймақтарында волонтерлер жетерлік. Олардың арасында ересектер болғанымен, біраз бөлігін жастар құрайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2020 жыл Волонтер жылы деп жарияланғаны белгілі. Жалпыұлттық жоба аясында ел аумағында волонтерлік қызметті қолдау орталықтары құрылды. 

«Волонтерлік – патриотизмнің бір көрінісі. Еріктілер, ең алдымен, елдің игілігіне қызмет етеді. Олардың жұмысы азаматтық қоғамды одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Волонтерлік – «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» әрекет ету. Волонтерлік – халқымыздың шынайы болмысы. Бұл бастама ұлтты ұйыстырып, мемлекеттілікті нығайту үшін қажет», – деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтер жылы аясында BIRGEMIZ республикалық волонтердің фронт-офисын іске қосты. Фронт-офис волонтерлер үшін кеңес беру, әдістемелік, оқыту, ақпарат беру қызметін атқарады.

Волонтерлер бұл жылы жеті негізгі бағыт бойынша жұмыс атқаруда. «Білім» жобасы бойынша ауылдық мектептердің жоғары сынып оқушыларына ҰБТ-ға дайындық, ағылшын тілі мен компьютерлік сауаттылыққа оқыту бойынша волонтерлік көмек ұйымдастырылады. «Сабақтастық» жобасы бойынша волонтерлер балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне қамқорлық жасайды. «Саулық» жобасы адамдарға медициналық көмек көрсетуге ықпал етуді, ал «Таза әлем» жобасы қоршаған ортаны қорғауды мақсат тұтады. «Асыл мұра» жобасы аясында волонтерлер мәдени-тарихи мұраның қорғалуы мен сақталуына атсалысады. «Қамқор» жобасы шеңберінде еріктілер қарттар үйлеріндегі адамдарға қол ұшын созады. «Үміт» жобасы бойынша еріктілер Жеңістің 75 жылдығына орай ҰОС қатысушыларының ерлігін баяндайтын құжаттарды іздестірумен айналысады.

Қазіргі коронавирусқа байланысты «Біз біргеміз!» республикалық акциясы бойынша еліміздің барлық аймағында халықтың әлеуметтік әлсіз тобына қолдау көрсету жұмыстары да жүйелі жүрзіліп жатыр.

ЕЛОРДАЛЫҚ ЕРІКТІЛЕР ЕҢБЕГІ

Нұр-Сұлтан қаласында «Біз біргеміз» акциясы жалғаған волонтерлер  әлеуметтік жағдайы төмен және көп балалы отбасыларға, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға азық-түлік себеттерін жеткізуде. Қалалық «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары, қалалық волонтерлер штабы басшысының орынбасары Аян Ерментаев карантин кезінде барлық ұйымдар бірігіп, «Біз біргеміз» акциясы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Қазіргі таңда жағдайы төмен отбасыларға, көп балалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға 7 мыңға жуық азық-түлік себеттері жеткізілді. Одан бөлек, біздегі қалалық штабтың волонтерлері бірнеше бағытта жұмыс жасап жатыр. Соның бірі – азық-түлікті тарату болса, екіншісі – қала бойынша  жағдайы төмен отбасыларға және бетперде қажет дейтін қала тұрғындарына маскалар тегін үлестірілді. Осы күнге дейін 2 млн-ға жуық маска, 7 мыңға жуық азық-түлік себеттері таратылды. Күнделікті жағдайын айтып, хабарласып отырған кез келген категориядағы кісілерге азық-түлік пен бетперделерден бөлек, аудан және қалалық деңгейдегі ауруханалармен келісіп, түрлі медициналық жабдықтар мен медициналық дәрі-дәрмектерді волонтерлер жеткізіп жатыр»,  – деп атап өтті Аян Бауыржанұлы.

Нұрсұлтан қалалық штабта бүгінде 1 300-ге жуық волонтер тіркелген. Жұмыс жасап жатқаны да – осылар. Жалпы базада 3 мыңға жуық волонтер бар. Еріктілердің жас ерекшелігі 16-дан 50 жасқа дейінгі аралықта. Олардың  ішінде жаяу жүргіншілермен қатар темір тұлпарлы волонтерлер де бар. Олар өздерінің көлігімен келіп, тегін түрде азық-түліктер мен маскаларды, антисептиктерді керекті орындар мен адамдардың үйіне жеткізіп отырады екен. Волонтерлер құрамында Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері де бар.

«Осы күндері бірнеше бағыт бойынша жұмыс жасап жатырмыз, бірінші азық-түлік тарату, екінші маска тарату, үшіншісі ҰОС ардагерлері мен жалпы зейнеткерлерге, жалғызілікті кісілерге көмектесу, төртінші департамент полициямен рейдке шығу, бесінші қалалық емханалар мен  ауруханалармен келісе отырып, медициналық жабдықтарды тарату жұмыстарын атқарып жатырмыз», – дейді Аян Ерментаев.

ЖАМБЫЛДЫҢ ЖАЛЫНДЫ ЖАСТАРЫ

Екі мың жылдық тарихы бар Тараз қаласының волонтерлері де жұмыла жұмысқа кіріскен. Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы Жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Таутеннің айтуынша, волонтер жылына орай облыста 8 бағыттан тұратын ауқымды жоспар бекітілген. Төтенше жағдай жарияланған уақыттан бастап облыс бойынша волонтерлер аз қамтылған отбасыларды азық түлікпен, антисептикалық  құралдарымен қамтамасыз еткен. Сонымен қатар, еріктілер қолдан бетперделер тігіп тегін таратқан. Облыстық «Qamqor» волонтерлік-қайырымдылық жобасы аясында 2 әлеуметтік дүкен және ірі сауда орындарында 5 қайырымдылық жәшігі қойылған.

«Төтенше жағдай жарияланғаннан бері 785 волонтер 6 500 отбасыға азық-түлік себеттері мен 65 000-ға жуық маска таратты. Партиямен бірлесе жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, 1 700 қарт пен жалғызілікті кісілердің зейнет ақыларын алуларына көмектесті. Яғни, көліктермен банк бөлімшелеріне алып келіп, келе алмайтындарға үйлеріне жеткізіп отырды. Оған қоса, 735 тұрғынға дәрі-дәрмектерін үйлеріне жеткізіп берді. Сонымен қатар, облыс бойынша орнатылған блок посттарда да волонтерлер белсенділік танытуда», – деп мәлімдеді Айбек Қанатұлы.  

Мұндай игі шаралар еліміздің өзге де аймақтарында волонтерлердің атсалысуымен жалғасып жатыр.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, жақсылық жолында жүрген жастар мен волонтерлер барда – ел болашағының жарқын болары анық.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН, «Qazaq»-тың Нұр-Сұлтандағы меншікті тілшісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here