Қазақ көсемсөзінің дарабозы

0
837
Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов және Қалтай Мұхамеджанов

Мен Камалды әуелде сырттай білетінмін. КазГУ-де студент кезімде, ол төменгі курстарда оқитын. Комсомол жиналыстарында сөйлемей қалмайтын. Қысылмай-қымтырылмай, дәмді сөйлейтін. Жыға танысуымыз 1953 жылдың жазы. Журналистика факультетінің IV-інші курсында оқитын ол Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газетіне практикаға келді.

Практика мақсаты – газет редакциясында жазу-сызуға төселу. Мақала, заметка, хабар-ошар жазып, реті келсе студенттік жұқа қалтаны аздап болса да қалыңдату. Мен газет редакциясының насихат бөлімінің меңгерушісі болып істейтінмін. Маркстік-Лениндік теория қағидаларын насихаттайтын мақаланы коммунистік құрылыстың көкейкесті мәселелерімен, партия қаулы-қарарларымен байланыстыра жазу керек. Кім көрінгеннің тісі бата бермейтін іс.

Практикант Камал Смайылов тапсырылған  мақаланы ұзаққа созбай тез жазып бітірді. Көлемі газеттің 1,5 подвалын алатын мақаласын оқып шыққанымда еңбегінің редакциялауды керек қылмағанына таң қалдым.  Үйіме шақырып қонақ қылдым. Анау-мынауды сөз етіп әңгімелесіп  отырғанымызда Камал: «Журналист оншама қиын мамандық емес екен», – деп езу тартты. Мен: «Газет жанрлары мақала, корреспонденциядан ғана тұрмайды. Очерк, фельетон деген күрделілірек түрлері бар, көркемсөз ауылымен іргелес», – деп өзімше ақыл-кеңес айтқан болдым.

Шамасы өткен ғасырдың елуінші жылының аяқ шенінде Камал  Қарағандыдан, мен Өскеменнен Алматыға қоныс аудардық. Мен КазГУ-дың журналистика факультетінің аға оқытушысы қызметіне конкурс бойынша  тағайындалдым. Камал «Лениншіл жас» газетінің Қарағанды, Ақмола  облыстарындағы меншікті тілшісі болып көптеген толғақты мәселелер көтеріп, көзге түсті. Редакцияның аппаратына шақырылып, насихат бөлімінің меңгерушілігі қызметіне жоғарылатылды. Мансабы тағы да биіктеп, 28 жасында қазақтың алғашқы ғылыми-көпшілік «Білім және еңбек»  журналының бас редакторы болып тағайындалды. Екі жыл өткен соң   Қазақстан комсомолы орталық комитетінің насихат жөніндегі хатшысы болып сайланды.  

Кейін, 1960-1971 жылдардың аралығында Камал Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының кино өнері саласы бойынша орынбасары, «Қазақфильм» директоры болып бекітілді. Мен Қазақстан КП Орталық Комитеті насихат және үгіт бөлімі меңгерушісінің орынбасары, кейін Қазақ КСР Мемлекеттік Комитетінің төрағасы, Сапар Байжанов Қазақстан КП Орталық Комитетінің насихат және үгіт бөлімінің сектор меңгерушісі, орынбасары, «Социалистік Қазақстан» газетінің жауапты редакторы, Мұқан Мамажанов баспа директоры, Кәкімжан Қазыбаев бөлім нұсқаушысы, Баспа комитеті төрағасының орынбасары, ҚазТАГ директоры    кезімізде дос-жолдас, сыйластығымыз күшейе түсіп, әр демалыс, мейрам сайын бір-бірімізді қонаққа шақырысып, жиі араласа бастадық. Дастархан жайған отбасы құрметіне тост көтеріп, әңгіме-дүкен қызған мезеттерде кезектесіп  әндетеміз. Әрқайсымыздың «коронный» әніміз бар. Сапар «Келші, айым!» деген сияқты эстрадалық әндерді айтуға құштар. Менің көбіне шырқайтыным Шығыс Қазақстанның әні – «Шемонайха»: 

«Э-э-ей, Шығыстың бір қаласы Шемонайха,

Секілді жаман арба тарадайка.

Э-е-ей, дауысым үнім бітіп қарлығып жүр,

Секілді тиегі жоқ балалайка».

Кезек Камалға келгенде ол отырған орнынан атып тұрып, марш ырғағына салып «Желбір-Жекен» әніне басады:

«Желбір Жекен,

Желіп өткен

Жайлауда

Біз бір бөкен-ай…»

Айтпағым, осы әннің «біз бір бөкен» деген образды жолына қатысты. Ұлытау ауданының Сарлық ауылында туған Камал қалам өнерінде сол Ұлытаудың кең байтақ жазирасында зымырайтын ақбөкенді еске түсіретін. Не тақырыпта еңбектенсін, бір демде жазып тастайтын. Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан немере ағасы Баубек Бұлқышевқа тартқан  публицистика дарабозы еді.

Биыл Ұлы Жеңістің 75 жылдығы. «Комсомольская правда» газетінде жарияланған майдангер Баубек Бұлқышевтың ондаған ойтолғақтарын орыс және қазақ тілінде қайта басып кітап етіп шығарар ма еді, шіркін. Және қазақ тіліндегі аудармасы қандай керемет, түпнұсқаның от-жалынды стилінен айнымайды. Тәржімасын айтулы көркемсөз зергері Ғабең, Ғабит Мүсірепов жасағандықтан.        

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Камал Сейтжанұлы Смайылов    бағзы біреулердей басшылық креслода құр шіреніп отырған жоқ. Қай салада істемесін, мекеме жұмысын күрт жандандырып, оқырман назарын бірден аударатын кіл жаңа проблемалар көтеретін.

«Білім және еңбек» журналының жауапты редакторы кезінде маған «Сен Алтайлықсың ғой, тұңғыш паровоз ойлап тапқан конструктор Ползунов туралы очерк жазсаң қайтеді?» деген тілек білдірді.

Теледидарда істеп жүргенінде «Тамаша» деген көрермен жұрт шынында да үзбей тамашалайтын скетчті, қалжың-шынды күлдіргі шағын пьесаларды  экранға шығарды. Маған «теледидардың жаңалығына үлес қоспайсың ба?» деген соң, «Ат қоюдың әлегі» деген скетч жазып тапсырдым. Қазақ ішінде жаңа туған баласының есімін қалай болса солай қоя салатын әдет қалмаған  ғой. Мәселен, Желдібаев деген ағамыз қыз баласының атын «Микоян» деп  қойғаны есімде. Қыз бала өсе келе атын ер адамның, оның бер жағында Кеңес көсемдерінің бірінің фамилиясын қойғанына ұялатын да ренжитін. Есімін сұрағандарға атым «Мекенгүл» дейтін. Менің шағын пьесамның бас  кейіпкері ұл перзентінің атын қоя алмай әуреленеді. Скетчтің және бір кейіпкері ұсынған талай келісті есімдерден бас тартады. Әрқайсысынан мін тауып жақтырмайды. Сол мезетте  өзінің бөтелкелес тамырынан телеграмма, жедел хат алады «қызылшақаңның есімін Шампанжан не Құйтолтыр деп ата» деген. Сонда скетчтің бас кейіпкері «Құйтолтырды» таңдайды. Шампанжан деп қоймағанын: «Тығынын ашқанда тарс етіп атылып, жыланша ысылдағанымен, түк қауқары жоқ!» – дейді.

Камал Бетбұрыс заманында «Қазақстан коммунисі» журналының атын  «Парасат» деп өзгертті. Маған бұл жолы «Социалистік реализмнен бас тартамыз ба?» деген мақала жазуды тапсырды.

Камалға мен де тапсырыс беретінмін. «Қазақ әдебиетінде ғылыми-техникалық мәселелердің жазылуы туралы» еңбегі сыйлық алды. Тағы бір тілегім бойынша жазылған «ХХІ ғасырға саяхат» тақырыпты мақаласын академик Евней Букетовтың мақтап мақала жазғаны есімде.

Камал мінезі жайдары, күле сөйлеп қайдағы бір жаңалықтарды айтып көңіліңді көтеріп тастайтын. Кейде үйге телефон соғады. «Кітапханаға кіріп шығайық» дейді. Ол «буфеттен бір жүз грамм татып әңгімелесейік» дегені. Оның қандай «библиотека» екенін бәйбішем Жаңыл сезіп қойып, Камал звондауының арасы алшақтап бара жатса, «Камал қайда жүр? Кітапханаға бармай қарайып қалдыңдар ғой», – деп кекететін.

Өмір дегеніңнің күлкісі көп болғанымен, қайғы-қасіреті де аз емес қой.  Ұдайы көңілді жүретін Камалдың күлкісі заматта бәсеңдеді. Отырып-отырып «у-ф-ф!» деп көкірегі қарс айрылып күрсінуді шығарды. Нұрлан деген ұлы  дипломат қызметінде ойдағыдай қызмет істеп жүргенінде аяқ астынан опат болды. Бала – адамның бауыр еті. Мен де мезгілсіз жарық дүниемен қоштасқан Гүлжауарым, жауһар гүлім есіме түскенде күні бүгінге дейін  екі  көзім жасқа толады.

Қайран Камал дос… Сенің өмірің Ғафекеңнің, қазақ поэзиясының мәңгі өшпес жұлдызы Ғафу Қайырбековтің философиялық репетті шумағын еске түсіреді:

«Заулауында киіктің,

Кеңдігі бар даланың.

Жез тұяқты жүйріктің

Жел сыйпаған табанын».

Камалдың ой-санасы, шығармагерлік шабыты қазақтың кең шалқар даласын сол киікше  шарлайтын. «Үлгермеген ісім жоқ» деуші еді, еткен еңбегі, төккен тері ғаламат қайран Камал.

Сенің сол еңбегің дос жолдастарының назарынан тыс қалған жоқ. Қазақ әдебиетінің маңдайалды, бетке ұстар қайраткерлері, жазушылар Әбіш Кекілбайұлы, Әкім Тарази, Шерхан Мұртаза Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Сәкен Сейфуллин атындағы сыйлықтың, Қазақ ПЕН-клубының лауреаты, жазушы-публицист Камал Сейітжанұлы Смайыловтың дидарын, характерін, өмір тарихын, шығармагерлік өнерінің  ерекшеліктерін өздерінің ерен эсселерінде тап басып, шебер бейнелеп   бедерледі.  

Жуырда бір телеарна тілшісі маған «Камал Смайылов жайлы көрген-білгеніңізді айтып берсеңіз» деп өтінгенде, «мақұл» десем де, «апырау, не айтсам екен» деп, шамалы әбігерге түскенімді жасырмаймын. Жалма-жан сөредегі кітаптарымды ақтара бастадым. Сонда ғой «Ғасырмен сырласу» (2004) атты кітабымнан Камал өмірден озған 2003 жылы жазылған «Қазақ публицистикасының ақбөкені» деген тақырыпты мақаламның көзіме оттай басылғаны. Естелікте Камал Смайыловтың сан салалы шығармагерлігі, 15 шақты кітабы талданды деп айта алмаймын және ондай әрекет шағындау эсседе мүмкін де емес.

Назарыңыздағы мақала сол «Қазақ публицистикасының ақбөкені» атты еңбектің жалғасы, Камал досымның 2003 жылы жарық көрген үш томдық шығармалар жинағындағы кейбір маған да бек мәлім кейіпкерлер, оқиғалар жайлы жазғандары  бойынша білген-түйгенімді сөз етпекпін.

Үш томдық шығармаларын Камалдың өзі даярлап, Алматыдағы  «Қазығұрт» баспасына тапсырған болатын. Қайтерсің, тағдырға тәбділ жоқ, үш томдығын көзі тірісінде қолына ұстап көре алмады-ау.

Камал Смайыловтың шығармашылық мұрасы, соның ішінде үш томдық шығармалары, қазыналы ой-пікірлері қазақ халқының игілігіне ылайым  қызмет ете бермек. Камал туындыларын ой елегінен өткізген бүгінгі һәм келешек ұрпақ Отанымыздың кешегі, бүгінгі, ертеңгі болашағы туралы ойларына ой қосып, рухани байи түсері кәміл. Камал Смайыловтың дәуір шындығын, проблемаларын арқау еткен очерктері, публицистикалық ой-толғамдары өткен өмір туралы баға жетпес материал ғана емес, бүгінгі таңдағы заманауи проблемаларды зерделеуге, талдауға, шешуге атсалысуға қаруы тиетін құрал да.

Жалынды патриот Камал Смайылов бірқатар еңбектерінде еліміздің кешегі Кеңес кезіндегі өмірін қалтқысыз шыншылдықпен әділ бағалады. Кейбір қаламгердің  Коммунистік партия  қайраткерлерін беталды  қаралаған  сынсымағына тарихи фактілерге сүйеніп, дәлелді тойтарыс беріп отыратын. Жарқын мысалдың бірі – «Қазақстанды тұңғыш басқарған қазақ» атты Жұмабай Шаяхметов туралы эссе туындысы: «Қазақстанды тұңғыш басқарған қазақ қайраткерін сынаушылар газетте «Шаяхметовтың басында шырғалаң көп…» деп төмендетіп, кемсітіп, сынап, ел басына нәубет болып келген «1932 жылы да, 1937 жылы да, 1952 жылы да Шаяхметов Қазақстанда билік тізгінін ұстағандардың бірі болды» деп кінә таққысы келеді. 1932 жылы ол небары 30 жаста, Солтүстік Қазақстанда шағын аудандық милиция бөлімінің бастығы болып істеген. Оның аштықтың бетін қайтаруға, елді арашалауға шамасы жоқ еді ғой.

1937 жылдың қайғылы қанды оқиғасына оның қаншалық қатынасқанын ешкім айта алмайды. «Жұмабай Шаяхметов қазақтың асылып, атылып кеткен ұлдарына ара түсіпті» деген сөз де, құжат та жоқ. Болсын-ақ! Сонда «Шаяхметов сол абзал жандарды ұстауға, соттауға араласты» деген дерек бар ма екен? Соны айту, көрсету керек те. Ал, 1952 жылда ол бірінші бастық, бірінші хатшы, одан оған қатысы, жазығы болса болды, болмаса да болды дейміз. Оны анықтау керек».

Камал Смайылов еңбегін «Қайраткердің қимылдары мен қасиеттерін сол заманына уақыт талабынан шығып бағалау қажет қой» деп түйіндеп,  Жұмабай Шаяхметовтың 1938 жылы шілдеде ҚК(б) Орталық Комитетіне мүше болып, одан соң ҚКП Орталық Комитетінің үшінші, бір жылдан соң екінші хатшысы болып сайланғаны туралы  маңызды  деректер келтіреді.

Ұлы Отан соғысы уақытында өмір мен өлім белдескен кезде, біздің  елдігіміз де, ерлігіміз де сыналғанда Жұмабай Шаяхметовтың жанқияр еңбегі, Қазақстан халықтарының тылдағы ерлігі бүкіл Кеңес елінің жоғары бағасын алды.  Балхаш пен Шымкентте, Алтайда түсті металл өндіру ерекше артты. Қарағанды кеншілері, Ембі мұнайшылары еңбектің ерен үлгісін көрсетті. Қазақстан жауға атылған он оқтың тоғызын өндірді.

Неміс-фашист оккупанттарының жойқын шабуылынан 1942 жылдың жазында Кеңес жауынгерлері Донның сыртына, Ростовқа дейін шегінуге мәжбүр болды. Міне. сол кезде Баку мұнайын пайдалану қиындады. Ембі мұнайына сұраныс күрт артуы себепті, Гурьев облысына командировкаға аттандырылған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов  ерен ұйымдастырғыш, іскер басшы,  қабілетті басшы екенін көрсетті. Соғыстың ауыр жылдарында 4 жаңа мұнай кәсіпшілігі, ондаған жаңа скважиналар мен Гурьевте мұнай өңдеу заводы салынды. Мұнай өнімін ондаған мың тонналап арттыруда Жұмабай Шаяхметовтың ақ тер, көк тер еңбегін, біздіңше, Бас қолбасшы Сталин ұмытпаған сыңайлы.

Соғыстан кейінгі 1946 жылы шілдеде Жұмабай Шаяхметов ҚК(б) Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Қазақстанның   халық шаруашылығын, ғылым мен мәдениетті өркендетуге мүлтіксіз басшылық еткен ол мәртебесі биіктей түсіп, КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясында Ұлттар Кеңесінің төрағасы болып сайланды. 1952 жылы қазанда партияның ХІХ съезіне делегат болып қатынасып, съездің президиумына енді. Қазақстан партия ұйымының басшысына бұрын сөз бергені жайдан-жай емес.

Съезде  Жұмабай Шаяхметовтың «Қазақстанда мал өсіру тұрақты жем-шөп базасына байланысты» деген сөзін Сталиннің өзі де көңіл қойып  тыңдаған. Съезд жүріп жатқан кезде И.В.Сталиннің көмекшісі А.Н.Поскребышев Президиумда Жұмекеңнің қасында отырған Әзербайжан Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Багировты басқа жерге отырғызғаннан кейін Ж.Шаяхметовтың қасына И.Сталин келіп отырып, мөлшері бір сағаттай әңгімелескен. Сондағы Ж.Шаяхметовпен әңгімесінде И.В.Сталин: «Қазақстанда астық жетпесе, Одақ көмектесер. Әрине, сіздердегі тың жерлерді игеруді әзірше қоя тұру керек. Кейінірек жағдай жасалғанда қолға аларсыздар. Ал қазір Қазақстан Шығыстағы мал шаруашылығын өркендетудің негізгі бір базасына айналуы қажет. Одақ үкіметінде жан-жақты талқылап, әдейі қаулы қабылдаған жөн. Басшылық етуді Г.М.Маленковқа тапсырайық», – деген екен.

Сол 40-жылдардың аяғы мен 50-жылдардың басында Қарағанды бассейіні Кеңес Одағындағы үшінші көмір ордасы болып танылды. Қазақстанның оңтүстігі мен солтүстігін біртұтас етіп қосқан Мойынты-Шу теміржолы іске қосылды. Ақтөбедегі хромит, Қаратаудағы фосфорит рудалары, Сарыарқа мен Алтайдың ғажайып түсті металдары қопарыла бастады.

Жұмабай Шаяхметов тұсында Қазақ Ғылым академисы құрылды. Қаһарлы соғыс жылдары Алматыда Опера және балет театры, Мемлекеттік консерватория  ашылғанда Шаяхметов еңбегінің ізі-демі сезіліп тұрған.

Сол соғыс кезінде Жұмекең Сталинмен бір сөйлескенде, «алыс аудан, ауылдардағы қазақ қыздарына білім беру керек» деп мәселе қойғанда, Сталин «Сонда не керек?» деп сұрайды. Шаяхметов: «Қазақ қыздары үшін арнайы тегін оқытатын жоғары оқу орнын ашу керек», – дейді. Сталин ұсынысты қолдайды. Сөйтіп, 1944 жылы Алматыда Қазақтың Мемлекеттік педагогика қыздар институты ашылды.

1946 жыл. Соғыста көрген бейнет аз болғандай Кеңес Одағында қуаңшылық болып астық шықпай қалды. КазГУ-де оқитын біздер, күніне 400 грамм нан берілетін карточка бойынша өмір сүрдік. Келесі 1947 жылы қамбаға астық молынан құйылып, карточка жүйесі жойылды. Сол жылы КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттарын сайлау науқаны басталды.  Жұмабай Шаяхметов соғыс  кезінде өзі құрған институтта  сайлаушылар алдында сөз сөйлейтінін естіп ЖенПИ-ге қарай  ағылдық.

Бұл ел басшысын менің екінші рет көргенім. Алғаш рет – Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газетінің насихат бөлімінің меңгерушісі кезімде. Ол уақытта  ЦК аппараты Киров көшесі мен Панфилов көшесінің қиылысындағы төрт қабатты сұр үйде жұмыс істейтін. Сол үйдің орындықтары амфитеатр секілді орналасқан кең залына Біріші хатшы Жұмабай Шаяхметов келіп, Қазақстан баспасөзінде марксизм-ленинизм ілімін насихаттау ісін одан әрі жақсарту жолдары туралы қысқа да нұсқа сөз сөйледі. Енді міне, Гоголь көшесіндегі институттың акт залында мінберден  сөйлеп тұр.  

Есімде қалғаны Сталиннің одақтық республикалардың бірінші басшыларымен Кремль сарайындағы  кабинетінде мәжіліс құрғаны туралы әңгімесі:

«– Өздеріңізге мәлім, – деді Сталин, – Ұлы Отан соғысы жеңіспен  аяқталған соң  елімізде карточка жүйесін жоямыз деп уәде бергеніміз. Өкінішке қарай, биылғы қуаңшылық ол уәдені орындауға мүмкіншілік бермей тұр. Сіздерді ақылдасуға шақырттым. Не істеу керек? Егер карточканы жоймасақ, шет елдік баспасөз «большевиктер уәдесінен тайып, совет халқын алдады» деп айқай-шу көтермегі белгілі жәйт. Соған жол бермейміз деп карточка жүйесін жойып, қамбадағы қалған азын-аулақ  астықты құртып аламыз ба, қайтеміз?

Біз, одақтық республикалардың басшылары, не айтарымызды білмей  аңырадық. Ертегідегі жол айырығына тап болған жолаушыдай. «Былай жүрсең атың өледі, олай жүрсең арбаң сынады» дегендей…

Ешқайсымыз ләм деп жұмған аузымызды ашпаған соң көсем бізге қойған сауалының шешімін өзі айтты:

– Буржуазиялық насихаттың құлақ сарсытатын жала-қоқайын күн сайын естіп жүрміз ғой. Мынау соның бірі болар… Амал жоқ, астық ахуалы түзелгенше, карточка жүйесі жойылмайды».

Эсседе баяндалғандай, соғыс кезінде батыстан ағылған эшелондарды қабылдап, көшірілген завод-фабрикаларды орналастырып, қонысынан айырылып келген миллионнан астам адамды және сол уақытта Қазақстанға көшірілген ұлы режиссер Сергей Эйзенштейн, ұлы актерлер Николай Черкасов, Михаил Жаров, үлкен жазушы Сергей Михалков,  ғалым Владимир Вернадскийлерді үймен, тамақпен қамтамасыз ету де Қазақстан басшылығының мойнында болды.

Осыншама қыруар еңбек сіңірген, 2002 жылы туғанына 100 жыл толған Қазақстан басшысы туралы еңбегін Камал Смайылов жұртшылық айта бастаған бір тілекке қосылатынын, «Алматыда Ж.Шаяхметовтың атын бір көшеге берген дұрыс болар еді» деген сөзтүйінмен аяқтайды.

Жұмабай Шаяхметовтың атына Алматының Қарасу өзені жағасындағы бір көшенің аты берілген. Ал, Алматының қақ ортасындағы Жұмабай Шаяхметов тұрған үйдің қасына тым құрса бюсті қойылса ше? Әнеу бір жылдары Алматыдағы қыздар педагогика институтына барғанымда Жұмабай Шаяхметовтың осы оқу орны үйінің  қабырғасынан портретін көрмедім.

Жалпы, біз Сталиннің жеке басына табынушылықты сынаймыз деп лашынға шомылдырған нәрестені төккен  кір сумен бірге күресінге лақтырып  тастаған деген мәтелге мән бермейміз. Сталиннің қолдауына ие болған Шаяхметовтың солақай Хрущевтің кәріне ұшыраған деп Жұмекеңе қоңыр салқын қараудан арыла алмай-ақ қойдық. Хрущев Шаяхметовты «тың және тыңайған жерлерді игеру науқанына қарсылық жасады» деп орнынан алды. Шындығында, Жұмабай Шаяхметов «тың және тыңайған жерді игеру шаруасын асықпай-аптықпай жүргізген дұрыс» деген. Хрущев болса қазақтың құнарлы аймағын бір жылдың ішінде астан-кестенін шығарып жыртқызып тастады. Нәтижесінде Арқаның қара дауылы соққанда ұшы-қиыры жоқ жыртылған аймақтың ең құнарлы топырағын жоқ қылды.  Хрущевтің Қазақстанға істемегені жоқ. Оңтүстігіміздің ең бай үш ауданын Өзбекстанға сыйлады. «Маңғыстауды Түркіменстанға, онсыз да Мәскеуге тікелей бағынатын Тың өлкесін, Шығыс Қазақстан облысын Ресейге қосу керек» деп лепірді. Иіс алмас Хрущевтің бұл әрекеттері жөнінде Камал Смайыловтың «Н.С.Хрущев. Ағы мен қарасы» деген эссесінен толығырақ мағлұмат алуға болады.

Қазақ публицистикасы дарабозының «ХХ ғасыр және қазақтар» деп аталатын 1-інші томының бір ғана эссесінің төңірегінде бүгінгі заманда көңіл бөлмеуге болмайтын қаншама әңгіме, қаншама проблема қозғалған! Және  ондай нешеме толғақты проблемалар көтеретін эсселер сол бірінші томның  400-ден астам бетін құрайды. «Қазақстан ХХI ғасырда» деген тақырыпты 2-інші томда,  «Кино» деп аталған 3-інші томда  көтерілген  бүгінгі Қазақстан проблемаларымен тығыз байланысты мәселелер атнөпір…

Астанамыз Нұр-Сұлтан шаһарындағы еліміздің символы, рәмізі «Бәйтерек» монументінде жазылғандай, «Азаттық пен тәуелсіздікті жеңіп алу  аз, оны қорғап бекіту, ұрпақтарымызға тапсыру керек».

Алаш ардагері, қаламын қару еткен Камал Сейітжанұлы Смайыловтың  осы биік замана талабына сай публицистикасы, ұлтымызды ұлықтайтын,    еселі еңбекке, биік мұратқа үндейтін, әрдайым келелі, пісуі жеткен проблемалар көтеруден айнымайтын, әрқашан замана лебі есетін, патриоттық сезімдерді күшейтіп, рухымызды көтеретін көсемсөзі ел-жұртымызға қашан да ауадай қажет.

Шериаздан Елеукенов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here