Қазақтың Марко Полосы (Жер-жаһанды жаяу кезген Жангелдин)

0
7167

Киелі кәрі Торғайдың құйқалы да шұрайлы аймағының бірі – Аққұм, ұшар басын қасиетті Ұлытаудан алатын Жыланшық өзенінің бойы. Бұл жерлерге ұлт ұстазы Ахаң (Ахмет Байтұрсынұлы) талай рет ат басын тіреп, өзі ғашық болған Іңкәр қызға арнап «Аққұмның бір қызы бар Іңкәр атты» деген белгілі өлеңін жазса, тұңғыш қазақ пассионары, Дала өлкесінің комиссары, революционер Әліби Жангелдин (1884-1953) осы арада дүниеге келген.

Ертедегі жер бөлістер тәртібі бойынша Жыланшық өзенінің арғы беті Қайдауыл болысы аталады. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары бұл аймақта «Аққұм» атты совхоз ашылып, Әлекеңнің туған жерінен «Әліби» деген бөлімше ұйымдастырылды. Мыңғыртып мал өсірген бұл жер халыққа ырыс-береке әкелді. Аққұмның бір ерекше қасиеті сол – атқұлағы көрінбейтін алай-дүлей боранда құм арасына кірсең, боран сап тыйылып, бір рақат сезімге бөленесің. Содан да малшылар қыс бойы құмды жайлап тебінмен шығады. Құм қары қатпайды, қой малының тебіндеп шөп теріп жеуіне қолайлы. Астраханнан кірешілерге еріп Петерборға жаяу тартқан Михаил Ломоносов сияқты он жастағы Әліби де осы құм арасындағы бұйығы тіршілікті тастап, оқу іздеп Торғайға келген ғой. Өз қолымен жазған өмірбаянында жарықтық Әлекең осы кезеңді былай суреттепті: «1884 жылы Қостанай облысының Қайдауыл болысында дүниеге келгенмін. Әке-шешем қазақ кедейлері. Бала кезімнен білімге құштар болғаныммен қаражаттың жоқтығынан он жасқа келгенше оқымадым. Он жасымда әке-шешемнен қашып, Торғай қаласына келіп, оқуға түстім. Кейін Қостанайдағы екі жылдық орыс-қазақ мектебін бітірдім. 1902 жылы Орынбор училищесін, 1905 жылы Қазандағы мұғалімдер даярлайтын семинарияны оқыдым. 1905 жылғы студенттер қозғалысына қатыстым».

«Мына өмірді көрсем, ғылым нәрінен сусындасам» деп құлшынып тұрған жастың бойындағы зор талпынысты уақытында аңдай білген семинария басшылары Әлібиге Мәскеу дін академиясының тарих факультетіне түсуге жолдама береді. Әліби оның екі курсын бітіреді. Бірақ, 1905 жылғы төңкеріске қатынасқаны білініп қалып, оны оқудан шығарып жібереді. Сөйтіп, бір жағы патша жандармериясынан алшақ кету үшін әрі өзінің «дүниені жаяу аралап көрсем-ау» деген қашаннан бергі арманын жүзеге асыру үшін газетке жарнама беріп, алыс сапарға бірге шығатын серіктес іздейді. Бұл шақыруға Самарадан жаратылыстану мұғалімі Пламеневский, Петербургтен инженер-технолог Полевой және Мәскеу коммерциялық училищесінің оқытушысы Коровин үн қатады. Содан 1910 жылдың 9 шілдесінде саяхатшылар сапары басталады. Петербор газетінде жарияланған журналистердің суретінде Әліби басында кавказ қалпағы, аяғында спорт бәтең-кесі және мойнындағы фотоаппаратымен бейнеленеді. Жанашыр демеушілер саяхатшылардың әрқайсысына 25 сомнан ақша, фотоаппарат және кинокамера сатып әпереді. Әлекеңнің жеке куәлігінде «Н. Степанов, ол әрі Али-Бей Джангелдин» деген жазу болған. Қала халқы оларға сәттілік тілеп, көп адам шоғыры бес шақырымға дейін қошеметтеп шығарып салған.

Ресейден шыққаннан кейін олар әуелі Польша, одан кейін Венгрия еліне тоқтайды. Көп халық жиналған кездесу өткізеді. Әлібидің жолсапар кітапшасы болған. Онда өзі жүріп өткен елдердің мөрі басылып, айы, күні, жылы көрсетілген. Алғашқы белгі Варшавада жазылып, ол генерал-губернатор кеңсесінің мөрімен расталған. Венгрияда өзінің торғайлық жерлестері мадиярлармен кездеседі. Олар ерте замандарда қоныс аударған этникалық қазақтардың ұрпақтары екен. Әлібиді хан көтеріп қарсы алып, зор қошемет көрсетеді. Өздерінің ұлттық мұражайларына оның суретін іліп, «Саяхатшы Әліби Жангелдин Будапештте 1910 жылдың 30 қыркүйегінде болды» деп жазып қояды.

Жаяулап-жалпылап жол жүру қай кезде де оңай болмаған. Соған шыдай алмаған серіктестері Варшавадан ары қарай бармай кері қайтады. Ал, қайсар Әліби  болса алған бетінен қайтпай жалғыз өзі сапарын жалғастырады. Осы арада Әлекеңнің өзі жазған өмірдерегінен тағы да  үзінді  келтіре  кетейік:  «Жер  дүниені  айналу саяхаты төрт жылдан артық уақытқа созылды. Мен теңіз және темір жолдармен жүргенді есептемегенде, фотоаппаратымды арқалап, жаяу он екі мың шақырым жүріп өттім. Күндіз жүріп өткен жерлерімді суретке түсіріп, түнде оларды химикаттармен айқындап, шығарып  отырдым. Дәрістер оқып, баяндамалар жасап, суреттер сатып, тамағымды асырадым. Мен жаяу Польшаны, Австро-Венгрияны, Сербияны, Болгарияны, Турцияны, Сирияны, Палестинаны, Африканы, Египетті, Абиссинияны басып өттім. Кері оралған жолымда айналып отырып, Араб түбегі, Месопотамия, Персия, Үндістан, Цейлон аралы, Малая архипелагы, Үнді-қытай түбегі, Сиам корольдігі, Аннам, Қытайдың оңтүстік бөлігі, Формозу аралы арқылы жүріп өттім. 1912 жылы Жапонияға жеттім».

Палестинада болғанда Әлекең Мекке-Мәдинаға бара жатқан топқа қосылып, қажылық шарттарын да орындайды. Бағдатта Махмұт патшамен кездеседі. Ол баяғы аты шулы Шәміл Имамның нәсілі екен.

Саяхат сапарын аяқтаған соң Әлекең демалыс алып, туған жері Торғайға келіп, өзінің таңғажайып саяхаты жайлы жерлестеріне әңгімелеп береді. Түсірген фотосуреттері мен видеоларын көрсетеді. Елдегі көнекөз қариялар Бөгетбай Әлмағамбетов, Әли Досымбаев сияқты ақсақалдар оны жырғып айтатын. Алайда, ол туған жерінде көп бола алмайды. Большевиктер партиясы оған сенім артып, астыртын революциялық жұмыстарға тартады. 1913 жылы Қырымға барып метеорологиялық жұмыспен айналысады. Шын мәнінде төңкеріс жасау жолында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. 1915 жылы Коммунистік партияның қатарына өтеді. Осыдан соң оның толыққанды ре-волюциялық қызметі басталады. Қазан төңкерісі кезінде Торғай облысының әскери (соғыс) комиссары қызметіне тағайындалады. Атақты атаман Дутовты Орынбордан қуып шығуға белсене араласады.

Кезінде Әліби Жангелдиннің төрт жыл бойы көмекшісі болып жұмыс істеген Ізгілік Нұрмағамбетұлы Дабаевтың естелігі бойынша 1918 жылы Әлекеңді Сверлов пен Сталин қол қойған жеделхатпен Петербургке шақырады. Үкімет мәжілісін Ленин басқарып отырады. Күн тәртібінде Қазақстанға қатысты мәселе қаралады. Сонда Ленин Әлекең бетіне тура қарап: «Жангелдин жолдас, осы сізбен бір жерде кездестік қой, ә?» дейді. Әліби болса: «Дұрыс айтасыз Владимир Ильич, Швейцарияда кездестік» дейді. Осының өзі Әлекеңді Лениннің бұрыннан бері білетінін ашық аңғартады. Сөйтіп, қазақ ұлтын басқаратын комиссардың кандидатурасына ұсынылған басқаларды қостамай «Жоқ, олардың бәрі лайықты емес, жолдас Жангелдинге сенемін» деп кесіп айтады. Әлекең осы оқиғаны еске алғанда: «Сары орыстар мен украиндар тұрғанда Ленин мені бекітті» деп күледі екен.

Жалпы, Әліби Жангелдиннің қай кезде де Ленинге сөзі өткен сияқты. Сталин «Алаш» партиясын күйретіп, жетекшілерін қудалай бастағанда Жангелдин Ленинге кіріп: «Бөкейханов та, Байтұрсынов та сауатты адамдар, совет үкіметіне қызмет ете алады. Олардың білімін пайдалана алайық» деп жазадан арашалап алған ғой. Шындығына келгенде, Әлекең жаһангер, революционер болумен қатар ұлтының мүддесін қорғай білген, талантты адамдарға қамқорлық жасаған тұлға да. Амангелді көтерілісіне кеңестік сипат берген, Орынбордағы мейрамханада музыкант болып жүрген Брусиловскийді Қазақстанға әкеліп, қазақ әндерін нотаға түсірткен, ағайынды Абдуллиндерге «Халық артисі» атағын бергізген, саңлақ актер Серке Қожамқұловты театрға жетелеп әкелген, тарихшы Бекмахановты қорғап, шыр-пыр болған да осы Әлекең екен.

Жангелдин әбден әскери тәртіпке мойынсұнған өзіне де, өзгеге де қатаң талап қоятын кісі болған ғой. Ешкімнен тайсалмай пікірін ашық айтқан. Голощекин ел басқарып тұрған кезде халықты қынадай қырып, Торғай аштыққа душар болды. Сонда Әлекең Голощекинді арқасынан таяқпен салып қалып: «Сен халықтың малын тартып алдың, енді олар аштан өліп жатыр» десе керек. Осыны кек тұтқан Голощекин Әлекеңнің үстінен жала жапқан хат ұйымдастыртып, Мәскеуге жөнелттірген екен. Соған Сталин: «Жангелдина не трогать!» деп бұрыштама соғыпты. Арғы жағы белгілі, осымен сөз тәмам.

Сөйтіп, Әлекең бұл ажал оғынан да аман қалыпты. Бұл да бүгінгі заманғы ат арқасында жүрген қазақ азаматтарына елді, жерді сүюде, оған араша бола білуде үлгі және ғибрат боларлық толымды іс емес пе?!

Серік Шайман, «Qazaq» газетінің Қостанайдағы меншікті тілшісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here