Такир Балықбаев: «Сапалы білім – еліміздің болашағы»

0
5227

Кейінгі кезде «праймериз» термині отандық бұқаралық ақпарат құралдарында жиі кездесіп жүр. Көпшіліктің құлағына жат естілген ұғымның қазақша баламасы «іріктеу», «алдын ала сайлау» немесе «алдын ала дауыс беру» дегенге саяды.

Праймериз – партия белсенділерін ашық таңдау тәсілі. 1842 жылы АҚШ саясаткерлерінен бастау алған жобаны биыл «Nur Otan» партиясы алғаш рет өткізуде. Праймериздің негізгі мақсаты – партияішілік сайлауда елге елеулі, халыққа қалаулы, көп алдына шығар көшбасшыны таңдау. Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің баяндауынша, Қазақстанның барлық өңірінде іріктеу жүргізіледі.

«Nur Otan» партиясының праймеризіне Алматы қаласының Медеу ауданынан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Оспанұлы Балықбаев қатысады.

ҰСТАЗДАР ҮЙІНЕН ҰЛЫ ҚЫЗМЕТКЕ

Адамның болашағы оның сонау балалық шағымен байланысып жатады. Туған жердің киелі топырағы – тұлға бойына тамаша қасиеттерді дарытатын алғашқы баспалдақ. Ауылының саф ауасымен адамдық пен азаматтықты қатар сіңірген Такир Оспанұлы 1957 жылы Жамбыл облысының Комсомол ауылында дүниеге келген. Әкесі Оспан Балықбайұлы мен анасы Ұлболған Өтеуқызы саналы ғұмырларын бала тәрбиелеу ісіне арнаған, елге жанашыр, ұстаздықтың ұлы жолындағы жандар болған. Әкесі математика пәнінен сабақ бере жүріп, бастауыш сыныбы ғана бар ауылда сегізжылдық мектеп ашуға атсалысқан. Бастауыш мектептен соң оқуын жалғастыра алмаған білімге құштар ауыл тұрғындарын үлкен-кішісіне қарамай сегізжылдық мектептен тәлім алуына жағдай жасап, білімге баулыған.

«Біздің шаңырақ – ұстаздардың үйі болғандықтан ба, кез келген уақытта  оқушылар үйге келіп, математикадан әкеммен бірге есеп шығарып, не басқа істермен айналысып жататын», – деп еске алған еді 2018 жылы «Qazaq» газетіне берген сұхбатында Такир Оспанұлы алыста қалған балалық шағын.

Жастайынан ілім үйреніп, одан қалды мұғалім мен оқушы арасындағы жақындықты көріп есейген бұл күндегі ел ағасының бойындағы ұстаздыққа деген қабілет пен ниет сол кезде оянса керек.

Жамбыл облысына қарасты Талас өңірінде орын тепкен алақандай ауылдағы онжылдық мектепті аяқтағаннан кейін, оқу іздеп, қиял қуып Алматыға келген бозбаланы арманы адастырмады.

Такир Оспанұлының еңбек жолы талай бұралаңнан тұрды. Әуелгіде оқуға түспей, ауылда бір жыл қарапайым электромонтер болып жұмыс істеген ол уақыт өте келе бойындағы барын тек ғылым мен білімге бағыттауға бел буады. Мақсаты айқын жалынды жігіттің арманы орындалып, бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің математика факультетіне оқуға түседі. Оқуын аяқтаған соң үздік студентті оқу орны мұғалімдікке алып қалады. 2017 жылдан бастап Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры қызметіне тағайындалған ол еңбек жолын осылайша С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дан бастайды.

Жоғарғы оқу орнында оқытушы болуының нәтижесінде Мәскеу мемлекеттік университетіне тағылымдамаға барып, одан кейін сол жерде аспирантураны бітіреді. Аспирантурадан кейін Алматыға қайта оралған ол жиған-тергенін білім іздеп алдына келген әр шәкіртіне ыждағаттылықпен үйретті. Аға оқытушы, доцент, деканның орынбасары… ғылым-білімге деген үлкен қадам осындай баспалдақтардан өтті. Математика ғылымында есімі ерекше аталатын Өмірзақ Сұлтанғазин, Құлжабай Қасымов, Мұхтарбай Өтелбаев, Александр Женсікбаев, Тынысбек Кәлменовтардың дәрісін тыңдап, сол кездегі ҚазМУ ректоры әрі Қазақстандағы механика-математика ғылымдарын биікке көтеруде тікелей атсалысқан Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтің батасын алған. Ресей ғылым академиясының академигі Борис Сергеевич Кашин, Мәскеудің мәшһүр академиктері Андрей Николаевич Колмогоров, Иван Матвеевич Виноградов, Сергей Михайлович Никольский, Борис Владимирович Гнеденколардан сабақ алып, алдынан өткен Такир Оспанұлы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Бiлiм беру мен тестiлеудiң мемлекеттiк стандарттарының ұлттық орталығының директоры, Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының президенті, Қазақ технология және бизнес университетінің, одан кейін Халықаралық Бизнес Академиясының ректоры сынды беделді әрі артылар жүгі ауыр қызметтер атқарды. 2013 жылы ҚР Білім және ғылым вице-министрі болып тағайындалған ол 2017 жылдан бастап Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры болып тағайындалып, еліміздегі тамыры тереңнен нәр алатын атаулы оқу орнының гүлденуіне өз үлесін қосып келеді.

Қазақтың ұлы тұлғасы Абай атын иеленген ҚазҰПУ – еліміздегі педагогикалық мамандарды даярлайтын көшбасшы оқу орны. Ұстаздықтың ұлағатты жолына түсуді армандаған жастар осы университетте білім алғанды жөн санайды. 2020 жылы республика бойынша жалпы 53 800 мемлекеттік грант бөлінсе, соның 7 700-ін педагогикалық мамандықтар құрап отыр. Елімізде педагог мәртебесі туралы Заң қабылданып, мұғалім мәртебесін көтеру туралы мәселе жиі айтылады. Мәселені шешуде міндет, ең алдымен, педагогтерді даярлайтын орынға жүктелері анық. Осы мақсатта ұстаздар ұстаханасында бірқатар нақты шаралар атқарылып та келеді.

«Білім заңына өзгеріс енгеннен кейін педагогикалық мамандықты таңдаған талапкерлердің бәрі арнайы сынақ тапсыруды бастаған болатын. Міне, содан бері біздің университет сол сынақты жылда ұйымдастырып келеді. Сынақ барысында талапкерлердің болашақта ұстаз болуға психологиялық тұрғыдан бейімін, педагогиканы қаншалықты түсінеді және педагогикалық шешімдерді қабылдауға бейімі бар ма деген тұрғыдағы сұрақтарға жауап береді. Биыл жағдай өзгеше болып тұр. Жастардың басын қосып, ондай сынақ өткізуге болмайды. Бірақ олардың осы сынақты онлайн режимде тапсыруына мүмкіндік беріп отырмыз. Күні бүгінге дейін педагогикалық мамандықты таңдаған 10 мыңнан астам талапкер осы сынақты тапсырып үлгерді», – дейді Такир Оспанұлы.

Абай атындағы университетке Такир Балықбаев бас болғалы оқу орнының жеткен жетістіктері көп. Ректор студенттердің жан-жақты әрі жайлы білім алуын қамтамасыз етуге барын салуда. Нәтиже анық. 2017 жылы білім алушылардың саны бар-жоғы 6 500 болса, үш жылда бұл көрсеткіш 13 500-ге жетіп отыр. Университет QS World University Rankings (QS) компаниясының 2020 оқу жылына жасаған жоғары оқу орындарының жыл сайынғы рейтингісінен орын алды. Әлемдік рейтингтегі үздік университеттер тізіміне Абай университетімен қосқанда қазақстандық 10 жоғары оқу орны кірді. Сондай-ақ, ҚазҰПУ 2018 жылы облыстық білім бөлімі басқармаларымен бірлесіп «Білім беру альянсы» консорциумын құрды. Мақсат – мектеп бітіруші түлектерге кәсіби бағдар беру. Консорциум көптеген жасқа өзі таңдаған мамандығы жайында мол ақпарат алып, дұрыс таңдау жасауына мүмкіндік туғызды. Бүгінде консорциумның жұмыс ауқымы кеңейе түсті. Қазіргі таңда ұйым аясында облыстық білім басқармалары өздеріне қажетті педагогикалық мамандықтар жайында университетке сұраныс түсіретін болды. Осы ұсыныстарды пайдаланып, оқу бітірген жастар жұмыспен қамтылып отыр. Нәтижесінде университет түлектерінің 98 пайызы жұмысқа орналасуда.

2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бекітуімен қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Заңның орындалуына өз үлесін қосып жатқан Такир Оспанұлы Заң барысында көрсетілген мақсаттарға жету жұмыстарын өзі басшылық етіп отырған оқу орнынан бастады. Сонымен қоса, университеттің корпустарын жаңалап, оқу орнының Абай атын асқақтатып, қара шаңырақта қызмет еткен қазақтың біртуарларын дәріптеуге күш салуда.

ТАКИР ОСПАНҰЛЫ ПРАЙМЕРИЗГЕ НЕ ҮШІН ҚАТЫСАДЫ?

 «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бекітуімен партия атынан басты аламанға түсетін көшбасшыны іріктеу мерзімі 2020 жылдың 17 тамыз бен 3 қазан аралығы болып белгіленген болатын. Қазақстан ғылымы мен білімінің дамуына өзіндік үлесін қосып, бүгінде Такир Балықбаев «Nur Otan» праймеризіне қатысуға бел буды. Бұл туралы 17 тамызда ректор өзінің Facebook парақшасында жазды.

«Мен бүгін «Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысуға өтініш бердім. «Nur Otan» партиясының Төрағасы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың праймериз туралы бастамасы лайықты кандидаттарды таңдауға, Қазақстанның дамуы бойынша жаңа идеялар мен нақты жобаларды іріктеуге мүмкіндік береді деп ойлаймын» деп жазды ректор.

«Nur Otan» партиясының алғаш рет партия мүшелерін іріктеуді праймериз түрінде өткізуі қоғамдағы өзекті мәселелерді жан-жақты зерттеп, өңірлердің дамуын талқылаудың ұтымды шешімі болмақ. Сондай-ақ, бастамашыл азаматтардың идеясын қолдап, оларға артылатын міндет пен жауапкершілікті анықтаудың тиімді тәсілі болатындығы анық.

Алматы қаласы мәслихатының депутаттығына кандидат болу үшін праймеризге қатысуда Такир Оспанұлы өз алдына «ұлттық және қалалық деңгейде адами капиталды дамытуға өз үлесімді қосу» деп нық әрі сенімді мақсат қоя білді. «Адами капитал экономика мен мемлекеттің дамуының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Білім мен мәдениет, адами капиталдың бөлігі ретінде, ұлттың рухани әлеуетін нығайтуға қызмет етуі керек. Еліміздің жетекші педагогикалық университетінің ректоры ретінде мен сапалы білім беруді, жаңа технологиялар мен оқыту әдістерін енгізуді мақсат етемін. Бұл жерде мен Алматыда білім беруді жақсарту мәселелері бойынша идеялар ұсынамын», – деп нақтылады тұңғыш университеттің басшысы.

«Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті бұл мәселелерді қазір де шешіп жатыр. Біз жастарға сапалы білім береміз, заманауи мұғалімдерді даярлаймыз, ал олар болашақта білімдерін қазақстандықтардың жаңа ұрпақтарына таратады. Мұғалімдердің біліктілігін одан әрі жетілдіру маңызды деп санаймын, себебі білім өте тез жаңаруда. Олардың кәсіби біліктілігін арттыру жүйесін жетілдіруді, оқытудың жаңа орталықтарын, оның ішінде университет базасында құруды ұсынамын» дей келе, ересек азаматтарды қамтитын білім берудің бүгінде толық шешілмеген, кейінге қалдыруға болмайтын мәселе екендігін атап өтті.

«Мен республикалық деңгейде басқарудағы мол тәжірибемді пайдалана отырып, қаланың өзекті мәселелерін шешудің жолдарын ұсынып, оны жүзеге асыруға қатысамын. Қала тұрғындарының, «Nur Otan» партиясы мүшелерінің ұсыныстары мен тілектерін барлық деңгейге жеткізіп, оларды шешуге қол жеткізе аламын деп сенемін», – деп жазды Такир Оспанұлы.

БАЛЫҚБАЕВТЫҢ БАСТЫ БАҒДАРЛАМАСЫ ҚАНДАЙ?

Бұл күнде нарық және технологияның талаптары өзгеруде. 40 жылдық тәжірибесі бар педагогика ғылымдарының докторы еліміздің бүгінгі жағдайына бейжай қарамайды. Отандық білім берудің жоғары сапасы үшін күресіп жүрген Такир Оспанұлы Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің үлкен өзгерісте екендігін ескере отырып, мынадай ұсыныстарын дайындады:

– Білім беруде жаңа технология мен әдістемелерді пайдалану;

– Алматы қаласында шет елдік студенттердің білім алуын жаңғырту;

– Заманауи педагогтің мәртебесін арттыру;

– Ғылымның мәселелерін шешуге ықпал ету;

– «Өмір бойы білім алу» («Life long learning») ұстанымы негізінде тұрғындарға қолдау көрсету.

«Ғылымы жоқ елдің – болашағы жоқ» деген. Біздің заманымыз – білімге білек түре бет алатын кезең десек, аталған мәселелердің маңыздылығы орасан.

Такир Балықбаевтың басты бағыты – адами капиталды дамыту, жандандыру. Үгіт-насихат апталығы аясында Такир Оспанұлы түрлі форматта кездесулер өткізіп, денсаулық сақтау және медицина саласы, халықты әлеуметтік қолдау, өңірді одан әрі дамыту, қаланы абаттандыру, жастарды тәрбиелеу және жұмысқа орналастыру сияқты мәселелерге жауап іздеді. Сонымен қатар, қазіргі күннің басты мәселесі – қашықтықтан оқыту сапасын жақсарту, студенттерді жатақханалармен қамтамасыз ету, оқу ақысын төмендету мәселелерін көтеріп, пандемия және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру кезінде медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы сияқты көптеген маңызды мәселелердің шешімін табуға ықпал жасады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Әр ісін ақыл мен абыройға бағыттауды құп көретін 90 жылдан астам тарихы бар республикадағы тұңғыш жоғары оқу орнының басшысы өз сөзінде «Менің өмірлік ұстанымым – бүгінгі және болашақтың жетістіктері» деп баса айтты.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген. Такир Балықбаев бағыты анық, білімі тұнық тұлға. Университет ректоры ғылым мен білім беру саласының білікті маманы.

«Сүйер ұлың болса, сен сүй» дейді Абай. Тәуелсіз ел жастарының рухын биіктетіп, қанатын қатайтып, әлемдік ғылым додасында дамыған елдермен тереземіздің тең болуы үшін жасап жатқан игі істері Такир Оспанұлының сөздің емес, нағыз істің адамы екендігінің дәлелі.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ, шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here