Кәсіп пен нәсіп: Ұлттық өнер өшпейді

0
6299

Қазақстан халқына жаһанданудың кері әсері материалдық мәдениетте көрініп тұрғаны жасырын емес. Біздің қазіргі киіміміз бен еңбек құралдары, тұрмыс бұйымдары, архитектура, дизайн, көлік, тағы басқа күнделікті өмірдегі материалдық мәдениетіміздің барлығы да Батыс елдерінің стандарттарына сәйкестендірілген. Бұдан, әрине, біз енді құтыла алмаспыз. Десек те, мемлекет алдында күштілермен есептесу, сонымен бірге, өз ұлттық болмысын, бет-бейнесін, күнделікті тұтынатын заттарда ұлттық нақышын сақтап қалу міндеті тұр. Бұл ең алдымен жаһанданудың алып апанында жұтылып кетпеу үшін қажет. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газетінің бұл тақырыпты жиі көтеруінің мәнісі де осында жатыр. Ал, ұлттық құндылықтарды ұлықтап жүрген кәсіпкерлерге ата басылымның үнемі ақпараттық қолдау көрсетіп жүргенін көзі қарақты оқырмандарымыз жақсы біледі.

Иә, «Көнені керек етпесең, жаңа табылмайды» деген екен сол заманда Шәкәрім Құдайбердіұлы. Расында өткенге үңілмей, болашақты барлау қиын. Бабалардан мұра боп қалған киелі өнерді қалай өркендетуге болады? Ұлттық тұрмыстық бұйымдар заманауи нарықта бәсекеге қабілетті ме? Бүгін енді осы тақырыпқа тоқталмақпыз.

КИІЗГЕ КӨРІК БЕРГЕН КӨНЕ КӘСІП ИЕСІ

Елімізде ұлттық құндылықты ұлықтап, өз өмірін қазақ қол өнеріне арнап жүрген көне кәсіп иелері саусақпен санарлық. Солардың бірі – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, «Қазақстан қолөнершілер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айжан Бекқұлова.

Бала кезінен шығармашыл ортада өскен Айжан Әбдіманапқызы армандаған мамандығы басқа болса да, ата-анасының талабы бойынша экономистің оқуын бітіреді. Бухгалтерияға қызықпаса да, осы салада қызмет еткен Айжан күндердің күнінде өзі қалаған шығармашылыққа бет бұрады. Ол қазақ әйелдерінің ғасырлар бойы айналысқан ісі – киіз кілем басу өнерін дамытуға білек сыбана кіріседі.  Қолөнер шебері халқымыздың ежелден пайдаланып келе жатқан киіз текстилін заманға лайықтап түрлендіріп, көздің жауын алатын түрлі аксессуарлар, ойыншықтар, заманға сай сәнді көйлектер, әдемі бұйымдар жасаумен айналысады. Ұлттық өнерді көздің қарашығындай қорғаған Айжан Бекқұлова бүгінде шәкірттер де тәрбиелеуде.

«Біз қолөнердің барлық түрін қамтимыз. Мен «анау немесе мынау бізге жақынырақ» деп бөліп-жарып айта алмаймын, өйткені бұлардың бәрі біздің ұлттық мұрамыз ғой. Мүмкін, киізге көптеу көңіл бөлетін болармыз, себебі Қазақстанда киіз басу кең тараған және үлкен тарихы бар кәсіпшілік. Сондай-ақ зергерлік пен кесте тігуді де ұмытпаймыз», – деп ой бөлісті Айжан Әбдіманапқызы.

Қазақстандық шеберлер бұйымдарының сапасын жақсарту,  қолөнершілердің сату нарығына шығуын қолдау мақсатында 2006 жылы «OUR HERITAGE»  қоғамдық қоры, Орталық Азиядағы «Еуразия» қоры және «Шеврон» мұнай компаниясы «Қазақстандағы халықтардың көркем қолөнер кәсіпшілігін жаңғырту және қолөнерді дамыту» ұлттық бағдарламасын жасайды.

Бүгінде атакәсіпті меңгерген шеберлердің аздығына алаңдаған Айжан Бекқұлова «Қазақстан қолөнершілер одағы» шеберлердің басын біріктіру мақсатында жәрмеңкелер өткізіліп, оқыту жұмыстары жүргізілгенін айтады. «Heritage» қорының қолдауымен ұлттық сараптама кеңесі құрылып, елдің барлық өңірлеріне дайындықтан өткен сарапшылар жіберіліп, 900-ден астам шеберлер базасы жасалған.

«Босқа жұмыс жасап жатпағанымыздың мысалы ретінде жыл сайын өткізілген «Шебер» байқауын атап өтуге болады. Егер бірінші байқауға негізінен сапасыз «тез жасалған» бұйымдар ұсынылса, бүгінде шеберлер кезінде тұрмыста қолданылған ескі технологияларды зерттеумен шұғылданып жүр», – дейді қолөнер шебері.

Дәстүрлі «Шебер» байқауын ұйымдастырудың нәтижесінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен шыққан 130-дан астам шебер шетелдегі бірқатар көрмелерге қатысып қайтқан.

«Көшпенділер тұрмыс жабдықтарын жасағанда экологиялық, гигиеналық талаптарына қатты мән берген. Сол көнекөз әжелер тіккен бұйымдар сапасымен ерекшеленетін. Табиғи кілем, текеметтер шаршағанды басса, теріден жасалған ыдыстарда қымыз-шұбаттың табиғи дәмін сақтайтыны ғылыммен дәлелденген. Сол кездерде тұрмыстық бұйым әрбір шаңырақта жасалатындықтан, ата кәсіптің қадірін түсінбей, қол еңбегінің құнын төмендетіп алдық па деген ойға қаламын», – дейді  қазақ халқының қолданбалы қолөнерін дамыту технологиясының кенжелеп қалғанына алаңдаған шебер.

ҚҰРАҚ КӨРПЕ ҚҰРАЙТЫН ШЕБЕР

Қазақстанда құрақ көрпе тігуді қайта жаңғыртқан жанның бірі – Гүлмира Уәлихан. Бала кезінен дизайнер болуды армандаған Гүлмираға  ата-анасы қаржылық білім алуды талап етеді. Жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітірген ол көп жылдар есепші болып жұмыс істейді. Қызмет баспалдағымен өскен сайын Гүлмира жан-дүниесіне үңіле бастайды. Ол 27 жасында есеп-қисабы көп жұмысын тастап, отбасына көңіл бөледі. «Стресс адамды жалмаса, қолөнер стресті жояды» деген Гүлмира Уәлихан жаны қалайтын жұмыспен айналыса бастайды. Ол ғаламтордан құрақтан жасалған бұйымдарды көріп, көз тартар дүниелерді жасап көруге бел буады. Осы тұста өз ісін бірден бастап кетудің қаншалықты қиын екенін жеке кәсіпкерлер жақсы біледі.

«Шаңырағымызда ұл болмағандықтан, ата-анам бізді үйдің де түздің де шаруасына баулып өсірді. Әкем ат баптауға үйретсе, анамыз үй шаруасымен қатар кесте тігіп, тігін кәсібіне баулыды. Міне, осы отбасы тәрбиесі менің жеке өндірісімді ашуға ықпал етті. Шеберханаға жиналған алғашқы бұйымдар өзім оқытқан жандардың көмегімен жиналды. Тіптен инвесторларым да баулыған жастардың ата-аналары. Мемлекеттік, халықаралық бағдарламалардың ешқайсысынан да қолдау таппағандықтан, әр отбасы жинаған шағын қор менің өндірісіме үлкен қолдау болды. Жиналған 30 мың АҚШ долларына кәсіби тігін машинасын сатып алып, айналасы бір жарым жылда бұл қаражаттың жетпіс пайызы үстемесімен иелеріне қайтарып бердім», – дейді шеберхана ашудағы қиындықтарын айтқан Гүлмира Уәлихан.

Аз уақытта ұлттық өнерді меңгерген Гүлмира бүгінде сұранысқа сай бұйымдарды шығарады. Қазақстанда құрақ көрпе тігуді қайта жаңғыртқан оның бүгінде тапсырыспен жастық, көрпе тігетін шеберханасы бар. Бұйымдарды тігу үшін ол сирек кездесетін сапалы маталарды әлемдік нарықтарынан іздеп, сатып алады.      

«Көбінде Германия мен АҚШ-тан келген маталарды пайдаланамын. Себебі, құрақ құрау өте қиын әрі еңбекті көп қажет ететін жұмыс. Бастапқы кезде қандай мата болса да, оны пайдалана беретінмін. Бірақ, олар уақыт өте келе я болмаса бір жуған соң бояуы ағып, сапасыз болып шығады. Сонша еңбектің сапасыз материал үшін зая кеткені жанды ауыртады. Бір іспен көп уақыт айналысқан соң, оның барынша сапалы әрі әдемі болғанын қалаймын», – деп ой бөлісті шебер.

Гүлмира Уәлихан – тек табысты кәсіпкер ғана емес, төрт ұл мен бір қызды тәрбиелеп отырған көп балалы ана. Қолөнердің қыр-сырын меңгерген ол ресейлік, америкалық мамандардан да кеңес алып, білім көкжиегін кеңейткен. Сонымен қатар, шебер білгенімен бөлісіп, құрақ өндірісіне ықыласты жандарды оқытып, мамандар даярлайды. Бүгінде екі мыңнан астам адамға құрақ құрау технологиясын үйреткен Гүлмира жақсылық жасаудан жалыққан емес. Ол 100-ден аса зейнеткер, көп балалы ана мен жағдайы төмен әйелдерді тегін оқытып, қолөнермен айналысуына мүмкіндік жасаған. Кәсіпқой шебер құрақ құрауды табысты іс  емес, ұлттық кәсіп деп бағалайды.

Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі, көптеген көрмелер мен  фестивальдардың тұрақты қатысушысы Гүлмира Уәлиханның шеберханасында түрлі тұскиіз, көрпелер, төр көрпелер, қыз жасауына арналған бұйымдар, қол сөмкелер, сәнді шапандар, т.б. бұйымдар бар.

«Шеберханадағы әрбір бұйымның өз тұтынушысы бар. Шеберхананы ашқан кезімде құрақ бұйымдарға сұраныстың жоғары болатындығына көз жеткіздім. Өндіріске күнделікті қайталанатын құрақтарды емес, ерекше пішімдегі үлгілерді енгізуге тырыстым», – дейді шебер.

Гүлмира Уәлиханның қалдықсыз әрі экологиялық өндіріске негізделген шеберханасының жалғыз мәселесі бар. Ол – полиэтиленді қаптамалар.

«Бізде салмағы 6 келі көрпелерге шыдайтын жақсы қағаз қапшық жоқ. Ал ағаш қораптар қымбат тұрады. Уақыт өте келе сапалы крафт өндіретін шеберханалар пайда болады деп үміттенемін. Осында қаптан басқасы толық экологиялық өндіріс. Бұл қазіргі кезде, әсіресе,  аллергиясы бар адамдар үшін аса маңызды. Бұл іске бүге-шүгесіне дейін мән беріп қарамасаң, еңбегің далаға кетеді», – деп санайды шебер.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қос көне кәсіп иелерінің ендігі мақсаты – ұлттық бұйымдарды дүние жүзіне әйгілеу. Қазақ мәдениетіне өзіндік үлесін қосып келе жатқан қол өнер шеберлеріне қолдау көрсету – уақыт күттірмейтін мәселе.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН, «Qazaq»-тың Нұр-Сұлтандағы меншікті тілшісі

Суреттер vlast.kz сайтынан алынды

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here