Алматылықтарға «Көктөбенің» есігі неге ашылмайды?

0
4212

Әлемдегі биіктігі 300 метрден асатын елуге жуық телемұнараның барлығы телерадио хабарын таратумен қатар, халыққа да қызмет көрсетiп келедi. Мәселен, 634 метрлік  әлемдегі  ең  биік  телемұнара – «Tokyo Skytree»  (Жапония) ел  халқы  мен туристердің  көз қуанышына  айналғалы  8  жыл  болды.  Телемұнараның 340, 345, 350  және 451 метр биіктікте орналасқан көру алаңдарынан қарағанда 13,7 млн халқы бар Токио алақандағыдай көрінеді. Ал, мың жылдық тарихы бар алып шаһардың көркін ашқан Көктөбе тауындағы әлемнің ең биік 14-ші телемұнарасы саналатын «Көктөбе» де о бастан мегаполистің басты туристік нысаны болуы тиіс еді. Бірақ, қаланың нышанына айналған аспанмен таласқан ғимаратқа алматылықтар мен қала қонақтары аяғын аттап баса алмайды. «Qazaq» газеті бүгін осы мәселеге тоқталады.

Телемұнара 1978-1984 жылдар аралығында салынды

ТЕЛЕМҰНАРАНЫҢ ТАРИХЫ МЕН ТАҒДЫРЫ

Телевизиялық мұнара құрылысы Алматы мен Ташкентте бір мезгілде басталды. Дегенмен, жасырын жарыста ауқымдылығы жағынан өзбектер жеңді – ондағы құрылыс нысаны бізден үш метрге биіктеу болып шықты.

Алматыдағы телемұнара алты жыл бойы (1978-1984) салынды. Мұнара биіктігі таумен қоса алғанда теңіз деңгейінен 1 452 м,  мұнараның өз биіктігі – 371,5 м. Күрделі құрылысты жобалаумен бірден төрт институт айналысты, оның үшеуі мәскеулік, біреуі жергілікті мекеме еді. Мұнара құрылысының бірнеше нұсқасы болды. Олардың бәрі де қосымша тіреулердің болуын қажет етті. Алайда, қорытындысында құрылыс тереңдігі 40 метрлік іргетас арқылы күшейтілетін болып шешілді. Алматылық мұнара күрделілігі жағынан Франциядағы Эйфель мұнарасынан еш кем емес.

«Алматы. Кеңестік модернизм сәулеті» атты кітап авторы бұл құрылысты «Ванька-встанька» балалар ойыншығымен салыстырады: мұндай қуатты ауырлық орталығы мұнараның құлауына жол бермейді, оның салмағы 5 мың тоннаны құрайды. Телемұнара 10 балдық жер сілкінісіне төтеп бере алады.

Телемұнара салынғанда адамдарды шұғыл эвакуациялау жағдайы қарастырылмағандықтан, бұл алып ғимараттың есігі көп жылдар  бойы халық үшiн жабық болды. 2007 жылға дейін стратегиялық нысан болғандықтан, айналасында қарулы адамдар жүрді. 2007 жылдан кейін режимдік  жүйеде болса да, бұрынғыша мұнда  кіру мүмкін емес-тін, алайда айналасындағы автомат асынғандар жоғалып кетті.

Алғашқы қабаттарында «Қазтелерадио» орналасқан

МЕЙРАМХАНА НЕГЕ АШЫЛМАЙДЫ?

Телемұнара салынғанда жобалаушылар Мәскеудегi «Останкинодағы» «Жетiншi аспан қабаты» мейрамханасының үлгiсiнде «Жетiншi деңгейдi» салған болатын. Сөйтіп, көше жаққа шығатын бөлек баспалдағы бар мұнараның екінші қабатында мейрамхана ашу жоспарланды. Сол үшін зал мәрмәр таспен әрленді, еденде дөңгелек үстелдерге арналған өрнек-белгілер көрініп тұр. Қабырғаларына Чехияда жасалған витраж әйнектер қойылған. Осы дөңгелек мейрамханадан орасан зор үлкен мозаикамен безендірілген алаңға шығып кетуге болады. Бұл Алматыда сақталған сондай мозайкалардың ең үлкені. Өкінішке қарай, биікте орналасқан мейрамхананың есігі сол қалпы ашылмады.

Алдағы уақытта телемұнарадағы мейрамхананы ашу мәселесін әкімдіктегі жауапты қызметкерлер мен қаржылай демеушілік көрсететін азаматтар қолға алса, қала тұрғындары мен қонақтары үшін таптырмас демалыс орнына айналар еді.

176 метр биіктікте орналасқан көру алаңы 36 жылдан бері қаңырап бос тұр

АЛМАТЫНЫ АЛАҚАНДАҒЫДАЙ КӨРУ НЕГЕ АРМАНҒА АЙНАЛДЫ?

Телемұнарада бос алаңдар өте көп. Алайда, олар тиiмдi пайдаланылып жатқан жоқ. Ал, осыдан сегіз жыл бұрын, яғни 2012 жылы сол кездегі Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов пен ҚР Көлiк және коммуникация министрi Асқар Жұмағалиев телемұнараны туризм нысаны ретiнде пайдалану жобасын дамыту жөнiндегi келiсiмге қол қойған болатын. Келiссөздiң негiзгi бөлiмдерi ретiнде «Көктөбе» телемұнарасы аумағын жаңарту, техникалық ғимараттың алдын қайта құрылымдау, оның аумағына жататын ландшафт дизайнын қолға алу, құрылыстық және туристiк мақсатта бөлiнген ғимараттарда жөндеу жұмыстарын жүргiзу қарастырылған.

Сөйтіп, қайта жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейiн қала көрiнiсiн тамашалау алаңы ашылатын болған. Ешқашан адам болмайтын бұл шолу алаңы 176 метр биіктікте орналасқан. Туристер құс қанаты талатын биiктiктен әсем Алматыны тамашалау мүмкіндігіне ие болатын еді. Бұл Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін ашық болуға тиіс-тін. Алайда, келушілерді эвакуациялаумен байланысты мәселелер бар. Ақырында қауіпсіздік талаптарына байланысты оны аралау үшін телемұнараны ашуға болмайтын болды. Мұнара діңінде орналасқан екі лифттің жылдамдығы – секундына 4 метр. 2001 жылы мұнда жөндеу жүргізіліп, шолу алаңы сайдингпен әрлендірілді.

Бүгінде 176 метр биіктіктегі шолу алаңының жайы белгілі, эвакуация жоқтығынан ол да жабық. Бұл – бірінші кедергі. Екінші кедергі – нысан мәртебесі телемұнараны туристік нысан ретінде қолдануға мүмкіндік бермейді.

Қазіргі таңда телемұнарада алғашқы үш қабат қана жұмыс істейді: мұнда ұлттық телерадиохабар тарату операторы саналатын «Қазтелерадио» орталығы орналасқан. Осы жерден 27 телеарнаның таратылымы бастау алады. Егер қандай да бір өңірде хабар таратуда кедергі туындаса, олқылықтар осы жерден жойылады.  Қызметкерлер үшін шағын асхана жұмыс істейді.

Болашақта нысан мәртебесі өзгертіліп, эвакуациялау мәселелері шешімін табады, сөйтіп телемұнараны халық аралайтындай жағдай жасалады дегенге үміттену ғана қалып тұр.

«Қазтелерадио» қызметкерлеріне арналған шағын асхана бар

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

«Qazaq» газеті ұсынып отырған кестедегі әлемнің ең биік отыз телемұнарасының 90%-дан астамы туристерге есігін айқара ашқан, яғни сол қала мен оның қонақтарының көз қуанышына айналған. Осылайша, қала бюджетін толтырып отырған жайы бар. Мәселен, биіктігі 332,6 метрді құрайтын «Tokyo Tower» телемұнарасында туристерге барлық жағдай жасалған. Көру алаңы, мұражай, мейрамхана, дүкен, кинотеатр қызмет етеді. Негізі сонау 1958 жылы қаланған токиолық бұл мұнараға осы күнге дейін 150 млн адам келіпті. Жылына 2,5 млн турист телемұнараның құс ұшар биігінен Токионы тамашалайды. Ал, қолда бардың қадірін білмеген Алматы  қалалық  әкімдігі «Көктөбенің» мәселесін оңтайлы шеше алмай әлі жүр…

Жансая ШЫҢҒЫСХАН«Qazaq»-тың Нұр-Сұлтандағы меншікті тілшісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here