Жәдігерге жанашырлық, құндылыққа қамқорлық керек!

0
1218

Еліміздің тарихы терең, өткенінен өнеге алар істері көп. Оған тарихи оқиғалар туралы аңыздар, жырлар мен жәдігерлер дәлел. Соларды жаңғыртып, жарқыратып көрсете білсек қана басқаларды баға жетпес байлығымызға тамсандыра, тарихымызға тәнті етіп қызықтыра, тар жол, тайғақ кешуде бәрін жеңіп, ұлан-ғайыр даламыз бен оның байлығын, мемлекетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтай білген отаншылдық қайсар қасиетімізді құрметтетіп сыйлата аламыз. Өзгелер тарихыңды танып, елдігіңді мойындап жатса, одан артық бақыт бар ма адамға! Ол үшін тарихи жәдігерлерге жанашырлық, ұлттық құндылықтарға қамқорлық көрсете білуіміз керек. Керек емес-ау, бұл – парыз. Әр қазақтың азаматтық борышы! Әйтпесе, «сен өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атар» күйге ұшырайтынымыз сөзсіз. Болашақ бізді кешірмейді!

Рас, қазір елімізде туризм саласын дамытуға көңіл бөлініп, туризм кластерін қалыптастыру қолға алынып жатыр. Бірақ, бұл сала кенжелеп қалған. Оны мойындамау – ауруын жасырғанмен тең. Ал, ауруын жасырғанды ажал әшкерелейтіні айтпаса да түсінікті.

Туризмді дамыту, туристерді тарту қаламызды жарқыратып қою ғана емес. Әрине, қаланың көзтартымды таза болғаны керек-ақ! Бірақ, туристерді тарих, тарихи жәдігерлер, тарихи орындар, ондағы тарихи нысандар қызықтыратыны басты назарда болуы керек. Мұражайлар бірінші кезекте ғой бұл ретте. Бұған дейін қаламызға келген қонақтар мұражайларды ғана аралайтын. Онда да қызықтыра алсақ қана. Одан кейін шаһар ішіндегі шамалы тарихи ескерткіштерді аралаумен шектелетін. Ары кетсе, Айша бибі кесенесіне барып қайтар. Сонда туристер қызығушылығы неге төмен?

Айтайын. Барымызды базарлай алмайтын бойкүйездігіміз басым. Жарнамалау жағы нашар! Басқаны былай қойғанда, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының өзінде. Мен сол қасиетті мекемеде табаны күректей он бір (11) жыл жұмыс істеген адаммын. Сондықтан, менің бұл әрекетімді «суын ішкен құдығына түкірді» деп жүрмеңіздер. Бұл менің өзім қызмет атқарып, нанын жеген мекемеме жанашырлығым. Ендеше, менің бұл мақаламды «дос жылатып айтады» сипатында қабылдауларыңызды сұрар едім.

Өңір қонақтары мен тұрғындарына жарты ғасырдан астам уақыттан бері қызмет көрсетіп келе жатқан мекеме жәдігерлерге бай. Көрме залдары жақсы безендірілген, көрнекі құрал-жабдықтар да көңілдегідей. Дегенмен, кейбір тарихи жәдігерді жарнамалау жетіспейді. Көңілдегідей емес. Мен өзім білетін бірер ғана мысалды айтайын.

Атақты Қобыланды батырдың Әулиеата өңірінде болғаны, қаланың солтүстік жағындағы Кіші Бурыл тауы төңірегінде тізгін тартқаны, онда батырдың аты Тайбурыл жем жеген астау-атақыр бар екені, тіпті, сол жерде Тайбурылдың тұяғының ізі қалған тас та жатқаны туралы аңызда да айтылған, ел арасында да әңгімелер көп. Қобыланды батырдың біздің өңірімізде болғанының тағы бір дәлеліндей режиссер Рүстем Әбдіраш түсірген «Қазақ хандығы» деректі телесериалын да мысалға келтіруге болады. Сонда Шайбаншахтың шайтани азғыруына алданып барып, Керей мен Жәнібек сұлтандардың қолына қайта қосылады емес пе аңғал батыр. Ал, ол оқиға біздің өңірде болғаны тарихтан белгілі. Олай болса, «Қобыланды батыр Жамбыл өңірінде болған» деп батыл айтуға толық негіз бар. Бұл туралы сол өңірдің байырғы тұрғындары бұрынғы ата-бабаларынан естіген шежіре-әңгімелерді жырдай қылып айтады.

Кіші Бурылдың етегіндегі Тайбурылдың астау-атақыры туралы Құмжота ауылының тұрғыны Мәлік Орманов арқылы хабардар болған сол кездегі мұражай директоры, археолог-ғалым Күзембай Байбосынов марқұм көп ұзамай әлгі жәдігерді мекемеге жеткізіп алыпты. Бұл өткен ғасырдың 89-ыншы жылдары шамасында. Кеңестік кезең.

Кейіндеу әуесқой қызығушылықпен барып сол өңірді аралаған мен өз бастамаммен Тайбурылдың тұяғының ізі қалған тасты жеткіздім мұражайға. Сол жәдігерлер мұражайдың бұрынғы ғимараты ауласында елеусіздеу жерде жатты. Жарнамалануы да онша емес. Тіпті, бұл не тастар, қандай жәдігер екені туралы жазба да жоқ.

Өткен жылы, облыстың құрылғанына 80 жыл толған тарихи оқиғаға орай сол кездегі өңір басшысы Асқар Мырзахметов тарихи-мәдени жаңа кешен салдырып, тарихи-өлкетану мұражайы да сонда қоныс аударған. Бұл орталыққа сол кездегі ҚР Премьер-министрінің орынбасары, қазіргі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мырза да келіп тамашалап, оң бағасын берген.

Мұражаймен жаңа қонысқа бірге келген сол жоғарыда айтқан екі жәдігер қазір ғимарат бұрышында, көзге көрінетін жерде жатыр. Маңайында әртүрлі үлгідегі, оюлы, тағы басқа да тастар жатыр. Қасында үстіне сулық жауып қойған (мен барып көрген күні жаңбыр жауған еді) ХТЗ темір доңғалақты тракторы тұр. Бірақ, бірде-біреуінің маңайынан олар туралы мәлімет жазылған көрсеткіш тақта немесе белгі көре алмадым. Мұражайдың бұрынғы ескі ғимараты ауласында да бұл жәдігерлер дәл осындай «ай далада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» қалпында тұрған болатын. Қазір де сол «баяғы жартас – сол жартас» қалпында. «Мынау тұрған қандай тарихи жәдігер екенін өзің тауып ал» дегендей. Сонда бұл не? Мұражайға келушілердің білім, білігін сынау ма? Қазақстандық келушілер «мынау қай жерден әкелінген балбал тас немесе астаутас» деп миының мың градустық домна пешінде қорытып, ойланып көрер-ау. Ал, шетелдік туристер қайтпек? Бұл – біздің істің оңтайлы жағын ойлаған қиялымыз. Ал, шындығына келсек, келушілер: «Жұмбақ жасырғандай мұнысы несі!» – деп ренжитінінде дау жоқ. Бұл – масқара! Анығын айтқанда, бұл – жұмысқа деген жауапсыздық. Келуші-көрермендерді мазаққа айналдыру. Әйтпесе, әрбір жәдігердің жанына оның тарихы, кімге тиесілі екені туралы мәліметтер жазылған көрсеткіш тақта орнатып қоюға болады ғой. Тайбурылдың атақыры мен тұяғының ізі қалған таңбалы тастың тұсына Қобыландының атқа мінген суретін, ХТЗ-ның тұсына оны бірінші айдаған тракторшының портретін іліп қойса, тіпті, қатып кетпей ме? Туристерге де түсінікті, тарихқа зор құрмет!

Мен әуесқой ізденуші ретінде Кіші Бурылдың маңайын шолу кезінде сол жерден «Қобыланды отырған» орынтаққа ұқсас тас, бір рудың ба, әлде батырдың ба тамғасы салынған тақтатас та кездестірдім. Ол жерден одан басқа да жәдігерлер табылатынына сенімім зор.

Әттең, солар біреулердің үйінің іргетасына айналып кетпей, ел игілігіне, тарихқа қызмет етсе, нұр үстіне нұр болар еді-ау! Сол мақсатта қолыма қалам алып отырмын.

Тек іздеушісі, зерттеушісі табылса деп тілеймін!

Сөз реті келгенде осы тақырыпқа орайлас мына мәселені де айтқаным жөн болар. Тараз қаласында гельминтология ғылымының негізін қалаушы ғалым, КСРО Ғылым Академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор, Социалистік Еңбек Ері Константин Иванович Скрябиннің музей-үйі бар. 1905-1911 жылдары осында қызмет атқарған ол «медицина адамды емдейді, ветеринария адамзатты емдейді» деген тәмсілдің растығын дәлелдеп, өңірде өте жұқпалы індеттің жолын кесіп, талайлардың өмірін арашалап қалған.

Ғалымның музей-үйінің қазіргі жағдайы жан ауыртқандай. Мұнда соңғы 4-5 жылдың бедерінде жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бірақ, жұмыс өте сапасыз атқарылған. Келушілер көлігін қоятын автотұрақ жоқ. Музейдің жәдігерлер қорын толықтыру ісі ұмыт қалған. Ғалыммен қызметтес болғандардан қалған ғылыми жазбалар мен қолданған, ұстанған заттарының бірқатарын іздестіріп, музейдің жәдігерлер қорына қосқанымды айтсам, мақтанғандық болар. Бірақ, шындық – осы.

Мен облыстық тарихи-өлкетану мұражайында қызмет атқарған жылдарымда осында өздерінде сақтаулы құнды жәдігерлерді өткізуге әкелген талайларды көрдім. Мұражай басшылығы оларға қаражаттың жоқтығын айтып, қайтарып жібергеніне талай рет куә да болдым. Өткенді өзекке тепкендей тарихқа мұндай теріс көзқарасқа қынжылған кездерім де көп.

Менің қолымдағы республикалық «Парасат» журналының 1996 жылғы қарашадағы нөмірінде жарияланған Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Қалиолла Ахметжановтың «Жырақтағы жәдігерлер» атты мақаласындағы мына жолдарды оқығанда өзегіңді өкініш өртегендей.

«Отаршылдар қайсыбір елді жаулап алу үшін ең алдымен оның рухани санасына шабуыл жасап, мәдениетін мансұқ етуді көздеген», «І Петр обаларды тонауға тыйым салып, оларды ғылыми түрде жүйелі зерттеуге бұйырды. Бұндай археологиялық зерттеулер кеңес дәуірінде де жалғасып, Сібір, Алтай, Қазақстан, Орта Азия жерлерінде көне обалардың, ескі шаһарлардың орындарын қазу барысында табылған дүниелер Мәскеу, Петербор қалаларының мұражайларына жөнелтілді» деп тайға таңба басқандай жазылған онда.

Заманында барымызды барымтаға ұшыратып алған екенбіз еріксіз. Енді, тарихымызды түгендеуге мол мүмкіндіктер туып, жағдай жасалып жатқан шақта бейқам бойкүйездігімізге не жорық?!

Мұндай немқұрайдылықпен елімізде туризм саласын дамытуда түк те тындыра алмасымыз анық. Бұған Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайындағы аталған жағымсыз жайттардан артық қандай мысал керек?!

Осы мақаладағы жанашырлық жанайқайымыз жоғарыда отырғандардың құлағына жетіп, оларды оятар болса, бек қуанар едік.

Әзімбек ТІЛЕШОВ, ішкі істер органдарының отставкадағы майоры, мұражай қызметінің ардагері

ТАРАЗ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here