Қазақстанның қоқысынан неге көп ақшаның «иісі» шықпайды?

0
9513

Бүгінгі таңда өркениет жолына бет алған әлем елдері қоқысқа қарсы күрестің түрлі амалдарын қарастырып жатыр. Бірқатар еуропалық елдер полиэтиленді құтыларды шығарудан бас тартса, енді бірі қоқысты түрлі заманауи жолдармен өңдеуге бет бұрды. Алғашқылары жер бетін басып бара жатқан полиэтилен бұйымдардан қол үзіп, біржарамды пакет, шөлмек, стақан және тағы да басқа тұрмысқа қажетті бұйымдарды қағаздан жасауға көшті. Ал, кейінгілері қоқысты қайта өңдеп, одан барынша пайдалы зат шығаруға, электр энергиясын алуға арналған озық үлгідегі зауыттарды іске қоса бастады. Мәселен, 10 млн халқы бар Швецияда қоқыс полигондары жоқ. Өйткені, еуропалық өлшеммен ірі елдердің қатарына жататын бұл ел қоқыстардың 99%-ын қайта өңдейді. 83 млн халқы бар Германия тұрмыстық қатты қалдықтардың (ТҚҚ) 64%-ын кәдеге жаратып, одан жылына құны 50 млрд еуро болатын заттар шығарады. 126 млн халқы бар Жапонияның жер көлемі біздің Қарағанды облысына да жетпейді. Содан жапондар қоқыстардан аралдар салып жатыр. Жердің тапшылығы Сингапурда да байқалады. 5,7 млн халқы бар қала-мемлекет те тұрмыстық қатты қалдықтардан жасанды аралды салды.

Рас, ұшса құстың қанаты, шапса тұлпардың тұяғы талатын Қазақстанда жер жетеді. Дегенмен, қоқыс мәселесіне салғырт қарауға тағы болмайды. Елдегі 20-дан астам полигон қоқысқа лық толған. Оның экологияға кері әсері айтпаса да белгілі. Ал, тұрмыстық қатты қалдықтардың 14%-ы ғана қайта өңделеді. Жасыл экономикаға бет алған Қазақстан 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 40%-ға арттыруды көздейді. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін елдегі бұл мәселеге және қоқысты кәдеге жарататын елдердің тәжірибесіне тоқталады.

5,7 млн халқы бар қала-мемлекет Сингапурдың қоқыс үйінділерінен жасап жатқан жасанды аралы

ҚАЗАҚСТАН ҚОҚЫСТЫ НЕГЕ КӘДЕГЕ ЖАРАТА АЛМАЙ ОТЫР?

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне сенсек, Қазақстандағы қоқыс полигондарында 125 млн тонна тұрмыстық қалдықтар жиналған. Соған қарамастан қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар толыққанды жұмыс жасамайды. Олардың өндірістік қуаттылығы бар болғаны 40%-ды құрайды. Ал, оған қоқыстардың жетіспеушілігі себеп екен.

Осы арада «Елде қоқыстар қалай  жетпейді?» деп қарсы сұрақ қоюыңыз мүмкін. Сұрағыңызға жауап берейік. Бізде қоқыстар мүлдем сұрыпталмайды. Яғни, қағаз да, әйнек те, картон да, пластмасса да… бәрі бір ғана қоқыс жәшігіне тасталады. Әйтпесе, ірі қалаларда түріне қарай бірнеше қоқыс жәшіктері қойылған. Дегенмен, оны ескеріп жатқан ешкім жоқ. Мәселен, өркениетті елдерде көшені айтпағанда үйдің ішінде қоқыстың түріне қарай бірнеше жәшік қойылады. Үй иесі қоқысты осылай үйде өзі сұрыптайды. Демек, оларда қоқыс тастау мәдениеті қалыптасқан. Сондықтан біздегідей күрделі мәселе оларда болмайды.

Қазақстанда барлығы 210 тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін мекеме бар. Олардың барлығында шикізаттың жетіспеушілігінен қызу жұмыс байқалмайды. Ал, қоқыс полигондарындағы қоқысты сұрыптау үшін қыруар жұмыс күші керек. Жұмыс күшін тартуға қыруар қаржы кетеді. Яғни, экономикалық тұрғыда бұл тиімсіз, шығыны көп шаруа саналады.

Енді қайтпек керек? Мемлекет бұл саладағы зауыттарға түрлі жеңілдік береді. Көбі салықтан босатылған. Шығындарын жабу үшін бюджеттен де қаржы бөлінеді. Әйтсе де, мемлекеттің бұл қолдауы қоқыс мәселесін шеше алмайды.

Атқамінерлер қазақстандықтардың қоқысты шығаруға арналған төлемді аз төлейтінін алға тартады. Аймақтарда қоқысты шығару қызметінің төлемі айына 94-230 теңге аралығында екен. Қоқыстарды Еуропадағыдай сұрыптау үшін бұл қызмет 500 теңгеден кем болмауы тиіс. Мұндай көлемдегі төлемді алматылықтар (553 теңге) мен елордалықтар (390-411 теңге) ғана жасайды.

Статистика комитетінің мәліметінше, 2018 жылы арнайы орындар 3,8 млн тонна тұрмыстық қалдықтар жинапты. Соның 622 мың тоннасы ғана (17%) тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыттарға жөнелтілген. Ал, олар соның 164 мың тоннасын ғана (4%) кәдеге жарата алған.

Бір қызығы, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми мәліметі Статистика комитетімен мүлдем сәйкес келмейді. Бұл саланы бақылайтын министрлік тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыттар 2016 жылы 2%, 2017 жылы 7%, 2018 жылы 11%, 2019 жылы 14% қоқыстарды қайта өңдегенін алға тартады.

Комитет пен салалық министрлік мәліметтерінің арасындағы алшақтық туралы «KazWaste» қалдықтарды басқару жөніндегі Қазақстандық ассоциациясының атқарушы директоры Вера Мұстафина былай түсіндіреді: «Қазақстанда қайта өңделетін қалдықтарды есептейтін арнайы әдістемесі жоқ. Сондықтан министрлік пен комитеттің мәліметі бір-бірімен сәйкес келмейді. Мысалы, Статистика комитеті қоқыстарды шығаратын мекемелердің мәліметіне сүйенеді. Ол мекемелердің барлығы да қалдықтардың нақты саны жөнінде статистикалық мәлімет жүргізе бермейді».

Статистика комитеті тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін аймақтардың ішінде Маңғыстау (33%), Алматы (23%), Қарағанды (17%) облыстары көштің басында, ал Шығыс Қазақстан (3%), Ақмола (3%), Жамбыл (8%) облыстары көштің соңында екенін хабарлады.

ҚОҚЫС МӘСЕЛЕСІН ШЕШКЕН ЕЛДЕР

Иә, жергілікті тұрғындардың өмір сүру деңгейін әрқашан қала маңындағы қоқыс үйінділерінен анықтауға болады. Экономикалық өсу теориясы бойынша адам көбірек табыс табуға ұмтылады. Және табысының өсуімен азық-түлік пен тұрмыстық заттарды көбірек тұтынады. Тұрмысы түзелгеннен кейін тұтынушы қымбатырақ тауарлар сатып ала бастайды. Яғни, қоқыстың құрамы да өзгереді: бастапқыда ол тағам қалдықтары, кейін қаптама. Оның әлемдегі ең ірі екі өндірушілері – Монако мен Сингапур. Аталған елдердің әрбір тұрғыны тәулігіне 3 келіден артық қоқыс шығарады. Бұл – экономикалық дамудың көрсеткіші. Мәселен, Монако мен Сингапур – әлемдегі ең бай елдердің бірі. Дамыған, бірақ көлемі шағын Данияның бір тұрғыны 2,2 келі, 328 млн халқы бар АҚШ сияқты ірі елдің әр тұрғыны 2 келі қоқыс тастайды. Ал, дамушы немесе дамымай артта қалған елдерде бұл көрсеткіш төмен.

Егер осы көлемді тұрғындар санына көбейтсек, әрбір ел үшін үйінді зор болып шығады. Айталық, жыл сайын АҚШ – 230 млн, Ресей – 65 млн, Жапония – 50 млн тонна тұрмыстық қатты қалдықтар (ТҚҚ) шығарады. Демек, ХХІ ғасырда қоқыс әлемдік мәселеге айналды.

Рас, әр ел бұл мәселені өзінше шешуде. Дамыған елдерде қоқыс мәселесі жүйелі жолға қойылған. Еуростаттың деректеріне сенсек, Германия өзінің тұрмыстық қатты қалдықтарының жартысын қайта өңдейді, үшінші бөлігін өртеп, одан электр энергиясын алады. Ал, Швеция мен Швейцария қоқыстың барлығын жағып жіберуге тырысады. Нәтижесінде күлдерін отынға айналдырады.

Мехико – қос Америка құрлығындағы (Латын Америка мен Солтүстік Америка) ең ірі қала. Мексика астанасында 9 млн, ал онымен іргелес жатқан елді мекендерде 21 млн халық тұрады. Біз бұл мәліметтерді арнайы келтіріп отырмыз, өйткені халық көп жерде тазалық мәселесі алдан шығатыны жасырын емес.

БҰҰ-ның таратқан мәліметіне сүйенсек, бір Мехико тұрғыны күніне 1,2 келі қоқыс тастайды. Яғни, қаладан күніне 12,5 мың тонна қоқыс шығарылады. Бұл қоқыстардың қайда тасталатыны да үлкен мәселе. Демек, алып қоқыстарды тастайтын алып орын керек. Алдағы уақытта қала халқының саны артатынын ескерсек, мәселе күрделене түседі.

1985 жылы қалалық билік бұл мәселені шешкендей болды. Полигонның жанынан қоқыс қалдықтарын тастайтын арнайы алаң бөлінді. Тазалық компаниялары қала қоқыстарын осы жерге ғана тастауға міндеттелді. Бұл полигон «Bordo Poniente» атауына ие болды.

Аз уақытта алып шаһардың алып қоқыстары полигонға сыймайтын жағдайға жетті. Ал, полигонға сыймаған қоқыс сыртқа шықты. Өртенген қоқыс онсыз да ауасы лас қаланы көк түтінге орады. Айлап жауатын жаңбыр, ылғалды субтропикалық климат жағдайды одан да бетер ушықтыра түсті.

Содан жергілікті билік 1992 жылдары «Bordo Poniente» полигонын жабуға ниет етеді. Бірақ, полигон жабылса, қала қоқыстарының қайда тасталатыны белгісіз еді. Бұл мәселеде өзінің қауқарсыздығын мойындаған қала билігі полигон мәселесін қозғамай, «жабулы қазан» күйінде қалдырды.

Қоқысты қанша көмсе де, оның иісі шығатыны белгілі. Қоқыс мәселесі алғаш көтерілген 25 жылдан кейін «Bordo Poniente» аумағы 370 гектарға артып, қоқыс көлемі 70 млн тонна болды. Таудай болған қоқыстардың биіктігі 17 метрге жетті.

2009 жылы Мексика билігі «Bordo Poniente»-ні жабуға мәжбүр болды. Алайда, мәселе өткір күйінде қалды. Қараусыз қалған полигонға жұмыссыздар ағылды. Жерді қазып, қоқыс қалдықтарын сыртқа шығарып, қолдануға болатын киімдер мен заттарды кәдеге жаратты. Электр жабдықтары мен электр тоқ сымдарын өртеп, одан шыққан түсті металдарды сатты. Жағдай осылай болғаннан кейін Мексика үкіметі 2010 жылы «Bordo Poniente» полигонындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеуге тендер жариялады. Конкурсты «BMLMX» энергетикалық компаниясы жеңіп алды. Құны – 2 млрд доллар. Елдің бұл қыруар қаржысы бірер жылда толығымен өтелді.

Үкіметпен отырған келісімшарт бойынша аталған компанияның мақсаты тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеп, инновациялық технологияларды қолдана отырып, содан қосымша энергия көзін өндіріп, жылу шығару қалдықтардан биогаз алу, сол арқылы табиғи ресурстарды үнемдеу болып табылады. Мысалы, биогаз жылу электр орталығына түседі. Электр қуатын Мехико билігі қаланы жарықтандыруға төмен бағада сатып алады. Осылайша, ел билігі ұзақ жылдан бері Мехиконың бас ауруына айналған қоқыс мәселесін оңтайлы шешті.

Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі ұлттық агенттіктің деректері бойынша, Сингапур 2015 жылы 7 млн тонна қоқыс өндірген. Бұл сан ұдайы өсуде. Ал, 5,7 млн халқы бар Сингапур өзендері қалдықтардан, таулары қоқыстардан құралған Мумбаи, Джакарта, Бангкок және Манила сияқты қалаларға айналғысы келмейді. Сондықтан да, ел үкіметі бұл мәселені мықтап қолға алды.

2000 жылы қала маңындағы ТҚҚ полигондары толып кетті. Қоқыс адамдарды көлге ығыстырды. Сонда олар керісінше істеуді ұйғарды. Бұл жұмыстарға елдің 1959-2004 жылдардағы премьер-министрі Ли  Куан  Ю бағыт беріп отырды.

2001 жылы қоқысты қайта өңдеуді ынталандыру бойынша бағдарлама іске қосылды. Қоқыстарды жағып жіберу бағдарламасы да қатар жүзеге асырылды. Қазір қоқыс жағатын төрт электр станцияларында елдің барлық электр энергиясының 3%-ы өндіріледі.

Бүгінде Сингапур қоқыстың 60%-ын қайта өңдейді, 38%-ын жағып жібереді, ал қалған 2%-ын арнайы полигондарға жібереді. Бірақ, жер көлемі Қарағанды қаласынан сәл ғана көп ел үшін сол екі пайыз қоқыстың өзі аз емес.

Рас, оңтүстік-шығыс Азияның көптеген елдері қоқысты теңізге тастайды. Ал, Сингапур бұлай жасаудан бірден бас тартты. Өйткені, Азиядан Еуропаға жылына 50 мың кеме қатынайтын сингапурлық бұғаз онсыз да лас су айдыны болатын. Енді қайтпек керек? Сингапур үкіметі бұл мәселенің де шешімін тапты.

1990 жылдарға дейін Семакау шағын аралында балықшылар ауылы болған. Барлық тұрғындарын қалаға қоныс аудартқан Сингапур билігі ауылдың жерін өз меншігіне алып, шағын аралда заманауи қоқыс үйіндісін жасауды шешті. Осылайша, қоқыс полигонына айналған аралда 1999 жылы мелиорациялық жұмыстар басталды. Шағын аралдың көлемін ұлғайтып, жасанды арал жасау мақсат болды. Алдымен тасты көтерме тұрғызды, болашақ үлкен аралдың көлемі бойынша ағаш дуал тұрғызылды. Күлдер (қоқыстар) арнайы пластик ұяшықтарға тасталды. Ол күлдер тығыз мембранамен жабылды. Ұяшықтың үстіне өсімдіктер отырғызу үшін топырақ төгілді. 60 млн текше метрден аса қоқыс төгілген аралдың ауданы 350 гектарға дейін өсті. Сингапур билігі бұл жобаны жүзеге асыруға 400 млн доллар жұмсады. Дегенмен, қыруар қаржы желге ұшқан жоқ. Билік «бір оқпен екі қоянды ата» білді. Біріншіден, қоқыс мәселесін жүйелі жолға қойды. Екіншіден, қоқыстың үстіне жасалған жасанды арал экологиялық жұмаққа айналды. Бір кездері балықшылардың, кейін қоқыс полигонына айналған   Семакау   аралы   2010 жылдан бері   туристер қабылдайды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қазақстанға өзінің территориясын кеңейту үшін Жапония, Сингапурдағыдай жасанды аралдар жасаудың қажеттілігі жоқ. Біздің елімізде жер көп, ал бұл босаңсытады екен. Бөтелкелер мен пакеттер «дала ландшафтысының» элементтеріне айналғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Өйткені, біз өзіміздің басты байлығымызға тұтынушылық тұрғыдан қараймыз. Нәтижесінде қазір елімізде жүздеген полигон бар. Оларға заңды және заңсыз миллиондаған тонна өндіріс пен тұтыну қалдықтары жиналған. Осындай зор көлемдегі қоқыстарды өңдейтін зауыттар болғанымен, сұрыптау мәселесінің шешілмеуінен оларда шикізат жетіспейді. Соның салдарынан қайта өңдеуге қалдықтардың 14%-ы ғана кетеді. Қалғандары ауаны ластап, бықсып жатыр…

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газетінің бас редакторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here