1917 жылдың саяси шежіресі

0
1348

Ресей империясы тағдырында күрделі өзгерістер заманын бастаған 1917 жылғы Ақпан революциясы екені белгілі. Ғасырлар сіресіп келе жатқан билік жүйесі ыдырап, патшаның тақтан тайғаны отарлық езгіде отырған ұлттық аймақтарға үлкен үміттер әкелген болатын. Алайда, олар көп ұзамай көкке ұшып, елеске айналды. Тарих доңғалады тіптен басқа сүрлеуге түсті. Мұстафа Шоқайдың «1917 жыл естеліктерінен үзінділер» атты еңбегі өзінің көзімен көріп, қолымен ұстап, басынан кешкен осы оқиғалардың шынайы шежіресі болатын. Сондықтан сол кезеңнің шындығын ашуда, Кеңестік заманның болашақ болмысын  айқындауда бұл еңбек айрықша маңызды. Бірақ, бұл түрлі себептермен аяқталмай, толықтырылмай қалған. Алайда, осы бардың өзі 1917 жылғы Ақпан революциясы, әсіресе Қазан төңкерісі кезінде өрескел бұрмаланған Түркістанда болған саяси оқиғаларды қаз-қалпында бізге жеткізіп отыр.

Естелік «Яш Түркістан» журналының 1936-1937 жылдарғы 76-79, 82-90 нөмірлерінде жарияланып, 1937 жылы Париж бен Берлинде осы журнал жанындағы баспаханада түрік тілінде жеке кітап болып шығады. Осы нұсқа келесі жылы француз тіліне аударылып, Париждегі «La Revue de Promethee» журналында басылады, ал 1988 жылы профессор Саадет ханым (Мұстафа Шоқайдың абзал шәкірті Шәкір Шағатайдың зайыбы) алғы сөзі және қысқаша түсіндірмелерімен Стамбулда жарық көреді. «Естеліктер» өзбек тілінде де басылды. Тұңғыш рет оның 1998 жылы кириллица әліпбиімен қазақша нұсқасы таңдамалы шығармалардың екі томдығына енді. Шығарманың «Естеліктер» деп аталуының, жеке-жеке жарияланғандардың басын біріктіріп, кітапша етуінің себептерін автор «Шығарушыдан» атты алғы сөзінде атап көрсетті.

Кітапшаның басты мақсаты – 1917 жылғы Ақпан революциясы мен одан кейінгі оқиғаларға объективті баға беріп, оны мұқиятты түрде саяси саралап, сол замандағы түркістандықтардың басынан кешкен саяси‑әлеуметтік қиыншылықтарды көрсету, бұрынғы шалыс басқан қателіктерді еске түсіріп, болашақта оған ұрынбау, өткеннен сабақ алу, ұлттық бірлікті күшейту, осылар арқылы басты мұрат Түркістанның тәуелсіздігіне жету болатын. 

Мұстафа Шоқай өз тағдырында бет бұрыс кезең 1917 жылдан басталды. Бұл кезде Мұстафа Петербургте болатын. Жыл аяғына қарай Ресей Мемлекеттік Думасының Мұсылман фракциясы жанындағы бюрода Түркістан өкілі қызметін атқаруға кірісті. Бұл қызметке сөзімен де, ісімен де өзіне ертеден өнеге етіп жүрген Әлихан Бөкейхан ұсынған болатын. Жаңа жұмыс Мұстафаны сол кездегі Ресей орталығындағы барлық дерлік елеулі оқиғалардан хабардар етті. Тіпті, Мемлекеттік Думаға депутаттыққа да мүмкіндіктер туа бастап еді. Алайда, наурыздың соңғы күндерінде Мұстафа Шоқайға Ташкенттен жеделхат келіп, шұғыл жолға шығуға дайындалды. Сәуірдің басында, Петербургтен кетер алдында бұрыннан таныс, сол тұста бүкіл Ресей ауқымында маңызды рөл атқарған Петербург жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінің төрағасы Николай Семенович Чхеидземен кездеседі. Араларындағы сұхбат Түркістан туралы болады. Н.С.Чхеидзенің өздерінің бастаған жұмысының жайы туралы сұрағына Мұстафа: «Біз Түркістанның автономия алғанын қалаймыз. Сондықтан автономияға әзірлік жасап жатырмыз», – деп жауап қайтарады. Чхеидзе бұл жауаптан шошып кетіп: «Құдай сақтасын, Шоқайұлы жолдас, еліңіздегі жерлестеріңіз арасында автономияны ауызға алмаңыз. Біріншіден, қазір бұл туралы сөз қозғау ерте. Екіншіден, сіздің Түркістан сияқты елде автономия дереу дербестік алып, бөліну деген мағынаны аңғартады», – дейді [1, 47 б.]. Бұл пікірге Мұстафа Шоқай бірден автономия жариялау немесе елді осылай басқаруды талап етуді құрылтай жиналысынан күтіп жүргенін, болашақта мемлекет пен халықты осы автономияға әзірлеу жұмысымен айналысып жатқандарын түсіндіреді. Ал, оны шошытқан бөліну жайындағы мәселе жөнінде «орыс революцияшыл демократиясы ұлттардың бостандығы туралы талай жылдан бері көтерген ұранына берік болса, бөлінуден қорқудың реті жоқ» екенін айтады [1, 47 б.]. Осы кездесуден екі мәселе туады. Бірінші, бұл кезде Алаш көсемдерінің автономия алуға берік бекінгендерін байқатса, екінші сол кезде орыс революциясының бас өкіліндей дәрежедегі лауызымды кісімен осылай сөйлесе алу Мұстафа Шоқайдың да саяси өресін танытатын еді.

Сол кезде автономия туралы жиналыстарда ашық айта алмағанмен Мұстафа Шоқайлар бұл құрылымды былай түсінгендерін айта кеткен жөн: Түркістанның дербес ел басқаратын мекемелері мен атқару органдары, яғни заң шығаратын парламенті және іс жүргізетін үкіметі болуға тиіс. Оқу-ағарту жұмыстары, жергілікті жолдар мәселесі, жергілікті мекемелер, заң және жер мәселелерінің бәрі жергілікті автономиялы үкіметтің ісі деп қаралды. Әсіресе, жер мәселесіне ерекше мән берілді. Әскери құрылыс мәселесіне де едәуір елеулі өзгерістер енгізбекші болған. Мәселен, Бүкіл Ресей үшін құрылған әскери комиссариаттың болуымен бірге, түркістандықтардың әскери қызметін Түркістанда құрып, осында қалдыруды маңызды мәселе деп түсінген. Ал, сыртқы саясат, қаражат, жол, әскери істер Бүкіл Ресей федерациясы үкіметінің құзырында болуға тиісті [1, 48 б.].

Мұстафа Шоқай Петербургтен Ташкентке бет алып, жол-жөнекей Орынборға жетіп, осында Орал, Ақмола, Семей облыстары мен Бөкей ордасы өкілдері қатысқан Торғай қазақтарының кейін «Қазақ халқының тұңғыш съезі» деп аталып кеткен құрылтайына қатысып, сонан соң өзін Ташкентте ашылатын Түркістан өлкелік атқару комитетінің құрылтайына делегат етіп сайлаған Ақмешітте (қазіргі Қызылорда) бір-екі күн аялдайды. 

Мұстафа Шоқай қалаға жетісімен төңіректегі жағдайдан толық дерлік хабар алады. Барлық жерде жұмысшы‑солдат депутаттары кеңесінің белең ала бастағанын біледі. Өзі Петербургте оқып жүргенде талай келіп, үкіметтің қоныс аудару мәселелеріне қатысты материалдар жинаған кездерінде араласқан көптеген таныстарымен жолығады. Олар  жоспарланған темір жол клубында өтетін жиналыста сөзін сөйлемесе, кеңестер өкілдерінің өзін жазым етуі мүмкін екенін ескертеді.

Жиналыс кешке басталады. Клуб іші лық толы. Кезек өзіне келгенде Мұстафа сөйлеген сөзінде Ақпан революциясы қандай құқыққа қол жеткізгенін айтқанда жиналған солдаттар мен жұмысшылар: «Бізге Петербург адвокаты керек емес, үкімет біздің, солдаттардың, жұмысшылардың үкіметі! – деп шуласып, тіпті: – Оны өлтіру керек!» – деп тап береді» [1, 24 б.]. Артынша электр жарығы сөніп, көзге түртсе көргісіз қараңғылық орнайды. Шамалы уақыттан соң қайтадан жарық жанғанда ұстауға даяр тұрған милиционерлер, теміржолшы орыстар Мұстафаның орнын сипап қалады. Жалғыз есікте тұрған екі орыс қарауыл тек Жорабек Есеновтің (ол қалалық милиция бастығы болатын, – Ә.Б.) кіріп-шыққанын айтады. Жиналыстың аяғы насырға шабатынын біліп, бұл  амалды алдын ала жоспарлаған зор кеуделі әрі ұзын бойлы Жорабек Есенов (академик Шахмарданның әкесі, – Ә.Б.)  жиналыстың шешімін естісімен денесі шағын Мұстафаны қойнына алып, иық-мойнынан мықтап ұстатып, шинелін қаусырып жіберіп сыртқа шығарып, інісін ажал қармағынан құтқарып қалған екен [2, 58 б.].

Мұстафа Шоқай 10 сәуірде Ташкенттен келеді. Ол бірден бұрынғы генерал-губернатордың сарайында өтіп жатқан облыстық кеңестер мен Түркістан қоғамдық ұйымдарының құрылтайына қатысады. Ұзын үстелді жағалай отырған орыстар мен өздерін орыспыз дейтін яһудилерден құралған төралқа мүшелерінен  құрылтай мәнін бірден түсінеді. Оның үстіне мінбедегі бейтаныс бір орыс әрбір сөзін нығарлай қайталап: «Революцияны орыс революционерлері, орыс жұмысшылары, орыс солдаттары жасады. Сондықтан Түркістанды басқару, билік орыстардың, біздің қолымызда. Жергілікті халық біздің бергенімізге канағаттануы керек» дегендері Мұстафа Шоқайдың есінде қалады. Мұны айтқан Қоқан сауда мектебі мұғалімдерінің халықшыл социалистер тобынан Некора деген кісі еді. Оның сөзіне түркістандықтар арасынан жауап бергісі келгендер аз болған жоқ, бірақ мәжілісті созбау үшін тек Шаислам Шаахмед (кейін Қоқан автономиясы үкіметінің вице-премьері болған) ғана сөйлеп, өте жақсы жауап қайтарды. Бірақ, Некораның сөзінің әсері бірден басыла қоймаған сияқты көрінеді.

Бұл құрылтай  революцияның алғашқы күндерінен бастап бүкіл үкімет билігі жұмысшы-солдат депутаттары кеңестеріне берілгендігін айқын көрсетеді. Басқару аппараты, қарулы күштер және басқа да құралдар аз санды орыстардың қолында ұсталғаннан соң олардың күші басым болатын. Бірақ,  барлық делегаттар халық пен мемлекетті жұмысшы-солдат депутаттары кеңестерінің өктемдігінен құтқару қажеттігін бір ауыздан талап етеді. Түркістанның барлық өңірлерінен сайланып келген депутаттар және құрылтайдағы саяси ахуал ұлттық орталық құру керектігін алға қояды. Алайда, түркістандықтардың мықты бір ұйымға біріге қоюы оңай емес еді. Ол ұйымдардың біразы бір-бірімен керісуден басқа ештеңенің жөнін білмейтін. Тіпті, Құрылтайдағы орыстар арасында екі ағым бар еді: бірі – жұмысшы-солдат депутаттарының кеңестері. Бұлар жергілікті ұйымдарды кеңестердің қарамағына бермекші болды. Екінші жұмысшы-солдат депутаттары кеңестерінің белсенді дұшпандарынан құралған ағымды Ташкент қаласының әкімі және Түркістан өлкелік ресми газетінің бас редакторы Маллицкий басқарды.

Дегенмен, өлке халқының  саяси белсенділігінің  көтеріңкі жағдайында 1917 жылғы 16-22 сәуір күндері әрбір облыс өкілдері қатысқан Ташкентте Түркістан мұсылмандарының бірінші құрылтайы өтеді. Онда тұрақты атқару комитеті, өлкелік орталық кеңесі құрылады. Облыстың өкілдері енген Түркістан өлкелік мұсылмандарының орталық Кеңестің төрағалығына Мұстафа Шоқай сайланады. Осылай тағдыр өзін ұлттық қозғалысымыздың аса күрделі де жауапты кезеңінде өлкелік ұлттық ұйымның басына әкелгенін былай деп жазды: «Өз басым Түркістан ұлттық қозғалысының құрылысына ең соңғы қарапайым қара жұмысшы‑мердігер болып қатыссам да, өзімді асқан бақыттымын деп есептер едім! Бірақ, тағдыр мені ұлттық қозғалысымыздың, ұлттық құрылысымыздың аса күрделі де жауапты кезеңінде өлкелік ұлттық ұйымның басына әкеліп қойды» [1, 29 б.].

Өлкелік ұлттық кеңестердің алдында аса маңызды міндеттер тұрды. Ең бірінші, облыстық ұйымдарды едәуір тәртіпке салу керек еді. Сол сияқты Уақытша үкіметтің Түркістан комитеті, өлкелік жұмысшы және солдат депутаттарының кеңесі мекемелерімен қатынас жасау, құрылтай жиналысына әзірлік, т.б. мәселелер болатын. Түркістандықтардың алдында екі мықты тосқауыл тұрды. Бірі – ұлттық қозғалыстың басты дұшпандары болса, екіншісі – өздерінің қоршауда қалғандығы және елді топтастыруға тәжірибесіздігі. Ең кауіптісі – осы екіншісі еді. Сол себепті Ұлттық орталықтың жергілікті  ұйымдарын татуластырып, оларға жөн сілтеп, жол көрсетуге талпыныстары тиісті нәтиже бере қоймады. Көп қажыр-қайраттың арқасында Самарқанд және Ферғана облыстарында аудандық, облыстық ұйымдардың жұмысы әжептәуір жөнге салынғанымен, басқа жерлердегі жұмыс түркістандықтарды күйіндіріп, жұмысшы және солдат депутаттары кеңестерін сүйіндіретін  жағдайда болды. Әсіресе, Түркістан халықтарының ұлттық мүдделеріне  қатты  қауіп  төндірген ішкі талас-тартыстар Ташкентте басым болған. Өлкелік ұйымдар деп аталған, шынында бүкіл өлке тұрғындарына ықпал жасамақ болған екі мықты ұйым – «Шурои исламия» мен «Ғұлама қоғамы» бір-бірімен қатты қырқысуда еді.

Мүнуар Кари басқарған «Шурои исламия» жаңа дәуір талабы мен басқыншылыққа ұшыраған елдің жағдайын, Түркия, Ауғанстан, Иран, Мысыр мен басқа да араб елдері сияқты азат, тәуелсіз, жартылай тәуелсіз ислам елдерінде жинақталған тәжірибелерін ескеріп, ұлттық қозғалысымыздың қайсы жолмен жүріп, қандай тірлік жасау қажет екенін айқын көрсететін реформа жасау жоспарын  ортаға  салса, Серәлі  Лапин  басқаратын «Ғұлама коғамы» мәселеге басқашалау тұрғыдан келді. Революцияны, яғни Ресейдегі мемлекеттік тәртіптің өзгеруін ол сонау Әзіреті Осман заманынан бері мұсылман халықтарының тарихында болып көрмеген әл-хулафа әр-рәшидун (арабша: дұрыс жолмен жүруші) мемлекеттік  құрылысын  қайталау кезеңі демекші болды. Екі ұйымның арасындағы араздық жалпы ұлттық күресті қожыратып, әсіресе «Ғұлама коғамының» саяси бағдарламасы ұлттық қозғалыстың ашық дұшпандарының қолындағы қаруға айналады. Бұл жағдай Түркістан автономиясын қолдайтынын ашық айтып, оны өз бағдарламасына енгізген Уақытша үкіметтің ықыласынан да айырады.

Мұндай саяси ахуал бүкіл Түркістан өлкесінің қай жеріне барсаң да жиындарда ашық айтылып, халық ішкі шерлерін тарқататын. Бұлардан Ұлттық орталықтың халінің мүшкіл болғаны, оның Жұмысшы және солдат депутаттары кеңестерінің бейбастықтығына қарсы күресе алмайтыны, оған шама жетпейтіні белгілі еді. Ұлттық орталықтың дәрменсіздігін халық та сезетін, Жұмысшы және солдат депутаттарының кеңестері де түсінетін. Уақытша үкімет комитетінен одақтас іздеп жүрудің өзі Ұлттық орталықтың халінің қандай екенін айқын көрсететін.

Мұстафа Шоқай өз еңбегінде 1917 жылғы революция алға тартқан басты мәселелердің бірі – жер мәселесі болғанын, оның Түркістанда Ресейдегіден мүлдем басқаша қойылғанын, сондықтан тап осы жер мәселесіндегі айырмашылықтың басты себептері мен зардаптарын түсіндірген. Себебі, Ресейде жер мәселесі әлеуметтік, таптық, саяси мәселе болса, ол Түркістанда бұл саяси әрі ұлттық мәселе еді. Көбірек мән берілгені ұлттық кадрлар жайы болды. Өйткені, қажетті кадрлар болмаса, қажетті адам күші мен басқа құралдар табылмаса, ойдағы игі тілектің мәні бос сөз күйінде қалатыны белгілі еді. 

Ұлттық орталық Түркістан автономиясына қажетті материалдар дайындау ісіне кірісіп кетеді. Бұл жұмысқа Мұстафа Шоқайдың өзі де көмектеседі. Автономия құру үшін жергілікті орыс өкілдерінің де қатысуын ойластырады. Бірақ, бұл жолда көмектесетін орыс өкілдері өте аз болатын. Ташкенттегі бүкіл орыс қауымы Ұлттық комитет жұмысына қарсы болатын.  Сол себепті Түркістанда құрыла бастаған жұмысшы‑солдат депутаттарының кеңесінің іс‑әрекетіне деген жергілікті халықтың наразылығы арта түсіп,  арыз‑шағымдар қардай борайды. Осындай бір Сырдария облысы Қазалы уезінің қазақтарынан жергілікті жұмысшы‑солдат депутаттарының кеңесінің іс‑әрекетіне наразылығынан түскен шағымды тексеремін деп сол кезде Сырдария облысының атқару комитеттің төрағасының екі орынбасарының бірі Мұстафа Шоқай тиісті мандатпен 1917 жылғы мамыр айының аяғында Ақмешітке келіп, теміржол басбұзарларының құрбаны бола жаздайды. Бұл оқиғаның жай‑жапсары естелікте біршама айтылған болатын.

Қаланың бұрыннан заң мекемесі болған үйдің ауласында 300-400 адам қатысқан митинг болады. Онда ресми адамдар, жер‑жерден келген өкілдер сөз сөйлеп, аудандағы жағдай туралы, солдаттар мен жұмысшылардың тәртіпсіздігі мен жүгенсіздігі туралы айтады. Өз кезегінде Мұстафа Шоқай Түркістан ұлттық орталығының өкілі және Сырдария облыстық атқару комитеті тарапынан қатысып тұрғанын, өзінің міндеті жұмысшы‑солдат депутаттарының кеңестері мен жергілікті ұлттық ұйымдарды біріктіретін ынтымақтасу үшін келгенін айтып, жұмысшы‑солдат депутаттарының кеңестері «мандат комиссиясы» деген ресми тексеруші алқаларын жіберіп халықты мазаламауын, қарулы солдаттарды ауылға жұмсап, тінту арқылы дүние‑мүлік пен салық жинауды мүлдем тоқтату, комитет мүшелері мұндай әрекеттерге тыйым салуға тиіс деген мазмұнда сөз сөйлейді. Мұны естіген В.В. Агапов (теміржол жұмысшыларының басшысы, – Ә.Б.) бір топ тілмаштарымен Мұстафа Шоқайдың қасына мінбеге келіп, алқынған қалпы француз революциясы туралы қайдағыларды соғып, патшалар мен байларды қуған орыс солдаттары мен жұмысшылары туралы айтып, сонан соң Мұстафа Шоқайға бұрылып, оның мәшһүр Петербург адвокаты (заң қызметкері болғанымен ол ешқашан адвокат болмаған, – Ә.Б.) болғанын, Түркістан мұсылман халықтары орталық бірлігін қолына түсіріп алып, өлке халықтарын орыс жұмысшылары мен  солдаттарына қарсы қоймақшы екенін, Түркияның тыңшысы, түрікшіл, исламшыл, орыс дұшпаны болғанын айтып, мұсылмандар Мұстафа Шоқайұлының соңынан еретін болса, орыс жұмысшы‑солдаттарына тұп‑тура қарсы шығатынын ұмытпасын деп зіл тастап, серіктестеріне өз айтқанын мақұлдата сөйлейді [2, 48 б.]. Содан митингінің аяғы шиеленіске ұласады. Мұның барлығын мұқият бақылап отырған аудан комиссары Преображенский мінбеге жүгіріп шығып, бар даусымен қалада бүлік шыққанын, қазақтар төңіректі қоршап алғанын, егер Мұстафа Шоқайұлына қарсылық көрсетілсе, бүкіл қалада дүрбелең туып, жағдай ушығып кететінін хабарлайды. Содан Мұстафа Шоқайдың атын атап, «дереу өлтіруді» талап еткен айқай басылады.

Шілденің соңғы күндері мен тамыздың алғашқы жартысын Мұстафа Шоқай Петербург пен Мәскеуде облыстық атқару комитеттері құрылтайы мен мемлекеттік кеңес мәжілістеріне қатысумен өткізеді. Осы тұста үкімет мүшелерімен, Уақытша үкімет басшысы А.Ф. Керенскиймен бірнеше рет кездесіп, Үкімет комитеті қызметінің бағдарламасы мен құрамы туралы өз пікірін Ұлттық орталықтың шешіміне сай толық түсіндіреді. Уақытша үкімет түркістандықтарға тек бір мәселе жөнінде уәде береді. Бұдан былай Түркістанға қатысты реформалардың бірде-бірі оның салиқалы ұйымымен ақылдаспайынша ұсынылмайтын болады. Сол себепті Петербургте арнайы Түркістан істері комиссариатын құру мәселесін А.Ф.Керенскийдің өзі ұсынады. Оны Мұстафа Шоқайлар да қуана мақұлдайды. Уақытша үкімет мүшелерімен кеңесе отырып, болашақ Үкімет комитеті мүшелерінің тізімі жасалады. Бірақ, бұған жұмысшы және солдат депутаттарының кеңесі тарапынан наразылық болуы ықтимал екенін ескеріп, оны бекітуге асығыстық жасамауға келісіледі.

Күзге қарай бірі – бүкіл Ресейде, екіншісі – Түркістанда революцияның өрлеуіне пәрменді ықпал жасаған мәні зор екі оқиға болады. Қазан айының ортасында большевиктердің көтеріліске әзірленіп жатқаны жайлы әңгіме тарайды. Үкімет комитетінің қолында большевиктер мен солшыл социалист-революционерлер үкіметті басып алуға әзірленіп жатқанын көрсететін нақты мәліметтер бар еді. 23-24 қазан күндері кеште Ташкенттегі «Бостандық үйінің» ғимаратында  өткен әскер мен жұмысшылардың үлкен жиналысында үкіметті басып алу мәселесі ашық талқыланады. Үкіметтің бұл жиынның алдын алу жөніндегі шарасы түк нәтиже бермейді. Ташкентте соғыс төрт күнге созылады… Большевиктер жеңіп шығып, қазан айында Кеңес үкіметінің азаттық алған халықтар өз тағдырын өздері шеше алатыны, өз қалауынша Ресейден бөлініп, дербес үкімет құруына болатын құқығы жайында декреті шықты. Бұл Түркістан ұлт‑азаттық қозғалысына қатысушылардың саналылығы мен ұйымшылдығына оң ықпал етті. Ең алдымен олар Түркістанға  автономия алуды нақты талап ете бастайды.  Содан  26 қарашада Қоқан қаласында өткен аймақ мұсылмандарының IV Төтенше құрылтайында Түркістан мемлекеттік статусы туралы мәселе қаралып, ал 27 қарашада  Түркістан өлкесіндегі жергілікті халықтардың саяси тәуелсіздігін қамтамасыз етуді мұрат тұтқан, жұрт өзін-өзі басқаруға ерікті, Түркістан аймағын Ресей демократиялық республикасымен бірлікте, бөлек жасауға ерікті территориялық автономияны жария етеді. Құрылтайға большевиктер комиссар Полторацкийді делегат етіп жібереді. Ол тіпті Ташкенттегі «халық комиссарлары кеңесі» атынан құрылтайды құттықтап: «Біз де Түркістан автономиясын қолдаймыз», – дейді. Мұстафа Шоқай оның сөзіне ешкімнің сенбегенін, бірақ оның қатысуынан, сөйлеген сөзінен Түркістанда Кеңес өкіметінің ұлттық негізі жоқ екенін айқын байқайды. Алайда, Түркістан автономиясы 64 күн ғана өмір сүрді. Кеңес үкіметі оны қанды қырғынға   ұшыратып, Қоқан қаласын үйіндіге айналдырады. 

Мұстафа Шоқай тарихқа айналған Түркістан автономиясы өлкедегі ұлт-азаттық қозғалысының бастау көзі екенін, сондықтан да ол ұлттық күрестің тарихында зор қоғамдық мәні бар оқиға болғанын, Кеңес баспасөзінің бұған бағытталған толассыз шабуылы осы пікірінің айқын айғағы, Еуропа мен Америкада Түркістан автономиясының зейін қоя зерттелуі де оның мәні зор екенін атап көрсетеді. Сондай‑ақ, 19 жыл өткен соң сол оқиғалардың барлық қателіктері айқын көрінді дей келе, Мұстафа Шоқай 1917 жыл біздің саяси туған жылымыз, автономия біздің қалт-құлт басқан алғашқы ұлттық саяси қадамымыз болатын дейді. Дегенмен, Түркістан автономиясы Мұстафа Шоқайдың осы жылдағы бар саяси қызметінің шыңы болатын. 1942 жылғы 8  ақпанда Парижде өткен Мұстафа Шоқайды еске түсіруге арналған салтанатты мәжілісте  бұрынғы Украина Халық Республикасының сыртқы істер министрі А.В. Шульгин былай деген еді: «Ол (Мұстафа Шоқай, – Ә.Б.) тек заң түріндегі үлкен адам емес, шын мәнінде үлкен елдің, барша Орта Азияның, барлық Түркістанның нағыз көсемі болатын» [3, 334 б.] Бұдан артық баға беру қиын шығар.

Мұстафа Шоқай өз естелігінің аяғында Ресей құрылтай жиналысы сайлауына қысқаша тоқталады. Өйткені, Ресей ауқымындағы басқа халықтар сияқты түркістандықтар да құрылтай жиналысынан көп үміт күтіп, автономиялық басқару туралы талаптардың сонда толық шешілетініне сенген еді. Ресейдің болашақта республикалар федерациясы сипатында құрылатынын, осыған орай Түркістан да оның тең құқықты бөлігінің бірі болады деген  түсінік бар еді. Көп мәселе Түркістаннан сайланатын құрылтай жиналысы депутаттарын ұсынуға байланысты деп ұғынылды. Сондықтан сайлауға әзірлік белсенді де қызу жүргізіліп, жер-жерде Түркістан тұрғындары тарапынан екі тізім жасалады: бірі – «Ғұлама коғамының» тізімі, екіншісі – Ұлттық орталық тізімі еді. Бірақ, тағдыр түркістандықтарға 1918 жылғы 1(18) қаңтарда кеңес үкіметі дәуірінде өткен кұрылтай жиналысының ашылуына баруды бұйыртпайды. 6 қантар күні таңертең большевиктер оны таратып жіберіп, сол тұстағы Ресейдің қарамағындағы барша халықтар үміт күткен құрылтай жиналысы жойылады. Сонымен Мұстафа Шоқай жақтастарының сол кездегі бір одаққа бірігеміз деген үміттері де мәңгілік үзіледі. Осыларды айта келе автор енді ұлт-азаттық, толық ұлттық тәуелсіздік күресі жолына түстік және тәуелсіз Түркістан мемлекеті үшін күресте  бұдан басқа жол қалған жоқ деген ойлармен естелік аяқталады. Оның Түркістандағы автономияға қатысты екінші бөлімін жазу автордың ойында болған сияқты, бірақ ол жазылмай қалса керек.

Сөз соңында айтарымыз – еңбектің құндылығы еліміздің тарихындағы саяси жағынан болсын, әлеуметтік ахуалынан болсын аса бір қиын да күрделі кезең туралы есінде қалғандардан үзінділерді жаза отырып, Мұстафа Шоқайдың тәуелсіздік үшін күрестің мәні де тағдыры да түркістандықтардың ішкі бірлігінде, тұтастығында екенін нақты мысалдар арқылы ашық айтқанында жатыр.  Бұл аманат бүгінгі күні тәуелсіздік шындыққа айналғанда, оны тұғырлы ету үшін халқымыз бар парасат‑пайымын, қажырлы еңбегін бағыттап жатқанда ерекше мәнді, айрықша  құнды болып отыр.

Әбдіжәлел БӘКІР, саяси ғылым докторы, профессор

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Шоқай М. Таңдамалы шығармалар. Үш томдық. 3-т. – Алматы: «Қайнар». – 2007. – 384 б.
  2. Басхожаев Қ. Аяқталмайды ән. – Астана. – 2017. – 107 бет.
  3. Мұстафа жолы. Зерттеулер, естеліктер, арнаулар. Құраст. А.Ысымұлы. – Астана. «Сарыарқа» баспасы, – 568 бет.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here