Қазақстанда әуетакси қызметі қаншалықты табысты?

0
1266

Дамыған елдердің астаналары мен ірі қалаларында әуетакси қызметі кеңінен қолданылады. 10 миллионнан астам халқы бар Сан-Паулу (Бразилия), Токио (Жапония), Нью-Йорк (АҚШ) сияқты мегаполистерде оған сұраныс зор. Бұл қызмет түрін ұсынатын компаниялар Қазақстанда да бар.

Қазақстанда алғашқы әуетакси қызметі 2015 жылдың басында Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында іске қосылды. Өкінішке қарай, бұл қызмет түрі барлық жолаушыларға қолжетімді емес. Өйткені, бір бағыттың құны сағатына 300 мың теңгеден басталады. Әрине, бағасы бағыттың қашықтығына, жолаушылар санына және тікұшақтың түріне байланысты болады. Ал, қала үстімен 20 минут ұшу үшін бір адам 55 мың теңге төлейді. Елдегі бұл әуетакси қызметінің иесі – «Astana Business Aviation» компаниясы. Аталған компания 2014 жылдан бері жолаушы және жүк тасымалымен айналысады.

Жаңа кәсіптің тамырына қан жүгірту үшін алдымен еркін бәсекелестік ортаның қалыптасқаны керек. Бір айта кетерлігі, «Astana Business Aviation» компаниясының бәсекелесі де жоқ емес. Мәселен, «Air Charter Service» британдық әуекомпаниясы да Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында әуетакси қызметін ұсынады.

Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін әуетакси қызметін ұсынатын «Astana Business Aviation» және «Air Charter Service» компанияларына тоқталады.

«Astana Business Aviation» компаниясының басшысы Қайсар Шыныбаевтың айтуынша, бастапқыда Қазақстанда таңсық саналатын әуетакси қызметін ашу ойында болмаған. 2014 жылы Қазақстан мен өзге елдерге жолаушылар мен жүктерді тасымалдайтын «Astana Business Aviation» компаниясының негізін қалаған. Клиенттерден 600-800 шақырым қашықтықта ұшатын тікұшаққа да ұсыныс түсе бастаған. Содан әуетакси қызметін қолға алған.

«2014 жылы «Әуетаксиден» бұрын «Astana Вusiness Аviation» компаниясын ашқан едік. Негізгі қызметіміз – әлемнің түкпір-түкпіріне тұрақты және іскерлік рейстер бойынша жолаушылар тасымалдау. Іскер адамдарға жеке ұшақ жеткізіп, чартерлік рейстер де ұйымдастырамыз. Осы компания жұмысын алғаш бастаған кезде «Қазақстан ішінде тікұшақпен ұшасыздар ма?» деп сұраушылар көбейді. Осындай сұранысты көрген соң, «Әуетакси» қызметін іске қостық. Негізгі орталығымыз – Нұр-Сұлтанда. Ал, Алматы, Ақтау, Шымкент қалаларында біздің өкілдеріміз қызмет етеді», – дейді Қайсар Шыныбаев.

Бүгінде әуетакси қызметі 3-19 адамға арналған тікұшақтарға тапсырыс қабылдайды. Жоғарыда айтқанымыздай, бағыттың қашықтығына, жолаушылар санына және тікұшақтың түріне байланысты бағасы сағатына 300 мың теңгеден басталады. Тапсырыс екі сағатта дайын болады.

«Astana Business Aviation» компаниясының әуепаркінде 28 тікұшақ бар.  Соның он алтысы – қазақстандық «Eurocopter», тоғызы – ресейлік «Ми-8», үшеуі – америкалық «Robinson» тікұшақтары.

«Әуетакси қызметін қолданғандар алдымен уақыт үнемдейді. Яғни, біздің қызмет уақыты тығыз адамдарға арналады. Жай ұшақтар белгіленген кесте бойынша ұшады. Ал, әуетаксиге тапсырыс бергендер ұшу уақытын өздері ыңғайына қарай белгілейді. Сондай-ақ, бізге адамдар хал үстінде жатқан туыстарын бір қаладан екінші қалаға тез жеткізу қажет болғанда жиі хабарласады. Көбіне Бурабайдағы қонақүйге, казиноларға жолаушылар тасимыз. Қарағанды, Петропавл, Көкшетау секілді Нұр-Сұлтанға жақын қалаларға да жиі қатынаймыз. Тойға видео түсіретін жастар да бар», – дейді «Astana Вusiness Аviation» басшысы.

Тікұшаққа жаз мезгілінде, көктем мен күз айларының басында көп тапсырыс түседі. Алайда, оның техникалық мүмкіндіктері қыста ұшуға қауқарсыз. Сондықтан күн суық кезде сұраныс азаяды. 

Өкінішке қарай, кәдімгі такси сияқты қала ішінде қатынауға мүмкіндік жоқ. Өйткені, ондай тетік қолданыстағы заңда қарастырылмаған. Сондықтан қазақстандық әуетакси қалалармен, қала сыртындағы демалыс орындарымен шектеледі.

Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларын құс ұшар биіктен тамашалауда да шектеулер бар. Мысалы, астананың үстінде ұшу үшін әуетакси басшылығына арнайы рұқсат қажет. Ол алдын-ала тексеруден өткен соң ғана беріледі. Оңтүстік астанада екі двигательді тікұшақтар ғана қала үстімен ұша алады. Мегаполисте әуетакси қызметінің қымбат бағасын қалтасы көтеретіндер көп. Оның үстіне Алатау баурайындағы қаланың табиғаты да таңғажайып. Демек, әуетакси қызметіне Алматы қаласында сұраныс жоғары.

Халықаралық «Air Charter Service» әуекомпаниясы 2012 жылы Қазақстанда өкілдігін ашты. Британдық компания көбіне чартерлік рейстерді орындайды. Ұшақтар мен тікұшақтардың барлық түрі бар. Олар 600 шақырымнан 13 мың шақырым қашықтыққа дейін ұша алады. Қазақстандықтар арасында Нұр-Сұлтан мен Алматы, Алматы мен Дубай бағыттары үлкен сұранысқа ие екен. Біріншісінің құны 13 мың доллардан, екіншісінің бағасы 50 мың доллардан басталады. Ішкі рейстерді екі сағатта, сыртқы рейстерді 12 сағатта ұйымдастырады. Соңғы кездері әуетакси қызметін де ұсынып жүр. Қазақстандағы бас кеңсесі Алматы қаласында орналасқан.

Айта кетейік, жоғарыда аталған екі компанияда да медициналық құралдармен жабдықталған тікұшақтар бар.

Жалпы, екі млн халқы бар Алматы қаласында тікұшақты жалға берумен төрт компания айналысады. Олардың көбі брокерлер, яғни өздерінің жеке тікұшақтары жоқ делдалдар. Сондықтан отандық әуетаксидің құны бәріне қолжетімді емес.

Тікұшақты жалға беру бизнесі әуе брокерінің қарауында екі тікұшақ болған жағдайда ғана табыс әкеледі. Яғни, бір тікұшақ бос болмағанда, тұтынушыға екіншісін ұсынуға болады. Мысалы, 8 орындық «Eurocopter EC130» тікұшағы 3,4 млн еуро тұрады. Ал, елімізде көбіне бұл бизнесте ресейлік «Ми-8» тікұшақтары қолданылады. Олардың құны арзан болғанымен, жанармай шығыны көп кетеді.

Алматы қаласы мен Алматы облысының ең танымал бағыттары: Үлкен Алматы көлі, Шарын шатқалы және Космостанция жерлері. Жанармай қоры жеткілікті болмаса, тікұшақ қалалар арасында ұзақ қашықтықта сапарлай алмайды. Ал, тікұшаққа жанармай құю рейстің құнымен қатар жалға алу бағасын да арттырады. Тікұшақтардың басым көпшілігі таулы аймақтар мен өзге де көрікті жерлерді көруге аңсары ауғандарға беріледі. Сондықтан әуетакси құны шарықтай түседі.

COVID-19 пандемиясында ұшақтар мен тікұшақтарды жалға беру нарығы айтарлықтай өзгерді. Төтенше жағдай режимі басталысымен, компаниялар өздерінің бизнес моделін толығымен қайта құруға мәжбүр болды.

«Бұрын ұшақтар мен тікұшақтарға негізінен экскурсиялар мен іс-сапарларға тапсырыс түсетін. Төтенше жағдай кезінде біз Ресей мен өзге де посткеңестік елдердің азаматтарын отандарына эвакуациялаумен айналыстық», – деп түсіндіреді Халықаралық «Cofrance Sarl» компаниясының басшысы Виталий Архангельский.

Кәсіпкердің пікірінше, пандемия жағдайында тікұшақты жалға алу үшін бизнес-модельді таңдауда жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» жөн.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Әуетаксилерге сұраныстың артуы – әлемдік үрдіс. Отандық кәсіпкерлердің көштен қалмай, әуе бизнесін халықаралық деңгейге көтеруге талпынып жатқандығы қуанарлық жағдай.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here