Сағынтаев жеңіл рельсті көліктің «тормозын» басты

0
2878

2011 жылы жолаушыларға есігін айқара ашқан Алматы метрополитенінің құрылысы сонау 1988 жылы басталғанын алматылықтар жақсы біледі. Сөйтіп, Кеңес Одағында басталып, тәуелсіз Қазақстанда жалғасқан «сақалды құрылыстың» әдемі нүктесі 23 жылдан кейін ғана қойылды. Дегенмен, мегаполисте «сақалды құрылыстардың» санатына жататын тағы бір инфрақұрылымдық жоба бар. Ол – жеңіл рельсті көлік желісі (LRT).

Алматыдағы LRT құрылысы туралы алғаш әңгімені 2003 жылы қаланың сол кездегі әкімі Виктор Храпунов бастады. Содан бері бақандай 17 жыл сырғып өте шықты. Бәрін бастаған Храпунов шетелге қашты, қашқын күйеу баладан кейін қалада төрт әкім ауысты. Дегенмен, сол әкімдердің ешқайсысы басталған істі аяғына дейін жеткізе алмады.

Алматының 2015-2019 жылдардағы әкімі Бауыржан Байбектің онсыз да түтінге тұншыққан мегаполис үшін ауаны ластамайтын экологиялық таза көлік құралы саналатын трамвайдың көзін құртқаны болмаса, жалпы жас әкімнің тұсында LRT жұмысына қан жүгіргендей көрінді.

Әкімдіктегілердің осыдан бір жыл бұрын «Алматы қаласында жеңіл рельсті көлік желісін 2023 жылы іске қосу жоспарланып отыр» деп алматылықтардан сүйінші сұрағанын ұмыта қойған жоқпыз. Бұл жағымды жаңалыққа өмірлері көлік кептелісімен өтіп жатқан алматылықтар қатты қуанды. Алайда, қала тұрғындарының қуанышы ұзаққа созылмады. Былтыр 1,9 млн халқы бар қаланың тізгінін қолына ұстаған Бақытжан Сағынтаевтың жеңіл рельсті көліктің «тормозын» басқаны белгілі болды.

Мақаламызды алдымен алматылық LRT-ның қысқаша тарихынан бастайық. Оның бастауында қашқын әкім Виктор Храпунов тұрғанын жоғарыда жаздық. Қазаққа күйеу бала болған экс-әкім 2003 жылы LRT құрылысын бастау туралы мәселе көтерді. Басшы көтерген мәселені қосшылар орындауға тырысты. Содан жеңіл рельсті көліктің құрылысы мен 1937 жылдан бері алматылықтарды тасыған трамвай жолдарын қайта жаңарту жұмыстары 2004 жылы қолға алынбақ болды. Жаңартылған трамвай жолын қазіргі «Қалқаман» ықшам аудандарына және Көктөбе тауы мен «Медеу» спорт кешеніне дейін созу жоспарланды.

2005 жылы Алматы әкімдігі бұл ауқымды жобаны іске асыру мақсатында британдық «Depfa Bank» және «KazCap Ramnos Investments» инвестициялық компаниялар тобымен меморандумға қол қойды. Осылайша, сол тұста 1,2 млн халқы болған қалада заманауи BRT (автобус) мен LRT (трамвай) желілері іске қосылмақ болды.

Бастапқыда Абай даңғылының бойымен BRT, ал Төле би, Розыбакиев көшелерімен LRT желісін іске қосу жоспарланды. Содан кейін Райымбек даңғылымен, Тимирязев, Жандосов көшелерінің бойымен заманауи көлік құралдары зулайтын болып шешілді. Өкінішке қарай, бұл айтылғандардың бірі де орындалған жоқ. Тек 2005 жылы Өтепов көшесіндегі трамвай жолының 800 метрі ғана жаңартылды.

Екі жылдық үзілістен кейін Алматы әкімдігі құны 127 млн евро болатын жобаны қаржыландыруға қаржы қарастырылып жатқандығын мәлімдеді. Бұрынғыдай LRT желісі қай көшелермен өтетіні нақты айтылған жоқ. Дегенмен, Төле би көшесі LRT-ның дәлізі болатыны белгілі еді. Содан әдеттегідей қаржы тарту мәселесі тағы да кейінге ысырылды. Бірақ, сол кездегі Алматы қалалық Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Сардар Қабдулов техникалық-экономикалық негіздемесі аяқталғанын, экспертиза жасалып жатқандығын, 2009 жылы ауқымды жұмыстардың басталатынын айтты.

2008 жылы қалалықтарға LRT-ның алғашқы желісі таныстырылды. LRT Момышұлы (Марғұланға дейін), Төле би (Байтұрсыновқа дейін), Байтұрсынов (Мақатаевқа дейін), Мақатаев (Жетісуге дейін), Жетісу көшелерімен жүріп өтіп, Райымбек даңғылынан бұрылатын болған-ды.  Алғашқы желінің ұзындығы 13,8 км-ді құрады. 1,5-2 жылда аяқтау көзделді.  Бірақ, бұл бастама тағы да аяқсыз қалды.

2010 жылы қалалық әкімдік LRT құрылысының алғашқы желісін қоғамдық талқылауға салды. Жүйрік қоғамдық көлікке мінездеме берілді. Барлығы 18 аялдаманы жаңартып, сыйымдылығы 150-200 адамды құрайтын соңғы үлгідегі 28 трамвай сатып алу көзделді.

Сол жылы Трамвай депосының басшысы Әбдібек Мұхамеджанов бұл жобаның тым қымбатқа түсетінін, бірінші желінің өзіне 189 млн евро кететінін мәлімдеді. Яғни, жобаның сағыздай созылуына қаржы тапшылығы себеп болды.

2012 жылы сол тұстағы қала әкімі Ахметжан Есімов Еуропалық қайта құру және даму банкімен (EBRD) меморандумға қол қойды. Меморандум бойынша аталған банк LRT жобасының аясында ұзындығы 14 км болатын трамвай жолдарын жаңарту жұмыстарына қаржы бөледі.

Екі жылдан кейін Ахметжан Есімов LRT-ның алғашқы желісі 2018 жылы ашылатынын мәлімдеді. Тіпті, 2012 жылы жоспарланған трамвай жолының ұзындығы 22 км-ге дейін ұзартылғанын айтты. Ал, 2014 жылы жаңа депоның Алатау ауданында болатыны хабарланды.

2015 жылы Алматыға Есімовтің орнына Байбек келді. Жас әкім де алдыңғы әріптестерінен қалмай, бұл жобаға қайта өзгеріс енгізді. Бұл жолы жобаның құны 44,6 млрд теңгеге бағаланды.

Сол тұстағы Алматы қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Талғат Абдрахманов LRT жұмысы 2016-2017 жылдары басталатынын, жобаны қаржыландыратын инвесторлар қарастырылып жатқанын айтты.

Жолаушыларға 78 жыл бойы үздіксіз қызмет еткен трамвай жұмысы 2015 жылы тоқтатылды. Ал, LRT құрылысы әдеттегідей кейінге қалдырылды.

Былтыр, 2019 жылы бұл «сақалды» жобаның жұмысында сең қозғалғандай болды. Өйткені, Алматы қалалық Мобильділік басқармасы басшысының орынбасары Қанат Байқоңыров мегаполисте жеңіл рельсті көлік желісі 2023 жылы іске қосылатынына алматылықтарды сендірді.

«Біз конкурстың бірінші кезеңін аяқтадық. Таяуда екінші кезеңін жариялауды жоспарлап отырмыз. 2023 жылы Төле би көшесінде LRT-ны іске қоспақпыз.  Оның қашықтығы 22,7 шақырымды құрайды, барлығы 35 аялдама болады», – деп түсіндірді Қанат Байқоңыров. 

Сөйтіп, алып шаһарда LRT желісінің құрылысын 2020 жылы бастау жоспарланды. Ал, теxникалық-экономикалық негіздеме бойынша жобаның инвестициялық құны – 94 203 млн теңге. Оның 56 907 млн теңгесі депо құрылысын қоса есептегенде инфрақұрылымға, 36 512 млн теңгесі жылжымалы құрамға кетеді.

«Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ Басқарма төрғасының орынбасары Айдос Көбетов Алматыдағы LRT желісі құрылысының жобасы қандай принциппен жүзеге асырылатынын да айтты. 

«Алматыда LRT жобасы бар және оны мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша іске асыру ескерілген. Жоба екінші кезең деңгейінде тұр. Яғни, жобаны жүзеге асырудың екі кезеңдік тетігі бар, бұл ретте әріптестердің өздері тиісті қаржылық-техникалық, заңгерлік шешімдерді ұсынады», – деді Айдос Көбетов Үкімет үйіндегі брифингте.

Осы орайда Айдос Көбетов бірінші конкурстың нәтижесін жариялады. Бірінші конкурстың қорытындысы бойынша консорциумдағы тоғыз компанияның ішінен төртеуі өтті. Олардың құрамында Түркия, Жапония, Франция және Оңтүстік Корея елдерінің өкілдері бар.

LRT желісінің жол жүру бағыты деподан соңғы аялдамаға дейінгі A, B, C, D, E, F және G аймақтарын құрайды:

A аймағы – Момышұлы көшесі (деподан Төле би көшесіне дейін);

В, C аймағы – Төле би көшесі (Момышұлы көшесінен Панфилов көшесіне дейін);

D аймағы – Панфилов көшесі (Төле би көшесінен Мақатаев көшесіне дейін);

E аймағы – Мақатаев көшесі (Панфилов көшесінен Жетісу көшесіне дейін);

F аймағы – Жетісу көшесі (Мақатаев көшесінен соңғы аялдамаға дейін).

Алматылықтар бұған тағы да қуанды. Дегенмен, бұл жұмысты жүзеге асыра алмай Алматыдан Бауыржан Байбек те кетті.

Былтыр Байбектің орнына Сағынтаев келді. Басқа әріптестеріндей жаңа әкім созбалақтап жатпады, тым қымбат жобаны жүзеге асыруға қала бюджеті көтермейтінін бірден жасырмай айтты.

«LRT-ға қатысты «Бір әкім қалайды, екінші әкім қаламайды» деген әңгіме болмасын. Ненің есебінен құру қажеттігін әр әкімнің өзі шешеді. Осыны түсіну керек. Менің осында келгелі бірінші ісім «LRT қанша тұрады, оған қажетті ақшаны қайдан аламыз» деген сұрақ болды. Қала бюджетінде ондай ақша жоқ. Біз Үкіметке «Ақша беріңіздер, біз келер жылы құрылысты бастаймыз» дедік. Бірақ, осы жобаның қаржы моделі бізге жүрмейді. Жұмыс істеп жатырмыз. Қомақты қаржы – алғашқы жылдың өзінде 60 млрд теңге керек. Оны қаланың қай түкпірінен аламыз? Сондықтан бұған «Сағынтаев келді де, LRT-ны керек етпеді» деген көзқарас тұрғысынан қарау дұрыс емес. Қалада LRT болғанын мен де қалаймын, бірақ оны қаланың қаражатына салмаймын. Мұндай нәрселер республиканың есебінен салынады», – деді Бақытжан Сағынтаев алматылықтармен кездесуінде.

Бақытжан Әбдірұлымен келіспеске тағы болмайды. Өйткені, бұл жүрдім-бардым қарайтын шаруа емес. «Жеті рет өлшеп, бір рет кеспесе», орта жолда тоқтаған Нұр-Сұлтан қаласындағы LRT-ның кебін киеді.

Әкімнің айтуынша, қаржы табылып, LRT желісі іске қосылса, жеңіл рельсті көліктің билеті басқа көліктерге қарағанда қымбатырақ болатынын да естен шығармау керек.

«Бүгінгі таңда троллейбус, автобус және метро субсидияланады. Субсидия үшін жылына 30 млрд теңге жұмсалады. Енді бұның өзі қаншама шығын екенін есептей беріңіз. Сол себепті, LRT салына қалса, билет те қымбат болатыны анық. Тағы да субсидиялауға тура келеді. Осылайша, баға бірнеше есе өседі. Сол үшін алдымен бәрін есептеп алу керек», – деп түсіндірді Бақытжан Сағынтаев.

Қала басшысы LRT-ның қазіргі жобасы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) орталығында қаралып жатқанын жеткізді. Осылайша, Бақытжан Сағынтаев жеңіл рельсті көліктің «тормозын» басты. Ал, 17 жылдан бері жыр болған алматылық LRT жобасының ендігі тағдыры қалай болатыны әзірге белгісіз.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Алматыдағы LRT құрылысы туралы сөз болған осы 17 жылда сегіз Олимпиада (жазғы, қысқы) өтті, Алматының бес әкімі, Қазақстанның екі президенті ауысты. Сағынтаевқа дейінгі Алматының төрт әкімі LRT құрылысына ақша таппай жүргенде, әлемнің 108 қаласында LRT желісі іске қосылды. Бұл қалалар LRT желісін ақшаларының көптігінен емес, көлік кептелісін азайту, лас ауаны тазарту мақсатында салды. Көк түтінге тұншыққан Алматыға да LRT желісі таза ауадай қажет екені талас тудырмайды. Біріншіден, бұл көлік түрі автобустардай экологияға кері әсерін тигізбейді. 2014 жылы еліміздің оңтүстік астанасы әлемдегі ең лас 25 қаланың қатарына қосылғаны жасырын емес. Екіншіден, қалада «пропискасы» бар 1,9 млн, ал сырттан келгендермен есептегенде 2,5 млн халық тұратындықтан, мегаполистегі көлік кептелісі айтпаса да түсінікті. Қалада ресми тіркелген (517 мың) және күнде өзге өңірлерден қатынайтын (250 мың) «темір тұлпарлардың» саны 760 мыңнан асып жығылатынын да ұмытпайық. Қаланың осы басты екі мәселесін шешуде LRT желісінің де маңызы зор. Оның толық құрылысына 130 млрд теңге жұмсалады. 2020-2024 жылдары қаланың жол инфрақұрылымына республикалық және жергілікті бюджеттен 160 млрд теңге қарастырылыпты. Өкінішке қарай, LRT желісіне соның бір тиыны да жұмсалмайды екен. Осы 17 жылда бәріне табылған қаржының жеңіл рельсті көлікке табылмағаны күрсіндіреді. Ал, қаржы тапшылығының желеуімен LRT құрылысын кейінге қалдыра беруден ұтылыс көп.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газетінің бас редакторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here