Дәрігерлер тапшылығы мәселесі қалай шешіледі?

0
4965
Нұр-Сұлтан қаласында індетпен күресіп жатқан дәрігерлерге арнап салынған қабырға суреті

Кеше, 13 шілде күні 60 жылдық тарихы бар «Amnesty International» халықаралық құқық қорғау ұйымы коронавирусқа қарсы күрестің алғы шебінде жүрген медицина қызметкерлеріне қатысты мәлімдеме жасады. Аталған ұйым «Global: Health workers silenced, exposed and attacked» атты мәлімдемесінде әлемнің 79 елінде үш мыңнан астам медицина қызметкері COVID-19 індетінің құрбаны болғанын хабарлады. Дәрігерлер арасында коронавирустан болған өлім-жітімнің ең көп дерегі Ресей (545), Ұлыбритания (540), АҚШ (507), Бразилия (351), Мексика (248), Италия (188), Мысыр (111) және Иран (91) елдерінде тіркелді. Өкінішке қарай, індетпен күресте көз жұмған дәрігерлер біздің елде де бар. Кеше ҚР Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус инфекциясынан қайтыс болған дәрігерлер тізімін жариялады. Тізімде 28 ақ халатты абзал жанның аты-жөні аталады.

Иә, көзге көрінбейтін жаумен күресте өзгенің өмірін өлімнен арашалау үшін өз басын қатерге тігетін дәрігерлер бейбіт заманның батырларына айналғаны рас. Сөйтіп, пандемия өршіген тұста ақ халатты абзал жандардың қадірі арта түсті. Себебі, әлем елдері дәрігерлердің көмегіне аса мұқтаж болып қалды.

Медицина қызметкерлерінің бұрынғы жұмыс тәртібі де айтарлықтай өзгерді. Енді әрбір қызметкер күн сайын қорғаныс костюмдерін киіп, бетперде тағып, тұмшаланып жұмыс істеуі тиіс. Індет жұқтырған науқастармен бірге оқшауланып, отбасынан жырақтап қызмет көрсетуге мәжбүр.

Коронавирус Қазақстанның медицина саласындағы кемшіліктерін анық көрсетті. Дәрігер тапшылығы да күрделі мәселе. Бұл мәселе бүгін пайда болған жоқ. Коронавирусқа дейін де дәрігерлер тапшы екенін басы ауырып, балтыры сыздағанның бәрі білетін. Мысалы, коронавирус бүгінгідей әбігерге салмай тұрған ағымдағы жылдың басында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі елімізде 4 мыңға жуық дәрігер жетіспейтінін, 230 мыңнан астам медицина қызметкерінің (соның 70 мыңға жуығы дәрігер) 25 пайызы зейнет жасына тақап қалғандар екенін хабарлаған-ды. Яғни, қазірден бастап болашақ дәрігерлерді көптеп дайындауды қолға алмасақ, алдағы жылдары сан соғып қалатынымыз жасырын емес.

Рас, ауруын жасырған адамның өлетіні секілді жасыруға болмайтын мәселенің бірі осы. Медицина саласындағы түйіні тарқатылмаған түйіткілдерді 27 мамырда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де жасырмай айтты. Оның алдында Мемлекет басшысы: «Әрбір дағдарыстың өз сабағы болады. Оны ескеру керек. Біз қазіргі дағдарыс пен пандемиядан сабақ алып жатырмыз», – деген еді.

«Бұл ахуал (коронавирусты айтады) елімізде кәсіби дәрігерлердің тапшы екенін анық аңғартты. Бұған еңбекақының аздығы, мамандықтың беделді болмауы, дәрігерлер құқығының қорғалмауы себеп болып отыр. Түрлі сала мамандары ішінде ең төменгі жалақыны дәрігерлер алады. Үкіметке биылдан бастап дәрігерлердің еңбекақысын кезең-кезеңмен арттыруды тапсырамын. Олардың айлығы экономикадағы орташа жалақыдан 2,5 есе артық болуы керек. Бұл көрсеткішке 2023 жылға қарай қол жеткізу қажет», – деген Мемлекет басшысы еліміздегі денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді шешуді тапсырды.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің осы отырысында «медицина қызметкерлерінің өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесін сыни тұрғыдан қайта талдау», «медициналық мекемелердің жартысынан көбі және медициналық мекемелердің үштен бір бөлігі тозғандықтан алдағы 5 жылда денсаулық сақтау нысандарын көптеп салу» қажеттігін баса айтты.

Президент айтпаса өз саласына жауапты басшылар қозғалмайтын заман болды ғой. Содан Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен өткен шілде айында дәрігер, мейірбике және санитарлардың айлығы 30 пайызға артты. Бұған дейін індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлерге үстеме ақы бекітілген-ді. «Қауіптілігі аса жоғары» саналатын жансақтау бөлімшелерін қоса алғанда инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлеріне 850 мың теңге, «қауіптілігі жоғарыға» жататын провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлеріне 425 мың теңге, «қауіптілігі орташа» саналатын карантиндік стационарлардағы дәрігерлер, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер (мемлекеттік қызметкерлер), жедел жәрдем жүргізушілеріне 212,5 мың теңге төленеді.

Әрине, бұл да дәрігер мәртебесін көтерудің және маман тапшылығын шешудің бір жолы. Дегенмен, дәрігер тапшылығы мәселесін шешуге медициналық жоғары оқу орындары көмекке келу керек. Осы мақсатта Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің оқытушыларын әңгімеге тартқан едік.

Бір мезгілде жасалған бірқатар реформалар мен қайта ұйымдастыру шараларының арты насырға шапты. Бұл өз кезегінде санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметі мен инфекцияға қарсы күрес мекемелерін әлсіретіп, діңкелеткені рас. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жүйесін дамытуға тиісті дәрежеде көңіл бөлінбегенін Мемлекет басшысының өзі де мойындады. Мойындау – ерлік болса, қателікті түзету – ең үлкен ерлік. 

Эпидемиология кафедрасының меңгерушісі, доцент Салтанат Оразова Президенттің Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысын қайта қалыптастыру туралы бастамасын ақылға қонымды шешім санайды.  Енді бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің мәртебесі мен өкілеттілігі айтарлықтай артады. Турасын айтқанда, өмірдің өзі мамандарды әлеуметтік тұрғыдан қорғауға, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарын оқыту жүйесін қайта жасақтауға ықпал ететін реформа жасауға жағдай туғызып отыр.

Салтанат Тұраққызы айтқандай, пандемия эпидемиологтарды көптен бері алаңдатқан мәселелердің басын ашып берді. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет бірнеше рет қайта құрылуға ұшырады. Сөйтіп, бір мекемеден екінші мекеменің қарауына көшумен болды. Соңғы бес жылдан бері Ұлттық экономика министрлігіне қарайды. Онда негізінен бақылау, қадағалау қызметтерін көбірек орындайды. Тұсауланған аттай болған санитарлық-эпидемиологиялық қызметті жеке тиімді жұмыс моделіне қайтару мәселесі ұзақ уақыт бойы көтеріліп келеді. Президенттің тапсырмасынан соң өз алдына дербес құрылымға айналдыру жоспарлануда. Егер жеке құрылымға айналса, жоғарыда айтқанымыздай, бас санитар дәрігердің өкілеттігін ұзартуға жол ашады. Сондай-ақ, кейбір қайшылықты заңдар бір жүйеге түседі әрі жаңа штаттар пайда болады.

Оқу процесіне бірқатар өзгерістер енгізілуде. Мәселен, қазір Эпидемиология кафедрасы медициналық қызметке жұқпалы ауруларға қарсы жұмыс істейтін мамандар даярлауға кірісті. Биылғы жылы 52 түлек  «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша ЖОО-ны бітіреді. Эпидемиологтардың борышын олар да атқарады.

Дайындықтағы түлектер бөлім басшыларының, эпидемиологтардың қадағалауымен індет ошақтарында жұмыс істей алады. Олардың біліктіліктерін арттыру мақсатында кафедра екі апталық курс өткізуде. Түлектерді індеттің далалық ошақтарында да әрекет етуге баулитын болады. Жүз сексен сағаттық даярлау сабақтары маусымнан басталғанын айта кеткеніміз жөн. Сонымен қатар, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің шешімімен 8 маусымнан бастап былтырғы түлектердің біліктілігін арттыру сабақтары басталды. Арнайы сабақ кестесі әзірленіп, облыстық денсаулық сақтау басқармаларына табысталды. Облыстық басқармалар үміткерлерді оқуға жібереді.

Салтанат Оразованың сөзінше, дәрігерлерді қайта даярлау жұмысы жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім беру базасында өтеді. Клиникалық базалар – тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылайтын аймақтық бөлімшелерге, обаға қарсы күреске, санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығындағы вирусологиялық, бактериологиялық зертханалар мен емханаларға қызмет етеді. Қазір резиденттер департаменттің басшылығымен рейд жүргізу жұмыстарына тартылуда.

БҚМУ-ден басқа елімізде болашақ дәрігерлерді дайындайтын 6 жоғарғы оқу орны бар. Олар да жоғарыда аталған науқанға қызу кірісіп кеткен. Қызметкерлер құрамына байланысты әр топтың өз жоспарлары бар. Яғни, оқытудың барлық кезеңінде бірыңғай бағдарлама жасалды. Эпидемиология кафедрасы басшысының сөзінше, дайындық жұмыстары мамандар тапшылығын жоюға және коронавирустың екінші толқынына тойтарыс беруге септігін тигізеді.

БҚМУ доценті Роза Нұрғалиева Президенттің инфекционист мамандарға қатысты бастамасы әлдеқашан пісіп-жетілген мәселе деп санайды. Білікті инфекционист дәрігерлерді оқытудың жаңа моделіне деген қажеттілік бұрыннан бар болып шықты. Жұқпалы аурулар кафедрасы пандемия кезінде алдыңғы сапта тұратын мамандарды даярлаумен шұғылданады. Кафедра студенттерді маман даярлауға арналған резиденттік бағдарламаға әзірлейді. Шындығына келгенде, инфекционист мамандығын резидентурада оқыту былтыр ғана қолға алынған.

Осы орайда неліктен бұл мамандықтың ертерек оқытылмағанына қатысты сұрақ туындайды. Себебі, 2019 жылға дейін жүйеде жұмыс істеу үшін қатаң шарттары қолданылды. Резидентура ашу үшін білім беру бағдарламасын жүзеге асыру құқығы берілген арнайы лицензия алу керек еді. Бірақ, өткен жылы лицензиялау форматы өзгерді. Бүгінгі таңда БҚМУ-де білім берудің барлық деңгейіне арналған жалпы лицензия бар. Осылайша, резидентура мамандығының оқытылу аясы кеңейді.

Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет саласындағы мамандардың жетіспеушілігін жою үшін мамандарды қайта даярлауға баса назар аударып, күш салуда. Роза Ерғалиқызының айтуынша, дәрігерлерді тәжірибелік тұрғыда даярлау мүмкіндігі пайда болды. Даярлаудан жоғарғы оқу орнын 2013 жылға дейін бітірген түлектер өте алады. Ағымдағы жылы жоғарғы оқу орнынан кейін қосымша білім беру бөліміне отыз шақты маманды дайындауға мемлекет тарапынан тапсырыс түсті. Тапсырыс аясында инфекциялық ауруларды емдеу бойынша мамандану үрдісі басталды.

Тәжірибе және түлектерді жұмысқа орналастыру бөлімінің меңгерушісі Алтын Алмағамбетованың айтуынша, Мемлекет басшысының дәрігерлер айлығын көтеруі басқа салаға кеткен ақ халатты абзал жандардың медицинаға оралуына септігін тигізеді. Жалақысы жоғары дәрігердің басқа салаға кетуіне себеп болмайды.

Бүгінгі таңда биологиялық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігіне айналды. Президент атап өткендей, біз коронавирустың екінші толқынына және көрші мемлекеттердегі басқа да жұқпалы ауруларға тойтарыс беруге әзір болуымыз керек. Сол үшін де бес қаруымызды қазірден сайлаған абзал. Ол үшін биологиялық қауіпсіздік жүйесі стандарттарға сай жұмыс істеуі керек. Ал, жыл соңында мемлекет басшысы осы салада арнайы заң әзірлеуді шегелеп тапсырды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Бүгінде дәрігерлердің әр сағаты, әр минуты індеттен зардап шеккен науқастардың өміріне араша түсумен өтіп жатыр. Демалыссыз, ұйқысыз, аптапты ыстықта қорғаныс костюмімен жұмыс істеу өте ауыр.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде 1 904 медицина қызметкері, соның 30%-ы жұмыс барысында коронавирус жұқтырған. Ал, медицина қызметкері коронавирус жұқтырған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 2 млн теңге, қайтыс болған жағдайда 10 млн теңге біржолғы әлеуметтік төлем төленеді.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here